Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі қандай болуы тиіс? - Мәлік Айбар

Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі қандай болуы тиіс? - Мәлік Айбар

«Көш жүре түзеледі» - демекші, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі біртіндеп нығайып, тереңге тамыр жайып келеді. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл болып жарияланды, ендігі кезекте оның нақты саяси құқықтық салдары қалыптасып, жұмыс істеуі тиіс. Сол үшін де мемлекеттік тіл өзіне лайықты деңгейіне жетіп, мықтап орнығуы үшін тиісті шараларды жасауымыз керек. Сондықтан, басқаларға кеңес айтумен шектеліп қоймай, осы мақалада Отанымыздың мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеру механизмін ұсынбақпын.

Ең алдымен мемлекеттік тілге тікелей қатысы бар бірнеше маңызды мәселеге тоқталып өтейін. Олар:

- «Мемлекеттік тіл»- дегеніміздің өзі не, ол не ұғым береді?

- Мемлекеттік тілді кімдер, қандай негіздерге сүйеніп жариялайды?

- Мемлекеттік тілді жариялау не үшін қажет, я болмаса оны жариялаудың түпкілікті көздеген мақсаты не?

- Мемлекеттік тілді жариялағаннан кейін, нақты қандай саяси-құқықтық салдар пайда болады? - деген бірнеше сұрақтарды қамтиды. Атап көрсетілген мәселелер аса маңызды болғандықтан, оларға арнайы тоқталып отырмын.

Сонымен, «Мемлекеттік тіл»- дегеніміз не?.

«Мемлекеттік тіл» - ол жер шарының белгілі бір аумағында өмір сүретін машина механизмді аппараттың тілі.

Жер шарының белгілі бір аумағында өмір сүретін мемлекетте, қандай да бір ұлттың тілі мемлекеттік тіл болып жариялануы үшін, қандай алғы шарттар болуы тиіс?.

Бұл жерде міндетті түрде төрт алғы шартты атау керек.

Олар: «Белгілі бір уақыт кеңістігі», «Жер аумағы», «Ұлт» және «Өз мемлекеттілігін құру». Жердің бір аумағында белгілі бір ұлттың тілі мемлекеттік тіл болып жариялануы үшін, олар сол жерге атам заманнан бері өз еңбегін сіңіруі керек. Яғни, ол ұлттың ата - бабасы сол жер аумағын белгілі бір уақыт кеңістігінде ғасырлар бойы мекендеп, осы жердің иесі атанып, сол жерде өз мемлекеттілігін құрып, ол жерді басқалардан қорғап, кейін өз ұрпағына мұра қылып қалдырып кетіп отыруы тиіс. Осы аталған төрт алғы шарттың орындалуы ғана, жердің қандай да бір аумағында белгілі бір ұлттың тілін мемлекеттік деңгейге көтеріп, оны «мемлекеттік тіл» етіп жариялауға негіз болады.

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жариялануына да осы төрт фактордың негіз болғандығы анық. Және де ол әділеттілікке сай, заңды құбылыс. Тәжік тілі Тәжікстанда, өзбек тілі Өзбекстанда, орыс тілі Ресейде, қытай тілі Қытайда, ағылшын тілі Ұлыбританияда мемлекеттік тіл қызметін жүзеге асыруда. Сәйкесінше, қазақ тілі өзінің тарихи Отаны – Қазақстанда мемлекеттік тіл қызметін жүзеге асыруы - ол заңдылық, оған ешкімнің дау айтуына және кедергі жасауға еш хақысы жоқ! Керісінше, Қазақстан Республикасында өмір сүретін барлық ұлт өкілдері және әлемдік қауымдастық, қазақ тілінің - мемлекеттік тіл қызметін жүзеге асыруына құрметпен және үлкен түсіністікпен қараулары тиіс!

Мемлекеттік тілді жариялаудың негізгі көздейтін мақсаты не және оның нақты саяси-құқықтық салдары қандай болмақ?

Негізінде, мемлекеттік тілді жариялау - бірнеше мақсатты көздейді, әрі ол өз кезегінде бірнеше қызметті атқарады. Мемлекеттік тілді жариялаудың саяси-құқықтық салдары – оның мақсаты мен қызметінен көрініс табады.

Сонымен, мемлекеттік тілді жариялау:

• Жер бетінде адамзаттың пайда болған уақытынан бері, тағдырдың сан мыңдаған қиын қыстау сындарынан аман-есен өтіп, бүгінгі күнде осындай ұлттың бар екендігін және де олардың « өз мемлекеттілігін қалыптастырғандығын» басқа ұлттарға паш етуді;

• Тілі - «Мемлекеттік» мәртебесіне ие болған ұлттың өзін де, тілін де болашақта жер бетінен жойылып кетуден сақтауды және оны одан ары дамытып, нығайта түсуді;

• Қазақстан халықтарының бірлігін сақтауды және оларды топтастыруды;

• Мемлекетті, яғни машина механизмді аппаратты тұтастай «Мемлекеттік тілде» сөйлетуді - мақсат тұтады.

          Мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі - осы аталған мақсаттарға қол жеткізу және оны жүзеге асыру.

Көріп отырғанымыздай, кез-келген бір ұлттың тілі - мемлекеттік тіл мәртебесіне сан мыңдаған ғасырларға созылған үлкен күрестің, үлкен еңбектің нәтижесінде ғана қол жеткізеді екен. Аллаға шүкір!. Қазақ тілі - осы сатылардың барлығынан өтіп, бүгінгі күнде мемлекеттік тіл деңгейіне жетті. Бұл үлкен жетістік!. Осының қадірін біліп, бағалай алуымыз керек!. Қазақ елінің өз мемлекеттілігін қалыптастыруы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі, басқа мемлекеттермен арадағы шекараны бекітуі, мемлекеттік тілді жариялауы – бұлардың барлығы дерлік қазақтың басына қонған бақ. Бұл аталған баға жетпес құндылықтар кейбір ұлттардың мың ұйықтаса да түсіне кірмей, көз алдында сағым болып ұшып жүргендігі баршаға аян. Осылардан айырылып қалмауымыз керек. Себебі, бұлардың ешқайсысы да, қазақ елінің басына бір күнде аспаннан сау етіп салбырап түсе салған жоқ. Оған қаншама ата-бабаларымыздың қаны төгіліп, қаншама азаматтарымыздың ерен еңбегі сіңді. Осы аманатқа ие болу - біздің тікелей міндетіміз!

Тілдің қолданылу аясына қарай, оның өзіне тән даму деңгейлері болады. Ол алдымен кішігірім бір топтың тілі, одан соң ол тайпаның тіліне айналады, одан кейін бір ұлттың тілі деңгейіне жетіп, содан кейін мемлекеттің тілі деңгейіне көтеріледі. Содан соң барып ол халықаралық тіл деңгейіне жетеді. Ең соңғы саты - әлемдік тіл. Алайда бұл мәртебеге әлі ешбір ұлттың тілі ие болған жоқ. Бүгінгі күнде «АФРИКА» терминімен аттас араб, француз, орыс, испан, қытай және ағылшын тілдері кішігірім бір тобырдың тілінен халықаралық тілдер деңгейіне көтерілді. Ендігі жерде, бәйгеден озғаны - әлемдік тіл деңгейіне жетеді. Ал бізге белбеуді босатуға әлі де ерте. Біздер қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жарияладық, осымен болды екен деп, босаңсуға болмайды. Алдыда әлі үлкен меже тұр, ол «қазақ тілін – халықаралық тілдер» деңгейіне жеткізу! Ол үшін талай жұмыстар атқарылуы керек, әрине. Ондай болмақ қайда демейік, керісінше сол бағытта, сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етіп, тер төгейік. Көрші отырған қытай халқы ең кемі 100 жылға жоспар құрып өмір сүреді екен. «Біз жетпесек те біздің балаларымыз, немерелеріміз, үрім бұтағымыз түбінде соған жетуі тиіс!»- деген мақсатпен. Қазақ тілін «мемлекеттік тіл» деңгейінен «халықаралық тіл» деңгейіне көтеру өз қолымызда. Бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме, бөлек мақсат, бөлек шара. Сондықтан, әзірше қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіндегі өзінің заңды тұғырына орналастыру мәселесіне қайта оралайық.

  Жоғарыда атап кеткенімдей, «мемлекеттік тіл» - ол жер шарының белгілі бір аумағында өмір сүретін машина механизмді аппараттың тілі болып табылады. Яғни, «мемлекеттік тіл» белгілі бір ұлттың тілі болғанынан бұрын, ол машина механизмді аппараттың - сөйлейтін, жазатын, ойлайтын, өзін басқа мемлекеттерге танытатын тілі болып табылады. Қазақ тілі, ол тілдердің даму зыңдылығына сәйкес, ұлттық деңгейден мемлекеттік деңгейге көтерілген тіл!

 Сонымен, «мемлекеттік тіл» - белгілі бір ұлттың тілі бола тұрып, ол – «машина механизмді саяси ұйымның - тілі екендігіне» аса зор көңіл аударуымыз керек. Ал біле білсек машина механизмді аппарат келесідей элементтердің жиынтығынан тұрады. Мемлекеттің: жер аумағы, халқы, басқару аппараты, билік органдары, әскері, салық жүйесі және өз ақшасы болады. «Мемлекеттік тіл» – осы саяси ұйымды бүтіндей қалыптастыратын элементтердің барлығына тұтастай кигізілетін «МАНТИЯ» болып табылады!!!. Яғни, оның жер аумағы, халқы, басқару аппараты, билік органдары, әскері, салық жүйесі, ақшасы барлығы тұтастай мемлекеттік тілді өз бойына сіңіруі керек. Бұл, мемлекеттік тілді жариялаудың түпкілікті көздейтін мақсаты және оның негізгі саяси - құқықтық салдары болып табылады. Мемлекеттік Елтаңбаны, мемлекеттік Әнұранды, мемлекеттік Туды, мемлекеттік шекараны бекіту – қандай да бір халықтың мемлекеттілікті қалыптастырғандығының көрінісі болатын болса, мемлекеттік тілді бекіту де, осындай үрдістердің қисынды жалғасы болмақ. «Қазақстан Республикасы» - деп аталатын машина механизмді аппараттың кейбір элементтері, бұл мантияны әлі де болса көптеген себептерге байланысты толығымен қабылдап болған жоқ.

 Мемлекеттік тіл табиғатының бет пердесін ашып, түп негізіне үңілетін болсақ, оның ішкі өзегі мен алтын діңгегі жоғарыда аталған негіздерден құралатындығын көреміз. Сонымен, мемлекеттік тіл дегеніміз не, оны кім және қандай алғы шарттардың негізінде жариялайды, мемлекеттік тілді жариялаудың мақсаты және оның саяси-құқықтық салдары қандай болатындығын анықтап алдық. Бұны мен мақаламның кейбір тұстарын негіздеп отыруым үшін қажет болғандықтан арнайы жазып отырмын. Мақаланың негізгі бөлімі келесі тұстан басталады.

 Бүгінгі күнде, мемлекеттік тілді жариялаудың негізгі көздейтін мақсаты мен оның нақты саяси-құқықтық салдарына қол жеткізу үшін және ең бастысы оның бүгінгі шала жансар күйіне толық қанды жан бітіру үшін, Қазақстан Республикасының Конституциясы 7-і бабының 1- тармағы міндетті бір «толықтыру» енгізуді қажет етеді. Бұл шара, мемлекеттік тілді бүкіл Қазақстан Республикасы азаматтарының жаппай игеруіне өте қажетті фактор болатындығын ерекше атап өткім келеді. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» - деген сөйлемнің қисынды жалғасы: «...,оны оқып үйрену - әрбір азаматтың парызы және міндеті» - деген толықтыруды енгізуіміз қажет.

Ал не себепті осы міндетті толықтырудың енгізілуі тиіс екендігін, төмендегі жеті себеппен тарқатып айтып берейін.

 1-і себеп. Конституцияның 7 бабының 1 тармағында, тәжірибеде (логикалық тұрғыда жазылғалы тұрған ойды оқырман қауымға жеткізу кезінде) қолданылатын «Сөйлем жазылған кезде, міндетті түрде жазылмай қалмауы тиіс негізгі ойды, аяғына дейін жазып жеткізу» ережесі бұзылып тұр. Яғни, қандай да бір мақсатты көздеп жазылатын сөйлемде міндетті түрде жазылуы тиісті негізгі ой аяғына дейін жазылып оқырманға жеткізілмесе, онда бұл сөйлем белгілі бір мақсатты көздеп жазылғанына қарамастан, ол өз дегеніне жете алмайды, яғни толық күшіне ене алмайды. Қазақ тілінің – мемлекеттік тіл болып жарияланып, осы күнге дейін іс жүзінде толық күшіне ене алмай жүргендігі де, дәл осы логикада қолданылатын ереженің бұзылуынан болып тұр. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағында айтылғалы тұрған ой – басы бар да аяғы жоқ, сиыр құймышақ болып жоғалып кеткен. Бұл жерде, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деген сөйлемді толықтыратын және оны толықтыруға заңды түрде сұранып тұрған: «оны оқып үйрену әр бір азаматтың парызы және міндеті» деген сөйлемді жазып енгізуіміз керек. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағын толықтыруы тиіс, яғни мемлекеттік тілді жариялаудың негізгі саяси-құқықтық салдарын туындататын бұл заңды, әрі қисынды сөйлемнің жалғасы, «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» 1997 жылғы 11-і шiлдедегі N 151 Заңының 4 бабының 3-і абзацы арқылы төмендегі мәтінмен қолданысқа енгізілген: Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

  Бұдан шығатын қорытынды: Конституцияның 7 бабының 1 тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»-деген сөйлемде ары қарай міндетті түрде жазылуы тиіс болған негізгі ойдың бар екендігін көріп тұрмыз. Бұл жерде қандай қисынға салып қарамайық, өзі өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін үйрену – сол мемлекет азаматтарының міндеті екендігі айтпаса да түсінікті нәрсе. Мемлекеттік тілді жариялаудың негізгі саяси - құқықтық салдары да осы. Барлық қағида осы заңдылықтан келіп шығады. Қай мемлекетте өмір сүреді екенсің, сол елдің мемлекеттік тілін білу – барлық азаматтарға бірдей міндет. Бұны ешкім де ойлап тапқан жоқ. Әлемдік тәжірибеде мықтап қалыптасқан бұл логикалық заңдылық, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған ҚР Конституциясының жобасын даярлау кезінде, міндетті түрде жазылуы тиіс болған негізгі ойдың соңы желінуі арқылы бұзылып тұр. Нәтижесінде логикалық тұрғыдан жіберілген бұл қате, бүгінгі күнде мемлекеттік тілге өз қызметін толық жүзеге асыруға кедергі болуда.

  Осы тұста салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, мынадай нәрсе шығады. Мысалы: Мемлекеттік тілді үйрену парызы мен салықтарды төлеу міндеті екеуінің орнын ойша ауыстырайық. 1995 жылы Конституцияны қабылдаған кезде, 35-і бапта: «Қазақстан Республикасының бюджеті салықтардан қалыптасады»- деп, «жариялап» қана қойдық деп елестетейік, арада екі жыл өткеннен кейін барып, «Ту-у-ф!!»- деп алақанымызды ұрып, «Біз деген мемлекеттік бюджет салықтардан қалыптасады» - деп жариялап қана қойыптық, ал оны төлеуді азаматтарға міндеттеуді ұмытып кетіптік қой, міне сол себепті де азаматтар салық төлемей жатыр екен ғой, - ә!, ендеше, ендігі жерде салық төлеуді азаматтарға міндеттеуіміз керек екен ғой»- деп түсініп, артынан барып 1997 жылы (ҚР-ғы тілдер туралы заңының шыққан уақыты) заң шығару арқылы азаматтарға салықты төлеу «парызын» жүктейді екенбіз. Салық төлеу «парызын» бірі орындаса, екіншісі орындамай жатқан заман. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетімізді қажетті көлемде қалыптастыра алмай жүргеніміз. Мемлекеттің салық саясаты шалажансар аянышты күй кешуде, оны әлі де болса дамыту керек, бірақ қалай?». Міне, «мемлекеттік тілді үйрену парызының» даму тарихы бүгінгі күнде салыстырмалы түрде осындай сатыларды басынан өткеруде.

 ҚР-сы Конституциясы 35-і бабының атқарып тұрған қызметі, яғни оның түпкілікті көздеген мақсаты: ҚР-ның мемлекеттік бюджетін қалыптастыру арқылы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ал бұл мақсаттың орындалуы, «ҚР-ның бюджеті салықтардан қалыптасады»- деп, барша халыққа жариялау арқылы емес, «салықтарды төлеу азаматтардың міндеті» - деп, бірден жазылу арқылы қамтамасыз етіліп тұр. Ал аталмыш 7-і баптың 1-і тармағының көздеген мақсаты ҚР-сында сонау 1989 жылы жүзеге асырылып кеткен «мемлекеттік тілді жариялау» шарасын екінші мәрте қайталау емес, ағайын!!! Оның мақсаты - машина механизмді аппаратты мемлекеттік тілде сөйлету, біле білсек!!!. Осы жерде мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін шара «азаматтардың мемлекеттік тілді үйрену міндетін» жазып енгізбесек, Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағы белгілі бір мақсатты көздеп жазылғанына қарамастан, оның өз дегеніне жетуі үшін әлі өте ұзақ уақыт қажет.

 Бұл жерде бір аксиоманың бар екендігін ұмытпауымыз керек. Бюджет – ол түсінікті, салық және заңмен белгіленген басқа да міндетті төлемдерден қалыптасады. Барлық елдің бюджеті солай қалыптасады. Ал енді, Конституцияда: «ҚР-ның бюджеті - салық және заңмен белгіленген басқа да міндетті төлемдерден қалыптасады» - деп, жаңадан Америка ашқандай «ЖАРИЯЛАП» қана қойсақ, басқа мемлекеттердің алдында біз үшін ұятты нәрсе болмас па еді?. Сол себепті де, бюджеттің салық және заңмен белгіленген басқа да міндетті төлемдерден қалыптасатындығы айтылмаса да түсінікті болғандықтан, оны бүкіл әлемге «Ай-хой!!»-лап жарияламай ақ, салық төлеуді азаматтарға бірден міндеттеп қойған. Ал енді мемлекеттік тілге келер болсақ, Конституцияда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл- қазақ тілі» - деп, екінші рет қайталап «жариялап» қана отырмыз, шындығына келгенде.

 «Жер шарының белгілі бір аумағында өмір сүретін мемлекетте қандай да бір ұлттың тілі мемлекеттік тіл болып жариялану заңдылығын» еске алатын болсақ, Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жариялануы - әділеттілікке сай, әрі ол заңды құбылыс және оның басқалай болуы мүмкін емес. Сол себепті де басқалай болуы мүмкін емес нәрсені жариялап қана қоймай, Конституцияның 35-і бабында салық төлеуді азаматтарға бірден міндеттегендей, мемлекеттік тілді үйрену міндетін де Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағына толықтырып енгізуіміз керек.

2-і себеп. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағында «міндетті түрде жазылуы тиісті болған ойды» оқырманға түсіндіріп жеткізу функциясының, астарлы сөйлемнің еншісінде қалдырылғандығы.

Егерде шындықты мойындайтын болсақ, кез-келген адам ҚР-сы Конституциясы 7-і бабының 1-і тармағында жазылған сөйлемді оқу арқылы, мемлекеттік тілді жариялағаннан кейін оның міндетті түрде саяси-құқықтық салдары болатындықтан, ол сөйлемнің астары: «мемлекеттік тілді үйрену әр бір азаматтың міндеті» - деген ойды ап анық меңзеп айтып тұрғандығын, бірақ ол ойдың жазылмай кеткендігін түсініп ақ тұр. Бірақ, өкінішке орай, мемлекеттік тілді үйренгісі келмей жүрген азаматтар оны түсінсе де, еш нәрсені түсінбегендей кейіп танытуда.

«Арғы жағы жазылмаса да түсінікті, өздері түсіне жатар» - дегендей, Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағында астарлы сөйлемнің жазылғандығы рас. Ал біле білсек, ҚР-ның Конституциясына астарлы немесе екіұшты, түсініксіз сөйлемдер жазуға болмайды. Себебі, Конституция - басты кейіпкерді (жазылуы тиіс болған негізгі ойды) оқырманнан жасырып қоятын әдеби немесе детективті жанрдағы құжат емес, ол нормативтік құқықтық акт. Ол барлық нормативтік құқықтық актілердің қайнар көзі. Конституцияны атамағанда, иерархиялық тұрғыда одан төмен тұрған ешбір нормативтік актіге екіұшты немесе астарлы сөздерді жазуға болмайды. Барлығы да нақты, айқын, түсінікті етіліп жазылуы тиіс. Нормативтік құқықтық актідегі құқық нормасының әрбір үтір нүктесі мен әрпінің үлкен маңызды құқықтық салдары болатындығын бәріміз жақсы білеміз. Екі ұшты, астарлы, түсініксіз, шала жетілген құқықтық норманы тәжірибеде іс жүзінде қолдану, үлкен келеңсіз және ескерілмеген зардаптарға әкеп соқтырады. Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамымай жатқан бүгінгі жағдайы, Конституцияға 7-і баптың 1-тармағында, түпкі мақсатқа жету үшін міндетті түрде жазылуы тиіс болған негізгі ойдың жазылмай, ол ойды оқырманға түсіндіріп жеткізу функциясын астарлы сөздің еншісіне қалдырғанымыздың арқасы. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деген сөйлемді, «бұл астарлы сөйлем емес!»- деп, ешбір заң немесе филология ғылымдарының докторы терістей алмайды. Себебі, Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағындағы «сөйлемнің астары», яғни оның негізгі түпкілікті қорытынды ойы: «Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, оны оқып үйрену әрбір азаматтың міндеті» - дегенді ап-анық меңзеп тұр. Ал бұл дегеніміз 7-і баптың 1-і тармағының астары емей немене?. Конституцияның 7 бабының 1 тармағында осындай астарлы ой жатқандықтан ғана, ҚР-ның Парламенті 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңын қабылдау кезінде, азаматтарға мемлекеттік тілді үйрену парызын жүктеді. Ал егер Конституцияның 7 бабының 1 тармағында бұндай астарлы ой жатпаған болса, онда Заң шығару билігі мемлекеттік тілді оқып үйрену парызын азаматтарға жүктей алар ма еді?. Жоқ! Азаматтарға мемлекеттік тілді үйрену парызын «ҚР-ғы тілдер туралы» заңы арқылы жүктеуге негіз болған, дәл осы Конституцияның 7 бабының 1 тармағындағы сөйлемнің астары. Осыны азаматтардың бірі түсінсе, басқасы түсінбей, бірі осы парызды сезінсе, басқасы сезінбей жүргендігі де дәл осы астарлы сөйлемнің арқасы. Сондықтан, 7-і баптың 1-і тармағының астарында жатқан негізгі ойға жан бітіру үшін, оны қосымша түрде енгізу керек. Сол себепті, азаматтар оны білсе де білмегендей болып жалтармас үшін, Конституцияның 7 бабының 1 тармағының астарында жатқан сөйлемнің ішкі мазмұнын ашып, «мемлекеттік тілді оқып үйрену әр бір азаматтың міндеті»- деп, ап-анық қылып қосып жазу керек.

3-і себеп. Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағына «мемлекеттік тілді оқып үйрену әрбір азаматтың міндеті» деген толықтыруды енгізбеу, ҚР-ғы тілдер туралы заңының 4-і бабында жазылған норманы іс жүзінде қолдануға кедергі жасайды. Оның себебі мынада.

Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заңының 4-і бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - ҚР-ының әр бір азаматының парызы»- деп көрсетілген. Демек, аталмыш заң бойынша ҚР-ның азаматтарына - мемлекеттік тілді үйрену «парызы» жүктеліп отыр!! Дегенмен.....

Қазақстан Республикасының кез келген заңнамалық актілері арқылы ҚР-ның азаматтарына жүктелген міндеттер, борыш пен парыздардың еш бірі де аспаннан алынбаған. Олардың барлығы да Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және содан ғана бастау алады. Мысалға: ҚР-ның Салық кодексімен азаматтарға жүктелген салық төлеу борышы әрі міндеті Конституцияның 35-і бабына, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңымен жүктелген Отанды қорғау парызы мен міндеті ата заңның 36-ы бабына, Экологиялық Кодекспен жүктелген қоршаған ортаны қорғау міндеті - 38 бапқа негізделген, т.с.с кете береді.

Азаматтарға Конституцияда бекітілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – құқыққа қайшы. Мемлекет Конституцияда атап көрсетпеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды өз азаматтарына жүктей алмайды. Конституцияда көрсетілмеген борыш пен парызды, немесе міндетті азаматқа қандай да бір заң қабылдау арқылы жүктеу, құқық тұрғысынан алып қарағанда үлкен заңи қателік болып есептеледі.

  Мемлекет өз азаматтарына тек Конституцияда бекітіп кеткен міндеттерді және борыштар мен парыздарды ғана жүктей алады. Бұл ешқашанда өзгермейтін қатып қалған аксиома. Ал азаматтарға конституцияда көрсетілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – Конституцияға қарама-қайшы, сәйкесінше бұндай міндеттер мен борыштарды және парыздарды «Конституциялық емес» - деп тануға әкеп соқтырады.

  Сонымен, «ҚР-ғы тілдер туралы» заңының 4-і бабының 3- абзацы арқылы ҚР-ның әр бір азаматына жүктелген парыз Конституцияның қай бабына негізделген? ҚР-ның Конституциясында бас аяғы түгел не бәрі 98 бап бар. Бірақ оның ешбір бабында мемлекеттік тілді үйрену – азаматтың борышы немесе парызы деп атап көрсетілмеген. Конституцияға көз жүгіртіп шығатын болсақ, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деп қана жазылған. Ал бұл өз кезегінде азаматтарға не құқық сыйлайтындығы, не болмаса міндет жүктейтіндігі еш жерде жазылмаған, тек 7-і баптың 1-і тармағының астарында жатқан ой болмаса. Жоғарыда атап кеткенімдей Конституцияда екіұшты, астарлы сөздер жазуға болмайды, ол біріншіден, ал екіншіден онда нақты міндет немесе борыш пен парыз аталып көрсетілмесе, астарлы немесе екі ұшты ойлар мен сөздер еш нәрсеге негіз бола алмайды. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланып қана қалған, ал бұның өзі ҚР-сындағы тілдер туралы заңы арқылы мемлекеттік тілді үйрену парызын азаматтарға жүктеуге негіз бола алмайды. Бұл жерде заң шығарушы орган Конституцияны аттап барып, Тілдер туралы заң арқылы Қазақстан Республикасының азаматтарына бірден парыз жүктеп қойған. Бұл егер осылай бола беретін болса және ең бастысы ол өз кезегінде құқық тұрғысынан «дұрыс»- деп танылса, онда алдағы уақытта: «кез келген заң бойынша ҚР-ның азаматтарына Конституцияда бекітіліп көрсетілмеген басқа да парыздар мен міндеттерді жүктей беруге болады» - дегенді білдірмей ме?. Ол дұрыс емес. Осы себепті, Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заңының 4-і бабы арқылы азаматтарға жүктелген парызға негіз болуы үшін, Конституцияның 7-і бабының 1 тармағына қалай дегенде де «мемлекеттік тілді оқып үйрену әрбір азаматтың парызы әрі міндеті» - деген қосымшаны енгізуіміз керек!

 4-ші себеп. Міндеттер мен борыштардың, сондай ақ парыздардың әр түрлі құқық салаларына жіктеліп бөлінуі және олардың қандай да бір нақты нормативтік құқықтық акті арқылы бекітіліп қолданысқа енгізу мәселесін анықтау кезінде, шешуші критерийдің ескерілмеуі.

  Сіз бен біздердің көптеген міндеттеріміз, борыштарымыз бен парыздарымыз бар. Олар: салық төлеу міндеті, Отанды қорғау борышы, мемлекеттік тілді үйрену парызы, сатып алынған затқа ақша төлеу міндеті, келтірілген зиянның орнын толтыру міндеті, жол ақысын төлеу міндеті, ішкен тамағымыздың ақысын төлеу міндеті, алған қарызды қайтару міндеті, пәтер ақысын төлеу міндеті, қоршаған ортаны, табиғи және тарихи құндылықтарды қорғау міндеті, т.б. тізіп жаза берсек сөйтіп кете береді. Бұлардың барлығы дерлік біздерге тікелей немесе жанамалай қатысы болғандықтан, күнделікті өмірде, алдымызда туындап жататын міндеттер мен парыздар және борыштар болып табылады. Олардың барлығын Конституцияда тізіп көрсету мүмкін емес және ең бастысы ол дұрыс емес. Сол себепті де, азаматтардың мемлекеттік тілді үйрену міндетінің Конституцияда жазылмай қалуында барып тұрған ешқандай да қателік жоқ, – деп есептейтін адамдар да табылар. Ия, міндеттердің бәрін Конституцияда жазып көрсету мүмкін емес. Бірақ міндеттер мен парыздардың/борыштардың барлығы құқықтық тұрғыда, ішкі құрылымы және олардың пайда болуы мен тоқтатылуы негіздері бойынша бірдей емес. Міне осыған көңіл аударылуы керек. Міндеттер мен парыздардың кейбір түрі жәй заңда, ал басқалары міндетті түрде Конституцияда көрініс табуының өзіндік қисынды заңдылығы бар. Сол себепті де, міндеттер мен парыздардың кейбір түрлері Конституцияда, ал енді басқалары заңдарда, кодекстерде т.б. нормативтік құқықтық актілерде көрініс тауып жатады. Сонымен:

         А) Адамның Конституцияда көрініс табатын құқықтары мен міндеттері «азаматтық», яғни «азамат» критерийімен тығыз байланысты болады.

«Азаматтық»-дегеніміз, адам мен мемелекеттің арасындағы тұрақты саяси құқықтық байланыс болып табылады. Ол саяси құқықтық байланыс, мемлекет пен адам арасындағы өз ара құқықтар мен міндеттерден және парыз бен борыштардан тұрады. Ал осы құқықтар мен міндеттердің жиынтығы қайда шоғырланған дейсіз ғой? Әрине, олар Конституцияда баянды етілген.

«Адамның қандай да бір мемлекеттің азаматы ретіндегі құқықтары мен міндеттері» және «азаматтың конституциялық құқықтары мен міндеттері»-деген ұғымдардың мәні бірдей. Сәйкесінше, адамда белгілі бір мемлекеттің азаматы ретінде жаңадан қандай да бір құқықтар мен міндеттер, сондай ақ борыштар мен парыздар пайда болуы үшін, ол ең алдымен сол елдің конституциясында бекітіліуі тиіс. Содан кейін осы құқықтар мен міндеттер Конституция негізінде тиісті заңдар шығарылу арқылы жүзеге асырылады.

Конституцияны қабылдау кезінде, ия болмаса қандай да бір мемлекеттің азаматтығын жаңадан алар кезде, адам сол мемлекеттің азаматы ретінде болашақта өзінде пайда болатын құқықтар мен міндеттерге саналы түрде алдын ала келісімін (өз еркін) білдіреді. Яғни, жаңадан қабылданып жатқан конституцияда бейнеленген мемлекеттік құрылымда және құқықтық аяда өмір сүруге адам ерікті түрде өз келісімін береді немесе сондай құқықтық аяға және ең бастысы сол мемлекеттің азаматы ретінде болашақта өзінде пайда болатын құқықтар мен міндеттерге келіспесе, онда ол конституция жобасының кейбір тармақтарынан бас тартады немесе оған тиісті түзетулер енгізеді. Сөйтіп барып адам белгілі бір мемлекеттің азаматтығын алған кезде немесе жаңа конституция қабылданған не болмаса оған түзетулер мен толықтырулар енгізілген кезде, сол елдің азаматы ретінде құқықтар мен міндеттерге, парыз бен борыштарға ие болады. Әлбетте, заң қабылдап азаматқа конституцияда көрсетілмеген жаңа парыз немесе міндет жүктеу арқылы емес. Кейіннен азаматтықтан бас тартса немесе конституцияда ол құқықтар мен міндеттер жойылса, сәйкесінше адамның азамат ретіндегі бұл құқықтары мен міндеттері тоқтатылады. Адамның қандай да бір елдің азаматы ретіндегі құқықтары мен міндеттері, борыштары мен парыздарының пайда болуы және тоқтатылуы негіздері осындай қисынға бағынуы тиіс. Яғни, азаматтың өз еркін білдіруге мүмкіндігі болуы керек.

Б) ал енді адамның басқа құқықтары мен міндеттеріне тоқталар болсақ. Мысал ретінде Қазақстанда өмір сүретін кез келген бір кісіні алайық. Ең біріншіден ол (1) адам, одан кейін ол ҚР-ның (2) азаматы, мамандығы бойынша (3) бухгалтер, жеке көлігін басқаратын (4) жүргізуші, белгілі бір партияның (5) мүшесі, от басында (6) отағасы, үйінің жанындағы дүкеннің күнделікті (7) тұтынушысы, т.с.с. Осы аталған адам: – «азамат», «бухгалтер», «жүргізуші», «партия мүшесі», «от ағасы», «тұтынушы» мәртебесінде неше түрлі құқықтық қарым-қатынасқа түседі. Сәйкесінше соларға байланысты ол адамның неше түрлі құқықтары мен міндеттері болады. Олар: өмір сүру құқығы, сайлау және сайлану құқығы, салық төлеу борышы мен міндеті, отанды қорғау парызы мен міндеті, бухгалтерлік есептерді жүргізу міндеті, атқарылған жұмысы үшін жалақы алу құқығы, жол ережесін сақтау міндеті, МАИ қызметкерінің талабын орындау міндеті, партияға мүшелік жарна төлеу міндеті, партияда дауыс беру құқығы, оның басшы органдарына сайлану және басқаларды сайлау құқығы, партия жарғысының талаптарын сақтау міндеті, от ағасы ретінде от басының алдындағы құқықтары мен міндеттері, дүкеннен алған заттары үшін ақшасын төлеу міндеті және алғалы тұрған заттың сапалы болуын талап ету құқығы т с.с.. Ең бастысы адамның бұл құқықтары мен міндеттері әр түрлі құқықтық ортаға байланысты пайда болып, тоқтатылып отырады, ол біріншіден. Ал екіншіден, ол адам осы құқықтар мен міндеттердің пайда болуы мен тоқтатылуына ерікті тұрғыда алдын ала өз еркін/келісімін білдіреді. Үшіншіден, осы құқықтар мен міндеттерді иеленуші тұлға ретінде, ол неше түрлі образда / мәртебеде болады.

Адамның - қандай «да бір мемлекеттің азаматы ретіндегі» құқықтары мен міндеттері – Конституцияда;

Адамның - «жүргізуші» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – жол жүру ережесінде;

Адамның - «жұмысшы» ретіндегі құқықтары мен міндеттері –еңбек кодексінде;

Адамның - қызметтерді, тауарларды «тұтынушы» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – азаматтық кодексте;

Адамның - «от басы мүшесі» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – от басылық кодексте қарастырылған.

Схема түрінде қарайтын болсақ, ол келесідей көрініске ие болады.

Тұлғаның

мәртебесі

Әрекетке түсетін

құқықтық орта

Белгілі бір мемлекеттің азаматтығында болу Құқықтар мен міндеттердің пайда болу негіздері Құқықтар мен міндеттердің тоқтатылу негіздері Аталмыш құқықтар мен міндеттерді бекітетін НҚА

Адам Конституциялық құқық Қажет етілмейді Өмірге келу Қайтыс болу Адам құқығының жалпы Декларациясы, Конституция.

Азамат Конституциялық құқық Қажет етіледі Азаматтық алу немесе жаңа конституция қабылдау, оған түзетулер мен толықтырулар енгізу Азаматтықтан айырылу немесе шығу, конституциядағы құқықтар мен міндеттердің жойылуы немесе өзгертілуі Конституция

Бухгалтер,

жұмысшы Еңбек құқығы Қажет етілмейді Еңбек шартын жасасу Еңбек шартының тоқтатылуы немесе бұзылуы Еңбек кодексі

Жүргізуші Әкімшілік құқық Қажет етілмейді Жүргізуші құқығын дәлелдейтін күәлікті алу Жүргізуші құқығынан айырылу Жол жүру ережесі туралы заң

Партия мүшесі Саясаттану, мемлекеттік басқару Қажет етіледі Партияға мүше болып кіру Партиядан мүшеліктен шығу Саяси партиялар туралы заң

Отағасы Отбасылық құқық Қажет етілмейді Некеге тұру Некені бұзу Отбасы және неке кодексі

Тұтынушы Азаматтық құқық Қажет етілмейді Тауарларды, қызметтерді сатып алу сату Міндеттеменің орындалуы Азаматтық кодекс,тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң

Көріп отырғанымыздай адамға – «азамат» мәртебесіндегі құқықтар мен міндеттер тек конституция арқылы жүктеледі. Содан кейін барып тиісті заңдар қабылдану арқылы олар жүзеге асырылады. Сол себепті де, ҚР-ы азаматтарының Тіл туралы заңы арқылы көрініс тапқан парызын алдымен Конституцияның 7 бабының 1 тармағында бекіту керек.

Конституция – ең жоғары заңдық күші бар нормативтік құқықтық акт. Ол мемлекеттің құрылымы мен оның басқару жүйесін айқындап қана қоймайды, сонымен қатар мемлекет пен оның азаматы арасындағы саяси-құқықтық қарым қатынасты да бекітіп көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Конституция - ол белгілі бір мекеменің жарғысы іспеттес мемлекеттің құрылтай құжаты болып табылады. Азаматтар сол мемлекеттің құрылтай құжатын қабылдап, онда өзінің басқару органын, оның басшысын, өздерінің құқықтары мен міндеттерін бекітеді. Әлбетте, олардың құқықтары мен міндеттері ең алдымен осы құрылтай құжатында, яғни Конституцияда көрініс табуы керек.

5-і себеп. Парыз бен борыш, түбінде - міндет жүктейді !

Мемлекеттік тілді үйрену мәселесінің ҚР-сы азаматтары үшін 25 жыл бойы парыз болып есептеліп келуінің «жеткіліктілігі», ендігі уақытта оны ҚР-сы азаматының міндеттері қатарына өткізу қажеттілігі.

Мемлекеттік тілді азаматтарға 1997 жылы «Тілдер туралы» заңы бойынша парыз жүктеу арқылы үйрету сол уақыттың заман талабы болды, әрі ол азаматтарды болашақта өздерінде пайда болатын міндетке саналы түрде дайындау болтын ды. Бүгінгі уақытта, мемлекеттік тілді үйрену мәселесі ҚР-сы азаматтарының тек «парызы» ғана емес, сонымен қатар «міндеті» - болып табылатын уақыт келіп жетті. Оның себебі мынада:

Тек, міндет жүктеу арқылы ғана мемлекет азаматқа өз еркімен орындағысы келмейтін әрекетін күштеп орындата алады. Себебі «міндет жүктеу» - мемлекеттің азаматтарды өз еркінен тыс қандай да бір әрекеттерді жасатуы үшін қолданатын құралы болып табылады. Конституцияның кейбір баптарында «борыштан» кейін көрініс тапқан «міндет» сол себепті де жазылған. Мысалы: конституцияның 35-і бабына сәйкес, салықтарды төлеу - ол бірінші кезекте азаматтың борышы, содан кейін ғана барып оның міндеті болып есептеледі. Ал конституцияның 36-ы бабында Отанды қорғау сияқты адамның өздігінен туындайтын перзенттік борышы, қасиетті парызы көрсетілген, одан кейін барып тұра осы әрекеттердің орындалуын міндеттеп қойған. Заң шығару билігі еріккеннен осылай жазды деп ойласыздар ма?. Жоқ, азаматқа бірінші (борыш) парыз жүктеліп, саналы түрде туған елінің патриоты ретінде Отанын жаулардан қорғау үшін соғысқа өз еркімен шығуына мемлекет тарапынан мүмкіндік берілген. Ал егер ол өз (борышын) парызын саналы түрде ұғынбаса, онда міндеттеу арқылы жалпы тәртіпте майданға аттандырылады. Сондықтан да «борыш пен парыз» - ол өз елінің патриоттарына, ал «міндет» қалған азаматтарына есептелініп жазылған. Борыш пен парыздың міндеттен айырмашылығы осында. Міндет парыздан кейін қатар тұруы керек. Сонда азаматтар өз «парызын» саналы түрде өз еркімен орындамаған жағдайда, «міндет» сақтандыру шарасы ретінде іске қосылуы тиіс. Нәтижесінде, жүктелген парыз міндеттеу арқылы түбінде орындалатын болады. Сондықтан, мемлекеттік тілді үйренуді азаматтарға тек парыз түрінде жүктеп қою жеткіліксіз екендігін уақыттың өзі дәлелдеді, оны алдағы уақытта енді міндеттеу керек.

Бүгінгі күнде ҚР-ның барлық азаматтары мемлекеттік тілді білу парыз болып енгізілген 1997 жылдан бері өткен 25 жылда және қазақ тілі алғаш рет мемлекеттік тіл болып жарияланған 1989 жылдан бері өткен 33 жылда, мемлекеттік тілді білуі тиіс екендіктерін саналы түрде түсінетін жағдайға жетті деп ойлаймын. Дегенмен, ҚР азаматтарының көпшілік бөлігі оларды ешкім міндеттеп отырмаған соң, мемлекеттік тілді үйренуді қажет қылмай жүр. Осы себепті, ҚР-сы Конституциясы 7-і бабының 1-і тармағына азаматтардың мемлекеттік тілді үйрену міндеті енгізілуі керек. Сол кезде, Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру парызы, сақтандыру шарасының (міндеттің) арқасында жүзеге асырылатын болады.

6-ы себеп. Қазақстан Республикасы азаматының мемлекет алдындағы борыштары мен парыздарының өзара теңсіздігі (әділетсіздігі).

Ойлап қарасам, мемлекеттік тілді үйрену парызы, азаматтардың Отанды қорғау парызы мен салықты төлеу борышына қызыға да, қызғана да қарайды екен. Себебі, олардың өз ара айырмашылықтары жер мен көктей, мүлдем салыстыруға келмейді.

Ұмытпасақ, Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы заңына сәйкес «мемлекеттік тілді үйрену әр бір азаматтың парызы деп» көрсетілген. Одан бөлек азаматтардың заңды түрде белгіленген салықтарды төлеу борышы мен Отанды қорғау парызы да бар. Ия, бұның бәрі Қазақстан Республикасы азаматының мемлекет алдындағы борыштары мен парыздары болып табылады. Бірақ, бұлардың өз кезегінде үлкен айырмашылықтары бар. Олар Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ заңына сәйкес және тағы басқа белгілер бойынша төмендегіндей анықталады:

1-і айырмашылық: Конституцияның мәртебесі заңға қарағанда әлде қайда жоғары. Сәйкесінше, ҚР Тілдер туралы заңында көрініс тапқан «мемлекеттік тілді үйрену парызының» мәртебесі, ҚР-ның Конституциясы арқылы бекітілген салық төлеу борышы мен Отанды қорғау борышына/ парызына қарағанда теория жүзінде де және іс жүзінде де төмен тұр.

     2-і айырмашылық: Мемлекеттік тілді үйрену парызы мен басқа борыштардың/парыздардың «жүзеге асырылуын қаматамасыз ету құралдары» өзгеше. Салықты бәрі төлейді, ал төлеуден жалтарған немесе төлемеген азаматтарға мемлекет не істейді, оларды кінәсіне қарай әкімшілік жауапкершіліктен бастап қылмыстық жауапкершікке дейін тартады. Яғни, бұл жерде «салықты төлеу борышының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету құралы»-азаматтарды түрлі жауапкершіктерге тарту механизмі тұр. Отанды қорғау парызына келсек, көкірегі ояу азаматтар майданға өздері сұранса, қалғандары жаппай міндетті жұмылдырылудың арқасында майданға алынады. Соғыс уақытында бұл қасиетті борышты орындаудан жалтарған адамдар қылмыстық жауапкершікке тартылып, «соғыс жағдайы» ережесіне сәйкес табан астында атылатындығы пешенеден анық. Яғни, бұл жерде де азаматтың өз борышын орындауын қамтамасыз ету құралы ретінде қатаң жауапкершілік тұр.

Ал, мемлекеттік тілді үйрену парызының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету құралы қандай?. Мүмкін таңданарсыздар, мүмкін таңданбассыздар. Қазақстан азаматтарына мемелекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін, пәлендей де ешқандай жауапкершілік көзделмеген!!!!. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінде тілге қатысты бір-ақ қана бап бар, ол 75-і бап. Қайталап айтамын жалпы тілге қатысты, мемлекеттік тілге қатысты екен деп ойлап қалмаңыздар. Ол бапта, мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін емес, «Лауазымды адамның тiл бiлмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы және жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту» үшін ғана жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік тілді үйрену парызының орындалмағандығы үшін ешқандай да жауапкершіліктің болмайтындығын түсінген азаматтар, бұл мәселеге селқостық танытып жүр. Сол себепті де, азаматтарға басқа борыштарды орындамағындығы үшін қарастырылған қатаң жауапкершіліктер сияқты, мемлекеттік тілді үйрену парызының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету құралы, яғни «жауапкершілікті» қалай дегенде де бекіту керек. Ал ол қандай жауапкершілік болатындығын мемлекет өзі шешуі тиіс.

«Ия, сонда не, мемлекеттік тілді үйренбеген азаматтарды шетінен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартамыз ба, ол әділетсіздік емес пе?»- дейтіндерге алдын ала берер жауабым:

 - мемлекеттік тілді үйрену парызының маңыздылығы және оның баға жетпес құндылығы, салықты төлеу борышы мен Отанды қорғау парызынан артық болмаса, кем емес деп есептеймін. Және оның дәлелі келесідей. Салықты төлеу борышы мемлекеттік бюджетті қалыптастырады. Сөйтіп бүкіл бір мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуін қаржылай қамтамасыз етеді. Ал Отанды қорғау парызы мен міндеті, Отанды сырт жаулардан қорғауды қамтамасыз етеді, ол түсінікті.

Ал мемлекеттік тілді үйрену парызы - Қазақстан халықтарының бірлігін сақтауды және оларды топтастыруды, сол арқылы ұлт аралық келісімге қол жеткізуді, әрі тілі мемлекеттік мәртебесіне ие болған ұлттың өзін де, тілін де жаһандану барысында жер бетінен жойылып кетуден сақтауды қамтамасыз етеді. Әлбетте, осы құндылықтардың төресі – ұлт аралық келісімнің қаншалықты маңыздылыққа ие екендігін бәріміз жақсы білеміз.

Бұл аталған құндылықтарды соншалықты маңызды емес деп ешкім айта алмайды. Сондықтан, бұл мәселеге селқос қарауға болмайды. Сол себепті, мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамаған азаматтар, осындай маңыздылығы жоғары шараның орындалуына кедергі тудыратындықтан, олар өздерінің «кінәлі әрекетсіздіктері» үшін қандайда бір жауапкершілікке тартылулары керек деп есептеймін. Өйткені, мемлекеттік тілді осыншама уақыттан бері үйренуге немқұрайлық таныту дертке айналып, оның нәтижесі Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторының жүзеге асырылуына кедергі жасауда. Себебі заң шығару билігі мемлекеттік тілді жариялады, мемлекеттік басқаруды қазақ тілінде жүзеге асырамыз, Қазақстан халқын топтастырамыз деп жоспар құрады (ҚР-сындағы Тілдер туралы заңның 4 бабы), ал бірақ ол толық жүзеге асырылмайды, неге? Оның жауабын өздеріңіз жақсы білесіздер.

ҚР-сы мемлекеттік тілінің дамуына, оны үйренуге кез-келген нысанда кедергі жасайтын адамдардың іс әрекеті, ҚР-сы халқын топтастыруға және олардың бірлігін сақтауға қарсы жасалған әрекет болып табылады.

Бүгінгі күнде, ҚР азаматтарының бұл әрекеттерінде «жаңа құқық бұзушылықтың төрт құрамы» толық қалыптасып бітті. Енді мемлекет тарапынан оны заң жүзінде қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай не әкімшілік немесе қылмыстық «құқық бұзушылық» деп танып, тиісті кодекске енгізу ғана қалды.

Жаңа құқық бұзушылықтың төрт құрамы келесідей:

Субьектісі - ҚР азаматтары.

Обьектісі – Қазақстан халықтарынының бірлігін сақтау мен оларды топтастыру аясындағы мемлекеттік басқару саясаты.

Субьективтік жағы – кінәлілігі, ол қасақана немесе абайсыздықтың «немқұрайдылық» нысанымен де жүзеге асырыла береді.

Обьективтік жағы – әрекетсіздік, мемлекеттік тілді үйренуге құлық танытпау.

Ия, дәл қазір шеттерінен алып жауапқа тарту әділетсіздік болар. Бірақ, кез келген нәрсенің өз шегі бар. Адамның өмірі мен уақыты да шектеулі. Тіптен судың да сұрауы бар демей ме қазақ халқы. Сондықтан, ҚР- ның азаматтарына мемлекеттік тілді үйренуіне де белгілі бір уақытпен қайткенде де шекті мерзім қойылуы керек. Ағылшын тілін, мыңғырған түсініксіз суреттерге ұқсас иероглифі бар корей тілі мен қытай тілін университеттерде не бәрі 4-5 жылда үйреніп жатқанда, мемлекеттік тілді үйренбеу деген, оған құрмет танытпау емес пе?. Бұл мәселенің орындалуының ең шекті әділетті мерзімі ретінде, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланған сонау 1989 жылдан бастап, оларға «түсіністікпен және жанашырлықпен» қарап келген 33 жылды ескере келіп, қосымша тағы ары кеткенде 4-5 жыл уақыт берілсе жеткілікті болар деп ойлаймын. Сонымен, бас аяғы бақандай 38 жылдан астам уақыт болады. Бұдан кейін ұятсыздың ұятсызы да қосымша бір уақыт берсеңдерші деп айта қоймас. Міне, сол уақытта мемлекеттік тілді үйренбегендері үшін азаматтарды жауапқа тартуға мемлекеттің толық моральдық құқығы пайда болады. Азаматтарға мемлекеттік тілді үйрену міндетін жүктеп, оның орындалмағаны үшін жауапкершілік бекітілмейінше немесе мемлекеттік тілді білмегендігі үшін оларды қандайда бір мүмкіндіктерден айырмайынша, ҚР-ның барлық азаматын түгелдей мемлекеттік тілде сөйлету ұзаққа созылатын шара.

Қазақстанда мемлекеттік тілді міндетті түрде білу талабы тек үш мемлекеттік қызметкерге (саяси қызметкер) қойылған. ҚР Конституциясы 41 б. 2 т. және 58 б. 1 т. сәйкес ҚР Президенті мен ҚР Парламенті палаталарының төрағалары мемлекеттік тілді жетік білуі қажет. Мемлекеттік тілді жетік білмейтін үміткерлер сәйкесінше бұл үш қызмет орнынан үміт артпай ақ қойса да болады. Тәжірибеде соңғы президенттік сайлауда мемлекеттік тілді білмеген біраз ҚР-ның азаматтары президенттік сайлау науқанынан шығып қалғаны белгілі. Дәл осы үрдіс алдағы уақытта өзінің логикалық жалғасын табуы тиіс деп ойлаймын. Елбасы мен ҚР Парламенті қос палатасы төрағаларының көрсеткен бұл өнегесін, Қазақстанның барлық азаматтары үлгі ретінде қабылдауы керек.

Ендігі жерде бұл үрдіс, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың барлығына қолданылуы керек. Себебі мемлекеттік қызметке тек ҚР-ның азаматтары ғана кіре алатындығын білеміз. Сәйкесінше, «мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін, халқыма қызмет етемін» - деген азаматтар, осы шараның атқарылуына алғашқылардың бірі болып ат салысуы керек. Сонда, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы және оған үміткер азаматтар мемлекеттік тілді үйренуге құлшыныс танытатын болады. Бірақ, оларға да белгілі бір уақыт беріліп, алдын ала ескертілулері керек. Әйтпесе әділетсіздік болар деп ойлаймын. Ал одан кейін мемлекеттік тіл эмтиханынан өте алмаған азаматтар өздерін кінәлағаннан басқа, ешкімге өкпесі болмас деп ойлаймын. Сөйтіп мемлекеттік тілді азаматтарға міндеттеудің екінші кезеңін жүзеге асырамыз. Үшінші кезеңде ұлттық компанияларды, төртінші кезекте квазимемлекеттік секторды қамтимыз. Сөйтіп кезең-кезеңмен біртіндеп енгізу керек. Сол әділетті болар деп ойлаймын. Сонда ғана Қазақстан азаматтары өз балаларына мектеп табалдырығынан бастап саналы түрде мемлекеттік тілді үйретуге бет бұрады.

 Әлбетте, бұл жерде басқа ұлттардың тіліне қысым жасалмауы керек, керісінше мемлекет өз аумағында өмір сүретін ұлттардың барлығына өз ана тілдерінде сөйлеуіне мүмкіндік жасауы тиіс. Және бұл шара ҚР-сында іс жүзінде жасалып та қойған.

Қазақстан Республикасында басқа ұлттар тілінің дамуына және оның қолданылуына барлық мүмкіндіктер жасалған, әрі олардың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқандығына бәріміз күәміз. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 «Қазақстан Республикасындағы Тiлдер туралы» Заңы. Сол себепті мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында, басқа ұлттардың тіліне қысым жасалуда деп айту еш қисынға келмейді.

Бірақ, ана тіліңді білу өз ұлтыңның «перзенті» ретіндегі парызың, ал мемлекеттік тілді білу өз мемлекетіңнің «азаматы» ретіндегі міндетің екендігін ұмытпауымыз керек және ең бастысы бұл екі ұғымды шатастырмаған жөн. Ана тіліңді білмесең, өз ұлтыңның алдындағы парызыңды орындамағандығың, ал мемлекеттік тілді білмесең мемлекет алдындағы міндетіңді орындамағандығың болып табылады. Сондықтан Қазақстанда үш тілділік саясаты келесідей жаңа форматта жүргені дұрыс.

1 кезекте - ұлтыңның адал перзенті ретінде өзіңнің Ана тіліңді білуге міндеттісің.

2 кезекте - өз мемлекетіңнің азаматы ретінде ҚР-ның мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.

3 кезекте - заман талабына сай білікті маман болу үшін қалаған тіліңді біл, оған ешкім шектеу қоймайды.

Мемлекет ҚР–ның азаматтарына түсіністік пен жанашырлық танытып, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн барлық жағдайды жасады. Жер жерлерде мемлекеттік тілді тегін үйрету курстары ашылды, әр бір мемлекеттік органдар мен мекемелерде мемлекеттік тілді дамыту орталықтары ашылды. Мектепте бастауыш сыныптардан бастап қазақ тілі оқытылады. Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың өз тiлдерi пайдаланылады. ҚР Конституциясының 19 бабы 2 тармағына сәйкес, әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар. Енді тағы да қандай жағдай жасалу керек?.

Бұл жерде қаржылық немесе техникалық кедергілер тұр деп ойламаймын. Онда тек сана тұрғысындағы кедергілер бар. Ол мемлекеттік тілді үйренуге деген немқұрайдылық және оны үйренудің қажетсіздігі мен жауапкершіліктің болмауы. Осы келеңсіздіктер жойылса мемлекеттік тілді үйрену мәселесінде алға жылжу болады. Сол үшін, Конституцияның 7 бабының 1 тармағында азаматтарға мемлекеттік тілді үйрену міндеті жүктелу керек.

7-і себеп. Мемлекеттік тілді үйренбеген немесе оны үйренгісі келмей жүрген азаматтарға қатысты қоғамда қалыптасқан көз қарастың дұрыс еместігі.

Әлі де болса күнделікті өмірде бір құбылысты жиі байқап тұрамын. Көшеде кетіп бара жатқан адамды тоқтатып алып, сіздер неге әлі күнге дейін мемлекеттік тілде сөйлемейсіздер?, не болмаса мемлекеттік тілді білмеген адамнан сен неге тілді білмейсің деп сұрасаң, өзің бәлеге қала жаздайтындай болып тұрады. Ал ол болса, «не?.. мемлекеттік тілді білуге мен міндетті ме едім?» – дегендей бетіңе бажырая қарап тұрғаны. Одан қалды, кейбір қоғамдық орындарда және теле-арналардан мемлекеттік тілді меңгермеген адамдарды түрліше қорғау амалдарын көріп қалып жатамыз. (Шындығына келгенде ол мемлекеттік тілді білуге міндетті емес қой, әзірше.) Ондағы көрініс мынадай: бір адам мемлекеттік тілді білмейді деп екінші біреуді жазғырып жатса, үшіншісі тұрып (қорғаушы кейіпте) «неге сен оны өйтіп жазғырасың»- деп, біріншісінің өзіне шүйлігіп, мемлекеттік тілді білмеген адамды қорғағансып қалып жатады. Сондағы айтатындары: «өй, ол дегенің мемлекеттік тілде қалай сөйлейді, егер ол қазақ болмаса?, көрмей тұрмысың ол дегенің басқа ұлт өкілі ғой. Тіпті болмай бара жатса, ең алдымен өз қазақтарыңды мемлекеттік тілде сөйлетіп алсаңдаршы»-деп жатады. Ең өкініштісі, осы үшінші адамның әрекеті қоғам тарапынан дұрыс деп танылып жүргендігі.

Конституцияның 35-і (салық төлеу борышы әрі міндеті) және 36-ы (Отанды қорғау парызы және міндеті) баптары Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына Конституцияның 14-і бабында көрініс тапқан қағидаға сәйкес тікелей және нақты қолданылып тұр. Яғни, заң мен сот алдында жұрттың бәрін тең деп танып, еш бір азаматты тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көз қарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді еш қандай кемсітуге жол бермей, барлығын жаппай салық төлеу құрметіне бөлеп және қажет кезінде Отанды қорғауға жаппай майданға жұмылдырады. Ал мемлекеттік тілді үйрену парызының жүзеге асырылуы кезінде, нақтырақ айтқанда мемлекеттік тілді білмейтін және оны үйренуден жалтарып жүрген азаматтарды қорғағансып, «өй сен оған тиме, ол дегенің анау бір ұлт өкілі ғой, ол тек өз тілінде ғана сөйлей алады, үй оған да тиме, ол дегенің басқа бір ұлт өкілі ғой, ол да тек өз тілінде ғана сөйлейді, үй оған мүлдем тиме, ол дегенің тіптен басқа бір ұлт өкілі ғой, ол да тек өз тілінде ғана сөйлей алады» - деп, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарап кемсітіп, Конституцияның 14-і бабының 2-і тармағы өрескел бұзылады. Неге десеңіз, нақты біреулерді ұлтына, нәсіліне, тіліне қарап оларды басқа бір ұлт өкілдері арасынан бөліп алып, жеке дара соларға ғана саусағын шұқшитып атап көрсетудің өзі, оларды кемсітудің барып тұрған нақты бір формасы болып табылады. «Ол анау ғой, ол дегенің өз парызын орындаған басқа азаматтар сияқты мемлекеттік тілде сөйлей алмайды, оған жаның ашымай ма, қинама оны, ол тек анау бір тілде ғана сөйлей алады, сөйлей берсін тиме» - деп айтылатын сөзге құқықтық тұрғыда сараптама жасайтын болсақ: «Өй сен деген не, білмеуші ме едің?, оған мемлекеттік тілде сөйлеу деген қайда? Ол дегенің мемлекеттік тілде сөйлей алмайды, яғни мемлекеттік тілді үйренуге миы жетпейді, оның интеллектісі, сана сезімі, білімі басқалардан төмен, сондықтан мемлекеттік тілді үйрене алмай жүр, болмаса мүлдем үйрене алмайды» - деп, оны ұлттық, болмаса басқа бір белгісіне қарап намысына тиіп кемсітіп айтқанмен тең. Яғни, бұндай жағдайда бір адам басқа адамнан жоғары, ал екіншісі төмен қойылып тұр. Адамдарды нәсіліне, ұлтына, тіліне қарап бұдан басқалай кемсітудің жаңа бір нысанын ойлап табудың өзі қиын шығар. Ол азаматттар болса осыны түсінбей де жүр. Мемлекеттік тілді үйренгілері келмегендіктен оларды қорғағансып, ал шын негізінде құқықтық тұрғыда өздерін кемсітіп, төмендетіп жүрген азаматтарға мың да бір рахметін айтып, риза болып жүр. Ал шын негізінде олар ҚР-сы Конституциясының 14-і бабының 2 тармағы тұрғысында кемсітілген азаматтар болып саналады. Сондықтан да, ендігі жерде мемлекеттік тілді үйрену мәселесіне келген кезде азаматтарды нәсіліне, ұлтына, тіліне қарап оларды кемсітуге апаратын іс әрекеттерге жол берілмеуі керек. Басқа жұртты нәсіліне, тіліне қарап қорғағаннан бұрын оларды жоғарыда аталған ұқсас нысандарда кемсітетін азаматтар Конституцияның 14 бабының 2 тармағын өрескел бұзатындығына байланысты «неге сен оларды мемлекеттік тілде сөйлей алмайды дейсің, не оның қабілетіне күмәнің бар ма, сонда не оларды 2-і сұрыптағы адамдар деп кемсіткің келе ме? деген сұрақтың астына алынып, жауапқа тартылулары тиіс. Сәйкесінше, «мемлекеттік тілді үйренуден шеттетіліп (кемсіту нысанында қорғалып) жүрген азаматтар, конституцияның 14 бабының 2 тармағымен баянды етілген өздерінің теңдік құқықтарын іс жүзіне асыра алмай жүрміз» - деп есептегендері дұрыс.

Сондықтан, Конституцияның 14 бабының 2 тармағын басшылыққа алып, ешкімді еш қандай кемсітуге жол бермеу үшін, ҚР ның барлық азаматы мемлекеттік тілді үйренуге «құқылы», кешіріңіздер «міндетті» - деп, Конституцияның 7-і бабының 1-і тармағына бекітіп көрсетуіміз керек.

Сонымен, тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ,

Бірінші: Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-і бабының 1-і тармағы: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі, оны оқып үйрену әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті болып табылады» - деп түзетіліп жазылуы керек. Орысша аудармасы: «Государственный язык Республики Казахстан-казахский язык, изучение которого является священным долгом и обязанностью каждого гражданина».

Екінші: «бұл міндеттің жүзеге асырылуын қаматамасыз ету құралдары» қандай да бір жауапкершілік түрінде, не болмаса азаматтарды қандай да бір мүмкіншіліктерден айыру түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті түзетулер мен өзгертулер енгізілу арқылы іске қосылуы керек.

Үшінші: мемлекеттік тілді үйрену міндеті кезең-кезеңмен, оның нақты шекті мерзімі алдын ала белгілену арқылы енгізілу керек. Алдымен, ол ҚР-ның барлық мемлекеттік қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдардың барлығына, одан соң ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, соңында барлық азаматтарға жүктелуі керек.

Басқалай жағдайда, бұл «Ұлы миссияның» жүзеге асырылуын Қазақстан Республикасының үш саяси қызметкерінің ғана мойынына жүктеп қойып, қалғандарымыздың қол құсырып қарап отырғанымыз әділеттілік болмас. Жұмыла көтерген жүк жеңіл!

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. ҚР Конституциясы 1995 жыл 30 тамыз;

2. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі 2014 жылғы шілденің 5-і № 235-V;

3. ҚР «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ заңы;

4. «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 Заңы;

5. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»;

6. Қазақ КСР-індегі «Тіл туралы» заңы, 1989 жыл 22 қыркүйек.


Мәлік Айбар Мәлікұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы, халықаралық құқық магистрі.