«Алашқа тағзым» шеруін өткізуге кедергі келтірілмейді - Әлихан Смайылов

«Алашқа тағзым» шеруін өткізуге кедергі келтірілмейді - Әлихан Смайылов

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Алашқа тағзым» іс-шараларын өткізуге кедергі жоқ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар ұлттық идеологияны дамытуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен Саяси қуғын - сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі-мемлекеттік комиссия) құрылды. Комиссияның негізгі міндеті 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау болып табылады. Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша 17 өңірлік комиссия жұмыс істейді. Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен өңірлерде жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Алашқа тағзым» іс-шаралары өткізіледі», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар Прмьер-Министр жыл сайын 31 мамырда облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында мемлекеттік комиссияның қолдауымен барлық жерде еске алу іс-шаралары ұйымдастырылатындығын атап өтеді.

«Іс-шараға жергілікті тұрғындар, шет мемлекеттердің елшілері, азаматтық қоғам, жастар және БАҚ өкілдері қатысады. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар республикалық және өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады», - деді Әлихан Смайылов.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының атына жолдауға сауалда ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге кедергі келтірмеу мәселесін көтерген болатын.