САЯСИ НАУҚАН ӨЗ МЕЖЕСІНЕ ЖЕТУГЕ ЖАҚЫН

САЯСИ НАУҚАН ӨЗ МЕЖЕСІНЕ ЖЕТУГЕ ЖАҚЫН

Бұқараның бар назары қазір 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында болып отыр. Елдегі саяси реформаларға байланысты депутаттыққа үміткерлер саны да еселеп артқан. Енді партиялар ғана емес, жеке тұлғалар да өз бақтарын сынап көре алады. Бүгінгі күні еліміздің барлық аймақтарындағы қалалар мен ауылдық жерлерде депутаттыққа үміткер партиялар мен жекелеген азаматтар үгіт-насихат көрігін қыздырып жатыр. Телеарналар арқылы пікірсайысқа түсіп, қызылкеңірдек болып жатқандары да бар. Демократиялық қоғамдағы бұл саяси науқанның заң бойынша талабы осы. Әркім өз бағдарламаларын артықшылығын көрсете білуі керек. Ал оны қалай нақты іске айналдыра алатыны өз алдына бөлек әңгіме...

     Біз қандай партия, қай үміткер тұлғалар жеңіс тұғырынан көрінетініне болжам айтып, көріпкелдік жасамай-ақ қоялық. Оны алда өтетін сайлау анықтай жатар. Ең бастысы, сол еліміздің тағдырына тікелей әсер ететін сайлау әділ, ашық өтсе ғана өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды дамытуға жол ашылатыны белгілі. Сондықтан да бұрынғыдан өзгеше өтпекші бұл сайлауға отыз жылдан аса жеке басқа табынған автократиялық жүйені бұзып, шынайы халықтың қамын ойлайтын демократиялық қоғам орнатамыз дегенге сенім артып отыр бұқара. 

        Алдында айтқанымыздай, қазір сайлау науқаны шешуші кезеңге жақындаған сайын саяси бәсеке бұрын болмаған деңгейге көтерілді. Үміткерлерді тіркеуде, үгіт-наихат жұмыстарын жүргізуде, пікірсайыстың барысында ішінара ереже бұзушылық болғанмен өрескел қателіктер орын алмаған секілді. Әр партия, әрбір үміткер жеке тұлға қандай тиімді әдістерді қолданатыны өздеріне байланысты, тек заң бұзылмаса болғаны. Ал жалпы осы саяси науқанды сәтті өткізу, оны заң шеңберінде шебер ұйымдастыра білу жұмыстары алдымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мойынындағы жауапты міндет. Осы бағытта ОСК қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Бүгінгі әңгімеміз осы жайында болмақшы. Өйткені саяси науқанның халықаралық талаптарға лайықты өтуі ОСК-ден бастап жер-жерлердегі сайлау комиссияларының жұмысына тікелей байланысты.

       Жақында ғана Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселелері, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді тексеру, онлайн-сервисін іске асыру, сондай-ақ жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу мәселелері қарастырылды. Отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ өңірлердің әкімдері аппараттарының басшылары, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Бас прокуратураның, ішкі істер, қаржы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің жауапты лауазымды адамдары және «Хабар» Агенттігі» АҚ басшылығы қатысты. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар Миссиясының өкілдері шақырылды.

        Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров 16 наурызда «Хабар» телеарнасының эфирінде сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс өткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Осыған орай ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова телевизиялық пікірсайыс өткізу мәселелері туралы баяндама жасады. Ол «Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірлегенін жеткізді. Пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен пікірсайысты өткізу регламенті келісіліп, кандидатураларын саяси партиялар ұсынған телепікірсайысқа қатысушылардың құрамы бекітілді. Олар: «AMANAT» саяси партиясынан Ерлан Қошано, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ЖСДП партиясынан Нұрлан Әуесбаев.

        Екінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы хатшысы Мұхтар Ерман халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 16 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 165 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Бүгінде аккредиттеуге 23 шет мемлекет пен 6 халықаралық ұйымнан 157 байқаушы кандидатуралары ұсынылыпты. 

     ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндауынша, ол жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімі жасақталған. Сонымен қатар ол өткен сайлау науқандарының тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды екен. Бұл сайлаушылар белсенділігіне кері әсер етеді. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ағымдағы сайлау науқанына екі онлайн-сервистің жұмысы бойынша бірлескен актілерді пысықтап, дайындаған. Отырыста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бақылау және азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу тетіктерін қоса алғанда, сервистердің жұмысы туралы толығырақ айтып берді.

       ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров те түпнұсқаның аналогы болып табылатын цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағанын атап өтті. Азаматтарды электрондық құжаттарды пайдалану мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы екі бейнеролик дайындалып, олар республикалық және өңірлік телеарналардың эфирлерінде көрсетілуде. Сонымен бірге ағымдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық барысында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша қосымша оқытудан өткенін айтты.

      Отырыста тағы бір маңызды мәселеге көңіл бөлінді. ОСК Төрағасы Орталық сайлау комиссиясы мүшелері сайлау инфрақұрылымының дайындығын, сайлауды ұйымдастырушылардың қызметін тексеретін, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсететін өңірлерге іс-сапарларын жалғастыратынын хабарлады. Осындай іс-шаралардың бір-екеуіне қысқаша тоқтала кетейік.

1-2 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петров және ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина инспекциялық сапармен Павлодар облысы мен Астана қаласының аумақтық сайлау комиссияларына барды. Сапар барысында ОСК мүшелері 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша жергілікті жерлерде көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыс прокуратураларының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын, сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, 29 бірмандаттық округ бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің есептерін тыңдады.

         Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев сайлаушылар тізімін өзектендіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 25 ақпанда 512 200 адамнан тұратын сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына берілгенін жеткізді. Ол сайлауды өткізуге барлық 523 сайлау учаскесі тартылатынын атап өтті. Олардың барлығы материалдық-техникалық қамтамасыз етілген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері ескерілген. Өйткені облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларға мұқтаж 3200 мүгедектігі бар сайлаушылар бар. Барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі үшін ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болу және оларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін дауыс беру күні «Инватакси» қызметі көрсетілетін болады. Науқанды өткізу кезеңінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін сайлау учаскелеріне бара алмайтын мүгедектігі бар адамдарға дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар көшпелі комиссиялар ұйымдастырылады.

         Сол сияқты Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Батыс Қазақстан облысында болып, семинар-кеңес аясында аумақтық сайлау комиссиясының жұмысымен танысты, сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді және алдағы сайлауға дайындық бойынша аумақтық мемлекеттік органдармен кеңес өткізді. Сапарға Ортсайлауком мүшесі Шавқат Өтемісов және ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты. Аталмыш облыста 689 сайлау комиссиясы, оның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік және 504 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Аймақ бойынша тізімдегі сайлаушылар саны - 442 350.

       Сапардың бірінші күнін Нұрлан Әбдіров Орал қаласында учаскелік, облыстық және қалалық округтік комиссияларға барып, онда ағымдағы сайлау науқанын ұйымдастыру барысымен танысты.

Содан кейін Ортсайлауком Төрағасы Байтерек ауданындағы учаскелік сайлау және округтік комиссияларында болды. Дауыс беру күніне учаскелердің дайындығына және азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.

        Кейбір учаскелерде учаскелік комиссия мүшелеріне ОСК Төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайларда комиссия мүшелерінің үстелдерін және қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне арналған орындарды орналастыру бойынша нақты ұсыныстар берді. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров комиссиялардың назарын дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санау рәсімі кезінде қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне қажетті шолуды қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды.

     Орталық сайлау комиссиясы басшысы алдағы сайлауда дауыс беру бюллетеньдерінің саны бұрынғыға қарағанда кемінде екі есе артатынын ескертті. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің назарын дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі мінез-құлық ережелерін міндетті түрде білуге және оны қатаң сақтауға шақырды.

       Екі күндік семинар-кеңестің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына учаскелерді ақпараттық-техникалық жарақтандыру, олардың азаматтар үшін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығы, дауыс беру күні тиімді байқау үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы мәселелердің барлығы Орталық сайлау комиссиясы бақылауында болады.

       Саяси науқанның шешуші күні де таяп қалды. ОСК есебіне қарасақ қажет деген жұмыстар атқарылып жатыр. Ендігі сөз сайлаушылардан, сайлау нәтижесі азаматтарымыздың саяси көзқарасы мен белсенділігіне байланысты болмақ.

Бек МЫРЗАҰЛЫ, 

Қазақ үні