Руза Бейсенбайтегі: Мемлекеттік тіл Тұжырымдамасы - КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Руза Бейсенбайтегі: Мемлекеттік тіл Тұжырымдамасы - КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЗАҢЫНЫҢ ҚАБЫЛДАНБАУЫ ҚОҒАМДЫ ОДАН САЙЫН ЕКІГЕ БӨЛЕДІ» 

2023 жылы 20 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе”-деген ең басты тұжырым алынып тасталды!

Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ!» атты мақаласында айтылған. 

- Тұжырымдама жобасының алғашқы дұрыс нұсқасы Ашық НҚА порталына 11 сәуір күні орналастырылды. Ал мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапты алып тастап, өзгертілген бұрыс нұсқасы 20 сәуір күні қайта орналастырылды.

Үкімет не үшін алып тастады Тұжырымдамадағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек деген талапты?!. - деп жазған депутат мақаласы үлкен қоғамдық талқылауға ұласты. 

Осы мәселеге қатысты біз белгілі тіл күрескері Руза Бейсенбайтегінің пікірін білген едік. 

- Бұл тұжырымдама көзбояушылық. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай, тіл мәселесі шешілмейді. Де-факто бізде басты тіл орыс тілі болып тұр. Билікке осы ыңғайлы сияқты. Тіл тұжырымдамасының ашық талқылауға ұсынылғаны дегені де көзбояушылық. Бұл қоғамды одан сайын екіге бөле түсіп, сыртқы қауіптерге тойтарыс бере алатын мықты монолитті қоғамның қалыптаспауына алып келеді. Біз, ұлтшылдар, тіл үшін күресте жеңуіміз керек, - деді Р. Бейсенбайтегі. 

Еске сала кетейік, Тіл Тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланған.

Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға және Ғылым және жоғары білім мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңеске, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығына сараптамаға жолданды.

Қоғам тарапынан 11-24 сәуір аралығында ашық порталда Тұжырымдама жобасына 4103 қаралым жасалынып, 126 пікір түсті. Барлығына жауап берілді.

Пікірлер негізінен мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, тіл оқыту орталықтары оқытушыларының мәртебесін айқындау, жалақыларын көтеру, латын әліпбиіне көшу мәселелерін қолдаған.

Ешқандай түбегейлі қарсы пікірлер жазылмаған. 4103 қаралымның барлығы қолдап, ешкім қарсы шықпаған. Тек 11 дизлайк қана бар.

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні