ҚАЗАҚ ЕЛІ ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ?

ҚАЗАҚ ЕЛІ ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ?

Ашығын айтсақ, біздің елімізде жемқорлықтың жегі құрты дендемеген саланы күндіз майшаммен іздесеңіз де таба алмайсыз. Ол үшін босқа арамтер болып әуреге түсудің қажеті жоқ. Тәуелсіз және ресми ақпарат көздерінде жарияланатын хабарлардан-ақ соны анық аңғаруға болады. Ал шындап тексерсе жемқорлыққа қатысты қылмыстарды түгелдей тізіп шығудың өзі мүмкін болмай қалады. Қатардағы денсаулық сақтау мекемелері мен мектептерден бастап, сонау жоғарыдағы мемлекеттік қызметтерге дейінгі аралықты түгелдей жаулап алған. Жемқорлықпен қиян-кескі күрес жүргізіп жатырмыз деп ұрандатқанмен мемлекет қаржысын, яғни халықтың несібесін жымқыру әлі де жалғасуда.

          Барлық саланың бүге-шүгесін ақтармай-ақ, тек қана құрылысты алайықшы. Әлем бойынша құрылыс ең маңызды салалардың бірі саналатыны баршаға аян. Өйткені халықты баспанамен қамтамасыз ететін де сол құрылыс компаниялары. Жанын салып тапқан жалақысының жартысын пәтерақыға төлеп, күнін әзер көріп жүрген мыңдаған жас отбасыларымыз осы салаға үлкен үміт артатыны да түсінікті. Ұят та болса айтайық, өз елінде баспанасыз босып жүргендердің түгелге жуығы өзіміздің қазақтар. Қазіргі ресми дерек бойынша Қазақстанда 2,5 млн. адам баспанасыз екен. Ал адам санының өсіміне байланысты үйге мұқтаждар саны жылдан жылға бірнеше есеге артуы әбден мүмкін. Бәлен жыл кезекте тұрып баспанаға әзер қол жеткізгендердің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Ипотекалық қарыздарын бала-шағасының аузынан жырып ондаған жылдар бойы төлейтін болады.

   ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ресми мәліметінше

 он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жас адамдарды айтпағанда, 91 мың әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасы, 51 мың бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, 24 мың мүгедектігі бар балалы отбасылар, 61 мың жетім балалар баспана кезегінде тұрған көрінеді. Әрине, бұл өте алаңдатарлық жағдай.

       Баспананың жетіспеушілігі оған деген сұранысты өршітіп жіберді. Жалға берілетін пәтерлердің де бағасы шарықтап кетті. Осы баспанаға деген жоғары сұранысты пайдаланған, халық алдындағы, отан алдындағы жауапкершілікті мүлдем жоғалтқан құрылыс саласы былыққа белшесінен батты деуге болады. Жалпы алғанда барлық сала осы құрылысқа байланысты. Баспана ғана емес, кәсіорындар, жол, су, кәріз жүйесі және өзге де құрылыстардың бәрі маңызды. Соның бәрі айналып келгенде осы құрылыс саласына тікелей тәуелді. Ал, енді сол құрылыстың біздегі жағдайы қандай?..

     Елімізде құрылыс аз салынып жатқан жоқ. Оны мойындауымыз керек. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Ондай үйлерде тұрудың өзі қауіпті. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең Түркиядағыдай қатты жер сілкінісі бола қалса, қазіргі тұрғызылған үйлердің түгі қалмайды. Бұл туралы сарапшылар да, маманар да айтып жатыр. 

