ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ӘРКІМНІҢ ПАРЫЗЫ

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ӘРКІМНІҢ ПАРЫЗЫ

Қазіргі кезде экологиялық проблемалар өзінің қоғамдық мәні жағынан жұмыр жер бетінде мекен еткен адамзат үшін ең маңызды, ең басты мәселелердің біріне айналды. Адамдардың өз қолымен қоршаған ортаға қиянат жасау нәтижесін ядролық қару қолданысымен салыстыруға болады.Тіпті одан асып кетті десек те артық емес. Өйткені алпауыт қару белгілі бір аумақты ғана уласа, табиғатты тонау мен оны аяусыз ластау бүкіл жер бетін қамтиды. Сол арқылы адам атаулы өз денсаулығына өлшеусіз зиян келтіріп, өз өмірін өзі қысқартып жатыр.

        Адамдардың күнделікті шаруашылық іс-әрекетінің жылдан жылға қүрт артуы айналамыздағы қоршаған ортаға кері әсерін еселеп көбейтуде. Ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи жүйені өзгерту – негізінен топырақты, су көздерін, ауаны ластау арқылы жүзеге асып, орны толмас зардаптарға соқтыруда. «Басты байлығымыз – адам мен оның өмірі» дегенімізбен, біз соған төнер қауіптің түп-тамырына назар аудармаймыз. Ал шындап келгенде адам өмірін сақтау дегеніміз – ол ең алдымен табиғатты сақтау. Табиғи заңдылықтарды ескермеу – табиғат пен адам арасындағы елеулі қайшылықтарды тудырып, бүкіл тіршілік атаулыға қауіп төндіреді. 

         Табиғатты ластауда әлемдегі әрбір адамның үлесі бар. Өйткені біз күнделікті қолданатын тауарлар мен тұтынатын азық-түліктің қалдықтарын қоқыс жәшіктеріне лақтырамыз. Ол қала сыртындағы қоқысқорымдарға апарылып төгіледі. Сол қоқыстар жылдар бойы жиылып, шіріп, ауаны ластайды, түрлі аурулар таратады, топыраққа сіңген бөлігі жерасты суларын улайды. Сол суды ішіп, тұрмыста қолданатын да өзіміз.

         Экология министрлігінің өткен жылдардағы мәліметінше, республика бойынша 3 мыңға жуық қоқысқорымдар жұмыс істейді екен. Онда 125 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Бұл деректі де толық деп айта алмаймыз, оның көлемі одан да көп болуы мүмкін. Алайда сол арнайы қоқысқорымдардың шамамен тек 20 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келетіні, әсіресе Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысындағы полигондардың сапасы сын көтермейтіні айтылған. 

      Бұл кемшіліктер аталған үш аймаққа ғана қатысты емес, бүкіл еліміз бойынша шешілмеген маңызды мәселе. Өткенде Семей қаласы қоқыстың астында қалса, енді жақында Ақтөбе қаласында да қоқыстарды шығаруға қатысты шу шықты. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша қалада 3 компания қоқыс шығарумен айналысады екен. Олардың техникалар паркі, жұмысшылар штаты жеткіліксіз. Қосымша қоқыс таситын машиналар мен жаңа қоқыс жәшіктерін сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Себебі, компаниялардың негізгі табыс көзі болып есептелетін төлемақы жасауға келгенде қала тұрғындарының шамамен 30% үйдегі адам санын нақты айтпай, азайтып көрсетеді. Ал 25% қоқысты шығаратын компаниялармен келісімшартты мүлдем жасамаған. Яғни, олар қызмет үшін іс жүзінде ақша төлемейді. Екіншіден, тарифтің төмендігі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін бекітілген тариф бір адамға айына 180 теңгені құрайды. Бұл еліміз бойынша ең төмен тарифтердің бірі. Өзге қалаларда орташа алғанда адам басына 400-500 теңге аралығында. Осыған орай ақтөбелік кәсіпкерлер тарифті көтеруді сұрап отыр. Ал осыған ұқсас мәселе өзге қалалар мен ауылдарда да жетерлік.

     Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен жоюға қатысты проблема елімізде сонау тәуелсіздік алған күннен бастап тұрақты түрде көтеріліп келеді. Өйткені бұл біз айналып өте алмайтын өмір талабы. Аймақтарда жаңадан қоқысқорымдар ашу, тіпті олар санитарлық-экологиялық талаптарға сай болса да тығырықтан түпкілікті шығатын шешім емес. Ашық аспан астында жиналған қоқыс бәрібір қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сондықтан тұрмыстық қалдықтардырды сұрыптап қайта өңдеу әдісі әлдеқайда тиімді. Бұл әдіс туралы да кезінде бастама көтеріліп, ондаған жылдар өтсе осы бір істі дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Мысалы «Табиғат» экологиялық одағының президенті Мэлс Елеусізов шетелдік тәжірибені алға тартып, Алматыда тұрғын үйлердің аулаларында қоқыс қабылдайтын бекеттер ашып, қалдықтарды контейнерлерге сұрыптап, бөліп салуды алғашқылардың бірі болып ұсынған болатын. Таза қалдықтарды қайта өңдеп мол пайда табуға болатынын айтып, керек болса өзі осы іске кірісетінін білдіргені есімізде. Бірақ сол кездегі қала әкімдігі тоңмойындыққа салынып, бұл жаңа әдіске теріс қарап, істің тиімді екенін білгенмен қолдау көрсетпеді. Одан кейін бірнеше жыл өткенде бәрібір осы әдісті іске асыруға тура келді. Ал арада қаншама жыл өтіп, ұшқыр жоба ретінде ұсынылған игі істі асыратын қымбат уақытты жоғалттық. Сонда әкімдік неге қарсы болды? Ол туралы шенеуініктер ашып айтпаса да, оның кейбір себептері жалпыға белгілі. Біріншіден, біздің биліктегілерге төмендегілердің жаңашылдығы, ұсыныстары ұнамайтынын бұрыннан білеміз. Олардың ойынша жаңашылдық пен бастамалар тек өз тараптарын жасалуға тиісті. Былайша айтқанда солар ғана ақылды, солардың ғана айтқаны болуы керек. Екіншіден, пайдалы бизнеске байланысты сөз болса, алдымен өз қамдарын ойлап, өз адамдарын тықпалайды. Ал жалпыға қатысты, ортақ мәселені шешу жағын қосалқы міндет ретінде ғана қарастырады. 

      Адамзат алдында тұрмыстық қалдықтар мәселесі тұрақты тұратыны белгілі. Одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Бірақ соны уақтылы, тиімді шешіп отыру өте маңызды. Олай болмаса жер беті қоқыстың астында қалары анық. Қазір технологияның дамуына орай химиялық жолмен өндірілген синтетикалық тауар қалықтары кеңінен орын алды. Экологиялық саладағы мамандар мен сарапшылардың айтуынша пластмассалар мен полиэтиллен (целлофан) пакеттердің табиғатта ыдырап, жойылып кетуі үшін 200 жылдай уақыт керек екен. Дер кезінде жоймаса өте қауіпті, оны шешудің жолдары да жоқ емес. Тұрмыста қолданып жүрген түрлі пластик өнімдер сынып, жыртылып қалса да 7 рет қайта өңдеуге болады екен. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, айналымға енгізу – бүгінгі күні еліміз алдындағы басты міндет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып, түрлі бағдарламалар қабылданды. Кейбір деректерге қарасақ Республика бойынша 207 аудан мен қаланың және 138 елді мекенінде 96-сында ғана қалдықтарды сұрыптау енгізілген. Оның да қаншалықты нақты іске асып жатқаны беймәлім. Өйткені бізде бағдарламалар мен жоспарлар шұғыл қабылданғанмен, оның орындалуына қатаң бақылау жоқтың қасы. Көбінесе жоғарыға жолданатын есептерде қағаз жүзінде ғана іске асырылады. Жоспар бойынша еліміз қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40% - ға дейін және 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жеткізуі керек. Қалдықтарды бөлек жинауға және пайдалы фракция деп аталатын, яғни қайта өңдеуге және қайта пайдалануға болатын материалдарды іріктеп алуға баса назар аударыла бастады. 2016 жылдан бастап қоқысқорымдарда қалдықтардың кейбір түрлерін көму тоқтатылды. 2019 жылдан бастап пластикті, әйнекті, қағазды және картонды көмуге, ал 2021 жылдан бастап қоқысқорымдарға құрылыс және тамақ қалдықтарын кіргізуге тыйым салынды. 

       Елімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап қайта өңдейтін ондаған зауыттар салу көзделген. Оның бірқатары іске де қосылды. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Айталық, алғашқылардың бірі болып Алматы қаласында осындай зауыт салынғаны белгілі. Біріншіден зауыт қаланың аумағында орналасқандықтан кәсіпорын маңындағы тұрғын үйдегі адамдарға қолайсыздық туғызып, жағымсыз иіс тұншықтырды. Осы мәселе зауытты жоспарлап, құрылысын жүргізген біздегі толып жатқан мамандардың біреуінің де ойына келмегені таңғалдырады. Екінші жағынан зауыттың өндірістік мүмкіндігі де төмен болды, қазіргі талаптарға сай болмай шықты. Ақыры зауытты жабуға тура келді. Яғни қомақты қаржы желге ұшты деген сөз. Бір ғажабы, әдеттегідей мемлекетке миллиондаған қаржылық қыруар зиян келтіргені үшін ешкім де жауап берген жоқ. 

      Бұл біздегі экологиялық ахуалға қатысты мәселенің бір жағы ғана. Өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны ластаудың өзге де ауқымды түрлері жетерлік. Соның бірі – түрлі өндіріс ошақтары. Оның ішінде жердің қазба байлықтаны игеретін саланың да үлесі мол. Қалалардағы автокөлік түтіндері де ауаны улайды.

        Бір ғана мысал келтірейік. Біздің басылым жаза-жаза жауыр болған тақырыптың басты «кейіпкерлерінің» бірі – «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық кешені. Бұл Теміртау қаласы мен оның айналасындағы елді мекендерді атмосфералық ауаны ластаушы негізгі кәсіпорын. Оның ауаны ластаудағы үлесі – 86 пайыздан асады. Қыста қардың орнына қап-қара күл жауатын қала тұрғындары жоғарыға арыздана шаршады. Құрамында он шақты шахатасы бар алып кәсіпорын өндірістегі құрал-жабдықтарды ауыстыруды білмейді. Олар тек қана пайда табумен айналысады. Сондықтан кәсіпорыннан шыққан улы заттар қала тұрғындарының денсаулығына орасан зиян келтіруде. Жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына экологиялық бақылау жүргізілгенмен одан шығып жатқан қорытынды мүлдем жоқ. Кәсіпорын иесі үндіс Лакшми Миттал Қазақстан Үкіметінің ескертулерін құлағына да қыстырмайды. Тек қана соңғы 9 айда аумақтық экология департаменті компанияға 7 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша көптеген экологиялық заңнаманың бұзылуы фактілері анықталды. Мәселен, бейорганикалық шаң-тозаңдарды нормативтен тыс шығарған, бұрын берілген нұсқамаларды орындамаған және шығатын газды ұстау құрылғыларды орнату бойынша тиімді шаралар қабылдамаған. Аталған кемшіліктер негізінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жалпы сомасы 5,8 млрд. теңге айыппұл салынды. Бұл Л. Митталға маса шаққан құрлы әсер етпейді, оған құрал-жабдықтарды ауыстырғаннан айыппұл төлеу тиімді. Оған қоса өндірісте техникалық қауіпсіздік мәселесіне мән бермейді. Соның салдарынан оның шахталарында көптеген кеншілер қаза тауып, жер астына тірідей көмілді. Кезінде осыған байланысты бұрынғы президент Н. Назарбаевтың ескертулерулері де әсер етпеген еді. Жағдай мүлдем ушығып бара жатқан соң қазіргі мемлекет басшысы Қ. Тоқаев та бұл төтенше жағдайға шынайы баға беріп, кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құқық қорғау органдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды кінәсі анықталған жағдайда жауапкершілікке тартуға құқылы екенін мәлімдегенмен жағдай осы күнге дейін оңалар емес. Соған қарағанда біздің шарасыз Үкіметті миллирдер Митталдың мысы әлі де басып тұрған секілді.

     Алпауыт өндіріс орындарына қатысты тағы бір мысал. Атырау мұнай өңдеу зауыты – Атырау қаласындағы атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің біріне айналған. Кәсіпорынның қала ауасының ластануына қосқан үлесі – 46,5%. Шаһар бойынша шығарындылар 23 мың тонна болса, оның 10,7 мың тоннасы дәп осы компанияға тиесілі. Атырау облысы бойынша экология департаменті соңғы үш жылда компанияға қатысты 11 тексеру жүргізді. Өткен жылдың қорытындысымен кәсіпорынға жалпы сомасы 40 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, қойылған талаптарды сақтамағаны үшін зауыттың 4 нысанына берілген экологиялық рұқсат мерзімінен бұрын тоқтатылған. Бұған қоса, компания 2025 жылға дейін ауаға бөлетін зиянды қалдықтар көлемін 25 пайызға қысқартуға міндеттелді.        

          Айыппұл арқалатқанмен осы аталған кәсіпорындарда жағдай түзеле ме? Оған сенім аз. Өйткені мұндай ескертулер біздегі өндіріс ошақтарына, қазақ жерінің қазба байлығын есепсіз жұтып жатқандарға жылдар бойы тұрақты жасалып келеді. Ал нәтиже жоқ. Сондықтан қоршаған ортаға орасан зиян келтіретін алып кәсіпорындар иелерін меншігінен айыратындай қатаң шара қолданатын кез жетті. Шынын айтқанда солардың басым бөлігі кезіндегі жекешелендіру науқанын жеке пайдаланып, кәсіпорындар мен жердің қазба байлығын заңсыз иеленгендер. Шетелдік инвесторлардың табиғатымызға жаны ашып жатқан жоқ. Оларға ұлттың денсаулығы түкке тұрғысыз ұғым, көбірек пайда тапса болғаны. Бұл еліміздегі толып жатқан өзге де ірі өндіріс орындарының бәріне тікелей қатысты. Өйткені олар да экологиялық талаптарды сақтамайды.

      Табиғат тозса тіршілік те тоқтайды, оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Сол табиғаттың бір бөлшегі болып табылатын адамзаттың өзі осы бұлжымас қағиданы біле тұра елемейді. Бүгінгі бір күнмен өмір сүреді, өз денсаулығы мен қоса келешек ұрпақ пен оның болашағын ойламайды. Сондықтан жеке адамдарды қоршаған ортамызды қорғауға жұмылдырып, мемлекет тарапынан бұл бағытта нақты іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Әсіресе қолданыстағы заңдарымызға өзгерістер енгізіп, талапты күшейту қажет. Сонда ғана туған табиғатты қорғап, өз өмірімізді ұзарта аламыз.

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні