Қазақтың бір ауыз сөзін айта алмаған Ертісбаев құйтырқы жолмен ұпай жинағысы келе ме?! - Б. Смағұл

Қазақтың бір ауыз сөзін айта алмаған Ертісбаев құйтырқы жолмен ұпай жинағысы келе ме?! - Б. Смағұл

Жақында Үкімет Парламентке «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын қарау үшін ұсынды деп естіп жатырмыз. Бұл өте өміршең мәселені көтерген заң жобасы деп білеміз. Себебі, әр қазақ үшін бас қайғы болған кредит мәселесі қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың қордалануына әкеліп соғып отыр. Осыдан бірсыдырғы жыл бұрын, атап айтсам, 2013 жылдың 13 желтоқсанында бұл мәселені алғаш «Ақ жол» партиясы көтерген екен. Бірақ мемлекеттік органдар бұл заң жобасын қараудан бас тартыпты. Ал, 2014 жылы «Ақ жол» партиясының депутаттары Мәжілістің заң жобаларын қарау жоспарына енгізуге қол жеткізді. Осылай аталған партия шетелдік заң жобаларын зерттеп, зерделей келе, заңның жаңа жобасын жасап шықты. Сөйтіп, 2015 жылы «Ақ жол» партиясы «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасының тұсаукесерін өткізді. Бұл Қазақстанда жеке адамдардың әлеуметтік құқығын қорғайтын және несие алып, қарызға белшесінен батқан адамдарды қиындықтан арашалап алатын ең тұңғыш заң жобасы еді. 

Өкінішке орай, содан бері сегіз-тоғыз жыл өтті.«Ақ жол» партиясы жылма-жыл бұл мәселені Үкімет пен Парламентте көтерумен келеді. Үкіметтегілер халықтың мүддесін қорғайтын заңды қабылдатуға ықпал етудің орнына, күн тәртібінен алып тастаумен болды. 

Ол кездегі биліктің кімнің шашасына шаң жұқтырмағанын білесіз. Халықтың емес, ат төбеліндей қалталы топтың мүддесін көздеп, дес бермей тұрған шақ болатын. Мұндай заңды қабылдату екінші деңгейлі банктерге де салмақ салып, қалталарын қағуға жол ашатындықтан кейінге ысырылуы түсінікті. Оның астарына үңілсек, халыққа жаппай үлкен пайызбен кредит берген банкілердің иелері де сол биліктің маңайындағы сыбайластар болғаны да еш жасырын емес.

«Қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері болғандықтан, Үкіметтегілер де «Ақ жол» партиясының депутаттық сауалдарын жауапсыз қалдырды. Тек, биылғы жылдың 5 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғаларды банкроттау туралы заң жобасын әзірлеу керек дегесін-ақ Үкімет те қимылдай бастады.

   «Ақ жол» партиясының сөзін естісе де, құлақтары керең Үкіметтегілер арада қанша жыл өткесін іске кірісіп, заң жобасын ұсынуға кірісті. Қазіргі ұсынылған заң жобасы «Ақ жол» партиясының бұрын ұсынған және Үкіметтің де кейін бірлесіп жасаған ортақ жобасы болып табылады. Дұрыс-ақ делік. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тікті» демекші, ақжолдықтардың бұл бастамасын оп-оңай өз бастамасы етіп көрсетуге тырысқан «Қазақстанның халық» партиясының басшысы Ертісбаевтың бұл арам ойын қалай түсінсек екен?! Кезінде сол биліктің сойылын соғып, қазақтың бір ауыз сөзін айта алмай, керең болған Ертісбаев енді осындай құйтырқы жолмен ұпай жинағысы келе ме екен?! Ұят жоқ екен өзінде.

   Бұл нағыз плагиаттық қаракет қой. Оның осы заң дайлы бастама көтерген сөздеріне антиплагиаттық тексеру жүргізу керек. Әрбірдесін бұл коммунистік партия қашан көтеріпті екен, бұл мәселені. Кезінде «Ақ жол» партиясы ұсынған кезде неге қарсы болды неге тасада қалды. Соны айтсын, соған жауап берсін одан да. Коммунистік атауын алып тастағанмен, пиғылдары түзелді деп ойламаймын. Қазақтың жетпіс жыл жапа шегіп, геноцидке ұшырағанына тікелей кінәлі бұл партияны коммунислік тоталитарлық жүйенің сарқыншағы ретінде жапқызу керек деп есептеймін.

Мен бұл заң жобасы туралы ақпараттарды тағы бір рет ақтарып шықтым. «Ақ жол» партиясы осыдан тоғыз жыл бұрын алғаш рет көтерсе, ең соңғы рет партия төрағасы Азат Перуашев ел Үкіметінің басшысы Әлихан Смайыловқа осы жылдың басында, яғни, 19 қаңтар күні хат жолдап, аталған заңның жобасына бастамашылдығы туралы айта келіп, жаңа заң жобасын ұсынады.

Біздегі билік бәріне кешігіп жүреді ғой. Егер осы заң сол ұсынылған уақытында қабылданғанда бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайы басқаша болар еді. Амал не, Үкіметтің де ондайда құлағы керең бола қалады. Енді қаңтар оқиғасы елдегі жағдайды күрт өзгертіп еді, түк болмағандай алақандарын ысқылап заң жобасын Парламентке ұсынып жатыр. Сондықтан «Ақ жол» партиясы ұсынған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын иемденіп алғысы келетіндер ақиқатты аттамасын дегім келеді.

Бақыт Смағұл,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.