Қазақтардың қазақ тілінде қызмет алу құқығы неге тапталады? - Премьерге хат

Қазақтардың қазақ тілінде қызмет алу құқығы неге тапталады? - Премьерге хат

Редакция поштасына Астана қаласының тұрғынынан мемлекеттік тіл мәселесі жөніндегі хаты келіп түсті. Өзекті тақырыпты көтерген оқырман хатын жариялауды жөн көрдік. 

***

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

 Ә. А. Смайыловқа

Г.Б. Сугралимовадан 

Астана қ. 

 Құрметті Әлихан .Смайылов мырза! Мені толғандыратын мәселе –мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы. "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы", «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы»-24-бап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 21 бабы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған. Жоғарыда келтірілген Заңдарға сәйкес, Қазақстандағы барлық халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар мемлекеттік тілге қатысты талаптарды бұлжытпай орындауға міндетті. Осыған орай, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңның 75-бабында ҚР тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық - ескерту, айыппұл қарастырылғанын ерекше айтып кеткім келеді. 

Ал іс жүзінде қалай? Астана қаласының тұрғыны ретінде қалыпты жағдайды баяндайын. Ұлы Дала даңғылы бойындағы күнделікті барып жүретін дүкендерге өзімше бақылау жасаймын. Дүкендердің сыртқы маңдайшалары көбінесе екі тілде жазылған. Ал дүкен ішіндегі ақпарат негізінен орыс тілінде берілген. Жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, тауарлық чек, электронды таразыдағы жазулардың барлығы орыс тілінде. Сатушылармен сөйлескенде біз ештеңе білмейміз, дүкен иесі бізге ондай талап қоймайды дейді. Сатушы жас жігіттер біз қазақша жазсақ, ешкім келмей қояды деген қисынсыз әңгіме де айтады. Ал Фермаг желісіндегі дүкен менеджері әлеуметтік тауарлар бағасы бойынша ай сайын әкімшілік келіп тексереді, ешқашан мемлекеттік тіл жөнінде ескерту жасаған жоқ дейді. Кейбір дүкен сатушылары қарсылық көрсетіп, ашу-ызаға ерік берген жағдайлар да болды. Мәңгілік ел даңғылында Министрліктер үйіне қарама-қарсы үйлердің 1-қабатындағы сауда дүкендерінің орыс-ағылшынша атаулары көзге алыстан көрінеді. Осындай мысалдар жетіп артылады. Бұл тек Астанадағы жағдай. Қазақстанның басқа облыстарындағы мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайы туралы аудио-видео сюжеттер жиі әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Мен ұзақ жылдар бойы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге шамам келгенше үлес қосып келемін. Қазақ тілінің өз елінде, өз жеріндегі мүшкіл халіне қарным ашады. Неге біздің елде мемлекеттік тілдің қолдану деңгейі тек қарапайым азаматтарды толғандыру керек? Неге ел иесі - қазақтың күнделікті өмірде ана тілінде қызмет алу құқығы бұзылып, жүйкесі тозу керек?   

Неге осы Заңның орындалуын тиісті министрлік, әкімшілік қызметкерлері қадағаламайды? Қоғам белсенділері, тұтынушылар азаматтық ұстаным танытып, мемлекеттік тілдің қолдануын бақылағаны үшін талай ауыр сөз естіп, қысымшылық көріп жатады. Ал әкімдіктің қолында әкімшілік тетіктер бар ғой. Ақпарат тарату, түсіндіру, ескерту, әкімшілік айыппұл және т.б. Егер Президент қол қойған Заңды түсіндіру, насихаттау, міндеттеу шаралары орындалмаса, ондай Заңның құны көк тиын. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Заңды білу, сыйлау, оны орындау -баршаға парыз, міндет. Президенттен бастап қарапайым азаматқа дейін. Сондықтан осы мәселеге басты назар аударып, бақылауға аласыз деген үміттемін. 

Осы мәселе бойынша мен 24.05.22ж. Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы С.З. Есіркеп атына нақты деректерді келтіріп, хат жаздым. Берген жауабын толық келтірейін: Ответ на обращение (Мәтін неге орыс тілінде?) Решение ГО: Принять благоприятный административный акт Статус решения: Принят административный акт (п.п.1) ч.1 ст.77 Кодекса) Отправлено извещение об исполнении: +77009644794 Исполнитель: Иманғали Айгүл Ғиззатқызы (Главный специалист - Отдел онамастической работы и государственных символов ) 7785237907 Г.Б. Сугралимоваға Нұр-Сұлтан қаласы, 2022 жылғы 24 мамырдағы № ЖТ-2022-01765979 хатқа   

Құрметті Гүлбану Баянқызы! Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) сіздің «Е» өтініш арқылы жолдаған шағымыңызды қарастырып, тіл мәселесіне қосқан өзіндік пікіріңіз үшін алғысын білдіре отырып келесіні хабарлайды. Басқарма өз құзыреті шегінде Ұлы Дала даңғылы, 23 мекенжайында орналасқан «Фермаг» және 29 мекенжайындағы «Фруктовик» дүкендеріне ресми түрде хат жазып, сауда нысанының ішіндегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарды толықтай «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкестендіруді, қызмет көрсету барысында азаматтарды тілдік бөлініске, қоғамдық алауыздыққа апаратын факторларды болдырмау жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді ескертіп, ұсынымдар берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау қажеттілігі ескертілді. Алдағы уақытта аталған мекенжайда орналасқан нысандардағы ішкі деректемелер мен көрнекі ақпараттар толықтай заң талаптарына сәйкестендіріліп орналастырылғанға дейін Басқарманың жіті бақылауында болатынын мәлімдейміз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Кодексінің 91-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасау құқығы бар екендігін назарыңызға жеткіземіз. Басқарма басшысы С. Есіркеп Орынд.: А. Иманғали, тел.: 556729

    Р.S. Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы С.З. Есіркеп жауабында екі дүкенге хат жолдадық деп мәселені дұрыс қарастырмай отыр. Ал мен сол дүкендерге күнде барамын. Еш өзгеріс жоқ. Жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, тауарлық чек, электронды таразыдағы жазулардың бәрі сол таз қалпында, орысша. Мен осы екі дүкенді мысалға алып, бүкіл Астана қаласындағы сауда, халыққа қызмет көрсету нысандарын айтқан едім. Барлық жерде заң бұзушылық фактілері орын алған. Көптеген сатушылар, дүкен иелері мемлекеттік тілге қатысты заң талаптарын білмейді, не білгілері келмейді. Мен соларға «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның - 24-бабы жазылған парақшаларды таратып жүрмін.   

   Ізгі ниетпен: Гүлбану Сугралимова 03.11.22

ИСПОЛНЕНО 21 нояб. 2022 Ответ на обращение Решение ГО: Предоставить ответ Статус решения: Предоставлен ответ, в том числе информации, по существу сообщения, запроса, отклика, предложения (п.п.1) ч.1 ст.89 Кодекса) Характер ответа: Разъяснено Отправлено извещение об исполнении: +77009644794 Исполнитель: Иманғали Айгүл Ғиззатқызы (Главный специалист - Отдел онамастической работы и государственных символов ) 7785237907 (Мәтін неге орыс тілінде?)

Астана қаласы, Г.Б. Сугралимоваға 2022 жылғы 5 қарашадағы № ЖТ-2022-026244100/1, 17 қарашадағы № 19-05/1432-И хаттарға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Сіздің «Е-өтініш» бірыңғай платформасына жолдаған шағымыңыз бойынша келесіні хабарлайды. Қазіргі уақытта Басқарманың «деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру» бойынша құзыреті жоқ, өйткені аталған тармақ 2018 жылы «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңынан алынып тасталды. Осы себепті, Басқарманың Астана қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасында кәсіпкерлік субъектісіне бару арқылы жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау тағайындау туралы актілерді тіркеу бойынша және тексеру қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік туралы заңнамасы нормаларының талаптарын бұзатын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылдауды тіркеу өкілеттіктері жоқ. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретін қайтару мәселесі қаралуда. Бүгінгі күні Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен орын алған бұзушылықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерді түзету туралы ұсыныспен шектеледі. Осыған байланысты, Басқарма өз құзыреті шегінде Абай даңғылы, 98А мекенжайында орналасқан «Фермаг» ЖШС бас директорына 2022 жылғы 9 қарашада № 511-04-10/327 арнайы хат жолдады. Хатта, Астана қаласындағы барлық «Фермаг» сауда нысандарындағы заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар берді. Қала бойынша аталған нысандардың жалпы саны – 15. «Фермаг» ЖШС директоры Р. Ә. Дурсуновтан ресми түрде хат келді (хаттың көшірмесі қоса беріледі). Заң бұзушылықтарды жою мақсатында тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын, сондай-ақ мәселені түбегейлі шешу белгілі уақытты қажет ететіндігін көрсеткен. Мемлекеттік тілдегі тауарлардың атауы сауда жұмысы жөніндегі бағдарламада 75%-ға аударылған. Қазіргі уақытта 25000-нан астам тауар атауы аударылуда. Жалпы, мемлекеттік тілде тауар аттарын басып шығаратын кассалық аппараттарды 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосатындарын мәлімдеді. Ал, Басқарма елордадағы сауда орталықтарына деректемелер мен көрнекі ақпараттарды (кассалық аппараттардағы чектерді) ҚР заңнамаларына сәйкес келтіру туралы ресми түрде хаттар жолдады. Сондай-ақ 2022 жылғы 20 казанда Басқарма Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, елордадағы сауда орталықтары басшыларымен тіл туралы заңнама талаптарының орындалу және бақылау-кассалық машиналар арқылы мемлекеттік тілде берілетін түбіртектер (чектер) мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Кәсіпкерлерге «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіріліп, мемлекеттік тілде чектерді шығаруға қатысты хабарлама сипатындағы ұсыныстар берілді. Сонымен қатар уәкілетті органдарға (Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті) мемлекеттік тілді таңдауды тауар чектеріне міндетті түрде енгізу мәселесін республикалық деңгейде қарастырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің кассалық аппараттарды әзірлеушілер және басқа да мүдделі мекемелерге мәселені оңтайлы тез шешу жолдары бойынша шешімдер қабылдауға ұсыныстар берілді. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 91-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасау құқығы бар екендігін назарыңызға жеткіземіз. Басқарма басшысы С. Есіркеп Орынд.: А. Иманғали Тел.: 556729 

Менің ресми жауапқа жіберген шағымым: Менің Премьер –Министр Ә. А. Смайыловқа жазған арызға қатысты Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының берген жауабына көңілім толмайды. Өйткені Басқарманың «деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру» бойынша құзыреті жоқ депті. Сонда ол құзырет кімнің қолында? Заңның тиісті баптарының орындалуын қай құзіреттті орган бақылайды және орындалмаған жағдайда қай мемлекеттік орган шара қолданады? Осыған жауап беріңіздер.

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өз жауабында тек Фермаг дүкендер желісін ғана айта береді. Мен Фермагты мысалға келтіріп, Астанадағы барлық сауда орындарын айттым. Барлық сауда, тұтынушыларға қызмет көрсету нысандарында мемлекеттік тілдің мәртебесі бұзылуда. Астана қаласы әкімдігінің жұмысы тек ескерту, ұсыныстар беру, қоғамдық шаралар өткізумен шектелсе, онда Мемлекеттік тілдің мәселесі алдағы 30 жылда да шешілетін түрі көрінбейді. 

Сугралимова Г.Б.