     Құрылыстың сапасыз жүргізілуі отыз жылдан бері тұрақты айтылып келеді. Бірақ нәтиже жоқ, баяғы жартас, сол жартас. Қарағанды қаласындағы Бесобадағы үйлердің құлауы, Алматы қаласы Зерделі ықшам ауданында үйлердің өздігінен қисайып, тұрғындардың үрейін ұшыруы жұрттың есінде. Қауіпті үй тұрғындарының айтуынша, Зерделі ықшам ауданында 30 үйдің сапасы сыр берген. Қабырғадағы сызаттар ұлғайып, есік пен терезе жабылмай қалған. Қала басшылығы үйлерді пайдалануға қабылдағанда қайда қарағандары белгісіз. Енді сол көпқабатты үйлердің іргетасын бекітумен әлек. Оған қаншама қосымша шығын шығады. Мұндай мысалдарды еліміздің кез келген аймағынан көптеп келтіруге болады.

      Түркиядағы апаттан соң біздің елде құрылыс саласын тексеруге сәл де боса назар аударылған секілді. Қарағандыда сот шешімімен көп қабатты жеті үйдің құрылысы тоқтатылды. Себебі, баспаналар алдымен қажетті құжаттарсыз, заңсыз салынған. Ереже бойынша олар құрылысты бастамас бұрын нысан жобасын техникалық сараптамадан өткізуі керек. Сондықтан олардың әрі қарайғы жұмысына шектеу қою үшін сотқа жүгінуге тура келген. Сот әзірге 7 нысанның жұмысын тоқтатқанмен, 9 қабатты екі үй салынып қойған. Сол сияқты Ақтауда мердігердің үй салуға құжаты болмай шықса, Ақтөбедегі кәсіпкер үлескерлерге берген уәдесін орындай алмай шатылып жатыр. Онымен қоса мәселені реттеуге шақырылған инвесторға жер телімін рәсімдемей әуреге салған. Тағы да сол Қарағандыда үлескерлер жаңа баспанаға төлеген ақшасын ала алмай жүр. Құрылысы 2018 жылдан бері әлі күнге аяқталмаған «Британский квартал» тұрғын үй кешенінен бас тартқан үлескерлер енді салған қаржысын қайтара алмай сандалып қалған. 

         Оған қоса біздің құрылыстарда қауіпсіздік шаралары ескерілмейді. Құрылыс алаңдарында қаншама адам қаза болды. Мысалы жақында Көкшетауда құрылыс краны құлап, 28 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Алып құрылыс техникасы сол жердегі тұрғын үйге құлаған, бір жақсысы, апат кезінде бұл маңда ешкім болмаған. Құрылыс маңындағы былықтар туралы шексіз жалғастыруға беруге болды. Бұл жерде неге осының бәрі жаппай орын алып отыр деген сұрақ туындайды. Енді соған тоқталып көрелік.

      «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, қандай құрылыс болсын тендер дегеннен басталады. Жабайы капитализмнің жемқорлары ойлап тауып, тәжірибеге енгізген бұл «тендер» деген тажал белгілі бір мақсатқа бюджеттен бөлінген қаржыны бөліске салып, қалтаға басудың тамаша әдісі десек артық емес.    

