БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ
2023 ж. 30 қараша
515
0

Қайырымдылық – ата-бабаларымыздан бері келе жатқан, халқымыздың қанына сіңген ең құнды да ізгі қасиеттерінің бірі. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Әсіресе бүгінгі күні мемлекет қамқорлығына алынған балалардың жанашыры болып, аялы алақаны мен жүрек жылуын ұсынудың – сауабы мол. Бұл әрбір адамның азаматтық парызы. Осы үрдісті жалғастырып жүрген азаматтардың игі істері баршамызды қуантады.
Тағдырдың жазуымен жасынан жесір, кішкентайынан жетім қалған жандар бар. Тағдырды ешкім таңдап алмайды, сондықтан ондай жандарға мемлекет тарапынан түрлі көмектер қарастырылған, қатардағы қоғам мүщелері де қолұшын созып қамқорлық көрсетіп жатады. Осы орайда, аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Арыс қаласында орналасқан Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында қазан айынң соңына таман «Біз біргеміз» ұлттық жобасы аясында «Жақсылық жасауға асығайық» атты мерекелік, спорттық іс-шара өткізілді. Іс-шара барсында шар кинотеатрынан 3-5D кескіндегі жер шары мен түрлі бейнероликтер көрсетілді. Ауданның өнерпаз белсенді жастары ән айтып, би билеп балалардың көңіл-күйлерін көтерді. Балаларды қатты қызықтыратын ұлттық спорт ойындарынан 4 түрлі сайыс өткізіліп, жеңімпаз командаларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Арнайы келіп, балаларға киім-кешек және ойыншықтар сыйлап, азық-түлікпен қамтамасыз еткен Ордабасы ауданының барша кәсіпкерлеріне алғыс білдірілді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халық. Тағдырдың тәлкегімен балалар үйіне тап болған бүгінгі балалардан ертең ел намысын қорғайтын талай тұлғалар шығуы ғажап емес. Қайырымдылықтың бір құдіретін содан-ақ көретін боламыз.