Қызылордада биыл 4 адам Конго-Қырым безгегінен қайтыс болды

Қызылордада биыл 4 адам Конго-Қырым безгегінен қайтыс болды

Қызылорда облысында биыл 4 адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы өршіп тұр. Облыс бойынша 33 науқас тіркеліп, оның 14-і нақтыланған.

Өкінішке қарай 4 адам конго-қырым геморрагиялық қызбасынан көз жұмды.

Қайтыс болған науқастар – Қызылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұрғындары.

«Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, 1 науқас ем алуда. Тиісті медициналық ем шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын болдырмау, алдын алу шаралары да көптеп жүргізілуде», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.

Былтыр кене шағудың 238 жағдайы анықталса, биыл 601 дерегі тіркелген. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылғыдан жоғары.

Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарында есептелсе, биыл олардың саны 116-ға жетті.

«Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жаңа микроошақтарын анықтау мақсатында 40 075 дана кене жиналып зерттелді. Оның ішінде 5174-і – елді мекендерден, 16 765-і – жануарлардан, 17637-сі – табиғаттан, 496-сы ауру ошақтарынан жиналған. Барлығы 4527 сынама зерттеліп, 127-сінен оң нәтиже анықталған. Облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде бар», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Айта кетейік, эпидмаусымның басталуына орай қолайсыз елді мекендерде аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық шаралар белсенді жүріп жатыр.