БҰЛ ҮКІМЕТ – ҚАЙ ҮКІМЕТ?

БҰЛ ҮКІМЕТ – ҚАЙ ҮКІМЕТ?

Президенттік-парламенттік басқару жүйесін қалыптастырған бүгінгі күні қоғамды демократияландыруға қарай бір қадам жасадық десек болады. Ал елімізді дамытуға арналған негізгі қызмет – атқарушы билік болып саналатын Үкіметтің жауапкершілігінде. Мемлекеттің иесі халықтың тілек-талабын, Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындайтын ресми орган – біздегі ҚР Министрлер кабинеті. Үкіметті басқаратын премьер-министр 12 рет ауысқаны өз алдына, атқарушы биліктің қызметіне отыз жылдан аса талай сын айтылды, әлі де айтылып келеді. Сол сыннан қорытынды шығарылып үкіметтің жұмысы түзеліп кетті ме? Жоқ, олай деп айта алмаймыз...

       Қазір мінберге шыққан түрлі деңгейдегі шенеуініктердің бісмілләсі – « Мемлекет басшысының айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша» деп басталады. Бұл бір жаттанды, таптауырын әдетке айналды. Осыған қарап Президент айтпаса біздегі лауазымдылар ештеңе істемейтін шығар деген ойға қаласыз. Сол айтқандарына қарай Президент тапсырмасын тиянақты түрде орындаса ғой. Ол да жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаржысы толықтай игерілмей, тіпті талан-таражға түсіп жатады. Президенттің жемқорлықпен күресіңдер, заңсыз берілген жерлерді, ұрланып сыртқа шығарған қаржыны қайтарыңдар, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін аянбай жұмыс істеңдер деген нақты тапсырмалары орындалды ма? Жоқ. Соған қарағанда Президенттің тапсырмасы атқарушы биліктегілердің бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кететінге қатты ұқсайды. Олай болса Үкімет жүмысы туралы айтпас бұрын, біз де Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауындағы мына бір жолдарды лауазымдылардың есіне салайық: – «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады». 

        Бұл аз болса, біздің Атазаңымыз бойынша үкіметтің атқаратын басты міндеттерінің кейбірін ғана айта кетелік. Өйткені жоғары лауазымдылардың іс-қимылына қарасақ, олар өз міндеттерінің неден тұратынын ұмытып қалатын секілді. Атазаңымыздың Үкіметке қатысты 5 бөлімі, 64- бабында былай деп жазылған:

      1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды. 2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты. 3. Конституцияның 57-бабының 6-тармақшасында көзделген ретте Үкімет мүшелері Парламент палаталарына есеп береді.

66-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді; 2) Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді; 3) Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді; 4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады.

         Баршамыз білетін, талабын мүлтіксіз орындауға міндетті Атазаңымыздан билікке қатысты бұл үзінділерді босқа келтіріп отырған жоқпыз. Үкімет ең бастысы атқарушы орган екенін, елдің иесі халық екенін биліктегілердің естеріне тағы бір салып қоялық дегеніміз. Атқарушы билік алдымен халыққа мінсіз қызмет етуге міндетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да сол үшін арнайы жасалған. Ал біздің Үкімет халыққа адал қызмет отыр ма? Бұл тұста көптеген сұрақтар туындары сөзсіз.

     Халық үніне құлақ аса қоймаса да Үкімет Заңымыз бойынша Президент пен Парламент алдында есеп беруге тиісті. Президент тапсырмаларын орындап, Парламент көрсеткен кемшіліктерді түзетуге де міндетті. Өзге партияларды атамай-ақ, мысал ретінде өткен шақырылымдарда да, қазір де жоғары белсенділік көрсетіп жүрген Мәжілістегі «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттық фракциясын алайықшы. Партия төрағасы Азат Перуашев жақында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Ә.А. Смайыловқа сауал жолдап, бұған дейінгі мұнай-газ саласындағы шетелдік инвесторлармен жасырын жасалған келісімшарттарды халыққа жария етуді талап етті. Бұл осы мәселеге қатысты бірінші сауал емес. «Былтырғы 5 маусымда өткен референдумда Конституцияға «Жер жəне оның қойнауы ... басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма енгізілген болатын.

Уақыт созбай 15 маусымда осы норманы жүзеге асыру мақсатымен, «Ақ жол» фракциясы үкіметке Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану, оның ішінде шетелдік инвесторлармен жасалған ең ірі мұнай және газ кен орындары – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы (СРП) келісімшарт талаптарын ашық түрде жария ету туралы сауал жолдадық. Бірақ, 2022 жылғы 15 тамыздағы жауабында Үкімет, инвесторлардың келіспейтіндігін алға тартып, осы талабымызға қарсы болды. Сонда, біздің шенеуніктер, қазба байлықты шетелдік компаниялардың қалай пайдаланып отырғаны туралы ақпаратты сол қазынаның иесі болған халықтан жасырмақ па?» делінген үкіметке қайта жолданған сауалда.

      «Инвесторлар келіспейді» дегеннің астарында не жатыр? «Осы арада Orda.kz сайтында Wood Mackenzie халықаралық консалтингтік компаниясына сілтеме жасай отырып, ең ірі мұнай-газ кен орны Қашағанды игеруден Қазақстанға 2-ақ пайыз түсетін пайда туралы ақпарат жариялады. Ал, қалған 98 процент табысты шетелдіктер өздеріне қалдырып отыр. Бұл ақпарат шын болса, олардың неліктен оны ашуға қарсы екені түсінікті болған сияқты. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алғаннан бері, ешбір шетелдік инвестор 30 жыл ішінде бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салған жоқ, тек байлығымызды сыртқа шығарып, сатып жатқаны кездейсоқ емес. Нәтижесінде, Қазақстан өз мұнай-газынан тиісті табыс таппай, оның үстіне жыл сайын жағармай тапшылығы орын алып, монополистер оны баға көтеру үшін пайдаланып жатыр. Ал, шенеуніктер бұл мәселеге жылдар бойы немқұрайлы қарап отыр» -деп жазды өз сауалында ақжолдықтар.   

     Ақжолдықтар сұрақты төтесінен қойған. Расында өзіміздің байлықты игеріп отырған инвесторларға біз неге жалтақтауымыз керек? Сонда олар қазба байлықтармен қоса біздің жерімізді де иемденіп, сатып алған ба? Қазақстан аумағында жұмыс істеген соң олар біздің елдің заңына бағынуы керек, талаптарын орындауға міндетті. Әрі-беріден соң халықаралық заң талабы да осындай. Соны біздің билік білмегені ме? Бұл «жаман үйді қонағы билейді» дегеннің кері емес пе? Жаман үй деп бүкіл елімізді айтпай-ақ қоялық, биліктің шарасыздығы екені анық.

         Осы тұста биліктің жауабына қатысты халық тарапынан тағы да бірнеше сұрақ туындайды: «Инвесторлар келіспейді» деген үкімет сонда кімнің мүддесін қорғап отыр? Мемлекет мүддесіне орай, Президент тапсырмасына байланысты осы бағытта қарамағындағы құқық қорғау орындары арқылы неге тексеріс жүргізбейді. Шетелдік және өзіміздің олигархтар иеленген компанияларда билік басындағылардың қанша жеке үлесі бар? Үлесі болмаса оларды неге бүйтіп еркінсітіп қойды?

        «Ақ жол» партиясы Үкіметтен өнімді бөлу туралы келісімдердің шарттарын халыққа ашық және оларды «e.gov» үкімет порталында жариялауды, сол келісімдерде ұлттық мүддемізді қорғап, еліміз үшін тиімсіз және халықтан жасырын нормаларды болдырмауды, барлық ірі мұнай-газ жобаларында Қазақстан үлесін арттыруды талап етті.

         Өте орынды талап. Бірақ оның орындалуына деген күдік көп. Өйткені бұған дейінгі «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалдарына атүсті қараған үкімет жалпылама жауаппен құтылып келген-ді. Атап айтсақ, кәсіпкерлерді салықпен тұншықтырмау, банк үстемелерін төмендету, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, темір жол тұйықтарын кәсіпорындардың өзіне қайтару сияқты көптеген сауалдарға салғырт қарағанын білеміз. Бір сауалды он шақты рет қайталауға тура келген кездер де болды. Қарапайым халықты айтпағанда, Парламенттің ұсынысына, ескертулеріне қырын қарайтын сонда бұл неғылған Үкімет?

       Шынын айтсақ, қазір біздің адамдарымыз атқарушы биліктің алдына барғысы да, шіреніп отырған шенеуніктердің түрін де көргісі келмейді. Өйткені мұң-мұқтажын, талап-тілектерін айтып талай рет барып биліктің табалдырығын тоздырғанмен мәселелері түпкілікті шешілмейді. Табалдырығын аттағанмен есік көзінде отырған күзетшілері келгендерді кеудесінен кері итереді. Жоғары билікке жазып шағымданса, олар да жарытпайды. Жіберген арыздарына жалпылама жауап беріп, оны шешудің орнына қайтадан жергілікті органдарға қарауға жібереді. «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деп қазақ атамыз осындайда айтқан болар. Ал шын мәнініде арызданушылар жергілікті орындардан күдер үзген соң жоғарғы билікке жүгініп отырған жоқ па? Осылай екі ортада сабылған қарапайым халық ақырында үкіметтен үмітін үзіп, қолын бір-ақ сілтейді. Бұл түптеп келгенде биліктің халық алдындағы беделін бес тиын етеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

      Қазіргі түрлі деңгейдегі атқарушы мемлекеттік орындар ескі әдістен әлі де арыла алмай жатыр. Тіпті Конституциямызға енгізілген заңдарды да ескермейді. Айталық, Заңымызға енгізілген ережелер бойынша бейбіт шеруге шығуға тиым салынбаған. Ал біз не көріп отырмыз? Жақында ғана өздерінің еңбек етуге деген құқығын қорғау үшін мыңдаған шақырымнан, сонау Жаңаөзеннен жүзге тарта мұнайшылар елордаға арнайы келді. Өз талаптарын айтып, Энергетика министрлігінің алдына жиналды. Әділдік іздегендер билік тарапынан ешкім шықпаған соң солтүстіктің ерте көктемдегі ызғарына қарамастан ғимараттың алдында түнеуге мәжбүр болды. Осы салаға жауап беретін министр Алмасадам Сәтқалиев тым болмаса кеңсесінен шығып, жұмысшылардың алдына барып олардың талабын тыңдауға жарамады. Ол аздай журналистерге берген сұхбатында жаңаөзендіктер елдің назарын аудару үшін жиналды, тіпті далада қонатындарын біліп төсектерін де ала келіпті дегенді де айтып салды. Бұл сонда неғылған министр? Жұмысшылар мыңдаған шақырымнан ерігіп келген жоқ қой. Істеп жатқан жұмыстарынан айырылғандар үкіметтен еңбек дауын шешеді деп үміттеніп келді. Жаңаөзендіктерді ерте көктемдегі солтүстіктің ызғары емес, үкіметтің суық қабағы жауратты. Осыған қарап «еститін үкіметтің» құлағы әлі бітеулі екенін, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы оларды мүлдем алаңдатпайтынын байқаймыз. Ереуілшілер ешкімнің басын жарып, көзін шығармаса да, ертеңінде құқық қорғаушылар әй-шайға қаратпай қолдарын бұрап жұмысшыларды автозакка салып алып кетті. Олардың басым бөлігін аулына қайтарып, санаулы өкілдерімен сөйлескенмен жұмысшылардың негізгі талабы бәрібір орындалған жоқ. Астанадан қайыр болмаған соң өздерінің бейбіт шеруін Жаңаөзенде жалғастырды. Егер билік жұмысшыларды Астанаға дейін сандалтпай, Жаңаөзенге өздері барып, орын алған оқиғаны тексеріп, жұмысшылар мәселесін шешіп берсе жағдай мүлдем басқаша болар еді.

      Осындайда құқық қорғау орындарының қимылына қарап, Ішкі істер министрлігі Үкімет құрамына кірмейтін сияқты болып көрінеді. Олар өз алдына бір жеке мемлекетке ұқсайды. Бейбіт шеру өткізуге адамдарымыз құқылы екені туралы жазылған заңның оларға қатысы жоқ, шерушілерді бас салып қамай бастайды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ереуілшілерге қатысты «ескертуді елемесе шоқпарды қолданамыз» деп мәлімдеуі қай сасқаны? Сасқаны емес, заңымызды сыйламағаны, халықты басынғандығы шығар. Бастығы халыққа шоқпарын сайлап, жұдырығын түйіп қоқанлоққы көрсетсе оның қол астындағылардан не күтуге болады?.

    Атазаңымызда «Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді» делінген. (65-бап, 3-тармақ). Оның ең басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету. Ант деген сөздің киелі ұғым екенін биліктегілер ұмытпағаны жөн. Қазақта «Ант ұрсын!» деген ауыр қарғыс бар. Осыны да естеріңде ұстаңдар, атқарушы биліктің басындағы мәртебелі мырзалар!..

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні