САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?

Қазір Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі аймақтық, қалалық мәслихаттарға депутаттар сайлау науқанының нағыз қызған шағы. Осыған орай үміткер партиялар мен жеке тұлғалар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын барынша жанталаса жүргізуде. Еліміздегі жарияланған саяси реформалардан соң бұл жолғы бәсекеге түскен депутаттыққа үміткерлердің ғана емес, сайлауға қатысушылардың саны да бұрынғыға қарағанда анағұрлым артатынға ұқсайды. Жаңа Қазақстан құрамыз делінген соң бұқараның белсендігі көтерілгені байқалады. Дегенмен жұрттың көкейінде жақсылыққа, жарқын өмірге деген үлкен үмітпен қатар, өткен отыз жылдағыдай сайлау тағы да бұрмаланып, дауысымыз ұрлана ма деген қауіп пен күдік те жоқ емес...

    Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда, саяси-экономикалық жағынан дамыған демократиялық қоғамда кімнің өмір сүргісі келмейді дейсіз. Бұл Алаштың ежелден келе жатқан басты арманы ғой. Бүкіл халықтың бүгінгі тілек-талабы да сол. Тіпті жоғары мінберге шығып алып, «Біз әділетті, ашық мемлекет құрамыз!» деп ұрандататын биліктегілердің айтар сөзі де осы болып отыр емес пе?.. Оны біз Тәуелсіздік алған отыз екі жылдан бері естіп келеміз. Бірақ сол бір жұмақ, біздер үшін әлі де жұмбақ өмірге жете алмай қойдық. Бар билікті бір қолда ұстаған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитарлық басқаруымен халық байлығын аяусыз тонаған жемқорлық жүйесі Алаштың сол арманын адыра қалдырып, сағымға айналдырды. Ал бүгінгідей саяси реформаларды іске асыруға, әділ, ашық қоғам құруға бет бұрғанда, қалың бұқара үшін маңызы зор, үлкен үміт артқан сайлау өткізгелі жатқанда сол күйедей жабысқан күдіктен, ертеңге деген сенімсіздіктен әлі де арыла алмай жүрміз. Оның түп-тамыры әділ сайлаудан күдер үздірген өткен жылдарда жатыр. 

    1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұрынғы Жоғарғы Кеңестің орнына заң шығару қызметiн жүзеге асыратын – Сенат пен Мәжіліс жоғары өкiлдi орган ретінде айқындалды.

     І сайланымдағы Мәжіліс (1996-1999 ж.ж.) 1995 жылы 9 желтоқсанда өтіп, сол кездері Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле 67 депутаттан тұрды. Депутаттар қатарында жергілікті атқарушы органдардың және мәслихаттың басшылары мен қызметкерлері басым болды. 1998 жылға қарай елде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформаларға, Конституцияға қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес палаталардың өкілеттіктері мен тәртібі өзгеріп, Парламенттегі депутаттық мандаттардың саны да ұлғайтылды. Енді Мәжіліс 77 депутаттан тұратын болды. 67 депутат бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша, 10 депутат партиялық тізімдер негізінде сайланды. 

    Екінші сайланымда (199-2004ж.ж.) 1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес партиялық тізім бойынша Парламентке сайлану мүмкіндігі берілді. Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтар бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті пайыздық белесті еңсерген төрт партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері болды. Үшінші сайланымда (2004-2007) көп өзгерістер болмады, мұнда да 67 депутат бір мандатты, 10 депутат партиялық тізіммен өтті.

        Мәжіліс тарихындағы негізгі түбегейлі өзгеріс төртінші сайланымда (2007-2011ж.ж.) орын алды. Сол кездегі халықтың наразылығына қарамастан өз билігін одан әрі нығайтуды көздеген Н. Назарбаевтың ықпалымен қайта-қайта өзгертілген Конституцияға қоса Мәжіліс 107 депутаттан құралатын болды. 98 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша, қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамыздағы сайлауда 7 пайыздық межені тек «НұрОтан» партиясы ғана еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Бұл Н. Назарбаев басқарған партияға жеке-дара мүмкіндіктер беріп, президенттің авторитарлық билігін күшейтті. Мәжілістің бұл сайланымы да әдеттегідей мерзімінен бұрын таратылды.

    Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі ғана сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинай алды. Сайлауда неше түрлі құйтырқы әдістерді қолданатын биліктің әкімшілік ресурстарын оңтайлы пайдаланған «НұрОтан» партиясы тағы да (80,99%) дауысқа ие болды. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті. Парламент Мәжілісінде «НұрОтан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-нан – 7 депутат жұмыс істеді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан – 9 депутат Мәжілістен орын алды. 

       Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы (2016-2021ж.ж.) 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Бұл жолы да биліктің «Нұр Отан» партиясы 82,20% пайыз дауыс жинағанмен оның жасанды екені халық тарапынан айтыла бастады. Өйткені халықтың мүддесін ескермейтін, биліктің айтқанынан шықпайтын партияның бұқаралық сайлауда осыншама көп дауыс жинауы үлкен күдік тудырған-ды. 

     Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Сайлауға қатысқан бес партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Аманат» партиясы (71,09%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (10,95 %) және Қазақстан Халық партиясы (9,10 %). «НұрОтан» партиясынан Парламент Мәжілісінде 76, «Ақ жол» партиясынан 12, Қазақстан Халық партиясынан 10 депутат мандат алды. 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Жетінші сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 32 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус алғаш рет 70 %- ға жаңарды.

   Міне біздің Мәжілістің қысқаша тарихы осындай. Оны неге оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз? Мәжіліс тарихына үңіле отырып елдегі саяси жағдайдың кезінде қалай өзгергенін, қай жаққа бет бұрғанын байқауға болады. Оның бәрін халық көрді. Байлыққа құныққан, билікке құмартқан сол кездегі мемлекет басшысының шектен шықанын тұрғындарымыз түсіне бастады. Өз туысқандары мен жемқор сыбайластарын есепсіз байытқаны кедейшілікке ұрынған қарапайым адамдардың ашу-ызасын тудырды. Жер-жерлерде болған митингіде Н. Назарбаевтың биліктен кетуін талап етті. Ақыры Н. Назарбаев биліктен өз еркімен кетуге мәжбүр болды. 

   Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Енді оны бұрынғыдай алдай беруге болмайды. Президентті айтпаған күннің өзінде әкімдер мен министрлердің кеңсесіне кіре алмаса да митингілерге шығып, әлеуметтік желі арқылы өз ойларын ашық айтып жатыр. Өкініштісі, билік басындағылар сол халықтың үніне әлі де құлақ аспайды. Ашық жазылған пікірлерді көрмеген, оқымаған кейіп көрсетіп, үнемі үнсіз құтылуға тырысады. Бірақ билік тарапынан мұндай «соқыр-мылқаулық» ұзаққа созылу мүмкін емес.

     Қазір халықтың мұңы мен талабын кейбір партиялар да көтеріп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың 11 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қаңтар қасіретінен сабақ алып, алдағы парламент сайлауын әділ өткізу туралы Премьер-Министр Ә.Смаиловқа «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы жолданды. Оны Мәжілістегі санаулы белсенді депутаттардың бірі, белгілі ақын Қазыбек Иса жариялады. 

       «Мемлекет әділ болуы үшін сайлау әділ болуы тиісті!» деген бұл депутаттық сауалда сайлауға қатысты көптеген маңызды мәселелер көтерілді. «Әділдік туралы айтқанда, біз ең алдымен бұдан бір жыл бұрынғы Қаңтар қасіретінен қандай сабақ алдық? Қандай қорытынды шығардық? Мұның бәрін алдымыздағы Парламент сайлауы айқын көрсетеді! Иә, сайлау әділ де, ашық өтуі тиіс! Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек мүмкін…» - деп ескертті. Оған қоса: – «Яғни, мемлекеттің тағдыры биліктің әділдігіне байланысты өз қолында тұр! Мемлекет әділ болуы үшін ең алдымен сайлау әділ болуы тиіс! Біз бұның бәрін қауіп еткеннен айтып жатырмыз. Себебі, бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. Яғни, «Сайлау маңызды емес, санау маңызды болған» талай сайлауды бастан өткіздік. Шындығын айтайық! Осы 30 жыл бойы елді әділетсіздік пен жемқорлық жаулап алса да, қаншама экономикалық дағдарыстар, девальвация, инфлиация болса да, сайлау сайын билік партиясы «НұрОтанға» 80-90 пайыз дауыс бергеніне кім сенеді? Ел сене ме? Өздері де сенбейді биліктің! Әйгілі Авраам Линкольннің «Сайлау бюллетені оқтан да күшті»-дегеніндей, бұндай бұрынғы әділетсіз сайлаулардың халық жүрегіне қадалған оқ болғаны анық! Мысалы, 2007 жылы парламентке тек «НұрОтан» ғана өткен әділетсіз сайлауды сол кездегі президенттен бастап, қатты сынағанбыз. «Елбасыға деген ел сенімі біткен сайлау» атты өткір мақала жазғанбыз «Қазақ үні» газетіне. (Назар аударыңыздар, 2022 жылғы 5 қаңтардан кейін емес… осыдан 15 жылдан астам бұрын 2007 жылдың 24 тамызында.)» - деп билік басындағыларға ашық айтты. Сонымен бірге ақжолдықтар ешқандай сайлау комиссиясында бюджеттік мекеме қызметкерлері болмауы керектігін талап етті. Өйткені мемлекеттік қызметкерлер билікке тікелей тәуелді. «Ақ жол» партиясы 2017 жылдан бастап, Орталық сайлау комиссиясының сайтына және интернетке тікелей ашық трансляция жасай отырып, әр сайлау учаскесіне бейнебақылау енгізу жайлы талай ұсыныстар жасағаны да баршамызға аян. Бірақ оны Мәжілістегі өзге партиялар, әсіресе саны жағынан басым «НұрОтан» партиясы қолдамады. Ол өз кезегінде сайлау нәтижелерін бұрмалауға, халықтың даусын ұрлауға жол ашты. Ал бұл шын мәнінде қылмыс болып табылады.

   Әділін айту керек, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаттары саны жағынан аз болғанмен «НұрОтан» қазіргі «Аманатқа» қарағанда әлдеқайда көп жұмыстар атқарып келеді. Ең бастысы олар халықтың көкейіндегіні дөп баса біледі. Ақжолдықтардың осы сайлауға қатысты депутаттық сауалы да қоғамда үлкен қолдау тапты. Әлеуметтік желіде он мыңдаған адамдар пікір қосты. «Әкімдердің жинап берген даусымен Парламентке барып алып ұйықтап отыратын депутаттар енді өтпеуі керек!» - деп жазды Руслан Баймұқашев деген азамат өз фейсбук парақшасында көпшіліктің пікірін түйіндей келе. Дұрыс айтқан! 

       Ақжолдықтардың комиссияда мемлекеттік қызметкерлердің болмауы туралы талабы өте маңызды. Біріншіден, олардың барлығына жуығы «Аманат» партиясының мүшелері. Көбісі осы партияға еріксіз кіргені белгілі. Биліктің қысымымен олар сайлау науқанында қылмысқа баруға мәжбүр. Әсіресе ұстаздар осы сайлау кесірінен бар беделін түсіріп болды. Жақында әлеуметтік желіде бір педагог осы туралы ашына айтқанын білесіздер. Екіншіден, дауыс берушілердің басым бөлігі, дәлірек айтсақ кем дегенде 80-85 пайызы партияда жоқтар. Олай болса неге партиялық тізіммен оларға Мәжілістен 70 пайыз орын берілуі керек? Санаға сыйымды қарапайым есеппен алғанда, керісінше бір мандатты округтен сайланған жекелеген депутаттарға 70 пайыз орын берілу керек емес пе! Көпшіліктің жылдар бойы айтып келе жатқан тағы бір маңызды мәселесі – Сенатқа байланысты. Сенаттың қажет еместігін, оның босқа қаржы шығындау екенін сарапшылар мен мамандар да айтып келеді. Сенатты сүзгі ретінде пайдаланып отырған бүгінгі билік одан арылғысы жоқ. Мәжілістен өздеріне ыңайсыз, тиімсіз шешім байқамай өтіп кетсе Сенат арқылы оған тосқауыл қоюға болады. «Мені халық емес, мәслихат депутаттары сайлаған» деп кейбіреулердің шіренуі осыдан шыққан болар. Сенаторларды неге мәслихат депутаттары сайлап, президент тағайындауы керек? Президент пен біздегі мәслихаттар өз алдына жеке мемлекет пе?

       Партия өкілі болсын, жеке депутат болсын алдымен халыққа адал қызмет етуге міндетті. Өйткені оларды халық сайлады емес пе?! Сондықтан сайлауды әділ және ашық өткізуіміз керек. Сонда ғана халықтың көкейіндегі күдік сейілетін болады. Сонда ғана Ата заңымызда жазылғандай әрбір адамның құқығы сақталады, миллиондаған қарапайым адамдарымыз үшін дамыған демократиялық қоғам орнайды.

 Зейнолла АБАЖАН, 

 Қазақ үні