КИНОГЕРЛЕР МИТИНГКЕ ШЫҒУҒА МӘЖБҮР

КИНОГЕРЛЕР МИТИНГКЕ ШЫҒУҒА МӘЖБҮР

2023 жылы наурызда «Ұлттық Киноны Қолдау Мемлекеттік Орталығы» өткізген киножобаларды іріктеу конкурсы көптеген заңбұзушылықтармен өткендігі белгілі. Бұл турасында БАҚ-да жиі жазылып, әлеуметтік желілерде де жұртшылық қызу талқылап, көптеген сын пікірлер білдіруде. Бұл мәселені тіпті, Парламент мінберінен «Ақ жол» фракциясы мүшелері: Қазыбек Иса, Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Ержан Бейсенбаев, Асқар Садықов, «Аманат» фракциясы мүшесі Мақсат Толықбай, «ҚХП» фракциясы мүшесі Ирина Смирнова және Мархабат Жайымбетов сынды Мәжіліс депутаттары да көтерді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҰЛТТЫҚ КИНОНЫҢ ТАҒДЫРЫН КІМДЕРГЕ ТАПСЫРЫП ОТЫРМЫЗ?!» атты депутаттық сауалы қоғамдағы үлкен талқылауға ұласты. 

Алайда, Мәдениет және Спорт Министірлігі мен «ҰКҚМО» басшылығы аталған мәселені шешуге мүлде құлықсыздық танытып отыр. Киногерлер қауымы «Тәуелсіз комиссия құру арқылы конкурстағы заңбұзушылықтарды тексеру» туралы жалғыз-ақ талап қойып, оны хат түрінде ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа, ҚР Премьер-министріне, Президент Әкімшілігіне, Мәдениет және Спорт Министрлігіне жіберіп, арнайы бейнеүндеу де жолдады. Бірақ осы уаққа дейін «Еститін Үкімет» Киногерлер талабын назардан тыс қалдырумен келеді. Осыған байланысты 27.04.2023 күні Киногерлер қауымы «Алматы Менеджмент Университетінде» бас қосып, іріктеу конкурсында орын алған заңбұзушылықтарды талқылай келе, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атына ашық хат жолдау жөнінде шешімге келді. 

Аталған хат 03.05.2023 күні «Қазақстан Кинематографистер Одағы» ҚБ басқарма төрағасы Ермек Тұрсыновтың, «Ұлттық Кинематография өнері мен ғылымдарының Академиясы» ҚБ Президенті Рашид Нұғмановтың және «Қазақстан анимациялық студиялар қауымдастығы» ЗТБ Президенті Адай Әбелдиновтың атынан Президент Әкімшілігіне жіберілді. 

Әйтсе де, Киногерлердің бұл жанайқайына «Еститін Үкімет» әлі күнге дейін назар аударар емес. Бұл немқұрайлылыққа амалы таусылып, ашынған киногерлер 12.05.2023 күні Алматы және Астана қалаларында МИТИНГке шығуға бел буып отыр!

Азамат Шарғын, 

Актер, режиссер

Адай Әбелдинов, 

Қазақстан анимациялық студиялар қауымдастығы» ЗТБ Президенті

Нұргелді Садығұлов, 

Режиссер

Ардагер Сантыбаев, 

Продюсер

Жансерік Шонаұлы, 

Продюсер