ІСТІ АЯҒЫМЕН ТІГЕДІ...

ІСТІ АЯҒЫМЕН ТІГЕДІ...

Тігінші Анар Бексұлтан туғаннан мүгедектігі бар жан. Екі қолы жоқ ол бүгінде аяғымен іс тігіп, табыс тауып отыр. Алматы қаласында тұратын ол былтыр «Атамекен» ҰКП-ның миллион теңгелік сертификатын да иеленген-ді. Алдынан шыққан кедергілерге қасқайып қарсы тұрып, табысты кәсіпкерге айналған шебермен тілдесудің сәті түскен еді.

 «Мен бала кезімнен тұйық әрі биязы болып өстім. Екі қолдың жоқтығы мен үшін көп нәрсеге үлкен шектеу қойды. Кейін университет бітірдім, биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Бірақ кәсібім бойынша еш жерде жұмыс істей алмадым. Себебі, бірінші топ мүгедегінің жұмыс істеу құқы жоқ көрінеді. Алайда бұған қарамастан, әрі қарай еңбек етуге тырыстым. Солайша Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсияшы қызметіне орналастым. Сол қызметте жиырма екі жыл жұмыс істеп келемін», – дейді Анар.

Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне отыз бес жасында аяқ басқан. Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тіккен. Уақыт өте келе кәсібін ашады. Алғашқы ісі қыз жасауын тігуден бастау алған.

«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске кештеу кірістім. Қазір «Анар Бексұлтан: әдемі қыз жасауы» деген бизнесім бар. Жамбыл облысында жасау деген міндетті түрде жүреді. Сұраныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі, бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі болды», – деп сыр бөлісті тігінші.

Осылайша, бұл кәсіптің «жұлдызы уақыт өте келе жана бастаған». Бір-бірінен естіген жұртшылық істі аяғымен тігетін Анарды көру үшін жиі келіп, тұрақты клиентке айналған. Кейбір қаржылық қиындықтар кездескенімен, кәсіпкерлік жақсы дамып, сұраныс көбейген. 

«Мемлекеттен екі рет грант алдым. Әр грант алған сайын, әр шеңберді жарып шыққан сайын мен үшін айтулы оқиға болды. Алға деген талпыныс, жаңа белестердің ашылуы, әр басқан қадамым – алдағы жеңістерге жетелеп келді. Қазіргі кезде «Әдемі қыз жасауы» цехым жұмыс істеп тұр. Аяғыммен атқарған істің мұншалықты сәтті болатынын әуелде ойламаппын да», – дейді кәсіпкер. 

Аталған жұмыстардан бөлек Анар «Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» ашқан. Бұл ұйымның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жандың өнерімен бөлісу. 

«Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедектігі бар қыздар, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Бірлестіктің мақсаты – өзіміздің өткен жолымызды үлгі ету, қиыншылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизнесін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қаласы ежелгі қала қатарына кіретін кезде, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-әл Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол кезде мен Қазақстанда бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болдым», – дейді Анар Бексұлтан.

Анар сөз арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жайындағы ойын да ірікпеді: «Біз үшін Кәсіпкерлер палатасы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға көмектесу, көптеген жобамен жұмыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық азаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғысымды білдіре отырып, біздің дамуымызға одан әрі үлес қосса екен дейміз»... 

Сөз соңында тігінші қыздар қауымына: 

– Өзіңді ешкіммен салыстырма. Сен – дарасың. Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсемен жақпайсың. Не ексең, соны орасың. Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз – біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым ертең тігінші болып кетеді дей алмаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болуып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын, – деп бір ауыз сөз арнады.

Айгүл КЕМЕЛБЕКОВА, 

Алматы қаласы