ОҢТҮСТІКТЕ СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ЖОҚ

ОҢТҮСТІКТЕ СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ЖОҚ

Қазір еліміздің бәрі республиканың жартысын басып қалған топансумен алысуда. Қалың ел, бірлігі арқылы тірлігін көрсеткен 20 мың еріктілер, студенттер, яғни жеті жасар мен жетпіс жас арасындағы отаншыл азаматтар орасан қарқынды қайрат жасауда. Парламент депутаттарының да топан су басталғаннан тобымен ел ішінде жүргені белгілі. Иә, мемлекет басшысы айтқандай, 80 жылдан бері болмаған алапат апатты тек халықтың бірлігі мен тірлігі арқылы ғана тоқтата аларымыз анық.

“Ақ жол” партиясы фракциясы мүшелері, Солтүстікте жүрген партия төрағасы Азат Перуашев бастап, Ақтөбеге елдің алдымен жеткен Асқар Садықов қостап, Мәжіліс депутаттары тасқын сумен алысқан елмен бірге еңбек етуде.


13 сәуір сенбі күні біз де Оңтүстікке, Шымкент-Түркістан өңіріне бардық. Өңірдегі су қоймалары мен тоғандардың жағдайының, өзен-көлдердің деңгейінің қандай дәрежеде екеніне көз жеткіздік. Қазір бәрі бірқалыпты болып тұр екен, құдайға шүкір.

Оңтүстік қызылсудың қырғынын, тасқын су мен ағын судың алапатын көрген ел. 2007 жылы Сарыағаштағы 45 мың халықтың баспанасы суға кетіп жарамсыз болғаны бар. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбіштің басқаруымен 3 айда бәріне баспана салып беріліп, ел алғыстарын айтқаны кезінде баспасөзде жазылды. 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, шекаралас Мақтарал ауданымыздың көп ауылдарын су басқанда ел болып жұмылып көмек көрсетті. “Мемлекеттік деңгейде үкімет көмегі керек!” деп, “Ақ жол” партиясы алғаш мәлімдеме жасап, көмек қолын созған едік.

Сол жылы жазда таулы өңір Төле би ауданының ауылдары тау өзендерінің тасқынына тап болған еді… Оны да ел болып, еңсерген едік.

Әкімдерге алдын ала хабарласпай, төтенше барғасын тек Төтенше жағдайлар департаменті басшыларымен сөйлестік.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысы орынбасары Еркін Отарғалымұлы Шымкент қаласы маңындағы және Оңтүстік өңірдегі бөгендердің бәрінің қазіргі жағдайын картасын жайып тастап, баяндап берді. Солардың ішінде проблемасы бар “Ақжар” су тоғанына барып, жағдайымен таныстық.


Ақжар су тоғанының көлемі 721 мың куб шамасы. Ол өзіне дейінгі Рабат су тоғанынан артылған су мен еріген қар мен жауын-шашын арқылы көбейіп-азайып отырады. Бұл жердегі қауіп - Түркістан облысына қарасты Рабат су тоғаны тасыған не апатқа ұшыраған жағдайда Ақжар су тоғанынан ешқандай бөгеттік құлақсыз ауыл арасына ағып жатқан арықта суды тоқтататын ешқандай шлюз, кедергі жоқ, ашық ағып жатыр. Ал тоғанның дәл астында 2,5 мың халық тұратын “Ақжар” ауылы.

-“Ақжар” су қоймасына күрделі жөндеу және құлақтандыру жүйесін орнатуды қажет етеді.

Су тоғанының табанын тазалау мен суды тоқтататын құлақтық (шлюз) салу туралы жоба ұсынылған. Оған алғашқы 60 млн тг бөліну жоспарда тұр.-дейді Еркін Отарғалымұлы.

Жалпы Шымкент қаласы аумағында республикалық 2 су қоймасы «Бадам»(Шымкент қ., Еңбекші ауданы, Маятас елді мекені), «Тоғыс» (Шымкент қ., Еңбекші ауданы, Елтай елдімекені) бар. «Қазсушар» ШЖҚ РМК Түркістан фиилалының меншігінде және коммуналдық 2-су тоғаны «Текесу» (Шымкент қ., Әл-Фараби ауданы, Текесу елдімекені), «Ақжар» (Шымкент қ., Тұран ауданы, Ақжар елдімекені) Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарайды.


Жалпы су қоймаларының толуы бүгінде 19-94%-ды құрайды (2 су қойма – Бадам-94%, Тоғыс-19%, 2- су тоғаны – Текесу-80%, Ақжар-70%) құрайды.

Қазіргі таңда, жоғарыда көрсетілген су қоймалары мен тоғандарға жақын орналасқан елдімекендерге су басу қаупі жоқ.

Бадам су қоймасындағы жағдай, судың толуы 94 пайыз екен. Бірақ Бадамға су толғанмен қауіп жоқ, артық су қашыртқы арналар арқылы жіберіліп отырады.

Ақжар су тоғанына күрделі жөндеу және құлақтандыру жүйесін орнату қажет етеді.

Ал Түркістан облысы аумағындағы су тасқыны жағдайы бірқалыпты, алдын-алу жұмыстары тұрақты бақылауда.

Қазіргі таңда облыс аумағында жауын-шашынның түсуі нормадан аспаған. Таудағы қар қоры нормадан төмендегені анықталды (орташа норма 55 см. /факт 39 см).

Су қоймалардың толуы – 81 пайызды құрайды, өзендердегі су деңгейі қалыпты ағуда.

Сырдария өзеніне Өзбекстан аумағынан секундына 275 текше метрге жуық су көлемі келуде.


Шардара су қоймасының жиналған су көлемі 
91 пайыз, 4 млрд. 705 млн.текше метр (12.04.2024 жағдай).

Ал, Көксарай су реттегіші 50 пайыз, 1 млрд. 499млн. текше метрді құрайды, 11 сәуірден бастап секундына 50 текше метр тасталуда. 

Тасқын суды қабылдауға бос қор бар және өзен бойындағы елді мекендерге қауіп жоқ. 

- Шардара су қоймасы - 91 %;

- Бөген су қоймасы – 96,8 %;

- Қосқорған су қоймасы - 96,3 %

- Майдантал су қоймасы - 92,94 %;

- Ырмақ өзен су қоймасы - 92,39 %

- Арыстанды су қоймасы - 88 %

- Торлан су қоймасы - 99 %;

Облыс бойынша су тасқынын алдын алу     іс-шаралары жосрарға сай толық атқарылған.





Шардара ауданы әкімі Арман Қарсыбаев та Орта Азиядағы ең үлкен су қоймаларының бірі Шардара СЭС жағдайының қалыпты екенін жеткізді. “Судың деңгейі жылдағы осы уақыттағыдан төмен болып тұр әзірше. Бақылауда бәрі”-деп жауап берді.

Қазір ел жаппай жұмылып жатқан ел басына төнген апатпен күресуде Батыс пен Солтүстікке жәрдем беру мақсатында Шымкент қаласы 200 техника, Түркістан облысы 100 техника жіберуде. Гуманитарлық көмек жіберуге халықтың бәрі өз үлестерін қосуда. Бұл іске Шымкент қаласы мен Түркістан облысы “Ақ жол” партиясы филиалдары да үлес қосуда. Мысалы, Шымкент қаласы “Ақ жол” партиясы филиалы төрағасы, Түркістан облыстық мәслихаты депутаты, кәсіпкер Ержан Үсентайдың ең қауіпті аймақ Құлсарыда 6 ауыр техникасы апат басталған күннен бері жұмыс істеуде.

Ел басына күн туған қандай ауыр сынақта да, тізе қосқандар тізерлеп қалмайтыны анық! Сондықтан, апатқа қарсы бір жұдырық болып жұмылған, қол ұстасып, қатар иық тіресіп қарсы шыққан ел қайраты барлық қиындықты жеңеді деп сенеміз!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Түркістан - Шымкент,

13 сәуір 2024 жыл

ЖАУЫННАН АУЛАЛАРҒА СУ ЖИНАЛДЫ

Бүгін 2024 жылғы 14 сәуірдегі шұғыл ақпарат

Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Ақтас ықшам ауданында түні бойы жауған жауын-шашын салдарынан 8 аулада жаңбыр суы жиналды.

Төтенше жағдайлар департаментінің (16 л/с, 2 техникалық, 3 «МП» және 1 «ПМП») және Жергілікті инспекцияның (25 қызметкер және 9 техникалық) күштері суды сору жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендер жоқ, жеке тұрғын үйлерді су басқан жоқ.