Ғылымның, жасанды интеллектінің негізі қазақ тілі болуы керек

Ғылымның, жасанды интеллектінің негізі қазақ тілі болуы керек

Бізге демалыс күні де тыным жоқ!..

“Сөздің басы - біссімілла, істің басы - сенбі”- дегендей, бүгін таңертең Тіл комитетіне байланысты шаруамен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке барып қалғанмын. Сөйтсем, бүгін Саясат бауырымның туған күні екен! Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Ғылым министрі бүгін 43 жасқа толып отыр екен.

Портфелімде кітабым жүргені мұндай жақсы болар ма? 

Ілім-білім әр адамның арманы.

Ғылымында жатыр елдің салмағы.

Атыңа сай, сан қияға самғай бер,

Атана бер Саясаттың саңлағы!-

деп, бірден ойыма орала кеткен шумақты жазып, кітабымды сыйлап, құттықтадым.

Екі күн бұрын парламентте тұңғыш рет мемлекеттік тіл туралы мемлекеттік тілде өткен кеңейтілген тақырыптық жоспарлы жиын туралы сөз еттік. Сол жиында көтерілген мәселелерді Саясат бауырымыз жақсы біліп отыр екен. Соның бірі - Мемлекеттік тілді қадағалайтын Мемлекеттік ведомоствоаралық комиссияның жұмысы туралы мәселемен келіп отырғанымды білгендей өзі ақпарат берді.

Иә, кеше парламентте өткен жиында айтқанымыздай, Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін жасанды интеллектінің маңызы өте зор екенін қазақ тіліне байланысты Фортебанктен шыққан шу дәлелдеп берді.

Мемлекеттік тілдің рөлін жоққа шығару - тек Фортебанкте ғана емес, еліміздегі ең үлкен банк Халық банктен бастап, барлық банкте де бар. Тек қаржылық мекемелерде ғана емес, мемлекеттік органдарда да мемлекеттік тілдің заңсыздыққа ұшырап келе жатқаны белгілі. Сол үшін мемлекеттік органдардан бастап, қаржылық институттармен мекемелердің бәрін тексеріп шығуы керек тиісті органдар. 

2021 жылғы Халықаралық Қазақтілі құрылтайынан бастап, айқайлап жүріп, екі жыл бұрын құрылған Мемлекеттік тілді қадағалайтын Мемлекеттік ведомоствоаралық комиссия бұл мәселені назарда ұстауы тиіс.

Ғылым министрі Саясат Нұрбекұлы Мемлекеттік тілді қадағалайтын Мемлекеттік ведомоствоаралық комиссияның жиыны жақын арада өтетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру жолында цифрландыру мен жасанды интеллектінің рөлі министрліктің атқарып жатқан істері туралы сөз қозғады. Өткен жылдың аяғында халықаралық цифрлық жүйелерге жол ашатын қазақ-ағылшын сөздігі шыққаны мәлім. Оның тұсаукесері Қазақстан мен Ұлыбританияда да өтті. Оксфорд университетіндегі атаомыш сөздіктің тұсаукесерінде айтылғандай, Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту үшін Қазақстан жыл сайын екі оқытушы жіберіп тұратын болып келісім жасалыпты. 

Өмірімізге енді алапат қарқынмен ене бастаған Жасанды интелектінің негізгі сөздік қоры-Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі болуы тиіс! 

Бізде цифрлық бағдарламалардың бәрі қазақ тілінде болуы тиіс.

Өйткені, ел қай тілде деректер қорынан іздегенін тез таба алса, сол тілді қолдануға мәжбүр.

Қазіргі жаһанды жаулап келе жатқан жасанды интеллектінің негізі, негізгі қоры қазақ тілі болуы керек.

Жасанды интеллект енді еніп келеді өмірге. Сондықтан оның қазақ тіліне негізделуіне жағдай жасау керек үкімет.

Оксфорд сөздігі, қазақ тілінің цифрлық бағдарламалардың барлығына енуі бұла толығып жатқан ең қажетті материалдық базалар.

Ең бастысы - саяси базамыз толығып, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет! Сонда ғана төрт құбыламыз түгел бола алады. 

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні