ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР АЙДАЛАҒА АЙТЫЛЫП ЖАТЫР МА?

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР АЙДАЛАҒА АЙТЫЛЫП ЖАТЫР МА?

«Демократиялық қоғам құрып жатырмыз!» деп жаһанға жар салып, ашық, әділ сайлау өткіздік, «Еститін үкімет», «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын қолға алдық деп те жатырмыз. Мемлекет басшысы ауысып, отыз жыл бойғы авторитарлық жүйеден арылып, адам құқығы сақталатын, халықтың мұң-мұқтажын ескеретін жаңа қоғам орнайды деген үлкен үміт пайда болды. Билік басындағы жеке адам мен оның туыстары, соның маңайында топтасқан, ел байлығын аяусыз, емін-еркін тонаған ат төбеліндей тойымсыз байлардың жұмақ мекеніне айналған елімізде қарапайым халық кедейшілікпен күн кешіп келгені де жасырын емес. Сол қиындық құрсауынан, банктердің несие бодандығынан бүгінге дейін босай алмай жатырмыз. Төзімі темірдей қазақ жарқын болашақтан әлі де күдерін үзбейді, өйткені өздері жете алмаса да, келер ұрпақтарының лайықты өмір сүргенін қалайды.

       Сол біз армандаған демократиямыз көкжиектегі көлбеңдеген сағымға қатты ұқсайды, жеткізетін емес. «Демократия деген не? Оны немен қосып жейді?» - деп кезінде кеңестер одағын басқарған М. Горбачев айтқандай, әлде біз сол демократия деген жарықтықтың не екенін дұрыс түсінбей жүрміз бе? «Демократия – (грек тілінде demos – халық және kratos – билік) деген сөздерінен шыққан, яғни «халық билігі» деген мағынаны білдіреді» деп көрсетілген ашық энциклопедияда. Демократия деп жоғары органдарға өз өкілдерін сайлау арқылы іске асатын халық билігі, теңдік, құқық, әділдік, еркіндік принциптеріне негізделген мемлекеттік құрылым екені де анық айтылған. Біздегі билік басындағылар демократияны қалай түсінетінін білмейміз, ал халықаралық деңгейде дәп осындай анықтама берілген. Олай болса демократия ортамызда жүр екен ғой. Өзіміз сайлаған депутаттарымыз арқылы мемлекетті басқаруға толық мүмкіндігіміз бар екен ғой...

         «Сайлау олай өтті, сайлау былай өтті...» деп біраз уақытқа дейін айқайлап, ентігімізді баса алмайтынымыз да бар. Қалай десек те, алдынала үйіп-төгіп берген уәделері бойынша халық қалаулылары болып саналатын депутаттар сайланды. Сайлауалды бағдарламаларына қарасақ, олар халықтың қызметшісі болуға сақадай сай сарбаздарға ұқсайды. «Жұп болсын!» деп бір емес, екі бірдей Парламент палатасын да жасақтап алдық. Енді не керек десеңізші?! Төменгі палата тыңдамаса, жоғарғысына жанайқайыңды жеткізуге болады. Бұл түрлі деңгейдегі толып жатқан халыққа қызмет етуге міндетті әкімдер мен құрамында ондаған министрліктері бар үкіметте отырған лауазымдыларды есептемегенде. Үкімет дегеніміз біздің Атазаңымыз бойынша ол - атқарушы билік қана. Парламент шешімі мен Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тиісті. Бірақ сол атқарушы билігіміз шын мәнінде басқарушы билікке айналып алғанға ұқсайды. Халықтың талабын білдіретін депутаттық сауалдарға жалпылама, журналистерге жүре жауап беріп, тіпті мемлекет басшысының тапсырмаларын да нақты және уақытында орындамайды. Бөлінген бюджет қаражатының толық игерілмеуі, оның жолай тоналуы атқарушы биліктің әлсіздігі. Соған қарағанда бүкіл елімізге келген демократия үкіметтегілерге әлі жете алмай жатқанға ұқсайды. 

     Дүниежүзі мойындаған, әлем жұртшылығы қолдаған демократия заңы бойынша халық өздері сайлаған депутаттар арқылы атқарушы биліктен талап етуге құқылы. Әрине, тікелей жергілікті әкімдіктер мен үкімет арқылы да мәселелерін шешуге болады. Бірақ талай жылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай біздің атқарушы билік халық үніне құлақ аса бермейді. Сондықтан тұрғындарымыз қазіргі кезде бар үмітін тек қана депутаттар мен мемлекет басшысына артып отырғанын байқаймыз. Оған Президент атына жолданған жүздеген, тіпті мыңдаған арыздардан аңғаруға болады. Бұған көз жеткізу қиын емес. Әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз халықтың құқық қорғау орындарына әсіресе сот, прокуратура шешімдеріне наразы екенін, жергілікті әкімдіктердің қызметі көңіл көншітпейтінін бірден түсінесіз. Сондықтан да тұрғындарымыз әділдік іздеп депутаттар мен Президентімізге арыздануға мәжбүр. Мәселелері жергілікті жерде шешіліп жатса мемлекет басшысының уақытын алып, депутаттардың басын қатырып несі бар...

      «Депутаттардың басын қатырып» дегенді босқа айтып отырған жоқпыз. Жергілікті биліктің дұрыс жұмыс істемеуі заң шығарушыларға қосымша «бас ауруын» тауып беріп отырғаны анық. Өздеріне келіп түскен арыздарды зерттеп, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, оны шешудің жолдарын ұсынған халық қалалулылары үкіметке ресми түрде депутаттық сауал жолдайды. Кейде мәселенің мәнісіне қарай сауал құқық қорғау орындары мен салалық министрліктерге тікелей де жолданады. Нағыз «бас ауруы» осы жерден басталады. 

          Сөзіміз дәлелді болу үшін Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» депутаттық фракциясының қызметінен бірнеше мысал келтірейік. Алдынала айта кетуіміз керек, «Ақ жол» партиясы депутаттар саны жағынан аз болғанмен өз белсенділігімен халық сеніміне ие болған ұйым. Алаш идеяларын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға баса назар аударып, экономикамыздың негізгі тірегі болып саналатын отандық кәсіпкерлерді, оның ішінде орта және шағын бизнесті тұрақты қолдап келе жатқанын ерекше атауымыз керек. Осы мақсатта халық тарапынан айтылған арыздарды тексеріп, орын алған кемшіліктерді түзету үшін үкіметке ресми түрде жылына жүздеген депутаттық сауалдар жолдаумен келеді. Өкінішке орай, үкімет сол жолдауларға жалпылама жауап беріп, тіпті оны елеймейтін кездері жиі болады. Айталық, ҚР Премьер-министрі мен Бас прокурорының атына 14.12.2022 жылы жолдаған депутаттық сауалында «Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлерге көлік сервис орталығының (КСО) 12 есеге заңсыз көтерген тарифтерін өтеуді талап етті. Дәлірек айтсақ, КСО кәсіпорындарға кіретін темір жол тұйықтарын иемденіп алып, «қызметі» үшін төлем тарифтерін заңсыз көтерумен айналысқан. Бұл құжатта 2017 жылдан бері «Ақ жол» демпартиясының фракциясы темір жол саласындағы жеке кәсіпорындардың құқықтарын «КСО» АҚ және осыған ұқсас құрылымдар тектес олигополиялардан қорғау мақсатында бірқатар депутаттық сауалдар жолданғаны жазылған. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы мен экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылғанына қарамастан, осы жылдар бойы олигархтар мен теміржол мафиясының заңсыздық, адал бизнесті рейдерлік басып алу және құлдыққа айналдыру туралы кәсіпкерлердің арыздарына мемлекеттік органдар немқұрайлы қарап келген. Теміржол рельстері әлі де сол темір жолдармен жұмыс істейтін кәсіпорындарға толықтай қайтарылмай отырғаны айтылған. «КСО» АҚ иесі өзгергенмен, бір монополистің жүздеген жолы екінші монополистке берілген. Бизнестен заңсыз тәркіленген теміржол рельстері туралы үкіметтегілердің ешқайсысы жұмған аузын ашпаған, көрсе де көрмегендей болған.

     Депутаттардың 7 қазандағы сауалына Үкімет 28 қарашада: «Бүгінгі таңда басқа заңды тұлғаларға (ҚТЖ-дан басқа – А.П.) тиесілі кірме жолдарды («КСО» АҚ – А.П.) тіркеу және пайдалану фактілері анықталмады.) бекітілмеген» деп жалтарма жауап берген. Депутаттық сауалда Экономика министрлігі Монополияларды реттеу комитетінің 2016 жылғы 24 маусымдағы КСО тарифін 153 теңгеден 2250 теңгеге, яғни, 15 есеге дейін көтеруді заңдастырған бұйрығы да құқықтық тұрғыдан бағаланбағаны көрсетілген

      Заң бойынша монополист тұтынушыларға заңсыз тарифтерге төленген ақшаны қайтаруға міндетті. Прокуратураның мәліметінше, КСО тарифтерінен зардап шеккен 4000-нан астам кәсіпкерлік субъектілері бар. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы «КСО» АҚ активтеріндегі тек ҚТЖ-дан ғана емес, бұрынғы жеке кәсіпорындардан да заңсыз тәркіленген темір жол жолдарын анықтап, заңды иелеріне қайтаруды, 2016 жылғы 24 маусымнан бастап кәсіпкерлерге тарифтің заңсыз ұсталған бөлігін өтеуге қатысты «КСО» АҚ-ға жаңа сот талаптарын қозғау мәселесін қарауды талап етті. Бірнеше жылға созылған мәселе партияның араласуынан кейін біртіндеп шешіле бастады. Осыны үкімет дер кезінде неге реттемеді? Бұл біздегі атқарушы биліктің қарапайым кәсіпкерлердің ғана емес, тіпті депутаттардың талабын да елемейтінін көрсетпей ме?

   Тағы бір мысал, кезінде «Ақ жол» патртиясы оффшордағы ақшаларды тексеріп, заңсыз болса оны қайтару туралы бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Осыған орайда партияның төрағасы Азат Перуашев сол уақыттағы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Қазақстан экономикасында оффшорсыздандыруды жүргізу және жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктердің шетелдегі шоттарына қатысты банктік құпияны жою қажеттігін айтқан болатын. Бірақ оны елеген үкімет болмады. Енді міне қаншама жыл өткенде шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң қабылданбақшы. Оның да толғағы тым ұзаққа созылып кетті. Президент өткен жылғы қараша айында тапсырма бергенмен қарапайым ғана заң жобасын жарты жылдан асқанда Мәжіліске әзер ұсынды. Ал осы уақытта шетелге шығарылған активтерін шұғыл сатып үлгерген пысықайлар ұтқаны түсінікті. Әлде біздің үкімет оларға мұндай мүмкіндікті арнайы беріп отыр ма? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Үкімет пен Парламент арасындағы қызметтің үйлесім таппай отырғанын мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты (конституциялық реформа туралы) Азат Перуашевтың «Президенттің ұстанымдары шенеуніктердің консерватизмінен гөрі, «Ақ жол» ұсыныстарына жақынырақ» тақырыбындағы сөйлеген сөзінен анық байқауға болады.

        Түсінікті болу үшін А. Перуашев сөзінен үзінді келтірейік. «Ақ жол» демократиялық партиясы биылғы жылдың 22 шілдесінде әзірлеушіге қаралып жатқан заң жобасы бойынша өз ұсыныстарын жіберген болатын. Тамыз айында Әділет министрлігінен біздің ұсыныстарымыз «қабылданбады» деген жауап алдық. Бұл Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынаста кімнің «бастық» екенін көрсететін өте ашық жауап. «Ақ жол» демократиялық партиясының ұсыныстар пакетінде 62 түзету бар. Олар 4 негізгі блокқа бөлінген: - сайлау процедуралары, Парламент өкілеттігі, Парламент пен үкімет арасындағы тежемелік пен тепе-теңдіктің нақты механизмін құру, бюджеттің нақтылығы мен ашықтығы.

     Өкінішке орай, қоғамдық кеңістікте барлық талқылаулар сайлау төңірегінде өрбуде. Бірақ бұл Президенттің конституциялық реформа жөніндегі бастамаларындағы жалғыз, тіпті негізгі мәселе де емес. Сайланған парламент пен мәслихаттардың бұрынғыдай нақты өкілеттігі жоқ болып, барлық практикалық тұтқалар үкімет пен әкімдіктердің қолында шоғырланса, әділ сайлаудың қандай маңызы бар? Қарапайым мысал келтірейін: «Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы» Заңның 15-бабына және Үкімет Регламентінің 100-бабына сәйкес, шығыстарға қатысты депутаттардың бірде-бір заң жобасы не бастамасы Үкімет келісімінсіз қабылданбайды. Нарықтық экономика жағдайында қаржысыз шешілетін ең болмағанда бір мәселені атаңызшы? Бұл нонсенс.

    Сондықтан депутаттардың кез келген маңызды ұсыныстары автоматты түрде қорытынды шығару үшін үкіметке жолданады. Ал егер жауап теріс болса, онда ары қарай дауласу бекер. Бұл шараның Үкімет тарапынан депутаттық бастамаларға тосқауыл қою үшін қаншалықты кеңінен қолданылатынын өз тәжірибемнен білемін. Шын мәнінде, біз Парламент жұмысына деген үкіметтік цензура туралы айтып отырмыз. Яғни, қазіргі жүйеде Парламент Үкіметке есеп береді, керісінше емес.Үкімет Парламентпен байланысты болса, мысалы, оның құрамын сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтаса бір жөн, бірақ олай емес қой: Парламент тек жоғарыдан ұсынылған Үкімет құрамын ғана талқылайды, өз кандидатураларын ұсынуға құқығы жоқ. Парадокс: халық сайлаған Парламент тек сөз сөйлеуге құқылы. Ал нақты биліктің барлығы халық сайламаған атқарушы органдарда. Қ.Тоқаев реформасының негізгі формуласын еске сала кетейін: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

    «Ақ жол» партиясы төрағасының осы сөзі ақ көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?! Үкімет атқарушы емес, жекелей басқарушы билікке айналғаны ғой. Рас, референдум нәтижесінде Атазаңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бірақ біздің әдемі заңдарымыз іс жүзінде іске аспай жататыны жасырын емес. Парламентке есеп беруге тиісті үкімет өз қалауынша жұмыс істейді. Ауру қалса да, әдет қалмайды демекші, атқарушы билік ескі сүрлеуден шыққысы келмейді. Заң жобаларын дайындауда халықтың талап-тілектерін ескермесе, бюджеттің нақты орындалуын қадағаламаса штаты жарылардай болып шытынап тұрған толған министрліктер мен әкімдіктердің қажеті қанша? Халықтың талабынан туындайтын депутаттық сауалдар сонда айдалаға айтылып жатыр ма?...

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні