“Парламентте ешкім орысша білмейді” деп ойлап келіңіздер! - Таңсәуле Серіков

“Парламентте ешкім орысша білмейді” деп ойлап келіңіздер! - Таңсәуле Серіков

Мәжіліс депутаттары вице-министрлерге ескерту жасады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен жиында заң жобасын таныстырған ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Қалмұхамметұлы Төребаев мемлекеттік тілді аттап өтіп, Ресей тілінде баяндама жасады. Сұрақтарға да тек орыс тілінде жауап берді. Оған көмекке келген “ЭСК “KazakhExport” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ердан Ерланұлы Бекқожин де “Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі сонда жүреді” дегенді растап, тек орыс тілінде сөйледі.

Бұған шыдамаған Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков оларға қатаң ескерту жасады:

-Бұдан кейін парламентке келгенде қазақша сөйлей алатындарыңыз келіңіздер! Сіздер бұл жерде, “парламентте ешкім орысша білмейді” деп ойлаңыздар. Не масқара бұл, сіздерге бола тілімізді бұрап, орысша сөйлеуге қиналып отырмыз?!.”-деп, наразылығын білдірді.


(Солдан оңға қарай: Қ. Төребаев, Т. Серіков, Е. Бекхожин) 

Әріптесін қолдаған депутат Ринат Зайытов та:

- Бәріміз осыны, мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етеміз”-деді.

Депутаттардың наразылығын Қазыбек Иса қорытты:

- Мемлекеттік тілді білмей, мемлекеттік қызметте қалай істеп жүрсіздер? Келесі келгенде мемлекеттік тілге сауаты жететіндерді жіберіңіздер! - деп талап қойды.

Сауат мәселесінің мемлекеттік тілге байланысты болатынын, мемлекеттік қызметкерден ең бастысы мемлекеттік тілді білу сауаты талап етілуі керектігін бұрын білмесе керек, вице-министр Қайрат Төребаев шыр ете түсті:

-Мемлекеттік тілге сауатымыз жетеді, тек мына мәселе қиын болып тұр?-деп ақталуға тырысты.

-Мәселе қиын болса да, мемлекеттік тілді меңгеру қиын болмауы тиіс. Өйткені бұл сіздердің ана тілдеріңіз!-деп келте қайырды Қазыбек Иса.

Қазақ тілінде жауап бере алмай отырғандардың бірі Ердан Ерланұлы Бекқожиннің атасы Қазақстанның Халық жазушысы Қалижан Бекқожин егер тірі болса не дер еді?!.

Ал осыдан 22 жыл бұрын, жаңа ғасырдың басында парламентте “Миыма операция жасамаса, қазақ тілін үйрене алмаймын!”-деп мәлімдеп, елшілік туралы заңнан “Елшілік қызметкерлері Мемлекеттік тілді білуі міндетті” деген талапты алғызып тастаған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов туралы Қазыбек Исаның “Қазақ үні” газеті мен сайтындағы “Мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады?!.” - деген маңызды, өткір мақаласы Әділетті Қазақстанда да әлі күшінде екен?!.

Азамат Тасқараұлы, 

“Қазақ үні”