ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАРСЫ СЕПАРАТИСТЕРДІҢ ЖАЗАЛАНУЫ - ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘДІЛ ЗАҢЫ – Қазыбек Иса

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАРСЫ СЕПАРАТИСТЕРДІҢ ЖАЗАЛАНУЫ - ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘДІЛ ЗАҢЫ – Қазыбек Иса

Петропавлда бір топ сепаратиске қатысты сот үкімі шықты

Тәуелсіз Қазақстан тұтастығына тас лақтырған Петропавлдағы сепаратистер әділ заң арқылы жазаланды. Оларға қатысты сот үкімі шықты. Атышулы жиынға қатысқан 19 адамның бастамашы болған төртеуі сотталып, оларға 9 және 7 жылға жаза кесілді, деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.

Еске салайық, биыл 2023 жылдың 19 наурызында Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялағаны қоғамда үлкен шу туғызған болатын. Бұған қарсы ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса 30 наурызда “Қызылжардағы жағдай - Ұлттық қауіпсіздік комитеті кімдерге қарсы күреседі?” деп алғашқы болып мәселе көтерді.

Иә, Қазыбек Иса «ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС - ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ! СЕПАРАТИСТЕР ҮЙЛЕРІНДЕ, СЕПАРАТИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕНДЕР ТҮРМЕДЕ ЖАТЫР!?.» атты Премьер-министр Смайыловқа, Бас прокурор Б.Асыловқа және ҰҚК төрағасы Е. Сағынбаевқа «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жасаған болатын. 

«Биыл 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары “қылмыстық іс қозғалды” деген болар-болмас хабар таратты.… Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген?

Қылмыстық Кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен марғасқа Марғұлан Боранбай үш жылдан бері тастүрмеде жатыр…

Қазір ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС - ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!

Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керек. Ең басты қасиетті құндылығымыз -Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау - ең басты ұлттық міндетіміз!

Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек!»-деп мәлімдеген еді. 

Бұл депутаттық сауалға тиісті органдармен қатар ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы міндетін уақытша атқарушы Б.Қосжановтан жауап келген еді.

«Сіздің депутаттық сұрауыңызды қарау қорытындысы бойынша 30 наурызда Петропавл қаласының бірқатар тұрғындарының «Халық кеңесі» д.а. құру туралы бастамамен әлеуметтік желілерде көпшілік алдында сөз сөйлеу фактісіне қатысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД ҚК 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес СТТБТ тіркегенін хабарлаймыз.

Тергеуді арнайы құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы (ҰҚКД, ПД, ЭТД, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) жүргізуде, іс жүргізу прокурорлары тағайындалған. Қатысушылар анықталып, тергеу іс-шаралары ұйымдастырылды. 

Алынған материалдар бойынша сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша материалдарда Қазақстан Республикасының ыдырауын насихаттау, оның аумағының тұтастығы мен бірлігін бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру белгілері бар.

Облыстық Мамандандырылған тергеу соты қылмыстық істің 3 қатысушысына қатысты оларды 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына рұқсат берді.

Тергеу әрекеттері жалғасуда. «Халық кеңесі» д.а. пікірлестері басқа өңірлерде анықталуда, оларға қатысты объективті құқықтық баға берілетін болады.

Жағдай ҰҚК басшылығының бақылауында тұр» -деп, жауап берген еді.

           Енді міне, осы атышулы жиынға қатысқан 19 адамның бастамашы болған төртеуі сотталып, оларға 9 және 7 жылға жаза кесілді.

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл 2023 жылы 19 наурыз күні Петропавлдың 19 тұрғыны жергілікті колледждердің бірінің ғимаратына жиналып, Қазақстан Республикасынан тәуелсіз жұмысшылардың халық кеңесін құрғандығын жариялаған. Декларация қабылдаған. Бұдан басқа әлеуметтік желіде белсенділік танытып, Қазақстанның тәуелсіздігін жоққа шығаруды мақсат еткен жазбаларды жариялап келген. Кеңес отырысының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, халықтың наразылығын тудырды. Оларды сепаратизм үшін жауапқа тартуды талап етті. 30 наурызда облыс прокуратурасының нұсқауы бойынша Ұлттық қауіпсіздік Комитеті СҚО департаментінің, Полиция департаментінің, Экономикалық тергеу департаментінің, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сепаратизмді насихаттады деп күдіктелген топқа екі қылмыстық іс қозғалған, ҚР Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақыру, материалдарды тарату және Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу бойынша сарапталған. Бұл ауыр қылмыстар санатына кіреді. Ал топты ұйымдастырушы Вячеслав Зудерманға қосымша ҚР ҚК 287 бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Петропавл қалалық соты сепаратистерге қатысты үкім шығарды. Жиынға қатысқан 19 адамның төртеуі сотталып, қалғаны куәгер ретінде жауап берді.

Соттың үкімімен Вячеслав Зудерман 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған үш фигурант – Елена Болдырева, Мәдина Қапарова және Ольга Бережнова 7 жылға сотталды. Олар қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын жазасын өтейді.

Біз не үшін, бұл Конституциялық тұтастығымызға қарсы шыққан оқиғаның толық баяндап отырмыз? «Бұл мәселенің мәнісі мынада, осындай заңды бұзған әрекеттері үшін елімізде 32 жылда тұңғыш рет заң арқылы жазаланып, әділ сот үкімі шығып отыр. Бұған дейін жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да, жапалақ өлетіні сияқты, қандай ұлтаралық жағдай болса да, бәріне қазақтар кінәлі болатын. Сондықтан болар, бұл Әділетті Қазақстанның әділ заңына тосырқаған Ресейдің бейпіл ауыз саясаткерлерінің негізсіз сөздеріне парламентте депутаттар дұрыс тосқауыл жасап, қарсы үндеумен қарымта жауап берді.—дейді Қазыбек Иса.

Иә, сепаратистерге қарсы жасаған сегіз ай бұрынғы депутаттық сауалда айқын атап айтқандай, «Ең басты қасиетті құндылығымыз -Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау - ең басты ұлттық міндетіміз!»

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні