ОЛАР ЖОҒАЛҒАН ЖОҚ

ОЛАР ЖОҒАЛҒАН ЖОҚ

Қазақ еліндегі саяси күрес өткен ғасырдың басында шырқау шыңына жетіп, Қазақ мемлекеттігіннің қайта қалпына келуіне негіз қаланған болатын. 

          1918—1938 жж. Сол талпыныстарды таптау, бұндай арман-мұратқа айналып қайта келместей жаныштау, аяусыз жазалау жүрді. Біз өлім жазасына кесілген ұлт едік. Бізді ұлт ретінде жойып жіберу қызыл терроры түпкі мақсаты сол еді. Біз өлмедік, жойылмадық, жоғалмадық. Алаш оқығандары өздері атылып біткенше халықты алға тартып, ағартып тірілік жағалауына жеткізе алды. 

          Сол кезең туралы 90 - жылдардағы бір сұхбатында Қабдеш Жұмаділ былай айтып еді: “Шіркін-ау десеңші, уақыттың қырсығын айтам. Ғасыр басында ұлтты ұйытатын, мемлекет басқаратын азаматтар дайын болғанда тәуелсіздік жеткізбеді. Ал тәуелсіздікке жеткенде оған ие болатын кісі жоқ. Қаптаған өңкей дүние қоңыз топас топ мынау” дейтін. 

          Өткен ғасырдың басында Алаш қозғалысы ымыраға барып, шегініс жасағанда ұлт азаттық күресінің эфит центрі Шыңжаңға ауған (бұл да Қабдештің сөзі). Байтұрсынұлы Ахаң, Міржақов, Мәрсеков бастаған топтың 1918 жылғы Шәуешекке сапары соның анық дәйегі. Алаш әскері қаншама жыл қарсы күресіп қан төкен, Отыншы Әлжан оққа ұшқан Үржар да Шәуешекке тиіп тұр. 

          1916–1939 жж. Шәуешек қазақ рухын шақыратын, паналататын, сақтап қалатын алтын арал болды. Жәкулә болыстың Қапыланбектігі доцент інісі Әбілмәжін Түсіпке жазған хатында сол мазмұн болған. 1933 жылы НКБД қолына түскен хатта Алаш зиялыларына қауіп күшейгенін, қайткенде де Шәуешекке жету керегін, саяси қозғалыс барын айтады. 

         Сол хаттан соң Әлімхан Ермековтің інісі Ертай Ермеков пен Әбілмәжін Түсіп “Кіші алаш ордашы” деген қылмыспен атылып кетеді. 

          Сол кезде-ақ ол жақтағы миллион қазаққа алаш зыялылары дайындаған мектеп оқулықтары мен байтұрсынұлы жазуын мықтап орнықтырған. Оны жасаған да осы Шәуешекке ауған Ғазез Қалбанов, Мырзасадық Құрбағажы, Райымжан Мәрсектер бастаған алаш ұранды жұрт болатын.

          Сол қазақтар ол жақтағы ағайынмен қосылып, тәуелсіз Шығыс Түркістан құрды. Кезі келгенде 1962 жылы 100 мыңдап қайта оралды. Ол уақыт еліміздің шығыс жағы қазақы болмысқа әбден сусап тұрған шақ болатын. Тәуелсіздік таңы атқанда да сөйтті. 100 мыңдап оралды. Ата жұртқа қайтқан әр толқын Алаш сарқыты — тәуелсіз рухпен, ұлттық болмыспен, еңбекқор өміршең өнер-өнегемен оралды. 

          Олар жоғалмаған, жойылмаған, жез самаурыны жүз жыл қайнаған ұлт ұрпағы.

          Бүгін біз Қалмет әулетінің басынан кешкен шынайы тағдырды ысқырған жез самаурынның желісімен баяндағымыз келді.


100 жыл қайнаған жез самаурын.

          (Эссе. Қаз-қалпында)

          Ысқырған жез самаурынды жеңіл көтерген Шарбану буын бұрқыратқан күйі тақтайы қалың қоңыр үстелдің үстіне қоя берді. 

          Неше күннен бері той-томалақпен жүрген Күреңтай апаның назары самаурынға ауды. “Сол самаурын ғой мыну” деді ішінен. Көз алдынан көш өткендей күй кешті. Абайсыз орнынан тұрып, ыстық самаурынды сипалап, әр тұсына шұқшиып қадағалап қарайды. Әр белгісіне үңіледі. Өңі бір қуарып, бір қызарып, қиялдың жетегімен біраз тұрды да, өзінің оғаш қимылын енді байқап, қайта орнына келіп отырды.    

          Ал Шаһарбану құдағи болса жалғыз ұлының басты жасауы саналған самаурынға құдағиының көзі түсіп, қатты шүйліккенін ұната қойған жоқ. Себебі: қызын әкеліп салған кісіге аттанарда “Бұйымтайыңыз бар ма, не қалайсыз?” дейтін салт бар. Бұйымтайын сұрайды ғой. Сол “не қалайсыздан” әңгіме шығайын деп тұрған сияқты. 

          Қызы Хадишаны құтты орнына қондырып, көңілі орныққан Күреңтай құдасының келін түсірген тойы тараған соң да, күтімінде қалып, бір-екі күн қызының қасында болған. Күйеу бала да бұрыннан таныс жігіт. Оқушы кезінде де қызымен, достарымен бірге үйлеріне келіп-кетіп жүретін. Қызы Хадиша екеуі Шәуешектің гимназиясында бірге оқып, сол бозбала-бойжеткен кезден бастап қол ұстасып жүрсе керек. Шыңжаң Университетіне қатар түсіп, бірі физикадан, бірі математикадан оқу бітіріп, қайтып Тарбағатайға — Толыға оралған. Екеуі бір мектепте мұғалім.     

          1950-60 жылдары Қытайды, әсіресе, ішкі Қытайды тұтас шарпыған аштық, жетіспеушілік елді діңкелетіп тұрған шақ. Сол кездегі жаңа құрылған социалистик мемлекеттің көп қиындықтары бұл шаңыраққа салмағын тым қатты түсіре қойған жоқ. Себебі, Құдасы Жұмаділ де, оның жалғыз ұлы Халымет пен келіні Хадиша да мемлекеттік қызыметкер, мұғалім. Университет тамамдаған еңбек ақысы тәп-тәуір жастар. Шаһарбану құдағи да қимылы ширақ, жұртқа жөн айтатын қылап кісі. Ас-азықпен қамдау кофиратибінде жұмыс істейді. 

          Күреңтай апаның көңілі жәй еді. Құдасы Жұмаділді де бұрыннан білетін. Шәуешекке 1933 жылы бұлар келгенде Жұмаділдің ауылы сол Шәуешекке ертерек орныққан ауқатты, қаракетті кісілер болатын. Ал Шаһарбану құдағи сыра ашытушы еді. Солғындау шыққан сүтті шай сияқты құба-құла сыраны тас шыныға сапыра құйып, көпіртіп тұрып саудалайтын. Сөйтіп, Күреңтай апа құдасына да, құдағиына да, жақсы елге, жақсы жерге барған Хадишасына да дән риза. 

          1-ЖАНҰШЫРУ

          Сөз самаурыннан басталып еді ғой. Шаһарбану босқа алаңдайды. Еркінен тыс сонша шүйілгенімен Күреңтай құдағи самаурынды қалап-сұрайын деген жоқ болатын.

          Күреңтайдың ойы мүлде басқа әлемге кеткен. Бұдан 28 жыл бұрын Таскескендегі үйінің есігін тарс бекітіп, ымырт жабыла жолға жиналған. Сол күні үйге Шұбартаудан ширығып келген әкесінің қимылы бөтен еді. Әкесінің ағасы Алаш әскеріне қосылып, Үржарда Отыншы Әлжанмен бірге оққа ұшқан дейтін. Онсыз да үрей қаптаған шақта оның өзі кісі өлетін себеп. Сол ағасының бой жетіп қалған екі қызымен жеңгесі Бадишә қайнысы Султан мен абысыны Мақпалды паналаған. Оларды қосқанда отбасында 6 адам. 

          Султан осы келісінде Заман қиындағанын, ілессе жеңгесі мен екі қызды да, ілеспесе бәйбішесі Мақпал мен Күреңтайды алып, Шәуешек асып кететінін айтқан. Өздері де алақызып әрең отырған ел ымырт жабыла жолға шығады.     

          Қанша үйдің түңілігі түрілмей, есігі ашымай қалған заман ғой. Иесі жауып кетсе жарар, есігін жауып та кете алмаған, аштықтан, қызыл қырғыннан, тонаудан, ауыл-ауыл күйінде, ел ел күйінде үйден шықпай қалған. Халықтың көбі қырылып, азы шегара асқан заман ғой. Жәйіліп жатқан қайран ел дейсің! Қызыл террор қынадай қырды ғой.

          Үйден шығарда барған жерімізде іске жарайды-ау деп алған мыс табақ, алтын жүзік, күміс шолпы-білезіктерімен қоса азық-түлігін арқалап жолға түседі.

          Тура сол Таскескеннен аттанып бара жатқан Биғабылдың ауылы “Қылмыс” романында суреттелетін еді ғой. Көшке ілесе алмайды деген кәрі әженің басына бір жорба талқан жастап, иен үйге жатқызып кететіні бар. Бұлар да дәл сондай аласапыран күйде еді.

          Үйден шыққанда Күреңтайдың арқасына қыз жасауы саналған жез самаурын таңылған еді. Өзіне арнаған жасау ғой. Бүйірі, құлақтары батып арқасы қажалғаны әлі есінде. Төрт түн шыдап тоқтаусыз жүрсе Шәуешек шекарасына да ілінеді. 200 шақырымға таяу жер ғой. Шекарадан өтетін тұс, өткізетін кісілер де, касіптеніп қалған қу заман болатын.

          Түнде жүріп, күндіз бұғып, бұта, ши түбірлердің арасында жатып, анда-санда малта мен жентектеген женітті сорып жүріп төрт күнде Шәуешекке жеткен. 

          Шәуешектің де күйіп тұрған күндеріне тап келіпті. Ішкергі қытайда бүлік бастап, жеңіліп қашқан дүңгендер Шәуешекті басып алмаққа шауыпты. Жамбыл деп аталатын ескі қала қорғанының ішіне тығылған қытай әскері әне-міне қирайды деп тұрғанда Хилауски деген жалдамалы казактар қытай жағына жәрдемдескен дейді. Оған да бой бермей бара жатқан дүңгендерге Бақтыдан өткен қызыл әскер барып, ту сыртынан тиіпті. Дүңген қашқан соң Шәуешекті тазалаған қызыл әскер “Дүгенге іш тарттың” деп, ауқатты мұсылмандардың оншақтысын Халық кулубтың алдына тізіп қойып, сотсыз атып кетіпті. Ақсуаттан барған атақты Жәкулә болыс та сол қатарда оққа ұшқан көрінеді.    

            Шәуешекке Күреңтай келген күндері осындай күрделі кезеңге тап болды.   

          Онсыз да Шәуешегіңіз босқын басып кеткен қала екен. Көше толған қашқан жұрт. Тозған, топтасқан, торыққан ел. Кейбірі бір қап арпа кім берсе соған сәбилерін, бойжеткен қыздарын сатып жатқан қазақ. Әйтсе де, шамасынша тұрғылықты халық, ондағы қазақтар әркімді икеміне келтіріп, қамқорына алып өлмесіне себеп болатынға ұқсайды. 

          Мақпал апа қызы Күреңтайдан алаңдады. Күреңтайдан да бұрын Султан екеуін пана көріп, бірге келген Бәдиша абыстайының екі бірдей қызына алаңдады. Алаңдайтындай-ақ, екі-үш кұннен бері қытай ма, сарт па бірдемелер жағалай бастаған. Шәуешек шіркін де пана болатын емес. 

          Күн жаз, түн жылы кез ғой. Біреудің лашығындағы үрейге толы, ұйқысыз түндердің бірінде Мақпал мұңлық күйеуі Султанға сыбырлаған: “Анау екі қызды жағалаған сайтандардың сұрқы жаман. Көңілім байыз таппай тұр. Капірге кетіп, обалына қаламыз-ау! Сен жеңгең мен ағаның қыздарын алып арғы бетке әкет. Күреңтайыңа алаңдама. Мен оны қорлатпаймын. Мына жетім қыздардың обалына қалсақ, батыр ағаның аруағы кешірмес. Күреңтайдың да бағы жанбас. Оларды орнықтырсаң дәм айдаса келерсің” деген. Ақылды жарының аса қиын шешімі — ақтық шешім еді. Сұлтан сол күні таң атқанша Мақпалды құшақтап, тұншығып өксіп шығыпты. 

          Бәдиша апа мен екі бірдей сіңілісі де, әкесі де, зым-зия жоғалғанын байқап, аласұрған Күреңтай оларды қайта шегара асып кеткенін анасының әңгімесін арада апта өткенде естіді. Әсерлі кей тұстарын тіпті кейін білді. 

          Анасы: “Сәті туған күні әкең салып-ұрып кіріп келеді” деп сендіретін. Жоқ, кіріп келмеді. Мақпал ана, Мақпал жар күте-күте күдер үсбестен көз жұмды.

          2-САРҚЫЛУ

          Шәуешеке келгендеріне жыл айналған кез. 1934 тің басы. Кезек жез самаурынға келген. Себебі: ақшаға жарар жылтырақтың барі саудаланып бітті. Екі ай бұрын ең “сүйіктісін” сыңғырлатып апарып сатқан. Күміс шолпысы еді. Сол күміс шолпысымен бірге күллі бақытты шақ, үміт-арман мәңгі кеткендей болған.

          Күреңтай жалғыз қыз болған соң еркешора өскен. Басына бөрік, аяғына былғары етік киіп, сәлдебоз белбеуді сәнімен жігітше буынатын. Буырыл бәйгені жаратып мініп, жігіттермен жарыса жөнелетін. Еркек топпен қансонарлатып саят құратын.

          Ол да болмайды екен. 13 - 14 ке келгенде жұтқыншағы шықпай, кеуде тұсы керіле бастағаннан-ақ, жұрт оның ербала емес екенін біліп қойған. Ұяттан ба, намыстан ба жарыла жаздап жылаған. Жылағанмен де жігіт болмайды екен. Ақыры әкесі Семейдегі ұстаға күмістен шолпы соқтырып әкелген. Ер мінезді қыз енді еңселі бойжеткенге айналып, шолпысын қоңыраулатып, тал шыбықтай толқытып басатын болған. Екі ай бұрын қолдан кеткен сол ғой — сол төрт жыл таққан шолпысы.

          Сонымен кезек жез самаурынға келді. Күреңтай киім тігетін. Анасы үйреткен. Ал Мақпал ана өте ісмер адам еді. Жесір әйел жетім қыз. Ендігі мақсат анасына серік болып Шәуешектегі жаңа тірліктерін бастау. Не істеу керек? Басқа ел, басқа жер, басқа заман. Қайран өмір-ай, сар самауырынды қайнатып, шыныаяққа шәй құйып, қайың астауға құрт езіп, мыс табақпен шаңырақ қазы тартатын заман бұлбұл ұшты. Ендігі босқын күй мынау.

          Бұл жаққа келгелі бір жылға таяды. Қары қалың болғанымен қаланың қысы қатты аяз емес сыяқты. Жүргінші жұрт қалың. Базар үлкен болатын.

          Қай топыраққа салсаң да тамыр тартатын, сабағы қылтиып, қара топырақты жарып шығатын тұқым болады. Мақпал апа Күреңтай қызына деген самаурынды сатып, “Мекалай” тігін машинасын алады. Сөйтіп мүлікті Станокқа айырбастап, сол тұстағы озық өндіріс құрал-жабдығымен жұмыс бастайды. 

          Бардам ауылдың сән-салтанаты, дастарханның көркі үшін алынған жез самаурыны бұл жерде де жақсы бағаланатын көрінеді. Самаурын мәдениетінің де қазақ даласына енді шыға бастаған кезі болатын. Одан 40 жылдай бұрын ғана Тәрбағатайға келген алғашқы самаурынды Танамырза әкеліпті дейтін.

          Енді тігін машинасы бар Мақпал апа отырған лашық Шәуешектегі тігінханалардың қатарына қосылды. 

          Арғы беттен келген жұрттың біразы осы маңда екен. Көрнектісі Жәкулә болыс ашқан Фельдшерлік курс. Жәкулә боздақ жарты жыл бұрын оққа ұшқанына қарамастан пельдчерлік курс қазір де ашық тұр. Алаш оқулықтарын сататын дүкендер де болатын. 

         Тігін машинасын алған Мақпал апа қызы Күреңтайды ісмерлікке басы бүтін икемдеді. Көрші-қолаңның киім-кешегін тігіп түзетүден бастап, көйлек-көншек, мешпет-шалбар, ішік-тондарды тігіп жұмысын дөңгелете бастайды. Өздері тігінші болғасын, киім кешегі де түзеледі. Тұрмыстарына да береке кіреді.

          Күреңтайдың көңіл түкпірінде тұнған сағыныш Таскескенге тән еді. Тарбағатайдың батыс түстік шеті. Терістікте Ақшәулі шыңы бұлдыраса, түстікте Алакөл айдыны жарқырайтын. Балалық шақтың барлық естелігі қолдан сусып кетті. Алтын жүзік, сырғалары, күміс шолпының сыңғырымен сыңғырлаған күлкі де кетті-ау. 

          Соңғы естелік Жез самаурын еді ғой. Дастарқанның басында, ыдыс басы болып үстел үстінде жарқырап, жәйнап жылу шашып тұрар еді. Енді қараса өткен күнді — жастық шақты еске салатын еш бір зат қалмапты. Самаурынды сақтай алмады. Тігін машинасы да тіпті қажет еді.

           Мекалай тігін машинасын кезектесіп, күндіз-түні тоқтаусыз жүргізген анасы мен қызы тұрмысын тез түзеді. Әбікен деген Мәмбет жігіт тігін ханаға кіріп-шығып жүріп, Күреңтайдың да көңілін тапты. Мақпал апаның тұңғыш жиені Хадиша туды. Мақпал әжесінің ерні тиіп емренгені, қартайып, хал кеткенше тәрбиесіндегі жиені болды. 

          Күреңтай тұңғышы Хадишаға ерекше ықыласты болды. Арқасынан тастамайтын. Хадишаны арқасына көтерген кездерінде Күреңтайдың есіне самаурын түсетін. Заты қыз ғой. Жарқырағанда көзіне ақ алтындай көрінетін еді.

          Құдай-ау, десеңші, өзін ұзатқанда жоқтаған сол жез самауырын қызын ұзатқанда алдынан шығып тұр; Қайтып келіп Хадиша қызының дастарқанын қыздырып тұр. “Дәл соның өзі деймін, ағаш жаңқалаймын деп, абайсызда тиген балтаның табы да сол ізімен көмескі тартыпты”. 

          — Шәйіңіз суып қалды, ауыстырып қояйын,— деген бәсең үннен соң шәй үстінде үнсіздік орнап, жұрт назары өзіне ауғанын Күреңтай құдағи енді байқады. 

          — Самаурыныңыз жез болса да алтындай жарқырайды екен,— деді Күреңтай өзіне үйреншікті тіркеспен.

          —Ия, мына кісіге тигенде “алғашқы сыйлығым болсын” деп Саюздан ауған елден неше жылқының құнына сатып әперіп еді. Оған да 30 жыл болып қалыпты,—деді Шәһарбану сәл мақтанулы дауыспен.

          Бұл жолы Күреңтай құдағидың өңі қызарғандай болды. “Саюздан ауған ел” дейді ә. 

          Ары қарай ұмытылатын әңгімелер айтыды. Қазіргі сөздің бәрі де өткен шаққа шарықтап кеткен бағанағы қиялды — Күреңтайдың ойын бұл дастарханға бірден қайтара алмас еді. Жез самаурыннан ұшқан буға ілескен бір көңіл арғы бір әлемге — сағыныш әлеміне өтіп, ізсіз кетіп жатты. Әлгіндегі “Союздан ауған” деген сездің салқынны тидіме самаурын жайлы әңгіме айтылмады. 

          3-ҚҰДАНЫ ҚҰДАЙ ҚОССА

          Күреңтай Жұмаділ құдасына көз тоқтатып қарап қояды. Құдасы да пысық кісі болып кезіккен. Сонау 1950 жылдардың басында жеке меншік жойылған тұста үкіметтік жолдамамен Шәуешектен Толы ауданының Сыртқы сауда мекемесіне бас маман болып барады. Қазірде төрдің басында батасын беретін елағасы ақсақалдық деңгейге жақын. Әлі де баяғыдай қазақ халқының қолындағы ең қүнды да, бағалы шикі заты болған тері-жүнді сортқа айырып, мемлекет қоймасына жинайды. ШҰАР дың өлкелік үздік қызметкері болып сан мәрте марапатталып үлгерген. “Заман сен түлкі болсаң, мен тазымын” дейтін қайратты қазақ.

          Шаһарбану құдағи болса жекелік жойылып, ортақ мүлікке көшкенде де қатардан қалмай, ауданының азық-түлік серіктігінің тамақ өнімдерін өндіретін өндіруші, сатушысы болып жүмыс атқарады екен.

          Жұмаділ құда Тарбағатайдың теріскей бетіндегі Ақсуат, Ақжар жағында туыпты. Естуінше арғы бетте Ақжардың тұсында «Марқатай» қыстауы деген [Қазірде солай аталады] жаз жайлаулары, қыстаулары болыпты. Тегі бай-бағылан болған кісілер. Байларды елден қуатын заман болды ғой ол уақытта. Бұлар тіпті, заман бұзыларын алғашқы болып аңғарған, шегараны бұзған алғашқы елдің қатарында екен.

          Ырыс та қонатын жерге қонады ғой. 1917жылғы аласапыранда Тарбағатайды асып Шәуешекке келген. Ал Шаһарбану құдағи Біздің Таскескеннен екен. Елі ауғанда ол кісі небары 3 жаста көрінеді. 

          Бұлардан соң оншақты жыл өткенде сол Таскескеннен Күреңтай да ата-анасының жетегінде Шәуншекке келген. Ал бұл келген кезде Шәушекте отау көтеріп жатқан Жұмаділ жас келіншегіне самаурын сатып әперетін әлге жеткен дөңгелек дәулеті бар қаланың қағылез тұрғынына айналған ғой. 

          Қызық: болашақта құда болатын Тоғас пен Мәмбеттің бірі самаурын сатып алатын, енді бірі самаурынын сатып тігін машина қолданатын жағдайда деңіз.

          4-ҚЫЗ ОҚЫТҚАН ШӘУЕШЕК

          Тағы бір заман өткенде енді Шәуешекке ілгерінді-кейінді келген екі ауылдың тірлігі теңесе түскен, ұл-қыздарын Шәуешек гимназиясынан оқытып, ары қарай Шыңжаң Университетіне жіберіп, тең-теңімен құдаласып, дөңгеленген дүниенің дүбірі тағы да бір тиянағын тапқан кез екен. 

          Халметтің университет оқуы жәй нәрсе. Ол — қазақ даласының қиырындағы мәдениет, өнер, білім мекені — Шәуешек шаһары үшін қалыпты құбылыс. 

          Ал Хадишаның да университет оқуы ше?

          Бұл — Шәуншек феномені. Қыз оқытатын Шәуешек қой ол. “Қыз елдің көркі” дейтін, “Ер бала туса ұл бала туды, қыз бала туса, нұр бала туды” дейтін қазақтың Шәуешегі. Ол тұста Хадиша бастаған оқыған шәушек қыздарының қатары қалың болатын. Шыңжаңның алғашқы бакалавр қыздары және Шыңжаң қазақтарының алғашқы еркін қыздары. Осынау парасат мекенінің сергек арулары еді. 

          Шәуешектен жоғары оқуға барған қыздарда махаббат және таңдау еркіндігі болған. Содан да олар әр аймаққа келін болып тарап, ондағы қазақ мекендеген 4 аймаққа, білім мен мәдениет таратқан. 4 аймақты құдаластырып, біріктіре түскен.

          Күреңтай құдағи соның бәрін ойлап отырды. Шәй ішіңіз деген бірнеше ретікі өтініш сөздер құлағына кірмеген сияқты. Шаһарбану құдағи кеседегі шайды қайта ауыстырды. Жез самауырдың шүмегінен құйылған ыстық мөлдір судан бозамық бу тарап тұр.     

          Күреңтайдың да көзі буланып, көңілі толқып тұрған уақыт. Ал Шаһарбану құдағи болса ұлына қанша жыл сақтаған жез самаурыннан “айрылып қаламын ба” деп алаңдаулы.      

          Күреңтай құдағи өзінің самаурынға сонша назар аударғанын жаңа ғана сезді. Сөйте тұра неге сонша толқығанын әңгімелеуге асыққан жоқ. Әлде, бағанағы Шәһарбәну айтқан “Союздан ауған” деген сөздің салқыны болды ма екен.

          5- СТАНОК АРТЫП, ЗАУАТ СҮЙРЕП 

          Таудан аққан тас бұлақ

          Тасыса құяр теңізге,

          Жақсыдан жаман туса да,

          Жаманнан жақсы туса да

          Тартпай қоймас негізге.

           (Бұхар жырау)

          Біздің халықтың өткен ғасыр басындағы тіршілігін, басынан өткен заманды, сол қиымет күндерді қалай еңсергенін — осынау құбылған заманды бір жез самаурынға қарай қалғанда-ақ санаңда жаңғыртасың. 

          Халмет пен Хадишаның жастық шағы да Қытайдағы аласапыран Мәдени Револоцияның қырсықты жылдарына тура келді. Сол қиындықтардың бәрін бірге еңсерген зиялы жұбайлардың ғұмыры махаббатпен, мейріммен, еңбекпен өтті; ұзтаздықпен, ентелектуалы жоғары санатты ұрпақ өсірумен өтті.

          Сөйтіп уақыт қайта айналып орнына келе бастаған. Күреңтай апа ұл-қыздарынан шұбырған немере-шөбере сүйіп, 1987 жылы Шәуешекте дүниеден қайтты. Ал Шаһарбану әже немере-шөберелерінің жетегімен азат Қазақстанына қайтып оралды.     

          Қайта оралғанда да бағанағы жез самаурынды арғы бетте қалтырған жоқ. Әулеттің киелі мүлкіндей болған, қанша жыл ыстық табы қолдарына сезілген жез самаурын. Қарағайды жаңқалап салып, әжесі, анасы қайнатқан жез самаурынды енді немерелері арқалап, Алматыға әкелген. 

         Жалғыз ұл Халметтен тараған ұрпақ та баяғыдағы Жұмаділ атасы сияқты және нағашысы Мақпал-Күреңтай апалары сияқты батыл, қағылез, табанды, тіршілікке қуатты болып шықты. 

          Олар Аталары-әжелері сағынған Атамекенге алғашқы көшпен оралды. Азат отанға тәуелсіздік таңы атқан күні оралды. 

          Жәй ғана орала салған жоқ. Жұмаділ әулеті — Халмет-Хадиша балалары да Шыңжаңнан кетерде үй-жайларын сатып, бар ақшаларын өндіріс құралдарына айналдырып Қазақстанға станоктар артып, зауат сүйретіп келді. 

          Қай топыраққа тастасаң да жарып шығатын, жайылып жеміс беретін өміршең, асыл тұқым туралы Қабдеш аға айтып еді. Бұдан 10 жыл бұрын Жәкула болыстың асында айтқан. Бұл сөзді біз де айтамыз.    

