Гүлмира Садық: Түркістаннан түлеп ұшқанымды мақтан етемін

Гүлмира Садық: Түркістаннан түлеп ұшқанымды мақтан етемін

Түркістанның төріндегі Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетіндегі Журналистика кафедрасына биыл 30 жыл. Осынау уақыт бедерінде қаншама таланттарды тәрбиелеп шығарған ыстық ұямыздың әрбір түлектің жүрегінде алар орны ерек деп білемін. Мерейлі тоймен ұлағатты ұстаздарымды және бүгінде республикамыздың қала берді әлемнің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып келе жатқан түлектерді шын жүректен құттықтаймын. 

Иә Түркістан біз түлеп ұшқан сонау 2008 жылдан бері адам танымастай өзгерді. 2018 жылы Түркістан өз алдына облыс болып құрылып, бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. 

Қазіргі таңда түркі әлемінің нағыз орталығына айналған Түркістан мәдени-рухани жауһар іспетті кемел шешіммен және келісті үлгімен өркендеу үстінде. 

«Ер түріктің бесігі атанған» Түркістанда жоғары білім алып, осындай киелі мекеннен түлеп ұшқанымды бүгінде мақтан етемін. 

Иә, университетте оқыған кездер ұмытылмас қызықты сәттерге толы болды. Журналист деген қастерлі мамандықтың қыр-сырын ұғындырған ұлағатты ұстаздарымның әрбіріне айтар алғысым шексіз. Бүгінде ұлттың үніне айналған республикалық «Қазақ үні» газетінде жемісті еңбек етіп келе жатқаным өздеріңіз берген білім мен тәлім-тәрбиенің арқасы. 

Осы орайда ф.ғ.д, профессор, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Сейдоллла Садықов ағайым турасында ерекше тебіреніспен сөз қозғағым келеді. Сттудент кезімде дәріс оқыған оқытушыларымыздың көпшілігі менен «Садықов ағайдың қызысың ба?» деп сұрайтын. Мұны ағайыма айтқанымда «Иә, мен Садықовтың қызымын деп айт бәріне» дейтін. Осындай бір ауыз сөзінің өзі маған үлкен күш-жігер мен қайрат беретін. «Маман боларсыңдар-ау, бірақ ең бірінші адам болыңдар» дейтін Сейдолла ағайымыздың осы бір сөзі әрбірімізге өмірлік сабақ болғаны рас. Иә, ағайдың «қай-қайсың болсаң да еңбек жолдарыңды ең бірінші газеттен бастаңдар. Газетте жұмыс істеген маман БАҚ-тың қай саласын болсын еркін меңгеріп кетеді» деген ақыл-кеңесін санамызға сіңіріп өстік. 

Иә, сол бір студенттік шақты еске алғанда группаластарым туралы сөз қозғамай кетуге болмас. Иә, біздің ШЖК-415 тобымыз кіл белсенділерден құралған топ еді. Айжан Ермекқызы, Диляра Бименова, Дина Тұрғынбаева, Мырзахан Байболов және мен университеттің түрлі мәдени іс-шараларының басы-қасынан табылатынбыз. Сондықтан болар аталған бес студенттің бәрі бірдей ҚР Президенті стипендиясының екі жыл қатарынан иегері атанған едік. Көпшілігі студент кезінде-ақ, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға мақала жазып, өз аттарын танытып та үлгерді. Барлық жағынан алдыңғы шептен табылатын біздің топтың студенттеріне ел-жұрт қызыға да қызғана қарайтын.

Сөз соңында Түркістандағы журналистердің ұстаханасы – Журналистика кафедрасына толағай табыстар тілеймін! Шәкірттеріңізбен мақтанып, қашан да аман жүріңіздер дегім келеді. 

Гүлмира САДЫҚ

«Қазақ үні»