Бұрынғы посткеңестік елдердің барлығы мемлекеттік тілін заңнамалық негізде баяғыда шешіп алған - Мұрат Бақтиярұлы

Бұрынғы посткеңестік елдердің барлығы мемлекеттік тілін заңнамалық негізде баяғыда шешіп алған - Мұрат Бақтиярұлы

Қадірлі замандас інім Махат! Маған 17 маусым күні арнайы хат жазып, туған күніме қатысты жылы лебізіңді білдіріпсің. Рахмет. Сонымен қатар тілге, мемлекеттік билікке, биліктің тұтқасынан айырылғысы келмейтін аға ұрпақтың кейбір өкілдеріне байланысты менің пікір білдіруімді сұрапсың. Денсаулық жағдайыма қатысты жауап хатымды кештеу жазып отырмын, айыпқа бұйырмассың деп ойлаймын. Тіл-қазақ қоғамының жазылмайтын шиқанына айналды. Бұрынғы посткеңестік елдердің барлығы ұлттық тілін заңнамалық негізде баяғыда шешіп алған. Мысалы, латыштарға қарағанда орыстардың саны көп Латвияның өзінде латыш тілін білмейінше ол мемлекетте нан тауып жей алмайсың. Міне рухы мықты ұлт! Иранда парсылар халықтың үштен бірінен сәл ғана асады. Бірақ парсы тілі осы елдің бірден бір мемлекеттік тілі. Иранда тұрып жатқан 25 млн азербайжандардың тілінде бір мектеп, не бір газет , не бір телеарна жоқ, өйткені Иран мемлекетінің иесі парсылар, мемлекет тек парсы ұлтының мүддесіне ғана қызмет етеді. Кезінде Түркияның Сыртқы істер министрі болған Тансу Чилер Жапонияға барған ресми сапары кезінде өзіне журналистің ағылшын тілінде қойылған сұрағына ағылшын тілінде жауап бергені үшін, еліне келгеннен кейін түрік тілінің, Түркияның беделіне нұқсан келтірді және Түркияның тіл туралы заңын бұзды деп сотқа тартылған. Міне ұлттық тілді құрметтеудің, тіл заңдылығын сақтаудың ғажап үлгілері. Біздің де алдыңғы толқын ағаларымыз парламент қабырғасында қазақ тілін қаншама рет шырылдап тұрып көтерді. Біздер де ақылымыз жеткен жерге дейін айттық. Басшылардан сөз де естідік. Бірақ азаматтық ұстанымымды өзгерте алмайды екенмін. 

Сол баяғы жартас… амалымыз жетпей жатыр. Тәуелсіз ел болдық деген отыз жылдың ішінде екі ғана заң осы мемлекеттің атын иемденген ұлттың тілінде жазылған. Жылайсың ба, күлесің бе? Намыс, ұят, ұлттық рух бізде жоқ па? Ұлтымыздың көптеген шенеуніктері өз тілін білу міндет емес, өзге тілдерді білу мәдениеттілік пен сауаттылықтың көрсеткіші деп санайды. Отыз жылда саналық отарсыздандыруға байланысты мемлекет мардымды жұмыс жасай алмады. Оны мен мойындаймын. Отарсыздандыру үшін оқу орындарын ( балабақша, орта мектеп, ЖОО) жүйелік түрде ұлттық бағытқа ауыстырып, мемлекеттік тілде сапалы оқу құралдары мен білікті мамандарды дайындап шығаруымыз керек еді. Екіншіден, елдегі мемлекеттік тілдегі танымдық ұлттық бағытта ақпарат беретін барлық ақпарат құралдарына, кино, театр, телеарналар т.б. үлкен қаржылай қолдау көрсетіп, ұлттық тәрбие, дәстүр, білім, еңбек құндылықтарын үнемі дәріптеп отыратын саналы ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ететін құндылықтарды шығарып отыруымыз керек еді. Үшіншіден, ең бастысы мемлекеттік тілді білмейінше халыққа қызмет көрсететін барлық мемлекеттік орындарда жұмысқа тұра алмайтындай орта қалыптастыруымыз керек еді. Барлығы да “керек еді мен әттегенаймен “кетті. Тек біздің мемлекетте ғана өзінің ұлтының тілін қорғайтын аты дардай Қазақ тілі қоғамы бар. Пародокс. Басқа мемлекетте мұндай ұйым жоқ. Махат, біле білсек ұлттық тіл сол ұлттың рухын көтеретін ғана емес, сол ұлтты ұлы мақсаттарға жұмылдыра алатын үлкен күш, мықты идеология. Көпшілігіміз осыны түсіне алмай келеміз. Сенатор ретінде тілге қатысты мәселелерді бірнеше рет көтердік. Нәтиже шықпады. Саяси ерік, жігер, батылдық жетіспей жатыр. Бұл мәселені бәлкім сіздердің ұрпақтарыңыз шешер. Біздің ұрпақтың бойындағы жалтақтық пен сатылғыштық, жағымпаздық пен тойымсыздық сияқты құдай атқан қасиеттер жас буынның бойынан аулақ болсыншы деп тілеймін. Осы кезге дейін нағыз мемлекет қайраткерлерін дайындай алмадық, тек “ команда” қайраткерлерін дайындап жібердік. Қолымыздан келмеген дүниелер көп ғой… жас ұрпақтың алдында парызымыздан қарызымыз көп, сол үшін кешірім сұраймын. Хаттың жалғасын келесіде жазармын.

Мұрат Бақтиярұлы, 

Сенат депутаты