Қазақ жастары теңізшілікке құлшынады

Қазақ жастары теңізшілікке құлшынады

Есенов университеті Теңіз академиясында «VS мәдениет сапасын бақылау» бойынша білім беру сапасын тәжірибемен қамтамасыз ету жүйесі жөнінде техника ғылымдарының докторы, Теңіз академиясының профессоры Жолдыбай Жұмаевпен сұхбат құрудың сәті түсті. Әңгімеміздің басында сұхбаттасымызды оқырман қауымға Жолдыбай Жұмаұлының докторлық жұмысын теңіз тақырыбына қорғаған тұңғыш кәсіби маман екенін айта кеткен атртық болмас.

– Жөке, алдымен оқырмандарға өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Кәсіптегі жетістікке жету жолыңыз қалай басталды?

–Бейнеу ауданы, Ақжігіт совхозында қарапайым жұмысшы отбасында 1963 жылы дүниеге келдім. Анам Жансұлу Әкімбаева мектеп-интернатта аспазшы болып жұмыс істеді. Өте мейірімді, кез-келген адамға жаны ашитын, көмек бергісі келіп тұратын жан еді. Сондықтан ауыл адамдары оған «Жанбала» деген ат берген. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер Жұма Көшенов Ақжігітте екі жерде жұмыс істеді. Жазда ауылға су беретін мекемеде, қыста совхоздың жылу беретін бу қазанында от жағушы жұмысын атқарды. Ол анам сияқты жұмсақ емес, өте қатал адам еді. Өтірік айтатын, көп сөйлейтін, мысқылшыл, боғауыз айтатын адамдарды көрсе, шыдай алмай қамшымен осып жіберетіні бар-тын. Сөйтсе де, ауыл адамдары әкемді жек көрмейтін. Әкем маған: «Балам, қара жұмыс жасаған күн осындай болады, мен ерте жетім қалып оқи алмадым, енді оқимын деп деп жүргенде әскерге алып кетті, армия аяқтала бергенде соғыс басталып кетті, – дейтін-ді. – Сенен сұрайтыным «оқы», «оқы» және «оқы»... «Әке, бұл Лениннің сөзі ғой» деп күлемін. «Жоқ, ол Лениннің сөзі емес, ол Алланың сөзі!» деген әкемнің сөздері жүрегімді дір еткізгені есімде қалыпты...

 Сөйтіп мен мектепте жүргенде-ақ алдыма үлкен мақсат қойдым. Оқуға түсем, оны бітіремін, тағы оқимын және қашан әкем болды дегенше оқи беремін деп... 1985-жылы әскерден келіп, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының Ақтау қаласындағы филиалына оқуға түсіп, оны «Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, диплом алып, қатты қуандым....

– «Шағын мемлекетіңі» – отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.

– 1989 жылы 4-курста үйлендім, келесі жылы тұңғыш баламыз дүниеге келді. «Бұл– менің Қуанышым, сен диплом алған соң, қуанып атын солай қойдым» – деді әкем. Ал маған: «бір диплом – «шикі-білім», тағы оқы балам!» деді. Сөйтіп мен 1990-жылы Ақтау университетінің ректоры Есберген Божановтың шақыртуымен оқытушы-стажер қызметін бастап кеттім. 1994-жылы қайтадан осы университеттің Алматыдағы аспирантурасына түсіп, 1996-жылы «Көтергіш-көлік машиналары» мамандығына арналған диссертациямды ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болдым.

Жыл өткен соң академик Рахымжан Абылқасымұлы Кабашев келіп, Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтау филиалын ашты. Филиал директорлығына Б.Дүйсембаевты тағайындады. Баймұханбет Мәдиұлы балабақшаға ғимаратын қайта құрылымдап, лабораториясын жабдықтап, кітапханасын оқулықтармен толтырып, практикалық кабинеттерді жасақтап, филиалды толық құжаттандырды.

Жаңа оқу орнына білікті мамандар іздеп, кафедраларды маман оқытушылармен толықтыру кезінде мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, су көлігі мамандығына бетбұрдым. КазККА Ақтау филиалында көліктің барлық түрлеріне дайындайын мамандықтар болды, су көлігіне байланысты кураторлықты мен атқардым. Көп ұзамай Қазақстанда алғаш рет «Су көлігі факультеті» ашылып, декан лауазымына сайландым.

Әкем дүниеден өтер алдында маған соңғы аманатын айтып, «оқуыңды тоқтатпа» деген болатын. Сондықтан 2004-жылы Алматыға, академик Р.А.Кабашевқа барып, докторантураға түстім. Оны екі жылдан соң қорғап, техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болдым. Еліміз бойынша су көлігі тақырыбы бойынша алғаш ғылыми еңбек қорғаған маман болып шықтым.

Бір жылдан соң доцент ғылыми атағына ие болғанда мен Есенов университетінде «Теңіз техникасы және технологиялары» кафедрасының меңгерушісі едім. Бұл еліміздегі теңіз көлігіне жоғары білімді мамандар дайындайтын ең алғашқы кафедра болатын.

2010-жылы профессор ғылыми атағына ие болғанда университеттегі Теңіз-оқыту жаттықтыру орталығының тұңғыш директоры атандым. Бұл орталықта еліміздегі теңіз көлігіне жоғары білімді мамандарға және студенттерге 123 халықаралық сертификат куәлігін бере бастаған ең алғашқы орталық еді.

 Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша, Нидерланды еліндегі Терсхеллинг қаласында Виллем Баренц атындағы Халықаралық Теңіз Институтында білім алдым. Оны тәмамдаған соң, төрт жыл Ресейдің Новороссийск қаласындағыі адмирал Ф.Ф.Ушаков атындағы мемлекеттік теңіз университетінде оқыдым. Қазіргі таңда Есенов университетінің теңіз академиясы профессоры қызметіндемін.

 Әйелім мектепте есепші, ұлым Қуаныш өз жолымды жалғап, Ресейден теңіз университетін бітіріп, қазіргі таңда Коламбия шипменеджмент шетел компаниясында мұнай тасымалдайтын танкер капитанының көмекшісі.

– Теңізшілік мамандықтың қыр-сырын танытып жүрген мамансыз. Өз іс-тәжірибеңізбен, жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– ХХІ ғасырда адамзаттың тұрақты дамуының ең маңызды шарты: «Білім беру жүйесі әлеуметтік интеллект сапасымен, Адам сапасын арттырудың негізгі тетігі» болып табылады. ЮНЕСКО тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің он жеті жолымен жүзеге асырылатын әлемді қайта құру жөніндегі қызметте «жан-жақты және әділ сапалы білім беруді және барлық адамдар үшін өмір бойы оқу мүмкіндігін ілгерілетуді» қамтамасыз етуге бағытталған төртінші мақсатты ерекше атап көрсетті. Тұрақты даму мақсаттарына «сапалы білім алу адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсартады және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін негізін қалайды» деп атап өтті.

Білім беру сапасының модельдік архитектурасы білім беру ұйымдарында мәдениет сапасын қалыптастыру процесінде құрастырылады. Мәдениет сапасын қалыптастыруға барлық мүдделі тараптар шоғырлануы керек: білім беруді басқару және реформалау мәселелерімен айналысатын шенеуніктер мен басшылар, білім беру саласындағы ұйымдастыруды жүзеге асыратын жетекшілер мен менеджерлер, оқу сабақтары мен оқу процесін жүргізетін мұғалімдер, педагогтер және оқытушылар және білім алушылар. Осыған байланысты білім берудің әр деңгейінде өзіндік сапа тұжырымдамасын анықтап, сапаны қамтамасыз етудің тұтас жүйесін құру арқылы сапаны бақылаудан сапаны басқаруға көшу қажет. Оны қамтамасыз ету үшін сындарлы шаралар қабылдауымыз керек және тәжірибемен ұштастыру ең маңызды.

– Ақтаулық кәсіби теңізші мамандар туралы не айтасыз? Болашақ мамандар теңіздегі іс-тәжірибесін қалай өткізеді?

– Университет реформаларының және қайта құруларының негізгі мақсаты білім беру сапасын арттыруға бағытталғандықтан, біздің ұжым Теңіз академиясында: білім беру кеңістігінде жергілікті сапа мәдениеті, сапаны басқарудың республикалық дұрыс моделі және сапаны басқарудың халықаралық тиімді модельдерін қалыптастырдық.

Сапа мәдениеті білім беру процесінің барлық субъектілерінде және институционалдық, сонымен қатар өндірістік деңгейде, тәжірибе жетекшілері шешімдер қабылдай отырып, өндіріс менеджерлердің ойлау және әрекет ету тәсіліне баптау маңызды. Мысалы: алпыс күн қатарынан Халықаралық Ақтау теңіз сауда портында тәжірибеде болған студент академияға келгенде сол жердің жұмысшысы ретінде, порттың мәдениетімен оралады.

Осы орайда бізге қол ұшын берген Абай Түрікпенбаев, Ұлан Тлеуғали, яғни осы порттың жауапты басшылары өздерінің білікті, саналы, ақылды басшы екендігін көрсетіп қана қоймай, Қазақ Елінің патриоты екенін дәлелдеді. Себебі, Ақтау портының жұмысшы мамандары, сол территорияда ерсілі-қарсылы жүк тасып жүрген көліктер, тиеп-түсіру автоматты құрылғылары, жаңа технологиялы шет ел крандары, қаншама кемелер және темір жолмен тиеліп-түсіріліп жатқан вагондар мен пойыздар - осылардың бәрінің қауіпсіздігіне көз жұмып, Теңіз академиясының елу студентін (2-3 курс) тәжірибеден өткізем деуі – порт президенттерінің қазақ жастарына қолдау көрсетуі, тіпті ерлігі деуге болады.

– Қазақ жастарының кәсіби теңізші болуға қызығушылығы қандай? Кәсіби мамандыққа қалай машықтанады?

– Бүгінгі теңізшілік мамандықты кәсіби түрде меңгеріп жатқан жастардың 90 пайызы қазақ ұлтының жастары. Демек, бұл мамандыққа қызығушылығы жоғары деген сөз. Биыл оқу бітірген түлектер 180 күн қатарынан Құрық теңіз сауда портында (Ақтаудан 60 км) паромда тәжірибе өткізіп, порт офистерінде жұмысшылармен бірге қызмет атқарып, өз жетістіктерін көрсетті.

Үш мезгіл тамақтану, жарты жыл порт мейрамханасында тұру, студенттердің мәдениетті, көзі ашық, саналы азамат, білікті маман болып оралуына жағдай жасады. Тәжірибе кезінде кәсіби білім алуына тұрақты назар аударып, жастарға жанашыр болып, сол порттағы заманауи технологияларды меңгеруді ұйымдастырған білікті маман Бегей Камидоллаевтың көмегі көп болды. Әрине алпыс студенттің болашағына мән берген порт әкімшілігі С.Ахметовтің еңбегін айтпай кетуге болмайды.

Сапаны басқарудың халықаралық тиімді моделіне «Каспийшиппинг» су қатынастары компаниясында тоқсан күн кемеде жүзу тәжірибесінде болған 4-курстың кемежүргізушілер-студенттері арқылы халықаралық дәрежеге қол жеткіздік. Ең маңыздысы, бұл компания шілдеден бастап шет тілін білетін студенттерімізді «Вахтенный матрос» қызметіне, айына 1200 доллар айлық беретін жұмысқа алатын болды. Ол үшін бас директор Жандарбек Жанзаковқа ризамыз. Жаңбырбай Мизамбаев бастаған орынбасарлары студенттерге қауіпсіздік техникаларынан бастап, кемеде өздерін қалай ұстап жүрудің бәрін үйретті. Төрт жыл бойы Теңіз академиясында аудиторияға кіріп-шығып жүрген студентке, кенеттен теңіз айдынына үш-төрт айға кету оңай емес. Биылғы қаңтардан бастап теңізде «Абай», «Қазақстан» кемелерінде тәжіриеден өткен студенттеріміз «нағыз теңізші» болып оралды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Үміт Жәлеке,

 ҚР ақпарат саласының үздігі.

Ақтау.