НИЕТ ТҮЗУ БОЛСА…

НИЕТ ТҮЗУ БОЛСА…

     Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.

   “Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру” деген 

Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс мәселелерді тілге тиек етті.

  Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі бойынша академигі ретінде, мемлекет тіл туралы айтқандарына айырықша тоқталғанды жөн көрдік. 

     Мемлекет басшысы тіл - көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі екенін, елімізде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударылатынына екпін түсіре айтты.

   “Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды” деген Президент сөзі тек тілші- ғалымдар мен тіл жанашырларын ғана емес, сонымен қатар қалың көпшілікті де қуантты.

   Қуантып ғана қоймай, міндеттер жүктеліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысу баршамыздың азаматтық парызымыз екенін де атап өтті.

   Ендеше, қазақ тілі этносаралық тілге айналу үшін не істеу керектігі туралы ойымызды да айта кетсек артық болмас.

     Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау мәселесі көптен көтеріліп келе жатқанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. Мемлекеттік маңызы мол мәселенің жиі-жиі айтылуы да негізсіз емес сияқты.

   Алайда, біздің ойымызша, жаңа заң қабылданға дейін 1997 жылы 11-ші шілдеде қабылданған, қолданыстағы “Қазақстан Республикасы Тіл туралы” заңының кейбір нормаларын жүзеге асыру керек деп санаймыз. 

    Атап айтсақ, Заңның 23-бабында:

Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Мемлекеттiк бағдарламамен қамтамасыз етiледi делінген. Сондай-ақ, Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi нормативті- құқықтық актілерде белгіленедi деп көрсетілген. Бірақ, бүгінгі күні осы бағытта іске асқан нәтижелі жұмыстармен мақтана алмайтынымыз тағы рас.

  27-бапта Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметі мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда басқа тілдерді пайдаланып жүзеге асады. Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге шаралар басқа тілдерге аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі делінген. Осы баптың да нормалары шынайы өмірімізде толыққанды орындалса - мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктей түсері анық…

  Берекелі бірлік пен ықылысты ынтымақтың арқасында Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазақ тілі - этносаралық тілге айналуы үшін мемлекеттік тілді меңгеруге, ең бастысы- ниет дұрыс болуы керек.

    Ниет түзу болса, нәтиже де оң болатыны сөзсіз!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик.