ӨНДІРІСТЕГІ АПАТТЫ ТОҚТАТАТЫН КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚАЖЕТ

ӨНДІРІСТЕГІ АПАТТЫ ТОҚТАТАТЫН КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚАЖЕТ

Атышулы «АрселорМиттал Теміртау» алып кәсіпорнында да тағы да апат болды. Бұл жолы металлургиялық зауыттың кокс-химиялық өндірісінде орын алды. Салдарынан 1982 жылғы газ қызметкері қаза тауып, небары қырық жасында қыршын кетті. Қазір тағы да сол әдеттегідей арнайы комиссия құрылып, оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

      Бұл жолғы кезекті комиссия нені анықтамақшы? Өндірісте адамның қалай өлгенін бе? Бұл кәсіпорында ондай өлімнің жүздегені болды, соған орай үкімет тарапынан ондаған комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия құрылды екен деп «АрселорМиттал Теміртау» өндірістерінде апат атаулы мен адам өлімі тоқтатылды ма? Жоқ, жылдар бойы жалғасып келеді. Жалпыға мәлім деректер бойынша осы кәсіпорын өндіріс алаңдарында 1978 жылы болған алғашқы апатта 4 жұмысшы, 1985 жылы – 2 адам, 1995 жылы – 2 адам жарақат алып, 13 кенші қаза тапқан. 1998 жылы – 1 адам , 1999 жылы – 3 жұмысшы көз жұмып, 2 адам зардап шеккен. Ал, 2006 жылы апат салдарынан 41 адам қаза тапты. Осы компанияға қарасты «Абай» шахтасындағы ең ірі апат 2008 жылы орын алып, ол кезде 30 адам опат болып, 14-і жараланған. Жарылыс кезінде 191 адам жер астында болған. Апат салдарын жою кезінде құтқарушылар апаттан көз жұмған жеті азаматты жер бетіне алып шыққан. Ал қалған 23 кеншіні іздеу жұмысын тоқтатып, шахтаны газ өтпейтіндей етіп жауып тастаған. Яғни адамдарымыз тірідей көмілген деуге болады. Лакшми Миттал иелік еткелі кәсіпорындарда тек қана ресми деректер бойынша өткен жылдарда барлығы жүзден аса адам қаза болған екен. Осы оқиғаларға байланысты өз кезінде көптеген комиссиялар құрылған-ды. Одан бері жағдай оңалмаса ондай комиссиядан не пайда?..

      Жақында ғана Қарағанды облысы активімен кездесуде Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыс басшылығы экономиканы, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруды, өнеркәсіптік өндірістердің экологиялық жағдайға тигізетін зардабын азайту, «Саран» индустриялық аймағын дамыту, білікті мамандарды даярлау, жалақыны уақтылы төлеу және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, үкімет басшысы модернизация қарқыны төмен және технологиялық жағдайы нашар «АрселорМиттал Теміртаудағы» оқиғаларға да тоқталды. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке немқұрайлы қараудың салдарынан өлім-жітім көбейіп бара жатқанын баса айтты. «Мұның бәрі – компания басшылығының тікелей жауапкершілігі. Осыған байланысты оларға кәсіпорынның ешқандай сын көтермейтін барлық бағыттары бойынша наразылық білдірілді. Қазір Үкімет бұл мәселелерді реттеу бойынша белсенді келіссөздер бастап кетті», - деді Әлихан Смайылов.

       Бір мемлекеттің үкіметін басқарып отырған лауазымы дардай ҚР Премьер-министрі кіммен келіссөз жүргізуді айтып отыр? Ежелгі қазақ жеріндегі өз адамдарымыз қолымен тұрғызған мемлекетіміздің меншігіндегі кәсіпорынмен бе? Тіпті ол шетелдіктердің басқаруына жалға берілген күннің өзінде негізгі иесі өзіміз емес пе? Неге біз олармен келіссөз жүргізуіміз керек? Біз миллиардер Митталдан табанды түрде талап етуге тиістіміз ғой. Талапты орындамаса ортада жасалған келісім-шартты бұзып, тойымсыз миллиардерді елден қуып шығуғу толық құқылы емеспіз бе? Халықаралық тәжірибеде кәсіпорынды құлдыратып, тек қана өз пайдсын ғана ойлаған инвесторларға қатаң шаралар қолданады. Жүздеген адамын өлтірсе өзге елдің басшылары Митталды баяғыда сотқа беріп, түрмеге тығар еді. Әлде өзара жасалған келісім-шартта ондай талаптар көрсетілмеген бе? Осы жағы көрсетілмесе бұл келісім-шартты жасаушылардың ұлттық және мемлекеттік мүддемізді мүлдем ұмытқандығы. Оны сатқындық деп бағалап, шартқа қол қойғандарды жауапқа тарту керек.

                Осыған байланысты мынаны еске сала кеткен жөн, кейбір саясаткерлер мен қаржыгерлердің айтуынша айтуынша 1990 жылдардың ортасында Лакшми Миттал комбинатты бар жоғы 200 млн. доллардан сәл асатын сомаға сатып алған. Ал оның шынайы бағасы сол кездің өзінде кем дегенде 3 млрд. доллардан асатын. Мысалы, дәп осыған ұқсас Украинадағы «Крывойрогсталь» комбинаты үшін Лакшми Миттал 4,8 млрд. долларын санап берген. Ал бізге келгенде пысық бизнесмен бірден өз қаржысын құймай, төрт жыл бөліп төлеген. Яғни, Миттал алдынала ақша төлемей, комбинатты жұмыс істетіп, содан тапқан пайда арқылы сатып алды деуге болады. Ең бастысы, өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңартпай, жұмысшыларға мардымсыз жалақы төлеп, тек қана өз пайдасын ойлап келеді күні бүгінге дейін.

          Бұл шетелдік инвестордың бізге көрсеткен қызметі делік. Енді өзіміздің жергілікті іскерлердің ісіне тоқтала кетелік. Мысалды алыстан ідемей-ақ күні кеше ғана Екібастұз қаласындағы оқиғаны алайық. Көмірдің үстінде отырған қаланы қақаған қыста жылусыз қалдырған кәсіпкерлердің өз халқына жаны ашымағаны ма? Белгілі деректер бойынша бұл компанияның акцияларының 47,1% Александр Клебановқа тиесілі екен. Тағы да осынша пайызы Сергей Канның иелігінде. Негізгі қорды жаңартып, толықтырып отырса, жұмысты жүйелі жүргізсе апат болмайтын еді. Бізге келген инвестор атаулы халық байлығын тонаумен ғана айналысады деген сөз.

         Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің бастығы Саян Ахметжановтың айтуынша елдегі энергетика саласын жемқорлық жайлаған. Антикор басшылығы Екібастұздан басқа Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнының мүшкіл жағдайын мысалға келтірді. Жылу энергия орталығының берешегін өтеуге және жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге қазынадан миллиардтаған қаражат бөлінген. Алайда тұрғындар одан жағдайдың оңалып кеткенін көрмей отырмыз деп шағымданғануда. Оның дерегінше сол сияқты «Батыс Қазақстан электр желісін тарату» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары жүйелі түрде сыбайластарымен сөз байласып бюджет қаражатын жымқырып келген.

     Бұл маманның пікірі жалғыз энергетикаға ғана қатысты емес, өзге салаларда осындай жағдай. Бюджеттен бөлінген қаржы талан-таражға түсіп жатыр. Сондықтан да салынған үйлер құлап, жаңадан жасалған жолдар бір жыл өтпей бұзылып қалады. Өйткені бөлінген қаржының жартысын қалтасына басатындар арзан, сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Есесіне есеп бергенде оның бағасын көтеріп көрсетеді. Соңында сол апатты үйлер мен қауіпті жолдар адам өміріне қатер төндіреді, неше түрлі апаттар орын алады.

      Депутаттар да өндірісте жиі орын алатын апаттарға үлкен алаңдаушылық білдіруде. Мысалы, еліміздегі ең белсенді «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары Екібастұздағы жағдайға байланысты парламенттік тергеу жүргізу керектігі жөнінде өз сауалдары мен ұсыныстарын Үкімет басшысы мен ҚР Бас Прокурорына жолдады. «1. Облыс басшылығы сендіргендей, жылыту маусымы қарсаңында қаланың жылу жүйелерін дайындау және сынақтан өткізу (қысым сынау) жүргізілді ме? Ол қандай нәтиже көрсетті?

2. Екібастұз жылу желілерінің жылыту маусымына дайындығы туралы мемлекеттік органдардың ресми қорытындылары бар ма?

3. Екібастұз қаласы бойынша жылыту маусымына дайындық барысында тиісті деңгейде бақылау жүргізілмегені үшін нақты кім жауапты?

4. Зардап шеккен азаматтарға өтемақы мен тұрғындардың үйлеріндегі жылу жүйелері кімнің есебінен төленіп, қалпына келтіріледі?

Сонымен қатар, мына мәселелерді де қарастыру қажет деп санаймыз:

5) Олигархтардың ондаған жылдар бойы «инвестициялық мөлшерлеме» бойынша алған миллиардтаған ақшаны қайтаруы туралы, белгілі болғандай, бұл қаржы ешқайда инвестицияланбай, қалтаға салынып отырған.

6) Қалаларымыздың өмір сүруін қамтамасыз ету жүйесін олигархтардың қолында одан әрі сақтаудың орынсыздығы туралы, бұл жүйелер халық пен кәсіпорындардан тиісті инвестициясыз ақша бопсалау үшін әбден тозығы жеткенше пайдаланып келгені анықталды.

7) Өздерінің әрекетсіздігі арқылы жүздеген мың азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жеке компаниялардың да, мемлекеттік органдардың да лауазымды тұлғаларына қылмыстық іс қозғап, жауапкершілікке тарту. Екібастұздағы ірі апаттың себептеріне депутаттық тергеу жүргізуді ұсынамыз» делінген «Ақ жол» фракциясының депутаттары өз сауалында. Өте орынды қойылған осы депутаттық сауал біздегі жылдар бойы қалыптасқан көптеген мәселенің, әсіресе қоғамды жегідей жеген жемқорлықтың бетін ашып, барлық мәселе түптеп келгенде сол жемқорлыққа байланысты екенін айтып беріп тұр. Сондықтан өндірістегі апатты болдырмау үшін кешенді күрес керек. Үкімет осы ұсыныстар мен талапты ескеріп, экономика мен тұрмыстың барлық салаларында іске асырса жағдайымыз анағұрлым жөнделер еді. Ол үшін жемқорлыққа қарсы заңды барынша қатайту қажет.

         Мемлекет басшысы да өндірістегі апатты жағдайдың алдын алу туралы тапсырма бергені белгілі. Мұндай тапсырмалар бұрыннан бері айтылып келді. Бірақ үкімет тарапынан нақты, нәтижелі істі көре алмай отырмыз. Осыған қарап біздің атқарушы биліктің қауқарсыз екенін көреміз, немесе жемқорлықпен күресуге шынайы ниеті жоқ деуге болады. Ол өз кезегінде халық тарапынан «биліктің де жемқорлыққа қатысы бар» деген күдік тудыратыны белгілі. Ал жемқор деген жақсы атақ емес, біздің биліктегілер алдымен осыны ескеруі керек...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz