«ЛЕНИНІ БАР» ҚЫЗБЕЛДІҢ МЕКТЕБІ

«ЛЕНИНІ БАР» ҚЫЗБЕЛДІҢ МЕКТЕБІ

Қостанай халқы Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға өтініш жолдады

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның атына өтініш жолдап, Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы Қызбел селолық округінің орталығында әлі күнге дейін салтанатпен тұрған Ленин ескерткішін орнынан алып тастау тұрғысында ауыл тұрғындары атынан арызын жеткізді.

- Бұл тұрғысындағы «Ленині бар» Қызбелдің мектебі» деген мақаланы («Егемен Қазақстан», 31.05.2022 ж; «Қостанай таңы», 31.05.2022 ж.») қоса жібердік.

Мүмкіндігінше, өтінішіміздің орындалуына қозғау салады деген тілекпен, алдын ала алғыс білдіреміз, - деп жазды Қ. Әлім.

«ЛЕНИНІ БАР» ҚЫЗБЕЛДІҢ МЕКТЕБІ

    Ғасырмен құрдас мектебімнің тойына ойша жиналғалы, жүрек тулап, ойлар орамданып, көңіл көк теңізше дөңбекшиді. «Барам, барам!» деген іңкәрлік сезім індетіп, сол құмардан шығарар аласұрған ынтықтық өн бойымды балбыратып, тағатсыздандырады. Шыдам шегі үзілердей боп, алабөтен күймен күмбірлене түсесің. Тарт, тарт, қасқа жол! Зуылдатып түсейін жоныңа, жаныммен жинап шақырымдарыңды. Сағындым-ау, бір көрмекке, асық үйірген ақ тақырларыңды! Сонадайдан Қызбелдің сағымданған алапес шыңдары көзіме шалынғанда қайтер едім? Қыземшектің көтеріңкі сыңар төсі көз қиығыма іліккенде, «әттеген-ай»- дан бетті басқандай боп түңілерімін. Шындық өшпейді, сөнбейді. Қайта, уақыт тезімен тізерлеп тұрып, айқын бейнесін сын сарабына салатыны ақиқат қой. Сондықтан несін, жасырамын, баяғыда кеңшар құрылысы басталғанда, осы Қыземшектің төсінің бірінің тастарын тасып әкеліп, іргетасқа қалағанын көзіміз көрді. Содан ғой сұлулық символының сыңары сыпырлып қалғаны... Бәрібір-бәрібір, сол Қыземшек менің есіме қаз қалпы күйінде елестейтіні несі екен?.. Әне, сағым қоюлана түсті... Кіндік қаным тамған қасиетті жердің панорамалық ғажап көріністері сиқырша арбап, арқаландырып жіберді. Ойша қауышқанның өзі де дәтке қуат. арманға медет... Жетем қазір саған, асыл ауылым, аңсаған қауымым! Ашшы, құшағыңды. Бауырыңа басшы төліңді, кіршіксіз сүйетін өзіңді. Тауыстың-ау, қашаннан бері төзімді. Сағыныш сарғайтады екен, танымай қалып жүрмін өзімді. Міне, міне, сенің әр қуысыңды тебірінеп, тепкіленіп, телміріп, аралап жүргендеймін, тарс байлап қойса да қос көзімді. Сәби ана құрсағынан көзін жұмып туады емес пе... Бірақ көкірегіне туған жерінің бар асылын жинап сиғызып, соны ғұмыр бойы ардақтамаққа серттесіп туса керек... Сол серт менің пәк жүрегімің түбіне де түйілген екен-ау. Мына, жетпіс бес жасымда да сол аманатыңды үкілеп ұстап, кір шалдырмай махаббатпен ыстап, жетіп тұр екем, Жарқыным! Туған Жерім!

     Есіме не түсуші еді мұндайда? Әрине, алтын ұя мектебіңнің алғаш шаңырақ көтеріп, білім нәрін әр балауса жүрегіне сыздықтата тамызғандай жанкешті күйі жаныңды маздатады. Тіпті, жас журналист кезімдегі тыпыршып ізденуімнің нәтижесінде, мектептің жарты ғасырлық тарихын өзім істейтін облыстық газетке «Алтын ұя» деген тақырыппен шығарғаным ой белесінен қиялай көтеріле қалғаны. Әлі жадымда, ол мақаланың астында «Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Ақсуат орта мектебінің құрылғанына биыл жарты ғасыр толады» деген тақырыпшасы болатын. СССР-дің құрылумен құрдас деп мақатанатынбыз. Заман сөзі болғасын несіне қысыласың. Тарих міндеттегесін, айтпасымызға болмайтын еді. Сол кеңестік кезеңнің қарасын батыратынын ойлау үш ұйықтасақ түсімізге кіретін бе еді? Жо-жоқ! Сол мақаламнан бір үзінді сұранып тұрғанын қарашы: «... Сарықопаны сағалап, түтін түтетіп отырған санаулы ауыл дүрлігіп-ақ қалды.Тосын хабар ел ішін аралап кетті. «Мектеп ашылатын болыпты, балаларды орысша-қазақша оқытады екен» деген сөз әркімнің аузынан түспеді. Осы бір хабар кейбіреулерге майдай жақса, екінші біреулерге түрпідей тиді. Садуақас Жақанин осы жайларды жиі ойлап, соңғы кездері әлдебір қымқуыт ой сонарына түсетін болды... Оның тағдырына мектеп ашу міндеті жүктелген болатын...» Тарих осы. Сол мектеп қазір Міржақып Дулатұлы есімін иеленеді. Осыдан елу жыл бұрын бұған кім сенер еді? Алаш арысын кім тайраңдатар еді? Уақыт тезі бәрін өз орнына қояды екен. Шынның жүзі қылпуынан танбайды екен!

    Мынаң қара, Қызбелге де кіріп қалдық. Әрине, ой жүйріктің арқасында. Елес қуып, әрине. Ешкім мұны жазғырмас. Арман-мақсаттың алқынысын кім тежеген. Қажет болса қиялмен секөнтіне жер шарын миллион орап алмаймыз ба? Ал мектебіміздің тойына келмек боп айылымызды жия алмай жүргеніміздегі ой ұшқырлығын кім тежей алмақ. Ешкімнің қолынан келмес!

    Қоңыраулының аспалы көпрінен өтіп, Қызбел шыңдарына сүйсіне көз тастап, ауылға сұғына кіре бергенімізде баяғы сурет жанарымызды тағы қарып жіберсін. Қолын шығысқа шабыттана созып «күн көсем» Ленин сол тегеурінді қалпында, тас тұғырда басы жалтырап, талтиып тұр! Сол баяғы жасыл желекті саябаққа орналасқан жерінде. Өкініштісі, маңайында бұрын жайқалып тұратын тал-терек емге көрінбейді. Состиып өзі тайраңдайды. Табаны тиген жер кейін ақ тақырға айналатын сүйкімсіздер туралы талай ертегі естігеніміз бар еді. Құдды, сол ма дерсің. Тіпті қапталына шөп өсуден қалғанын айтсақ, біреу сенер, біреу сенбес. Демек, табынған теңдессіз тұлғаның идеясы да қурап бітіп, тақырланған-ау , шамасы. Тап солай! 

    Ал, қызықтың көкесін қараңыз! Мектеп алдында Міржақып Дулатұлының кеуде мүсіні «кел, кел» деп шақырады. Түр-тұрпатына қарап, амалсыздан мүсіркейсің. Бәкене ғана, әлдебір әуесқой өнерпаздың қолтаңбасы аңғарылады. Ленин сияқты аса зор талғаммен тұлғаланбайды. Қарапайым, тіпті көзге қораш-ақ! Міржақып кім? Ленин кім? Тарих екеуін де өз орындарына әлдеқашан қоймап па еді? Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізінде Алаш арыстырының жан беріп, жан алысуларының жанқиярлығы жатыр емес пе? Лениннің қорлығы өңмеңімізден өтпеп пе еді! Ендеше Ленин қарасын неге өшірмейді? Ауыл, аудан, облыс әкім-қаралары қайда қарап отыр? Ойым да құтырынып, ойнақшып шыға келді: «Қызбелден қарасын жоғалтсын Ленин! Міржақыпты мазақ етер жайымыз жоқ! Кетсін, Ленин, кетсін! Ескерткіші алынып тасталсын!»

    Бұл ауылда кезінде Ленин зобалаңдарынан– қызыл большевиктердің қолынан да, жолынан да зорлық, қиянат, саяси қуғын-сүргін көрген, жандарын қиған Алаш арыстарының күрескер буыны өсіп жетіліп, өз мұраттарына адалдықпен кейінгі ұрпақ жадында жатталып қалған тұлғалар жеткілікті. Міржақып Дулатұлынан бастап, оның туған ағасы Асқар Дулатұлы, «минюстің» бас заңгері Сейдәзім Қадырбаев, ҚазМУ ректоры Асқар Закарин, мұғалім-аудармашы Әлмағамбет Қасымов, облыс басқарған Мұқатай Жұрмұхамедов,т.б. күлі ел мақтанышына айналған. 

Ал Ақсуат мектебінің табалдырығын аттап, сапалы білім арқасында әлемдік ғалым атанған Фазылхан Бәйімбетовті, ағайынды академиктер Сайлау, Сәбит Байзақовтарды, министр дәрежесіне көтерілген Нариман Қыпшақбаевты, белгілі ақын,жазушыларды әрдайым үлгі-өнеге тұтамыз.

«Күн көсемнің» кесірі тимеген бұл өңірде не қалыпты? Ештеңе! Маңайын жыландай улап, қазақ ұлтының келешегіне балта шапқаны уақыт өткен сайын айқын біліне бастады. Отарлық бұғауындағы жылдардың есесі оңайлықпен қайтарылмай жүргені де баршаға аян. Осы мектепке қатысты жантүршігерлік бір ғана мысал айтайық. Мектеп ұйымдастырушылардың бірі, атақты мұғалім Дархан Кеншімбаевты халық жауы атандырып, түрмеге жабу үшін оның өз киіз үйінде малдас құрып отырған текеметінің астына Сталиннің суретін әдейі тығып қойып, тінту барысында тауып алған боп аярлық жасағаны қалай ұмытылады?! Қандай қиындықтарға қарамстан бала оқытуларын жалғастыра берген Қызбел мұғалімдерінің символдық бейнесіне ескерткіш соғып, әлгі Лениннің орнына қойса, ғанибет болар еді-ау!

Мына сорақы мысал есіме ентелеп отырғаны. Осы ауыл ұрпақтарының бірі, білікті су инженері өзінің атасы туралы жазған өмірбаяндық кітабында төл руының жер картасын жасап жариялап, масқара қылғаны бар. Күлкіге қалды. Бір ауылдың жерін негізсіз бөлшектеп, алауыздық туғызатын мұндай кісәпір қадамға не итермеледі деп дағдардық. Ол айылын жимастан: «Не әділдік іздейсіңдер, Лениннің мына ескерткіші әлі тұрғанда», деп қалмасын ба. Амалсыздан бетті бастық. Бұл Лениннен дереу құтылмаса болмайды,сірә... Мектеп шәкірттерінің алдында ұяттан қызармас үшін, батыл қадамға бару керек! Мектеп тойына дейін табанын жалтыратсын!

Қызбел кезінде С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының оқиғасы өткен ауыл ретінде де атағы айға біленген еді. Осы ауылдың келіні Роза Жаманова иіліп сәлем жасап кеп, ән салған-ды. Ата-бабасы осы жерден өнген Абай Байтоғаевтың ғажап тембрі таңғалдыратын. Несін айтасыз, Ленинсіз де бұл ауылдың атағы жер жарады!

...Мектебімнің ғасырлық тойына осылайша ойша сапарлап, барып -келіп отырған жайым бар. Кешікпей, Ленинсіз ауылда, Міржақып алаңсыз салтанат құрған өңірде ыстық қауышуға жазсын! 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақ үні