ҰРЛАНҒАН ЕЛ БАЙЛЫҒЫ ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРЫЛСЫН

ҰРЛАНҒАН  ЕЛ БАЙЛЫҒЫ ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРЫЛСЫН

ЗАҢСЫЗ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛГЕН КӘСІПОРЫНДАР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАШАН АЛЫНАДЫ?

     Әлемдегі дамыған елдердегідей заң мен әділеттілік үстемдік ететін демократиялық қоғам құру мақсатында бірқатар саяси және экономикалық реформалардың жариялануы жұрттың жылдар бойы жаншылған еңсесін көтергендей болды. Жемқорлық жайлаған қоғамда тұрмысы тым төмендеп кеткен қарапайым адамдар үшін әсіресе экономикалық реформалардың жөні бөлек.Өйткені экономика қатардағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына бірінші кезекте тікелей әсер етеді.

         Жемқорлықпен аяусыз күресіп, кезінде заңсыз жекешелендірілген кәсіпорындар мемлекет меншігіне қайтарылады дегенді естігенде халық алғашқыда өз құлағына өздері сенбей қалғаны да жасырын емес. Жердің үсті мен астындағы байлықты әкелерінен мұра етіп алғандай, жеке-дара иемденген біздегі жемқор байлардың отыз жыл бойғы халықты қанап, билеп-төстегеніне әбден көнбіс болған көпшіліктің көңілінде күдіктің туындауы да түсінікті. Сонау атышулы жекешелендіру науқанында ата-бабамыздан, әке-ағаларымыздан жеткен бар байлық билік басындағылар мен солардың айналасындағы пысықайлардың қолында кетті. Жұртқа жаппай таратқан, ел байлығына иелік ететін құжат деп сендірген жекешелендіру купондары төмендегі қарапайым тұрғындарға тесік тиын да пайда әкелмеді. Көпшілікті алдаурату үшін таратылған кітапшаларды қазір еске алсаңыз ескі жараның аузы ашылып, ішіңіз удай ашиды. Түрлі өнімдер шығаратын қаншама зауыт-фабрикалар, бүкіл елді азық-түлікпен толықтай қамтамасыз еткен қуатты ауылдардың сырттан жау шаппай-ақ санаулы жылда жоқ болғанына қалай жаныңыз ашымасын. Мыңдаған ауыл шаруашылығы техникаларын, миллиондаған малды жекешелендіріп алғанмен сол пысықайлар өздері уәде еткендей осы бір аса қажет саланы дамытпақ түгіл өз деңгейінде сақтап қала алмады. Ондай ниет байлыққа тегін ие болғандарда атымен жоқ-ты. Бәрін сатып қалтасына басып, жатып алып рахаттанып өмір сүруді ғана ойлағандар кімнің көсегесін көгерте қойсын. Өз құлқындарының ғана қамын ойлағандардың қолынан өндірісті өркендету келмейтіні о бастан белгілі болатын. Соны біле тұра билік басындағылар халықтың бар байлығын тойымсыздарға таратып берді. Әрине, өздері де сырт қалмады, байлықтың қомақты бөлігін билік басындағылар иемденді. Қазір қалтасы қалыңдар шетел асып жырғап жүр. Қалғандары түк көрмегендей болып, әлі де лауазымды орындарды иемденіп отыр. Өз ұлтымды тонадым, өз халқымды қайыршы еттім, өз мемлекетімді әлсіреттім деген ой олардың санасына кіріп те шықпайды. Ыңғайы келсе әлі де өз халқын, өз мемлекетін тонаудан дәмелі. Бірақ бұл жағдай үнемі жалғаса беруі мүмкін емес. Әр нәрсенің шегі болады.

         Соңғы кезде бірқатар реформалар жарияланған соң сірескен сең сөгіліп, қақаған аяздың беті қайтып, бір жылымық белгі бергендей еді. Соның көрінісіндей Алматыдағы ең ірі азық-түлік сататын көтерме базар мемлекет меншігіне қайтарылды деген хабар тарады. Қаланың экономикалық соты сауда кешені жекенің қолына кезінде заңсыз өткен деген шешім шығарыпты. Тексеріс барысында нарықтағы бағасы 1 жарым миллиард теңге тұратын «Барыс-4» базары бар болғаны 307 миллион теңгеге сатылғаны анықталған. Алматы қаласы сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасынның айтуынша талқылау барысында арызда келтірілген дәлелдерді сот растаған. Уәкілетті органның өкілі нысанды жекешелендіру кезінде мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріп, аз шығынмен жүргізілгені, заңсыз өзара келісім талаптары болғанын мойындапты. Сөйтіп сот талап арызды қанағаттандырып, «НайзаБН» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесті сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған.

        Қаладағы шағын дүкендер мен ел жиі баратын супермаркеттердің көбісі әлеуметтік маңызы бар тауарларды ел арасында «оптовка» аталып кеткен осы көтерме базардан алып, үстінен ақша қосып саудалайды. Осыдан жарты жыл бұрын шамасында мұндағы мыңнан астам сатушылар базар ішінде қолдан әділетсіз жасалған монополияға қарсы шыққаны телеарналардан көрсетіліп үлкен дау-дамайға айналғанын жұрт жақсы біледі. Сауда орнының әкімшілігі белгілі бір азық-түлік тасымалдаушы компаниямен ауыз жаласып, солар жеткізген өнімдерден басқаны сатуға тыйым салған болатын. Сатушылар бұл бассыздық азық-түлік құнының шарықтауына жеткізді деп шулаған-ды. Мемлекетке кететін салықты әлдекімдердің қалтасына төлеп келгендерін де айтқан еді. Енді міне сол былыққа заңдық тұрғыдан да баға берілген секілді.

     Халықтың көпшілігі күн көріп жүрген сауда орындарындағы жемқорлық пен өзге де заң бұзушылық елімізде жаппай орын алғанын байқау қиын емес. Сауда орындарын жалға беруде бағаны негізсіз көтеріп, қарапайым саудагерлердің қалтасын қағатын тойымсыз «кәсіпкерлерге» деген наразылық барлық аймақтарда айтылып келелді. Ол өз кезегінде тұрғындар тұтынатын азық-түлік және өзге тауарлардың бағасының көтерілуіне әкеліп соқтырды.

     Алматы аймағында ең ірі базар саналатын «Алтын Орда» базарының басынан дау кеткен емес. Бұрынғы иесі белгісіз жағдайда қаза тауып, базар кейін Болат Назарбаевтың иелігіне өткені белгілі. Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан осы «Алтын Орда» базарының жалпы аумағы 180 000 шаршы метрден асады. Күніне мыңдаған адамдар сауда жасайтын алып базардың мемлекетке төлеген салығы күмән тудырып, тексеріс жүргізілгенде соңғы 7 жылда базарға иелік ететін екі кәсіпорын бюджетке небары 400 миллион теңгеге жуық қаржы аударыпты. Бұл жылына 500 миллион теңгеге дейін табысы бар шағын кәсіпорынның төлейтін салығымен пара-пар екен. Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, бұл нысанға Болат Назарбаевтың тікелей қатысы бар. "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС-іне 2014 жылдан 2021 жылға дейін иелік еткен. Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде серіктестіктің қожайыны өзгерген. Ал заңды белшесінен басқан бұл алып сауда орталығының мемлекет меншігіне алынар-алынбасы белгісіз.

     Әрине, біз мысалға келтірген екі базар еліміздің экономикасын тіреп тұрмағаны белгілі. Мемлекет көлемінде бұл теңіздің тамшысындай ғана нәрсе. Ал еліміз бойынша заңсыз жекешелендірілген, мемлекетке салық төлеуден жалтаратын, жұмысшыларына мардымсыз жалақымен жұмыс істетін, өндірістегі техникалық қауіпсіздікті сақтамайтын кәсіпорындар жетерлік. Кезінде жаппай жекешелендіру кезінде ірі зауыт, фабрикаларды иеліктеріне алғанда өндірістік бағытты қатаң ұстанамыз, адамдарымызды жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етеміз деп антсу ішкен пысықайлар өз уәделерін баяғыда ұмытқан. Бір ғана Алматы қаласындағы тұрақты жұмыс істеген одақтағы ірі мақта-мата комбинаты, қаланы баспанамен қамтамасыз ететін Алматы үй құрылысы комбинаты, Ауыр машина жасау, Тұрмыстық электр бұйымдарын шығаратын зауыты сияқты алып кәсіпорындар жекешелендіруден кейін мүлдем жоғалып кетті. Қазір бұл кәсіпорындар ғимараттары сауда орталықтарына айналған. Оның иелері ғимараттың әрбір шаршы метрін қымбат бағаға жалға беріп, жатып алып ақша табуда. Осы ірі кәсіпорындарға тиесілі жұмысшыларға арналған жатақханаларын сатып жіберді. Өндірісті өлтіргендер халықты өзге елге тәуелді етіп қойды, енді шетелдіктердің тауарын қымбатқа сатып алып жатырмыз. Оған қоса миллиондаған адамдарымыз жұмыссыз қалды. Осының бәрін заңды жекешелендіруге жатқызамыз ба?

       Президент тапсырмасымен Қазақстанда экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылғанын білесіздер. (Президент тапсырма бермесе бізде ештеңе істелмейтіні белгілі). Үстіміздегі жылдың көктемінде өткен Комиссия жұмысы барысында телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралды. Ведомствоның хабарлауынша, комиссия құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кіреді. Алғашқы отырыс қорытындысы бойынша, Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын.

     Бір қарағанда комиссияның құрылуы құптарлық іс. Бірақ бұл құзырлы органның да жұмысы әдеттегідей айтарлықтай нәтиже бермейтін сияқты. Өйткені біраз уақыт өтсе де олардың қызметінің нақты оң нәтижесін әзірге көре қойған жоқпыз. Ал бұл бағытта атқарылатын жұмыс шашетектен екені белгілі. Бізде заңды қатаң сақтай отырып, ашық түрде жекешелендірілген кәсіпорындар бар ма? Алдында айтқанымыздай, ата-бабадан жеткен бар байлығынан айырылған халық бұған үлкен күмәнмен қарайды. Бар болған күннің өзінде тек қана өздерінің қалтасын ғана ойламай, олар халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында адал жұмыс істеп жатыр ма? Бұл басы ашық сұрақ. Ата заңымыз бойынша біздің басты құндылығымыз – адамдарымыз болып табылады. Олардың құқығы қатаң сақталуы керек. Жердің және оның байлығының да иесі сол адамдарымыз. Олай болса заңсыз жекешелендірілген барлық байлық көздері, оның ішінде ірі кәсіпорындар да мемлекет меншігіне қайтарылып, халық игілігіне қызмет етуге тиісті.

Зейнолла АБАЖАН