АНА МЕН БАЛАНЫҢ САУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
2023 ж. 30 қараша
667
0

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Түркістан аймағы Отырар ауданындағы «Ақшоқат» станциясына келіп тоқтады. Мұндағы мақсат ана мен баланың денсаулығын қорғау. Яғни оларды толыққанды медициналық тексеруден өткізіп, түрлі аурулардың алдын алуға ықпал ету.
Таң атысымен өз жұмысын бастаған медициналық пойыз ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетіп, еліміздің барлық облыстарын аралап келе жатқан жылжымалы медициналық қызмет көрсету үйі аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде екі күн аялдады.
Мамандарды станция алдынан күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов халықтың денсаулығы мен құқықтық көмек алуына арналған жобаның маңыздылығын атап өтті. «Бұл жобада кез келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес ала алады. Сондықтан шалғай ауылдарда тұрып қажетті медициналық және құқықтық көмектерді алуға жағдайы болмаған тұрғындар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Ауыл тұрғындарын бүгінгі шараға барынша атсалысып, қажетті қолдауларды тиімді пайдалануға шақырамын»,-деді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілі Әміржанов Талғат Сансызбайұлы мен аға медбике Күдербекова Алтынай Махмудқызы медициналық көмек көрсетуге бағытталған жобаға биыл алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, тұрғындардың әртүрлі топтарына тегін медиация және заңгерлік көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Атап өту керек, 2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына Траст» және Әлеуметтік жобалар қоры «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ауқымды «Саламатты Қазақстан» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Жоба шеңберінде шалғай жерлерде орналасқан станция тұрғындары білікті медициналық мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін кеңесі мен ем алуға мүмкіндіктері бар.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорограф және т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Медициналық пойыз шалғайдағы станцияның тұрғындарына емхана, аурухана, медициналық кабинеттер жоқ, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік жоқ жерде медициналық көмек көрсетеді. Бұл жобада кез келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес ала алады.