Жасұлан Иса: Тіл басқармалары көз бояушылықпен айналысып жүр

Жасұлан Иса: Тіл басқармалары көз бояушылықпен айналысып жүр

Белгілі тіл күрескері Жасұлан Иса бір мандатты округ бойынша Мәжіліс депутаттығына үміткер. Бұған дейін «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде қоғам белсендісінің мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бірқатар өткір мақалалары жарияланған. Сайлауалды үгіт-насихат аясында Жасұлан Исаның елге ұсынып отырған бағдарламасынан үзінді жариялауды жөн көрдік. 

Атап өтейік, Жасұлан Исаға Астана қаласының №1 сайлау округінде (Алматы, Байқоңыр аудандары)  дауыс бере аласыз. 

***

Депутат болу мақсат емес. Мақсат, жасап жүрген істерімді өнімді қылып, халқыма пайдамды көбірек тигізсем деймін. Көптеген азаматтарға заңгерлік көмек жасап жүрмін. Мемлекеттік қызметкердің өзін, сол мемлекеттік «мекеменің» өзінен қорғаған кездерім де болды. Мәселенің ауырлығына қарай, көп жерлерде, сотқа жеткізбей, кешірісіп, қол алысып, бітімгершілікке барып, шешуге тырысып келемін. Айтайын дегенім, халық арасында құқық бұзылу мәселелері жетіп жатыр. Шаш етектен. Сол, барлық мәселелер, айналып келгенде, құқықтық саламен байланысады. Адам құқықтары мен бостандықтарына келіп тіреледі. Ал, енді ойланайықшы. Санаулы адамдардың құқығын қорғап жүре бергеніміз дұрыс па? Әлде, мәселені жоғарыдан көтеріп, оның шешу жолдарын қарастырып, заң аясында жұмыстанып, іске асырып, жүздеген, мыңдаған адамдардың өмір тұрмыстарының жақсартылғаны дұрыс па? Құқықтық Мемлекет болғандықтан, негізгі міндетіміз де сол, адамның құқықтарын қорғау болып табылады. Талап та, жауапкершілік те, заңның орындалуын қадағалау да жоғарыдан болуы тиіс деп, мен үнемі айтамын. Төменнен шырылдағаннан ештеңе өзгермейді. Міне сондықтан, мен осындай шешім қабылдадым. 

Мемлекеттік тілдің мәселесі де, маңызды мәселелердің бірі, бірегейі десем артық болмас. Тіл мәселесімен бірге, адамның құқықтары да бұзылатыны анық. Түбінде, барлығы сол тіл саясатына келіп тіреледі. Ал, бұл жерде, біздің істеп жатқанымыз шамалы. Мен, тағы сол жоғары жақтың «тіршіліктерін» айтамын. Нақты, тіл саясатының саясатсыздығын айтамын. Кезінде, Әділбек Қабаев мырзаның өзіне де, осыны айтқан болатынмын. Тілдің саясаты дұрыс бағытта болғанда, баяғыда бір нәтижеге жететін едік қой. Сол саясаттың жоқтығынан, «Тілдерді дамыту» басқармалары өздерінің әлсіз екендерін мойындай тұра, ұялмай, көз бояушылықпен айналысып әлі де жүр. Ақша бөлінбейді емес, бөлінеді ғой?! Бірақ, дұрыс пайдалынып жатыр ма?! Сұрақ, осы жерде. Баяғы сол, бітпейтін, түкке пайдасы жоқ жобаларын маслихатқа тықпаштаудан басқа, шаруалары жоқ. Жобаларының барлығы бір ғана форматты. Тек, қазақ тіліділерге, қазақ тілді аудиторияға ғана арналған. Ал, сонда қалған халыпен, орыс тілді азаматтарымызбен Тіл саясатын кім жүргізеді?! Өкінішке орай, олар да бар ғой бізде? Бұндай жобаларсыз-ақ, қазақ тілділерімен әнші-биші-күйшілеріміз «жұмыс жасап» жүрген жоқ па?! Ал, Басқармаға тіркелген, есебі жоқ, тіл үйрететін орталықтары жайлы не білеміз? Алысқа бармай-ақ, осы бір жылдың ішінде, қанша мемлекеттік қызметкер, сол жерден тіл үйреніп шықты екен?! Барма тізімі? Қазіргі таңда, тілдің мәселесін шешуге тырысып, шешіп жүрген де, халықтың өзі. Қышқашбаевтың кезінде, біраз жұмыстардың басы көрініп, енді қолға алынып келе жатқан еді. Жоспар құрып, орыс тілді, аралас мектептерге барып басшыларымен сөйлесуді де бастаған болатынбыз. Пандемия басталып, бәрі тоқтап қалды. Әне-міне бастаймыз деп жүргенде, Тілеуғали ағамыздың өзі де, зейнетке кетіп қалды. Сол кездері, орынбасар болып, есеп-қисаппен ғана жүретін Есіркеп, басшының орнын басып алып, сол баяғы үйреңгішті өтірік есеп беруімен, әлі жүр. Қарғыстың ең жаманы. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді. Айтатын әңгіме көп еді. Бірақ, осымен тоқтайын. Уақыт келер әлі. Нақты, Тілдің мәселесін түзетуге әбден болады! Тілдің саясаты дұрыс қолданылатын болса, ешбір басқа ұлт өкілі қарсы болмайтын еді деп білемін. 

* ҚР Парламент мәжілісі депутаттығына кандидат Ж. Исаның сайлау қоры қаражаты есебінен төленді