ҚҰМАР ОЙЫН БИЗНЕСІ – АТА-БАБАМЫЗДАН ҚАЛҒАН КӘСІП ЕМЕС

ҚҰМАР ОЙЫН БИЗНЕСІ – АТА-БАБАМЫЗДАН  ҚАЛҒАН КӘСІП ЕМЕС

            «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?» - деп жалпы мұсылман атаулыға ортақ Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінде айтылған екен. Адамзатты харам қылықтардан сақтандыруға арналған бұл аяттарды алдымен аузымызға алуға жақында бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде біздің мемлекеттік органдардың 305 қызметкері құмар ойындарға 507 млн. теңге жұмсағаны туралы жарияланған хабарламалар түрткі болды.

        Мемлекеттік қызметкерлердің осыншама қыруар қаржыны желге ұшыруы ішсе тамаққа, кисе киімге жарытпайтын, бір айдан екінші айға ілдебайлап әзер жеткізіп жүрген жалақымен күн көрген миллиондаған қарапайым халықтың аузын аштырып, көзін жұмдырды.

         Құзырлы орындар бұл жағдайды жасырып, құпия ұстағысы келгенмен бәрібір белгілі болды. Тіпті журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қол қойған құжат та жарияланды. Онда бірнеше облыстың түрлі мемлекеттік органдарының 305 қызметкері қызмет барысында құмар ойындарға 507 млн. теңге жұмсағаны айтылған. Сонымен бірге бұл құжатта ойынханаларға барған кейбір мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөні, ұтылған сомалары көрсетілген. Журналистің көпшілік назарына ұсынған ақпараты шынайы екенін прокуратура өкілдері де растаған. «Біз бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқпыз. Бізге хабарламалар түсе бастады, біз фактіні растадық, өйткені бұл заң бұзушылықтар казинолар мен ойын автоматтары залдарын тексеру кезінде анықталды. Расында да аталмыш факті бойынша түрлі мемлекеттік органдарға хат жолданды. Әр ведомство өз қызметкерлерімен жеке айналысып, тиісінше қабылданған шаралар туралы бізге хабарлауы керек» - деген Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбиров. Сондай-ақ прокуратура ойынханаға жұмсалған шығындар мемлекеттік қызметкерлердің нақты жалақысына сәйкес келмейтінін атап өткен.

      Қарапайым халықты есінен тандырған бұл жаңалық көпшілікке белгілі болып кеткен соң прокуратура түрлі ведомство өкілдерінің қанша ақша жұмсағаны туралы тізімді де ұсынды. Тізімде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі – 97 млн; ҚР Қорғаныс министрлігі – 95 млн; ҚР Қаржы министрлігі – 25 млн; ҚР Жоғарғы Соты – 7 млн; ҚР Қаржы мониторингі агенттігі – 15 млн; ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – 3 млн; жергілікті атқарушы органдар – 36 млн; басқа мемлекеттік органдар қызметкерлері – 27 млн. теңге қаржыны құмар ойынға салғаны көрсетілген.

       Сонымен бірге жекелеген қызметкерлердің де аты аталды. Жарияланған деректер бойынша, мысалы Астана қаласы әкімдігінің жылдық табысы 10 миллион теңгеден аспайтын қызметкері Е.С.Абдуалтиев «BeIIagio» казиносына 54 рет кіріп, 53 миллион теңге қалдырған. Жылдық табысы 7,9 миллион теңгеден аспайтын Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері Е.А.Назаров екі рет «Tornado 777» ойын автоматтары залында болып, 3,2 миллион теңге, жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің қызметкері А.Өмірбекұлы «Астория» және «Макао» казиноларына 25 рет барып, 33 миллион теңге, жылдық табысы 3 миллион теңгеден аспайтын Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері Қ.А. Өтеген «Astoria» казиносына 3 рет кіріп, 25 миллион теңге ұттырған. Жоғарыда аталғандардан басқа, ойыншы болып табылмайтын Қонаев қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілі Тоғызбаев М.Б., «Каспий Банк» АҚ банк картасына жалпы сомасы 1,2 млн.теңге ақшаны аудару арқылы қабылдаудың 10 фактісі, ойын мекемесіндегі Diamond's ойын автоматтары залының директорыД. И. Харон-Заде осындай жолмен 300 млн. теңге қабылдаған. Демек біреулердің ұттырған ақшасы келесі біреулердің қалтасын толтырған.

         Бұл тізім ұзақ, оны тізіп жатудың қажеті шамалы. Ең бастысы, бір ғана айлық жалақыға өмір сүруге тиісті мемлекеттік қызметкерлер осыншама қыруар қаржыны қайдан алған? Бала-шағасының аузынан жырып құмар ойынға салғаны ма? Жоқ оған ұқсамайды. Бұл біздің мемлекеттік органдарды жемқорлық жайлағанын көрсетеді. Халық қаржысы сеніп тапсырылған құзырлы орындар қызметкерлерінің бюджет ақшасын жымқырғаны түсінікті. Әйтпесе осыншама ақшаны олар үйлерінде басып шығармаған болар?..

          Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбиров айтқандай, айдай әлемге әйгілемей аталмыш факті бойынша түрлі мемлекеттік органдарға хат жолданып, әр ведомство өз ойынқұмарларының мәселесін майшаммен қарап жатқан көрінеді. Айталық, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 10 қарашада журналистерге берген жауабында казинода ойнаған әскери қызметкерлердің аты-жөні анықталғанын, әрқайсысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Сол сияқты өзге де құзырлы органдар құмар ойынға салынған өз қызметкерлері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанға ұқсайды.

      Бұл біздегі казино жұмысына жасалған бір ғана тексерістің нәтижесі. Сонау тәуелсіздік алған жылдардан басталған бұл құмар ойын бизнесіне халық о бастан қарсы болған-ды. Бір ғана Алматы қаласының өзінде жүздеген казинолар жұмыс істегені белгілі. Қаншама адам қаражатынан айырылғанын қазір анықтау да мүмкін емес. Кейбіреулер жалғыз баспанасынан айырылып бала-шағасымен далада қалды, қаншама отбасы ойрандалды. Қарызға батқан құмар ойыншылардың өзіне-өзі қол жұмсағандары да болды. Бұл туралы кезінде бұқаралық ақпараттық құралдарында жазылып, қоғамда үлкен дау-дамай тудырғанын білесіздер. Халық казино атаулыны түбегейлі жабу керектігін айтып талап еткенмен, біздің билік әдеттегідей «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жартылай шешім қабылдады. Батыспен басы бірге жаралған билік, «Дамыған батыс елдерінде бұл қалыпты жағдай, бюджетке де кіріс түседі» деген сылтау айтып, халықты тыныштандырудың оңай жолын тапқан-ды. Тіпті ол туралы заңға өзгерістер де енгізген болды. «Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» деп бекітіп берген-ді. Одан кейін бұл мәселе шешімін тақандай болатын. Бірақ мәселенің түпкілікті шешілмегенін осы соңғы тексерістің өзі көрсетіп берді. Казинода ұтып ешкім байыған емес. Керісінше адамдарды осы ойынға тәуелді етіп, айықпас «дертке» ұшыратады. Рас, алғашқыда ұттырып, ойыншыны одан әрі дәмелендіріп қояды. Бұл туралы сол құмар ойынға беріліп, кейін әзер құтылғандар жиі айтады. Ал ойын мекемелерінің иелері мол табысқа кенеледі.

        Құмар ойынын қызу қолдайтындай бюджетке мол қаржы түсіп жатыр ма? Мемлекетке түсетін қаржы көлемі Салық Кодексінің 16-шы бөліміне сәйкес іске асырылады. Әрбір ойын үстелінен айына 1660 айлық есептік көрсеткіш, ойын автоматынан 60 АЕК, тотализатор кассасынан 300 АЕК, букмерлік кеңсе кассаларынан 300 АЕК көлемінде салық алынады. Ал ойынқұмарлар ұтқан жағдайда сол ұтыстың 10 пайызы ұсталады. Осы көрсеткіштерді қалай есептесек те казино бизнесі біздің экономикамызды тіреп тұрмағанын көреміз. Ал адамдарымызға тигізіп жатқан кесірі көл-көсір. Еліміздің тұрғындарының бәрі бірдей миллиондап ақша ұтқызатындай бай емес. Бұл ойынға қатардағы қарапайым адамдар да кіріп кететіні белгілі. Содан барып, жоғарыда айтқандай жалғыз баспанасынан айырылып, бала-шағасы аш қалуы да мүмкін. Өйткені адам баласының психологиясы сондай, оны түзету қиын. Олай болса құмар ойын бизнесін аластап, неге біржолата жаппаймыз деген сұрақ туындайды. Оның жауабы да дайын. Құмар ойын бизнесінің артында олигархтар мен лауазымды үлкен адамдар тұр. Оларға қалай болғанда да пайда табу керек. Біреулер соңғы тиынын тастап, бала-шағасы аштан өліп жатса да оларға маса шаққан құрлы әсер етпейді...

         Баяғыда ауылда тұратын араққа үйір бір ағамыз ішуді біржола қоюды ұйғарып, «атамнан қалған ас емес, әкет әрі, енді аузыма алмаймын» деген екен шөлмектес достарына. Айтқанында тұрып, арақты аузына алмайтын болған. Жынды судың кесірінен болатын отбасындағы ырду-дырду жоғалып, шаңырағына құт-береке қона бастайды. Тіпті кейін намазға жығылып, бұрынғы достарын да дұрыс жолға түсіреді. Сол ағамыз айтқандай құмар ойын ата-бабамыздан қалған кәсіп емес, ұлтымыздың әдеп-ғұрпында болмаған, салт-дәстүрімізге жат нәрсе, оны елімізден біржолата аластап, осыған байланысты шұғыл түрде тиісті заң қабылдау қажет. Отыз жыл таскерекең болған үкіметтің құлағы ашылып, халық үнін еститін болды деп қуанып жатырмыз. Билік басындағылар, қаншама отбасын ойрандап, қаншама адамға қасірет әкелген казино ордаларын түгелдей жабыңыздар. Тым болмаса халықтың осы бір тілегін орындаңдасаңыздар екен...

Зейнолла АБАЖАН