АЛТЫН ОРДА мен ЖОШЫ ХАН туралы ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛІП, МОНУМЕНТ ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ - Премьер

АЛТЫН ОРДА мен ЖОШЫ ХАН туралы ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛІП, МОНУМЕНТ ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ - Премьер

Оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылатын болады

Биыл 2024 жылы 20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыстың 800 жылдығы мен Алтын Орда бренді туралы “Ақ жол” партиясы фракциясының депутаттық сауалын жолдаған болатын. 

“АЛТЫН ОРДА МҰРАГЕРІ - АҚОРДАЛЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ!” атты депутаттық сауалымызда  біз мемлекеттігіміздің бастауында тұрған, әлемге Алтын Орда атымен әйгілі Жошы ұлысының 800 жылдығының ұлттық мән-маңызы өте зор екеніне баса назар аудардық.

“Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі! 

Алтын Орда астанасы Сарайшық жатқан Атыраудағы құрылтайда Президент Тоқаев айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатын, 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етіп, ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуы тойланатынын ел қуана қолдауда.

2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында біз Алтын Орданың 750 жылдық тойын 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығымен жалғастыру жайлы ұсыныс жасаған едік. Енді міне, мемлекет басшысы Жошы ұлысының мерейлі белесін лайықты атап өтіп, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін толық пайдалану қажеттігіне баса назар аударды. 

Иә, еліміздің әлемдік имиджін нығайту үшін Алтын Орда бренді кез келген ел қызығар таптырмас алтын қазына.

Қазақ жерінде жатқан Ұлық ұлыстың негізін қалаған ұлы хан Жошыға да, алып империяның астаналары болған Ұлытау мен Сарайшыққа да әлем назарын аударар кезең басталды.

1.Осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор тарихи қалалар өзге бір елдің еншісінде болса, не болар еді... Шағын ғана Моңғолия Шыңғыс хан арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішінен кем емес кемел ескерткіш кешенін тұрғызармыз. Ол кешенде Жошы ханның да, әкесі Шыңғыс ханның да, ұлы Бату ханның да, шешесі, Шыңғыс ханның ең жақын кеңесшісі бола білген, төрткүл дүниені билеген төрт ұлын туған қазақ қызы Бөрте ананың да ескерткіші тұруы керек. Ұлыстың ұлы билеушілерінің, батырлардың, билердің, ақындардың, асылдардың мүсіндерін қою керек.

Алтын Ордаға арналған мұндай алып мемориалдық кешен тұрғызып жатсақ, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді...

2.Жошы ұлысының 800 жылдығын мерекелеу - елдік маңызы ерекше зор рухани серпіліс болуы тиіс. Алаш рухын көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қосу үшін мемлекеттік ұлттық саясат керек. Алтын Ордадан Алаш Ордаға дейінгі отаншылдық өр рух Азаттығық алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямыздың алтын өзегіне айналуы тиіс!

Алтын Орда империясы жаһанды қылышпен жауласа, мұрагері - Қазақ Мемлекеті әлемді білім-ғылымымен, әдебиеті мен өнерімен жаулауы тиіс!

Ұсыныстарымыз:

1.Алтын Орда тарихы, Жошы ханның ерекше тұлғасы туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар мен анимациялық туындылар түсіру керек.

2. Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыру керек. Туристік инфрақұрылымды заман талабына лайықтау қажет.

3.Астанада Алтын Орда дәуірінің ұлы мұрасын айшықтайтын асқақтаған алып монумент тұрғызу керек.

4.Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, бейнелеу өнерінде де Жошы хан мен Алтын Орда тарихы Тәуелсіз елдің ұстанымымен бейнеленуі керек.

5.Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабымен оқылуы тиіс.”

Міне, парламент төрінде Үкімет басшысына осындай маңызы зор ұтымды ұсыныс-талаптарымызды жариялаған едік.

Енді біз бүгін жақында келген Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жауабын жариялап отырып, депутаттық сауалға өз уақытында нақты, толық жауап бергені үшін рахмет айтамыз.

АЛТЫН ОРДА мен ЖОШЫ ХАН туралы ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛІП, МОНУМЕНТ ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына

Құрметті депутаттар! 

Сіздердің Алтын Орда дәуіріне қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілді. 

Онда Жошы хан туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықтау, қалаларда Жошы ескерткішін орнату шаралары көзделген. 

Сонымен қатар Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, комикстер шығару, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, конгресс, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымын өткізу, экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған.

Өз кезегінде Алтын Орда тарихы мен Жошы хан туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар түсіру, монумент тұрғызу мәселелері аталған жоспар шеңберінде жалғасады.  

Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыруға қатысты 

Жошы хан кесенесін Ұлытау өңірінің туристік орталығы деп айта аламыз. Ұлытау облысына баратын туристерге барлық жағдай жасалған. Қазіргі кезде Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жолды салу жұмысы аяқталуда. Өңірдің туризмін одан әрі дамыту Ұлытау облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы негізінде жүргізіледі.

Сарайшық қалашығын дамытудың тұжырымдамасы мен оны жаңғыртудың бас жоспары әзірленді. Қазіргі кезде Сарайшық қалашығының тарихи-мәдени мұра объектілерін жаңғырту мақсатында ғылыми және тарихи деректер зерделенуде. Жаңғырту жұмыстары биыл басталады.Бұл жұмыстар туристік тартымдылықты арттыруға бағытталған. 

Сондай-ақ Сарайшық қалашығының жанынан визит-орталық салынып, 2023 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Ол Алтын Орда кезеңінің артефактілерімен толықтырылды. Визит-орталығына туристер мен келушілердің саны артуда (2022 жылы 18 мың адам барса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша  21 мыңға жуық).

Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросының ресми статистикалық ақпаратына сәйкес 2023 жылы Атырау облысы – туристердің ең көп баратын өңірлер тізімінен орын алған (Алматы, Астана қалалары, Алматы облысынан кейін                4-інші орында). 

Атырау облысының туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы аясында 2024-2025 жылдары Сарайшық ауылынан Сарайшық қалашығына дейінгі 10 км жол салу (2023 жылы жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Биыл қалған 996 млн. теңге қаражат бөлінді), Сарайшық қалашығында туристік кемпингтік аймақ құру жобалары қарастырылатын болады (іске асыру мерзімі 2025 ж.).

Қызыл оба қорымы бойынша жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасының негізінде жүргізілуде.                 2024-2025 жылдар кезеңінде әкімдік туристік обьектілерге баратын жолдарды жабдықтау жұмыстарын жоспарлаған. 

Қорытындылай келгенде аталған объектілер туристерді қабылдауға әзір. Отандық және шетелдік туристерді ақпараттандыру мақсатында «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталы құрылған.

Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірін бүгінгі күн талабымен оқыту бойынша  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдалана отырып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым әзірлеуде. 

Академиялық басылымның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді. Оның аясында оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылатын болады. 

Баяндалғанның негізінде аталған жоспар шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіледі және ол төл тарихымызды, мәдени мұрамызды дәріптеуге септігін тигізеді деп пайымдаймыз.  

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі

Қазақ үні