          Аласапыран шақта Отанынан қуылған мыңдаған, он мыңдаған боздақты еске алып айтамыз. Жат топырақта да жойылмай, жанып-күйіп, жарып шығып, жапырақ жайқалтып, тұқымын таратқан асыл ата - ару аналарымызға бағыштап айтамыз. Олардың жүз мыңдап өскен ұрпағы азаттықпен бірге Отанына оралып, онда да жәй келмей, Жас Отанына жұмысын, күшін, ісін, қуат, қайратын берген осынау асыл тұқым туралы айтамыз. Бүгінгі жазбамыз да соның бір мысалы.

          Халметтің ұл-қыздары Қазақ Елі енді ғана тәуелсіздік алып өндірісі шашылып қалған кезде станоктарды бірінен соң бірін әкеліп, сақылдатып жүргізгенін білеміз. Сехтарында сол станоктарды құшақтап түнегенін білеміз. Қаншама кедергі болғанда кері кетпей, табандап алға аттағанын көрдік. Қанша жастарға ұл-қыздарға жаңа өндіріс техниканының, станоктардың құлағын ұстатқанына куәміз. 

          Олар Алматыдан, Астанадан, Қарағандыдан бас-басына завут ашты. Жүздеген адамға жұмыс берді. Халыққа, мемлекетке салық төлеп, қызмет етіп мерейі тасыды. 

          Астанадағы ат шаптырым аумаққа салған орау-қораптау өнімдерін шығаратын зауат Тарбағатайдағы марқатай тауын, Марқатай атаның есімін еске салады. 

          Қазірде Қалмет балалары бағалайтын “Қазақстанның үздік өндірушісі” марапатына ие Мемлекет сылайтын құрметті кәсіпкерлер. 

          Думан, Дәурен, Дәрмен, Халида, Әлия, Әлима деген үш ұл, үш қыз Шаһарбану апаның немерелері; Күреңтай апаның жиендері еді. Ал Шаһарбану апа болса, ғасыр жасап, Алатаудың бауырынан — туған топырағынан мәңгілік тұрағын тапты. 

          Атадан қалған асыл мұрадай, тарихтың сырын шерткен жез самауыр Дәрмен Халметұлының үйінде жәдігер ретінде жарқырап көз тартып тұр. Самаурынды сақтап ұрпағына табыстаған Халмет пен Хадиша да Шаһарбану, Күреңтай аналарының соңынан аттанып, Алатаудың топырағында тыныштық тапқан. Олар тыныштық тапқанша да, отауларының ордаға айналғанын, қыз ұзатып, келін келтіргенін, дүниені шарлап қанатын кеңге жайғанын көріп, көңілдері жәй тауып аттанды.

         Мыс, мырыш, алюмени қортпаларынан жасалған тат баспайтын тамаша жәдігер — жез самаурын күн сәулесіне шағылысып тым-тырыс тұр. Талай тағдырдың саусақ табы қалған Сұлтан әке Семейде таңдаған, Жұмаділ сері жарына Шәуешекте тарту еткен, Хадиша апа қарағай жонып қайнатқан тамаша жәдігер тағы қанша ұрпаққа тарихын танытып сыр шертер екен?

           P.S. 

          1995 - жылы Алматыдағы Дәуреннің үйіне алпыс жас шамасындағы Райымхан апа келді. 60 жыл бұрын айырылған Солтанның Бәдишадан туған қызы болып шықты. Күреңтай әпкесінен қалған жиендерді іздеп шыққан беті екен. Арада 60 жыл өтсе де шұрқырасып табысқан қайран халқым-ай дейсің тынысың толқып.

           Бүгін терең теберенген күйдемін. Өткен ғасыр басында ойрандалған Отан, отын болған ордаларды ойладым. Ұрпағын арқалап арғы бет асқан аяулы ел жайлы жаздым. 

          Олар жоғалған жоқ. Олар оралды. Олар өшкен жоқ, өсіп - өніп, көгеріп - көктеп оралды. Бір ғана Қалмет әулетінің кешуі, ерегесіп, ерлеп, құлшынып өсуі соның бір мисалы деп біліңіз. 

          Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ 

Ақын, Қазақстанның Мәдениет Қайраткері 2023 Алматы.