ТҮРКІСТАНДА ЗИЯТКЕР БАЛАЛАР ӨСІП КЕЛЕДІ
2023 ж. 30 қараша
774
0

Түркістан облысындағы аудан орталығы Темірлан кентінде «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы аясында «Зияткер ұрпақ – ұлт болашағы» атты шахмат сайысы ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, ақыл ойын кеңейту. Осы орайда Түркістан облысында балалар үшін барлық игілік жасалып жатқанын айту ләзім.
Алдымен айта кетейік, ежелден келе жатқан спорттың бұл түрінен елімізді әлемге танытқан көптеген шахматшылар бар. Солардың қатарынан
қыздар арасында екі дүркін әлем чемпионы, он төрт жасында әйелдер арасында гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік, әйелдер арасындағы гроссмейстер, ерлер арасында халықаралық шебері, блиц бойынша әлем чемпионы, шахмат тарихындағы ең жас шахматшы Бибісара Асаубаева, әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасовалардың есімі шахмат әлеміне жақсы таныс. Сондықтан бұл спортқа қызығушылық блдірушілер көптеп саналады.
Ақыл-ой бәсекесінің ашылуына аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, барша жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жоба авторларына ризашылығын білдірді. «Интеллектуалды ұлт» жалпыұлттық жобасы асянда бұл сайыс жыл сайын ауданымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде мектептерімізде шахмат үйірмелері жасақталып, онда машықтанған жасөспірімдер түрлі деңгейдегі сайыстарда топ жаруда. Өскелең ұрпақты ақыл-ой додасына баулитын жоба өміршең болсын. Жоба авторларына алғыс білдіремін», - деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Жарыстың ашылу рәсімінде «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының авторы және «Шахмат әліппесі» кітабының құрастырушысы Балтабек Түйетаев жарыстың ережесін түсіндіріп, жобаға қолдау көрсеткен аудан басшыларын атап өтті.
Ересектер мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған шахмат жарысына аудан тұрғындары мен барлық мектеп ұжымдарының шахмат сүйер жасөспірімдері қатысуға мүмкіндік алды. Жарыс жеңімпаздарына мақтау қағаздары мен сыйлықтар тапсырылды.