НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОЗАТ БАЛАЛАРЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАЛУДА - Қазыбек Иса (видео)

НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОЗАТ БАЛАЛАРЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАЛУДА - Қазыбек Иса (видео)

50-ге жуық ата-ана ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға видео-арыз жолдады.

Кеше Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде грант бөлуде әділетсіздікке ұшыраған қазақ бөлімінің озат оқушылары ата-аналарының 50 шақтысы тағы да мектепке жиналды.

Олар ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаға видео-арыз жолдады.

Ата-аналар Назарбаев мектебінің қазақ сыныбына құжат тапсырушы қазақ балалары орыс сыныбына тапсырушылардан екі есеге көп болғандықтан, талапкерлерді қазақ-орыс деп екіге бөліп тастап, екеуіне де бірдей -100 баладан қабылдау барып тұрған әділетсіздік дейді. 

“2022-2023 оқу жылына Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 2178 оқушы сынақ тапсырған. Оның ішінде қазақ тіліне 1483 бала - 68 пайыз, ал орыс тіліне 695 бала - 32 пайызды құрап отыр. Яғни, қазақ тіліне оқуға тапсырғандар саны екі еседен асып тұр. Екі тілде тапсырған үміткерлердің арасында “Өркен” грантын иемденгендердің көрсеткіштері қазақ тілі max: 1424 балл – min: 1186, орыс тілі max: 1404 балл – min: 1126 балл”-дейді ашынған ата-аналар.

Мұндай жағдай тек Алматыда ғана емес, Өскеменде де болуда. Алматыда грантқа түскен орыс сыныбындағы 100-ші баладан қазақ сыныбындағы грант ала алмаған 41 баланың балы алды 60 бал артық. Бұндай қиянаттың көрсеткіші Өскеменде 200 бал айырмашылықты көрсетіп тұр.

Бұл не масқара! Ата-аналар айтқандай, оқушыларды теңгермешілікпен екіге бөліп тастамай, грант бәріне бірдей талаппен болуы керек.

Біз бұған дейін “ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН, ОЗАТ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАМАУ ҚАНДАЙ ҚОРЛЫҚ!” және 

“НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІ ҚАЙ МЕМЛЕКЕТТЕ ОРНАЛАСҚАН?”-деген Алматы мен Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебіндегі әділетсіздіктер туралы өзімізге жазылған арыздар бойынша екі рет мақала жарияладық. Аузына құм толтырып алғандай Назарбаев мектебі басшылығынан әлі тырс еткен үн жоқ! Оқу-ағарту министрлігінен министр Асхат Аймағамбетовтың Назарбаев зияткерлік мектебі басшысы К.Шәмшидиноваға мәселені шешуді тапсырғанын айтты, бірақ әлі нақты нәтиже жоқ.

Назарбаев зияткерлік мектебінің Күләш Шәмшиддинова бастаған басшылары мектептер қай мемлекетте орналасқындығын және Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кеткенін біле ме екен?! Назарбаев мектептерін Оқу-ағарту министрлігіне қаратып, тәртіп орнату керек!

Орыс сыныбына оқуға түскен баладан 200 бал жоғары алып тұрып, Қазақ сыныбына тапсырғаны үшін оқуға түсе алмаған оқушылардың жүрегіндегі жаншылған Теңсіздікке кім жауап береді біздің елде? 

Өз елінде қазақ болғаны, озат болғаны үшін оқуға қабылданбаған олардың жан жарасын Кім жазады?!.

Жоғары бал алған қазақ сыныбына түскен оқушылардың бәрі қабылдануы тиіс! Биліктен бастап, “Бір елміз” дегенде жағымыз талмайды, неге енді грантты “қазақ-орыс сыныпттары” деп, екіге тең бөліп тастамай, Әділеттілікпен бәріне бір талап - үздік көрсеткішпен оқуға қабылданбайды?!.

Бұл барып тұрған масқара дискриминация! Мемлекеттегі Мемлекеттік тілге дискриминация! Бізде ұлты, тілі үшін дискриминацияға ұшыратуға болмайды деген 14 бап бар емес пе? Осы біздің Конституцияның баптары тек өзге этностар үшін жазылған ба, қазаққа пайдасы тиетін кезі бола ма, болмай ма?

2020-2021 оқу жылында 5 қазақ сыныбы, 3 орыс сыныбы бітірді. 

Осы жылы 5 қазақ сыныбы, 3 орыс сыныбы қабылданды.  

Биыл , яғни 2021-2022 оқу жылы 5 қазақ сыныбы (120 оқушы), 2 орыс сыныбы (40 оқушы) мектеп бітірді. 

Бірақ, 4 қазақ сыныбы (100) , 4 орыс (100) сыныбы қабылданды. Яғни, бұрынғы орыс сыныбы оқушыларына 60 бала қосып берді. Ал қазақ сыныбына 60 бала қоспақ түгілі, бұрынғы санынан 20 бала кемітіп жіберді… Шу осы сорақы әділетсіздіктен шығып отыр.

Биыл бұрынғы жүйені өзгертіп, бұл тілдік және конституциялық дискриминацияға ұшырататын 100/100 теңгермешілік “формуласын” кім жасады? Аты-жөні кім, қызметі қандай?! Мақсаты қандай - қазақ баласын қазақ болғаны үшін, азат болғаны үшін, озат болғаны үшін шырылдатудан басқа?!.

Бұл ұлттық мүдденің, ұлттық негіздің тамырына балта шабар жымысқы саясаттың мақсаты - келесі жылы мұндай қорлыққа шыдамаған ел балаларын орыс сыныбына бере бастайды! Осы - негізгі мақсат!

Иә, бұл Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ЖАҒДАЙ 

БАРЫП ТҰРҒАН ӘДІЛЕТСІЗДІК!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты