ҚАТЕРЛІ ІСІК – ЕМІ ЖОҚ АРУ ЕМЕС...

ҚАТЕРЛІ ІСІК – ЕМІ ЖОҚ АРУ ЕМЕС...

Дендеген дертке дауа бар

Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастарың саны да күн санап артып келе жатқаны қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бір дертке шалдыққан жандардың басым бөлігі бұл диагнозды соңғы әрі нақты шешім ретінде қабылдап, өзін-өзі жеп, өз денсаулықтарын одан әрі нашарлатып жатқаны өкінішті жағдай. Бірақ бүгінгі қарқынды дамыған медицина онкологиялық аурулардың көпшілігін емдеуге қауқарлы. Яғни дендеген дертке дауа бар. Бұл бағытта тиісті қаржы да бөлінуде. Осы орайда аталмыш дертті жеңу жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетуді жөн санадық.

Онкологиялық ауруларды жүйелі түрде емдеу ісімен айналысып келе жатқан еліміздегі іргелі мекеменің бірі – Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты. Институттың негізгі мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алуға ерте диагностикалауға, тиімді емдеуге, оңалтуға және паллиативтік көмек көрсетуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру арқылы қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету. Сонымен қатар, онкология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету, онкологиялық көмек көрсету үшін мамандарды даярлау және қайта даярлау.

Алматы онкологиялық орталығында емделушілер саны жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Әрі бұл аурудың күн санап жасарып келе жатқаны да кез-келген кеселге бей-жай қарамай, тұрақты түрде ем алудың қажеттігін ескертеді. Мәселен былтырғы жылы бір ғана Алматы қаласының өзінен 5491 адамнан қатерлі ісік анықталып, есепке қойылыпты.

Статистика не дейді?

Дәл қазіргі таңда Алматы онкология орталығының есебінде 31 866 пациенттіркеуде тұрған көрінеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша есепке алынған 5 491 пациенттің 16,2 пайызы республикамыздың өзге аймақтарынан келіп тіркелген екен. Осы тұста айта кетерлік бір дүние – сол 890 науқастың 125-де ауру асқынған кезеңде ғана анықталып отыр. Ауру әбден асықынған кезде, қанша ем жүргізілсе де тезірек айығып кетуі неғайбыл екенін көпшілік адам ескере бермейтіні өкінішті. Осындайда «Басты байлық – денсаулық» деген сөзді үнемі аузымыздан тастамай айтып жүрсек те, сол бір зор байлығымызды қорғауға келгенде енжарлық танытатынымыз жасырын емес. Мұның ақыры қайғылы жағдаймен аяқталып жатса да сабақ алмайтынымыз өзекті өртейді. 

Дегенмен онкологиялық ауруларды емдеу ісі бойынша жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім соңғы үш жылда 12,4% төмендеген.

Алматының онкологиялық орталығында өткен жылы 22 576 науқас емделсе, хирургиялық бөлімшелерде 2681 ота жасалыпты. Операцияның 55% -ы аз инвазивті әдіспен жүргізілген көрінеді. Бүгінгі таңда химиотерапияның 50-ге жуық түрі жасалса олардың 40-тан астамына мақсатты және гормоналды препарат қолданылады екен. Нәтижесінде 18 790 пациент химиотерапиялық ем алуға қол жеткізіпті. Бұл өз кезегінде науқастардың жағдайының қалыпқа келуіне ықпал еткен шаралардың бір парасы екендігін атап өткен абзал.

Скрининг – онкологиялық аурудың алдын алады

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Осы бір ауыз сөзің астарында қаншама мән жатыр. Иә жоғарыда атап көрсеткеніміздей онкологиялық ауруларды емдеп жазуға болады. Бірақ аурудың салдарымен күрескенше, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Ол үшін әлбетте халқымыз кез-келген емханада жүргізілетін міндетті скринингтен өтуі тиіс. Скрининг арқылы түрлі ауруларды анықтауға болады. Онкологиялық ісіктерді дер кезінде анықтау арқылы адам өмірін сақтап қала аламыз. Біздің елімізде науқастар скрининг жасату арқылы жүрек-қан тамыры аурулары, глаукома, қант диабеті, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, тоқ ішек обыры сынды 8 негізгі ауруды анықтайды. Мәселен 2024 жылы ерте анықтау бойынша жүрек-қан тамырлары ауруының скринингінен 31 мың адам өтуге мүмкіндік алса оның 2 291-інен аталған ауру анықталған.

 Ал тоқ ішек ісігі бойынша 3 айда 18 411 адам скрингтен өтсе, оның 33-інде аталған ісік анықталған. Сонымен қатар, В вирустық гепатиті 6 916 адамның 23-інде, С вирустық гепатиті 6 631 адамның 10-ында ауру белгілері табылып отыр. Скринингтің мақсаты – ауруларды ерте анықтау арқылы асқынудың алдын алу. Бұл өз кезегінде науқастардың емінің дер кезінде жүргізілуіне септігін тигізбек. Сондықтан да науқастар дерті жанына батқанша бейқам жүріп, кейін сан соғып қалғанша, жергілікті емханасының шақыртуымен жасалатын скринингтерден жүйелі түрде өтіп тұруы тиіс. Бұл өз кезегінде өмір деген ештеңемен өлшеуге келмейтін құндылығымызды сақтауға өз пайдасын тигізері анық.


Обырды 100 пайыз емдеп жазуға болады


Иә обыр дертінен құлан таза айығуға болады. Егер де ауру бірінші сатысында анықталған жағдайда. Иә ауру енді басталып келе жатқан мезетте хирургиялық, химиятерапия, сәулемен емдеу арқылы түрлі тәсілдерді қолдана отырып ауруды сырқатынан айықтыруға мүмкіндік мол. 

Осы орайда ерлердің көпшілігі өкпенің қатерлі ісігіне душар болса, ал әйелдер тарапы сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығып жатады екен. Иә жоғарыда атап өткеніміздей бұл орайда бізге скринингтен өтуге бей-жай қарауға болмайтынын үнемі назарда ұстауымыз керек. 

Атап айтқанда, мойнының қатерлі ісігіне алдын ала тексеру 30 , жастан 70 жасқа дейін, маммография 40–70, ішек — 50–70 жас аралығында жасалады. Аталған қызметтердің барлығы тегін жасалады. Бұл үшін әлбетте мемлекет тарапынан толыққанды қаржыландыру жұмыстары жүргізіледі. Әрбір науқастың өзінің жергілікті емханасы арқылы онкологтың кеңесіне жазылуға мүмкіндігі бар. Егер онколог обырды анықтайтындай жағдай туындаса, емдеу шараларының бардлығы тегін жүргізіледі. Сондықтан да, қатерлі дерттің құрсауында қалдым деп қамығуға болмайды. 

Әңгіменің ауаны онкологиялық ауруларға келіп тірелгендіктен, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованы да әңгімеге тарттық. 

Директордың сөзінше, обыр өздігінен барып, дәрігерге қаралмайтындарды жалмайтын ауру. Оның тигізетін қатері сол – әуелгіде ешбір жерің ауырмағандай жүргеніңмен ағзада жайылып, ағзаның келесі бір бөлігін зақымдай бастағанда ғана білінеді. Яғни, үшінші деңгейге жеткен кезде ғана ауырсыну сезімі байқалатын көрінеді. Ал төртінші деңгейде науқастың өмірін екі-үш жылға ұзартатын инновациялық препараттар қолданудан басқа мүмкіндік жоқ екен. Мұндай ем түрлерінің барлығы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатады екен.

Дегенмен біздің жас мемлекеміз протокол бойынша емдеу мен инновациялық жаңа препарат қосуда, таргетті иммуннотерапияда посткеңестік елдердің алдыңғы қатарында тұр екен.

Десе де қандай жағдайда да өз бетінше емделіп, денсаулығмыздың сыр бергенін күтіп жүрмей, аурудың алдын алуға мүмкіндігінше тырысуымз керек. 

Бұл тұрғыда кәсіби мамандар кеңесін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қазақ үні 

Дәрігер кеңесі

Онкологиялық аурулардың ел білмейтін белгілері:

1. Асқазанның бұзылуы және/немесе ауруы. Ішек, ұйқы безі, бауыр обырымен ауыратын көптеген науқастарда аурудың алғашқы белгілерінің бірі ретінде дәл осы симптом кездескен. Ұзақ уақыт бойы дұрыс диагноз қойылмауының ақыры қатерлі дертке апарып соқтыратын жағдайлар аз емес. Сондықтан бұл тұрғыда кәсіби білікті маманның кеңесіне ғана құлақ асқан абзал.

2. Аз мөлшерде тамақ ішкеніне қарамастан, асқазанның толып кету қаупі байқалса, бұл асқазанның және ұлтабардың обыры болуы ықтимал.

3. Егер де науқас ешбір себепсіз салмақ жоғалтатын болса, онда медициналық тұрғыдан толыққанды тексерілу жүргізуі тиіс.

4. Сары ауру. Ісік өт пен бауырдан ұйқы безі обырында дамитынын ескеру керек.

5. Терімен қатар, науқастың барлық денесі сарғайып, қышу белгілері байқалса, бұл да қауіптің бір белгісі. 

6. Жөтел немесе ентігу өкпе обырының алғашқы белгілерінің бірі.

7. Егенр де су мен тамақты жұту барысында қиындықтар байқалатын болса, бұл симптом жұтқыншақта немесе өңеште ісіктің ұлғайып жатқандығы жөнінде дабыл қағып жатуы мүмкін.

8. Кеудедегі тұрақты ауырсыну және күйдіру сезімі асқазан, өңеш қатерлі ісігінің белгісі болып табылады.

9. Бет ісінуі байқалса, өкпе обырының белгісі болуы мүмкін. 

10. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы сол маңға жақын орналасқан органның қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін.

11. Себепсіз көгеру мен қан кету орын алса, қан обырының көрінісі болуы мүмкін.

12. Әлсіздік және шаршау. Онкологиялық аурулардың барлық түрлерінің белгілері болуы ықтимал.

13. Нәжістегі қанның келуі тік ішек обырында да кездеседі.

14. Тұрақты іш қату және іш өтулер ішек обырының белгісі болуы ықтимал.

15. Зәр шығарудың қиындауы простата обырының симптомы. 

16. Зәр шығару уақытындағы ауырсыну цистит, венерологиялық аурулар, сондай-ақ простата обыры симптомы болуы кәдік.

17. Зәрдегі немесе тұқымдық сұйықтықтағы қан простата обырының белгісі.

18. Эрекциямен проблемалар орын алса, простата қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін.

19. Ұманың ісінуі – простата ісігінің симптомы болуы мүмкін.

20. Тұрақты арқа ауруы – қатерлі ісік пен омыртқа метастаздарының белгісі болуы ықтимал.

21. Кеуде және емізік ауруы – сүт бездерінің обырына тән.

22. Тері зақымдарының қиын жазылуы – тері обырының белгілері болуы да мүмкін.

23. Ауырсыну. Ауырсыну синдромы – жалпы белгі. 

24. Безгек бұл кез келген онкологиялық науқаста болуы кәдік.

25. Ауыз қуысының шырышты қабығының өзгеруі байқалса; 

26. Теріде қандай да бір өзгерістер орын алса, дәрігерге баруға дабыл.

27. Сүт безінің ісінуі, қызаруы. емізіктен бөлінудің пайда болуы. 

28. Тырнақ күйінің өзгеруі. Тырнақ пластиналарының дистрофиясы, тырнақта дақтар мен жолақтардың пайда болуы. Мұның бәрі тері обырының белгісі болуы мүмкін.

29. Етеккір арасындағы қан кету, климактериялық кезеңдегі әйелдерде қан кету – бұл эндометрий обырының белгілері болуы мүмкін.

30. Аяқ-қолдың ісінуі – сүйек қатерлі ісігінің симптомы да болуы мүмкін.

31. Құрысулар мен талмалар – бас миы ісігінің белгісі болуы ықтимал.

32. Жадының, есте сақтау процестерінің бұзылуы да қауіпті дерттің алғашқы нышаны болуы бек мүмкін.

33. Бастағы қысым мен тырысу сезімі.

34. Мінез-құлықтың бұзылуы.

35. Тепе-теңдіктің бұзылуы.

36. Аяқ-қолдың семуі.

Сіздерде немесе сіздің жақындарыңызда осы симптомдар байқалған жағдайда, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізден дереу тексеруден өткен абзал. Емдеуді белгілеу барысында пациенттің өмірі мен денсаулығы үшін түрлі болжамдар жасалуы мүмкін.