АДАМ ҚАЛАЙ ТОПАСТАНАДЫ

АДАМ ҚАЛАЙ ТОПАСТАНАДЫ

Осы, талай жыл өтті, тәрбие-білім саласында небір реформалар жасалды, бірақ көркемсурет, ән-күй сабақтарына лайықты маңыз берілмей келеді. Әрбір баланың тілі шыға уілдеп әуен құрастырып, сурет сала бастайтын талабын кейін ысырып, оның қоршаған орта сырларын өзі бейнелегісі келетін балаң құлшынысын, дербес еңбекке деген сәби ынтасын ерте тұншықтарамыз. Оны бірден ғалым етіп шығарғымыз келгендей, алғашқы таным іргетасы міндетін атқара бастайтын қарапайым да маңызды құралдарын көзден таса етіп, алған беттен күштегендей, түсінікке ауыр, күрделі сабақтарды оқытуға кірісеміз. Алдыман бейнелі, көрнекі құралдар көмегімен баланың белгілі пәнге деген құлқын оятуға жете көңіл бөлінбейді, тақырыпты ұқсын-ұқпасын, қасаңдата береміз. Сөйтіп, ол өз ықтияр-ықыласымен кіріспеген соң тығыз уақытқа лайықталған бағдарламаны игере алмай құлазып, кейде қиқарланып, біртіндеп топастана түседі.

Сабақ дегеннің өзі – қисынды жүйе, жеңілден басталып бірте-бірте сабақтаса дамитын үйлесімді білім кеңістігі. Ендеше оқыту әдістемесі де жансыз, жасанды емес, өмірге мейлінше орайлас, терең де ұғынықты болуға тиісті емес пе.

Біз болсақ, кейінірек, шәкіртіміз неге дөрекі, қарақшылар қайдан шығады, қоғамда қатыгез адамдар неліктен көп деп таңырқаймыз. «Не ексең – соны орасың» келеңсіздіктің көбі тиімсіз, тіпті теріс ықпал ететін, өзімізге байланысты шығар. Тәрбиеде өнер сабақтары артта емес, ең алдыңғы қатарда тұруға тиісті. Ал, жанарын жасынан сұлулыққа суғарып өскен адамның жан дүниесі лас, кеудесі тас қараңғы қуыс келеді дегенге қалай сенесіз?!. 

 «Сөйлем құрай алмайды»

Бір үлкен қаламгер ірі жазушылар санатында саналатын әріптесі туралы: «Өй, соны сендер қалай жазушы деп жүрсіңдер осы?! Тіпті, осы күнге дейін соның жөні түзу бір сөйлем құрағанын көрдіңдер ме?!» деп қалды.

Апырай, со кісінің қалам қарымына күмәнданатын жалғыз мен ғана ма деп жүрсем, дәл «диагнозды» мына кісілер баяғыда-ақ оп-оңай қоя салған екен-ау деп таң қалдым.

Ақпарат апаты-ау...

Баяғыда шешелеріміз аймақтағы есалаңдау бір ағамызды «Е-е, оқу өтіп кеткен байғұс қой бұл!» деп аяп отырушы еді. 

Кейінірек о кісінің, білім саласына қатысты ақпарат ағынын игере алмай, «бастан кеткенін» ұқтық. Яғни, «көтере алмас шоқпарды белге байлап» шалдыққан. 

Егер адам артық ішкен асты қорыта алмаса күпті болады. Шамадан тыс ақпарат та сол секілді; дер кезінде игерілмеген дүние сана сансыратады. «Ми ашиды»...  

Әдетте, «әр нәрсенің шегі бар» деген тәмсіл жиі айтылады. Осыны, әсіресе, бүгінгідей әлеуметтік желілерде тасқындап тұрған ақпарат нөпіріне де қатысты қолдануға болатын шығар. Себебі, қоғамға да, жеке басыңа да пайдасынан зияны көп бос сөзге әуестеніп кеткендейміз...

Мұндайда бір сәт өз жан-жүрегіңе үңілуден, ойланудан, толғанудан қала бастайды екенсің. Бас-басымызға түрлі-түрлі топ ашып, не танымдық жағынан, не эстетикалық әсері тұрғысынан көк тиындық құны жоқ бірдеңелерді топырлатып саламыз да жатамыз....

Абай атамыз: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін» деп еді. Осындайда батыр Бауыржанның бір ренжігендегі: «Қазақ былшылдамаса жүре алмайды» деген сөзі де еске түседі.

Ал бұл «былшыл» адамды жаңғалақтыққа, ұмытшақтыққа түсіріп, құлазуға дейін апарумен бірге қоғамның өзін нақты өмір шындығынан біртіндеп алыстатып, адастыра бастайтындай. 

Иә, кәдімгіше қатер төндіреді... 

Әлбетте, бұл өте күрделі тақырып. Әйтеуір, бұл бағытта да алды-арқа қарап, ес жиятын кез жеткен секілді.

Асық ойнаған азбайды

Қазіргі балалардың бәрі... Тіпті, мектеп жасындағы жеткіншектерді былай қойып, балбөбек бүлдіршіндерімізге дейін күні-түні телефонға телміретін кеселге тап болғаны рас. Ал осы «індетті» қалай тыямыз?..

Таяуда он үш жасар немеремнің асық атудан алған дипломын көріп қатты қуандым. Сонау жарты ғасыр бұрынғы өз балалық шағым еске түсті. 

Біздің мұғалімдеріміздің асық ойнайтын баламен жаны қас еді-ау! Үстімізден түссе шәт-шәлекейімізді шығарып, асығымызды тартып алатын. Тіпті, санасыз, тәртіпсіз оқушы ретінде жиналысқа салатын да кездер кездескен. Ал қазір сәулетті сарайларда асық атудан жарыстар өткізіледі. Озық шықсаң, марапаттап, сый-сияпат береді. Қызық емес пе...

Негізі, бұл қастерлі ұлттық құндылықтарға, ежелгі салт-дәстүрге, түп-тамырға қайта оралудың нақты көрінісі, жақсылықтың белгісі деп санаймыз. Одан соң бір мезгіл сонау телефон «кеселінен» айығудың да таптырмас жолы секілденеді. 

Арабтың барлық сөзінен бас тартамыз ба?..

Кейінде ана тілімізге арабшадан енген сөздерге тіксіне қарап: «Ондайды екіншіде айтпаңдар. Бұл – нағыз арабқұлдық!» деп бір-бірімізге ескерту жасап жүрміз. 

Қарап отырсақ, күнделікті «Ассалаумағалейкум – уағалейкумассаламнан» бастап ғашық, зауал зұлым, лаж... кітап, кәззап, қайыр, қалам... мәжнүн, мақұрым мұғалім, мүлік, мәрмар, мүсәпір, сандық, тәжірибе, тәуба, тәрбие, тарих, ынсап, ықылас, шам, шайтан, шипа, шүкір... деп кете беретін көптеген ұғым араб тілінен енген емес пе? Қазақтың қаншама баласының аты да арабша...

Бұл орайда, әйтеуір, әдетімізше асыра сілтеп жібермейік деген ойды ортаға салғымыз келді.  

Өмірдің өзі-ақ реттейді

Өмір жан-жүрегі таза, сана-сезімі айқын адамға, бір қарағанда, шешуі ешбір табылмайтындай көрінетін шым-шытырық жағдайлардың өзін қысқа ғана уақыт аралығында реттеп, орын-орнына қойып, нақтылап береді екен. 

Кітап пен косметика

Курстас құрбыммен жолығып қалдым. Көптен кездеспегенбіз. Екеуміз де асығыстау болсақ та, біраз аялдап, недәуір тілдестік. 

Жанары жарқылдап, жүзі нұрланып тұр.

Сөз арасында: 

– Өзің құлпырып алыпсың ғой, тіпті! Бірдеңе жаққан-ау! – деймін әзіл-шынын араластырып. Бір жағынан, кезекті комплиментімнің түрі. 

– Ә, қайбір жетісіп жүр дейсің! – деп күледі. – Қарбалас тірлік біте ме. Ұлым жақында бір қызметке тұрып еді. Соның бір тығыз шаруаларына жәрдемдесейін деп Ұлттық кітапханадан шығып келе жатқан бетім. Екі-үш күн болды осы жерді төңіректегелі... 

– Е-е, жөн.

– Расында да, қызық болды; кеше күні бойы түрлі кітаптарды ақтарыстырып, материал жинап, үйге келген соң айнаға қарасам, сенесің бе, расында да, бет-терім жазылып, өңім ағарып, біртүрлі жасара түскенімді аңғарғандай болдым. Соған қарағанда, жан әлемінің тазаруы сырт келбетіңе де кәдімгіше әсер ете ме деймін... 

Нағыз сұлулық, негізінен, ішкі үйлесіммен байланысты екені белгілі ғой. Ендеше, қымбатты қыз-келіншектеріміз бір сәт сән салондарына үзіліс жариялап, кітапханаға соғып тұрса теріс емес-ау деген ой келеді. 

Құлан САҒАТҰЛЫ,

Қазақ үні