Атқарушы билік халыққа мінсіз қызмет етуге міндетті

Атқарушы билік халыққа мінсіз қызмет етуге міндетті

        Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасып, отыз жыл бойы сол сірескен жүйеде өмір сүріп келгеніміз баршаға аян. Биліктің бар тетіктері бір ғана президенттің қолында болғаны да өтірік емес. Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды, қоғам да, өмір де өзгереді. Қазір саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделіп, суперпрезиденттік басқарудан арыла бастадық. Оған Конституциямызға енгізілген саяси-экономикалық, мемлекетті басқару мәселесіне қатысты түзетулер нақты дәлел бола алады. Жақында ғана өткен референдумда қоғамды демократияландыруға, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған өзгерістерді көпшілік қуана қолдады.

       Саяси жаңғыру болмаса елімізді дамытып, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес екенін түсіндік. Бұл бағытта бірқатар қадамдар жасалып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың бірнеше топтамасын ұсынды. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге аса бастады. «Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі» - деген болатын Қазақстан халқына Жолдауында.

    Әлемнің бірқатар дамыған елдерінде парламенттік басқару жүйесі бұрыннан қалыптасып, тұрақты жұмыс істеп жатқаны белгілі. Айта кетуіміз керек, оларда атқарушы билік өз тұрғындарына ашық және нәтижелі қызмет көрсетеді. Бізде ше? Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын.

       Президенттік, парламенттік озық жүйені енгізгенмен сол басқарушы органдардың шешімдерін нақты жүзеге асыруға тиісті де атқарушы билік болмақшы. Біздің елде ол – Қазақстан Үкіметі, яғни ҚР Министрлер кабинеті мен түрлі деңгейдегі әкімдіктер. «Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында жоғары атқарушы билiк органы. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды» делінген ресми құжаттарда. Оның атқарар міндеті де ауқымды. Ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық және тактикалық шараларға талдау жасап, мемлекеттік бағдарламаларды дайындау, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың жоспарларын әзiрлеп, iске асыру, республикалық бюджеттi және оған енгiзiлетiн өзгерiстердi дайындауға қатысу, парламентке республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беру, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз ету, қаржы жүйесiн нығайту жөнiндегi шараларды, баға құралуының мемлекеттік саясатын әзiрлеп, ұйымдастыру сияқты көптеген салаға қатысты жұмыстары бар. Демек, Парламент қабылдаған шешімдер мен Президент тапсырмасын іске асыру – Үкіметтің мойнындағы жауапты және маңызды іс. Елдің дамуы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының артуы түптеп келгенде сол атқарушы билікке байланысты. Өйткені қандай мықты жобалар мен құнды бағдарламалар қабылданғанмен, ол нақты орындалмаса ешқандай ілгерілеу болмайды.

    Сонау 1991 жылы тұңғыш премьер-министр болған С. Терещенкодан бастап күні бүгінге дейін бұл жоғары лауазымға 12 тағайындау болған екен. Былайша айтқанда, орта есеппен алғанда әрбір 2,5 жыл сайын бас уәзір ауыстырылып отырған. Мәселе олардың санында емес, қызмет сапасында болса керек. Атқарушы биліктің қызмет сапасы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейімен өлшенеді. Осы жағынан алғанда бізде егеменді ел атанғалы мықты атқарушы билік болған деп мақтана алмаймыз. Бас уәзірлерді қайта-қайта ауыстырудың өзі сол қызметтің талапқа сай атқарылмағанын байқатады. Әсіресе Үкімет басқарған білім саласының бағы бір ашылмағанын бұқара жақсы біледі. 1988– 1991 жылдары Білім министрі болған Шайсұлтан Шаяхметовтан бастап, күні кеше тағайындалған Саясат Нұрбекке дейін 15 министр ауысыпты. Соның ішінде Асхат Аймағамбетов туралы ғана халық арасындағы пікір біршама жоғары. Қалғандары жөнсіз реформаларды тықпалап, шетелдің соңынан ереміз деп, өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескермей сала жұмысын әлсіретті. Кейбір министрлер мен орынбасарлары жемқорлыққа салынып, қылмыстық іс қозғалғаны да бар. Ақыры бұл министрлікті екіге бөліп тыныш таптық. Одан қандай нәтиже шығарын болашақ көрсете жатар.

       Бізде неге мемлекеттік бағдарламалар үнемі толық орындалмайды. Айталық ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін неше түрлі бағдарламалар қабылданды. Алдымен үш жылды «ауыл жылы» деп атадық. Ол үш жыл да ауылдарды өркендете алмады. Одан кейін де «сыбаға» сияқты жоспарлар болды. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін түрлі заңдар қабылданып, оған түзетулер де енгізілді. Бірақ одан бұл сала дамып кете қоймады. Тіпті мал шаруашылығымен айналысу үшін жайылымдық жерлер жетіспей, фермерлер малын қайда бағарын білмей шағымдануда. Өйткені жайылымдық жерлер сатылып немесе заңсыз жекешелендіріліп латифундистердің қолында кеткен. Сол бос жатқан жерлерді қайтару жұмыстары енді басталды. Ол да оңайлықпен іске асады дегенге сенім аз.

      Одан кейін бір жылдары моноқалаларды өркендетеміз деп ұрандаттық. Одан да ештеңе шықпады. Бұрындар өнеркәсіп орындары бар шағын қалаларда тұратын адамдар кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздықтан ірі қалаларға қарай көшіп, шағын қалашықтар қаңырап бос қалды. Оларды қайтару үшін жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету керек-ті. Оған қоса мәдени және білім ошақтарын жандандыру да қажет болды. Өкінішке орай, бұл бағдарлама да толықтай іске аспады. Неге? Өйткені бағдарламаны ұсынушылар мәселені жан-жақты зерттемей, жоспарды атүсті жасаған. Адамдарға лайықты жағдай жасамай оларды шағын қалаларға әкеліп қамай алмайсыз. Соның бәрін алдынала ойластыру қажет еді. Сонда бұл маңызды мәселені дұрыстап жоспарлап, іске асыруға үкіметтің әлеуеті жетпегені ме? Үкімет құрамындағы 19 министрліктер мен аймақ әкімдіктерінде мамандар тапшы ма?

      Жоқ, мамандар тапшы еместігі анық. Біздің ел мемлекеттік қызметкерлер саны жағынан әлемдегі алғашқы орындардың бірінде тұр. Мысалы Швейцарияның министрлер кабинеті небары жеті адамнан тұрады екен. Кейбір жарияланған деректерге қарағанда елімізде 98726 мемлекеттік қызметкерлер бар. Демек әрбір екі жүз адамның бірі мемлекеттік қызметкер деген сөз. Министрліктердің ішінде аймақтық бөлімдерін қосқанда Ішкі істер министрлігінде – 123 581, Төтенше жағдайлар министрлігінде – 25 364, Қаржы министрлігінде – 17 218 адам істейді. Әкімдік аппарат көлемі жағынан бірінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 4104, екінші орында Алматы облысы – 4084, үшінші орында Түркістан облысы – 3991қызметкері бар. Мемлекет тарапынан оларға тұрмыстық жағдайлар мен лайықты жалақы қарастырылған. Олай болса осыншама мемлекеттік қызметкерлеріміз бола тұра неге нақты нәтиже жоқ?

      Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстан құруға, халық үнін еститін үкімет қалыптастыруға кірістік. Қалың көпшілік бұған қызу қолдау көрсетіп, ертеңгі күнге үлкен үміт артып отыр. Бірақ түрлі деңгейдегі атқарушы билік тарапынан осыған айтарлықтай құлшыныс байқалмады. Олар сол баяғы ескі жүйенің жетегінде жүр. Жер-жерлерде әкімдікке айтылар арыздар азаяр емес. Жұрт жоғары лауазымдыларға өз талаптарын жеткізе алмайды.

       Аймақтардағы әкімдіктерді былай қойғанда біздің Үкіметтің өзі әлі ұйқыдан ояна қоймаған секілді. Қатардағы қарапайым тұрғындар түгіл, депутаттардың сауалдарының өзі оларға айтарлықтай әсер етпейтін сияқты. Депутаттар – халық қалаулылары, сондықтан да сайлаушыларының мүддесін қорғайды. Халықтың әлеуметтік-тұрмысын жақсарту жөніндегі талаптарын үкіметке жеткізетін де солар. Бірақ депутаттық сауалдар үнемі нақты нәтиже беріп жатқан жоқ. Үкіметтің айтар сылтауы қашан да табылады, көбінесе жалпылама жауаппен құтылады.

       Біздің Мәжілісте халықтың өзі сайлаған түрлі партиялар өкілдері жұмыс істейді. Солардың ішінде саны жағынан аз болғанмен ең белсендісі – «Ақ жол» партиясы фракциясы. Ақжолдықтар еліміздің экономикасын дамытатын кәсіпкерлерді тұрақты түрде қолдап келе жатқаны көпшілікке белгілі. Бизнесті негізсіз тексеруді шектеу, кәсіпкерлерді салықпен тұншықтырмау, қаржы саласындағы жемқорлықты тоқтату сияқты талаптарын үнемі айтып, осы тектес жүздеген депутаттық сауалдарын Үкіметке жолдаумен келеді.

      Осыған орай бір-екі мысал келтірейік. «Ақ жол» фракциясы Қаржы мониторинг агенттігіне сауал жолдап Казақстан халқының ұрланған қыруар қаражаттын елге қайтару мәселесін көтерді. «Біздің фракция сонғы жылдары, «Панама тізімі», «Райское досье» және, Швейцария банктерінің Қазақстандықтырдың шоттарына қатысты депутаттық сауалдарымызда осы мәселелерді бірнеше рет көтерген болатынбыз. «Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең» делінген депутаттық сауалда.

      Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы Қаржы мониторингі агенттігінен Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылған туралы ақпарат беруді, қаңтардағы оқиғалар кезінде Қазақстаннан шетелге канша қаражат шағарылды, оны кімдер шығарды, кімдердін шоттарына түсті, салық органдарынан мұндай қаржының шығуының заңдылығын және олардың тиісті салықтарды төлегенін тексеруін талап етті. Тағы да қайталап айтайық, бұл мәселеге қатысты «Ақ жол» фракциясы жылдар бойы депутаттық сауалдарын жолдап келеді. Бірақ Үкімет тарапынан нақты іс байқалмайды. Сол құпия күйінде қалып келеді. Президент жақында шетел асқан қаржыларды қайтару туралы тапсырма бергені белгілі. Бәлкім осыдан кейін жауапты органдар тиісті шараларды іске асыратын шығар.

      Биылғы ақпан айында ақжолдықтар премьер-министр Ә. Смайыловтың атына сауал жолдап, квазимемлекеттік компаниялардың бюджеті қоғам үшін ашық болуы керектігін тағы да талап етті. Президенттің әлеуметтік-экономикалық саясатты қайта құрып, оның ішінде бюджеттің қосымша кіріс көздерін табу туралы тапсырмасын естеріне салып, «Ақ жол» фракциясы бүгінде ондай көздердің бар екенін, тек олардың қоғам үшін көрінбейтіні, ал оның ресурстары мемлекетке емес, аз ғана бір топтың мүддесіне ғана қызмет ететінін ашық айтты. «Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда, олардың жұмсалуы, яғни, офистер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ» делінген сауалда. Шынында да олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. «Самұрық-Қазына», Бәйтерек», «СК-Фармация» қорлары, «Парасат» холдингі, СПК сияқты қаптаған «РГП, АО және ТОО-дан» аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың тым еркінсіп кетуіне қарағанда жоғарыда мықты қолдаушылары барға ұқсайды. Негізі ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардан түскен барлық таза пайда бюджетке тиесілі болу керек.

        Сол сияқты «Ақ жол» партиясы Үкіметтен ірі шетелдік инвесторлармен мұнай-газ және металл ресурстарын өндіру туралы келісім-шарттарын халық алдында ашуды талап етті. Дұрыс талап, өйткені бұрындар жасалған осы келісім-шарттардың құпиясы көп. Олардың басым бөлігі мемлекет мүддесіне орай жасалмаған деген күдік те айтылып келеді.

        Осы тұста «Халық талап еткен, депутаттар көтерген мәселелерді алдынала ойластырып, бағдарламаларды дұрыс жоспарлап, оны нақты іске асыруға Үкімет құрамындағы министрліктерде отырған саны жағынан жетіп артылатын мамандардың біліктілігі жетпегені ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Олай деуге де ауыз бармайды. Өйткені сол жерде отырған лауазымдылардың біразының ғылыми дәрежелері бар, көбісі атақты шетелдерден білім алып келгендер. Сонда не жетіспейді? Әлде олардың дұрыс жұмыс істеуіне біреу бөгет жасап отыр ма? Олай болса «ойымды да, қолымды да мыналар байлап отыр» деп ашығын неге айтпайды? Біздіңше жауапты орындарда отырған мамандарға халыққа мінсіз қызмет етсем деген ниет жетіспейді. Алдымен ұлтыма адал қызмет етсем деген шынайы ниетті қалыптастыру қажет. Ал, ол оңай жұмыс емес, оған да біраз уақыт керек. Ол өз алдына бөлек әңгіме...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz