“ЕРКЕСЫЛҚЫМ” КҮЙІ ЕЛМЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРЕДІ! - Қазыбек Иса

“ЕРКЕСЫЛҚЫМ” КҮЙІ ЕЛМЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРЕДІ! - Қазыбек Иса

Қазақтың ұлы күйшілері Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Әлшекей, Төлегендерден кейін дәл сол дәулескер күйшілердей Алты Алашқа аты тараған дүлдүлдер санаулы ғана шығар… Ондай ел білетін ерекше күйшілерден алдымен ауызға аты ілінетіні Әбдімомын Желдібай мен Секен Тұрысбек!

-Тарихта бір ғана “Еркесылқым” күйімен аты алтын әріптермен жазылып қалған әйгілі күйші Әбдімомын Желдібай!

-Тарихта күйге тұңғыш рет ескерткіш орнатылды! Ол - осы “Еркесылқым”! 

-“Еркесылқым” күйі елдің ең сүйіп тыңдайтын және ең көп орындайтын күйлерінің бірі.

Күйшіні ғашықтық күйіне түсіріп, жиырма жыл толғатып, елдің рухани асыл қазынасына айналған “Еркесылқымдай” ерекше махаббат күйін тудырған, өзі ескерткішке айналған қазақ аруы кім болды екен?!. Әбдімомын ағамыз “Бұл күйдiң кейiпкерi өмiрде бар. Бұл күй барша қазақ қыздары образдарының жиынтығы.-деп еді. Күйшіні соңғы сапарға шығарып салуға келе алмаса да, “Еркесылқым” күйін егіліп тартып отырып қоштасқан болар бәлкім…

Қолына домбыра ұстаған қазақ көрсем, алдымен сұрайтын күйлерімнің қатарында “Еркесылқым” күйі тұрады.

Біз елдің бәрі өмір бойы көз алдымызда жүре беретіндей көреміз.

Бірер жыл бұрын ғана “Еркесылқымға” ерекше елтіп отырып, Әбдімомын күйшіні бір іздеп барып, сәлем беруді ойлап қойғанбыз…

Енді ол арман болып қалды…

Күйдің шығу тарихи жөнінде күйші не дейді:

-Бiз де бүгiнгi жастардай жiгiт болғанбыз. Бойдақтық өмiрдi бастан кештiк. Ауылдағы топ қыздардың арасынан жар таңдадық. Бұл күйдiң кейiпкерi өмiрде бар. Қайтейiн тағдыр бiздi бiр-бiрiмiзге қоспады. Соңғы рет кездескенде мен: “Бәрiбiр менiң саған деген махаббатымды ешкiм де өшiре алмайды” – деген едiм. Жас ұлғайып, шау тартты демесең ол ауылда аман-есен жүр. Көңiл шiркiн қартаймайды екен. Сол махаббатым қыз кезiнде қандай едi! “Толған айға” теңесем де, “ашылған гүлге” теңесем де сөзбен айтып жеткiзе алмайтын секiлдi болып, сенделiп ұзақ жүрдiм. Ақыры оны тек күйдiң жүрек қылын шертетiн әуенiмен ғана жеткiзуге болатынын сездiм. Сол сезiм жанымды жаулап алды. “Ерке сылқымның” әуенiн тапқанша 20 жыл уақытым кеттi. Қазақтың қыздары қандай әдемi. Жүрiсi, тұрысы, қылықтары қандай! Еркелiктерi де өздерiне жарасады. Бұл күй барша қазақ қыздары образдарының жиынтығы. Мен соларды жеткiзуге тырыстым. Әрi жiгiттiк сөзiмде тұрдым. Ендi оны ешкiм де өшiре алмайды. Егер махаббатыма деген сезiмiм жалған болса, қазақтың қыздарын өзгелерден артық көрмесем мұндай күй тумас та, елдiң игiлiгiне айналмас та едi-деп толғанған еді махаббат күйшісі Әбдімомын Желдібай ағамыз бір кезде…

Қазақ даласын әсем күймен термеген Әбдімомын күйші өмірден өтіп барады…

Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!

Қалың қазаққа, қазақ руханиятына көңіл айтамыз!

Отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз!

Иманы саламат болсын!

Күйші өлгенмен, күйі өлмейді!

“Еркесылқым” күйі елмен бірге мәңгі жасай береді!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні