Басшылар Риддердегі жалғыз қазақ мектебін құртқысы келеді - ардагер ұстаз

Басшылар Риддердегі жалғыз қазақ мектебін құртқысы келеді - ардагер ұстаз

Мемлекеттік тілдегі мектепке кедергі жасаған әкімдердің аттарын әшкерелеп, жар саламын! - деді Сәуле Мәдиқызы

Бұған дейін «Қазақ үні» ақпаратагенттігінде «РИДДЕРДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАЙТЫН ЖАН БАР МА?» атты Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Оқу-ағарту министрі мен ШҚО әкіміне жолдаған депутаттық сауалы жарияланған болатын. 

- Риддер қаласындағы 550-ден аса қазақ баласы бар жалғыз қазақ мектебі 1936 жылы және 1952 жылы салынған екі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған «ғимаратта» отыр. 18 жылдан бері жаңа мектеп салып беруді сұрап зарлап келеді. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігінен (1 қазақ тілді «Шаңырақ» мектебі, 4 мектеп аралас, 11 мектеп таза орыс тілді) қазақ балаларының оқуына дұрыс жағдай жасалмай, ел зардап шегуде. Шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебіне сыймай жатқан 550 баладан басқа тағы 700-800 бала аралас 4 мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты өтініш берушілер аталған мәселені шешіп беруін, қазақ мектептердің ашылуын және жаңадан салынуын талап етуде, - делінген сауалда. 

Әлеуметтік желіде үлкен талқылауға ұласқан осы сауалға байланысты Риддердегі «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының негізін қалап, 23 жыл мектеп ұжымын басқарған, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, ҚР Құрмет Грамотасының иегері, Риддер қаласының құрметті Азаматы, ҚР Оқу ісінің Үздігі, бүгінде зейнеттегі ардагер ұстаз Шаяхметова Сәуле Мәдиқызы редакция тілшісіне өз пікірін білдірді. 

- Бұл мәселені өте жақсы білемін. "Шаңырақ" мектеп-гимназиясының негізін қалап, 23 жыл мектеп ұжымын басқардым. Білім сапасы жағынан орыс тілінде білім беретін 17  мектептің алдында, яғни, 1 орында болдық. Қазақстанның үздік 100 мектебінің тізіміне енгенбіз. 

Неше түрлі құйтырқы саясаттың ортасында жүрдік. Бұл қазақ халқына, мемлекеттік тілге қиянат!..

Ойлары - Риддерде мемлекеттік тілде білім беретін жалғыз мектепті құрту. Осы құртқысы келіп жүргендердің дені - қазақ басшылары! Бұл жайында әлі талай жазылады.

Егер билікте отырғандар «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының мәселесін шешіп бермесе, мемлекеттік тілдегі мектепке кедергі жасаған әкімдер, олардың орынбасарларының аты-жөндерін жазып, әлемге жар саламын! Бәрі көз алдымда,- деді С. Мәдиқызы.