       Соңғы жылдары экономикалық және қоғамдық саланы жаппай жайлап алған жемқорлық қылмыс туралы тұрақты айтылып келеді. Басқасын қойғанда мемлекет басшысы да халыққа жолдауларында үнемі еске салып тұрады. Президент айтқан соң амал жоқ қимыл көрсету керек. Төменнен «Жемқорлықты жойып жатырмыз!» деп жоғарыға жалған есеп береді. Сол жемқорлықты мемлекеттік ауқымда туғызатын, барлық салалар бойынша бюджеттен бөлінген мақсатты қаржыларды жұмсауға рұқсат беретін тендерлер шенеуніктердің майшелпегіне айналған. Тендерде жеңіске жету үшін алдын ала шенеуніктердің, тендерлік комиссия мүшелерінің аузын «майлайды». Бұл қылмыстық параны олар «откат» деп атайды. Ал, тендер өткізудегі басты мақсат – болашақ нысанды салатын мердігер ұйымның жұмысты атқара алатын әлеуетін анықтау. Демек, мердігер құрылыс компаниясының нысанды сапалы әрі дер кезінде салуға экономикалық, техникалық мүмкіндігі мол, материалдық және қаржылай қуаты жеткілікті болуы шарт. Ал біздегі өткізілетін тендерлерде жұмыс жүргізетін мүмкіндігі шамалы, тіпті қағаз жүзінде ғана бар жалған компаниялар жобалық-сметалық құны миллиондаған, миллиардтаған теңге тұратын құрылыс нысандарының тендерін жеңіп ала береді. Өйткені, олардың билікте отырған қамқоршылары бар. Қамқоршылар құр алақан қалмайды, «қызметі» үшін олар құрылыс нысанына бөлінген қаржының 15-20 пайызын қақшып алады. Қағаз жүзіндегі фирма да өз үлесін алып, құрылыс жүргізетін қосымша мердігерді жалдайды. Қосымша мердігер қалған қаржыға құрылыс салады. Сарапшылардың есебі бойынша құрылысқа бөлінген қаржының жартысына жуығы құрылыс салуға рұқсат беретін, жер бөлетін және басқа құзырлы органдарға пара ретінде жұмсалады екен. Қалған қаржы құрылыс нысанын салуға жетімсіз болғандықтан мердігер ұйымдар барынша үнемдеп, арзан құрылыс материалдарын пайдаланады, жұмысшылардың жалақысын қысқартады. Нәтижесінде, тәжірибе көрсетіп отырғандай үйлер құлап, өкінішті зардаптарға соқтырады.

       Құрылыс ережесі бойынша жұмыстың сапалы болуы үшін оны мастер-прорабтар тұрақты түрде бақылауға тиісті. Оған қоса құрылыс нысанын жоспарлаған ұйым жұмыстың жоба талаптарына сәйкес жүргізілуіне авторлық бақылау жасап, Архитектура және қала құрылысы департаменті де белгіленген нормалар бойынша техникалық қадағалау жасауға міндетті. Сол сияқты тапсырыс беруші ұйым мердігер ұйыммен технологиялық келісімшарт жасасып, соған сәйкес құрылыс сапасына бақылап, құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін жұмыс комиссиясын құрып, пайдалануға берілетін тұрғын үй кешенін қабылдап алады. Содан кейін барып осы комиссия жасаған қорытынды құжаттарға сәйкес арнайы құрылған мемлекеттік комиссия тұрғын үй құрылысын қабылдайды. Қарап отырсақ құрылыс қадағалау мен бақылаудан кенде емес сияқты.                     

        Бірақ жоспарланып бөлінген қаржының жартысына салынған құрылыста қандай сапа болуы мүмкін. Ондай нысан қалай пайдалануға берілмек? Бұл жерде үйді қабылдату үшін тағы да пара беруге тура келеді. Тапсырыс беруші ұйым (құрылыс бөлімі), Архитектура және қала құрылысы департаменті сияқты мекемелер қала әкімі құзырында. Демек қала әкімдігі де бұл істен хабардар деген сөз. Олар да өз үлестерін алмаса мұндай заң бұзушылыққа жол бермес еді. Яғни, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық төменнен жоғарыға дейін орын алған. Бұл туралы министрлер, әкімдер, құқық қорғау өкілдері де біледі. Білсе де білмеген болып көзін жұмады.

     Өзіне қарасты мекемелердің жұмысын қадағалап, адал қызмет етсе қолында билігі бар қала әкімі осы былықтың бәрін тоқтатар еді. Бірақ біздің елде ондай әкімдер жоқтың қасы. Өйткені оларды жоғарыдан тағайындайды. Халықтың мұңы мен зары олар үшін түк те емес, әкімдер өздерін жарты құдайдай сезінеді. Осыған орай халық та әкімдерге деген сенімін біржолата жоғалтқан.

          Көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу, өмір бойы ұстаздық еткен Қалқаман деген қарияның бір жиында «Осы әкімдер саясаткер ме?» деп сұрақ қойғаны бар жағалай отырғандарға әңгіме арасында. «Солай болар. Өздері солай айтып жүр ғой» деген қасында отырған адамға одырая қараған қария: - «Саясаттан садақа кетсін! Қайдағы саясат! Олар бір маңызды саяси мәселені шешіп жатыр ма? Өздеріне сеніп тапсырған аудан, қала, аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шеше алмай жатып саясат олардың не теңі? Қала мен ауданның шаруашылығын игере алмаған адамнан қандай саясаткер шықпақшы, қалай жол сілтемекші, қандай жаңалық ашып халықтың тұрмысын жақсартпақшы?! Дәп осыларға қарағанда бұрынғы колхоздың бригадирлері өз ісіне мығым болатын. Қазіргідей машина мініп, қолына қалта телофон ұстамаса да, атқа мініп жүріп-ақ өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқаратын. Бөксесін креслодан көтере алмайтын, халықтың жағдайын ойламайтын басшыны саясаткер деу сандалғандық!» деп барып қария әзер тоқтаған-ды. Қария қатты кеткенмен, ашығын, әділдігін айтты. Әрбір әкім өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз, адал атқарса бүгінгі қоғам мүлдем басқаша болар ма еді.

     Бәрі де қу құлқынның кесірі. Министр болсын, әкім болсын жоғары лауазымға бізде тек жеу, ұрлау үшін баратын секілді. Бұл біздегі отыз жылда қалыптасқан жемқорлық жүйенің жемісі. Жемқорлар қазір де өзін еркін сезінеді. Қиындық бола қалса ақшасын арқалап шетелге қашып кететін үрдіс пайда болды. Бұрынғы Сенат төрайымы Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, кезіндегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, банкир Мұхтар Әблязов, әкім-министрлер Виктор Храпунов, ағайынды Рысқалиевтар, генералдар Әлнұр Мұсаев, Серік Күдебаев тағы басқалар ізін суытқалы қашан. Бұл қазір бір сәнге айналды деуге болады. Бұған бәріміздің үйреніп алғанымыз соншалық, ондай оқиғаға мән бермейтін болдық. Бізде қарап отырсақ шетелге қашпаған президенттер ғана қалған екен. Ертең Нұрсұлтан Назарбаев та кітапханасын құлыптап, жеке ұшағына мініп алып, қазағымен қош айтыспай кетіп қалса ешкім таңғалмасы анық. Сонда біздің құқық қорғаушылар қылмыскерлерді ұстамай қайда қарап отыр? Әлде олардың митингіге шыққан өз адамдарын қамаудан қолы босамай жатыр ма? Шенділер халқын тонаған жемқорлар мен ұрыларға қарағанда қоғамдағы, биліктегі кемшіліктерді ашық айтып, алаңға шыққандар қауіптірек деп есептейтінге ұқсайды.  

     Біздің еліміз қашқын қылмыскерлерді қайтаруға арналған түрлі халықаралық құжаттарға қол қойғаны белгілі. Олай болса алдында аталған қашқындарды неге сирағынан сүйреп әкеліп жауапқа тартпайды? Солардың ешқайсысы таза емес, бәрі де өз халқын тонағандар. Қолы мен ары таза, есі дұрыс адам өз елінен шетелге қашпаса керек. Сондықтан жемқорлыққа қатысты заңдарды 4-5 есе қатайтып, рақымшылыққа жатпайтындай ету керек. Миллиардтап ұрлаған Қайрат Сатыбалдыға небары 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сияқты шаралар жемқорлық мәселесін шешпейді. Бұл бағытта ұран емес, нақты іс керек. Айта берсек жемқорлықтың жыры ешқашан таусылмайтын шығар. Қазақты кедей етіп, қоғамды кері кетірген бұл «дерттен» қашан айығады екенбіз?..    

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні