Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен және Рамазан айының басталуымен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен және Рамазан айының басталуымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен және Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жастарымызға қамқор болып, оларға барынша жағдай жасаймыз. Мен жастарға сенемін! Оларға зор үміт артамын! Ел болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Ендеше, туған елімізді бірге дамытайық, ағайын! «Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз», - деді Президент елордадағы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда өтіп жатқан Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара барысында.

Мемлекет басшысы қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жететіндігін баса айтты.

«Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.