ЖАЛАҚЫДАҒЫ ТЕҢСІЗДІК - ӘЛЕУМЕТ АРАСЫН АЛШАҚТАТЫП ТҰР - Үміт Битенова
2022 ж. 17 ақпан
1491
0
Ел аузында баяғыда-аан, отыз жылдың жүзінен бері пайда болған: "Жұмақ: Жамбыл облысының әйелдері, астана пәтерлері, Атырау жалақысы, Алматы ауа-райы; Тозақ: алматылық әйел, атырау пәтерлері, Жамбыл өңірінің жалақысы, Астананың ауа-райы" деген шымшыма сөз бар.
Орыстілділердің де есіне салайын: "Рай: жамбылская жена, астанинская квартира, атырауская зарплата, алматинская погода. Ад: алматинская жена, атырауская квартира, жамбылская зарплата, астанинская погода".
Авторы кім болса да ақиқатты айтқан. Әйел, ауа-райы туралы тақырып табиғатымыздан, Құдайдың рақымы мен мейірімінен дейік. Бірақ, ақша мәселесі үлкен мәселе. Өйткені күнкөріс деңгейі қаржымен, қаражатпен тікелей байланысты. Қазақстанымыздағы аймақтар, облыстар арасындағы, сондай-ақ бай мен кедей отбасыларының қарым-қатынасындағы әлеуметтік теңсіздік те негізінен осыдан шығып отыр.
Батыстан шығысқа тарқатылып, солтүстіктен оңтүстікке көсіліп жатқан, яғни Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылған ұланғайыр Ұлы даламыздың иесі бір ғана бітұтас жұрт екені рас болса, осы қаржылық теңсіздікті де жоюымыз керек. Бұрын деп мысал келтірсем, келмеске кеткір кеңестік кезеңді көкседі деп ойлайтындар шыға келер. Сонда да айтайын, сол шақтарда бізден Мәскеуге (немесе Вильнюске, немесе Сібірге, Камчаткаға) сапар шеккендер қалталарындағы жол кірелерімен барып, үйіне аман-есен қайтып келе алатын.
Өйткені бүкіл Одақ бойынша ішіп-жем тамақ, ас-ауқат, нанның бағасы барлық жерде бірдей дерлік, прейскурант бір шамада, жол билеті бір сомада болатын. Ол ел он бес республикасы және бірнеше автономиясы бар, қырық құрақ ұлты мен ұлысы шашырап шашылып жатқан Одақ-тын. Сөйте тұра сол социалистік система сол одақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.
Инфляция деген сөз ол кезеңнің лексиконында мүлдем жоқ-тын. Қазіргідей бейнекамералар, ұялы телефондар атымен жоқ. Атеистік сол қоғамда сыбайлас жемқорлар тұрмақ, алыпсатарлар мен арамтамақ жатыпішерлер де "ептеп" дәнігіп-құныққандық жасағанымен, бір Құдайдан қорыққаны мәлім.
Оған қарағанда біздің мемлекетіміз қолмен қойғандай, ұядай шап-шағын емес пе?!. Демографиялық санымыз да санаулы. "Тозақ - Жамбылдағы жалақы" деген жоғарыдағы қышқыл мысқыл көбінесе біздің аймаққа тән. Әлеуметтік теңсіздік әсіресе ең төменгі еңбекақылы, дотациялық өңір Жамбыл облысында қатты сезіледі. Бала-шағасының нәпақасы үшін көп ақша табам деп, алыс-жақын шетелді қоспағанда, Атырау асып, Ақтау ақтап кетіп жүрген қазақ ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Вахталық әдіспен күн демей, түн демей жұмыс істейтін азаматтар, азаматшалар тұрғылықты мекенінен ылғи жырақта жүрген соң, отбасы тәрбиесі ақсамай қайтеді?..
Кешегі "Қаңтар қасіреті" де өз жарасын өзі жалап жазатын көкбөрі ұрпағына көп сабақ. Мағыстаулықтардан кейін жер-жерде, өңір-өңірлерде екінші күн дегенде шерушілердің бірден бас көтеруі әуел баста сұйытылған газ бағасының Жаңаөзенде ғана 50 теңгеге түсірілгендігін естігеннен, "басқа өңірде ше?", "біз тоқалдан тудық па?" деген сияқты көкейге лықсып келген наразылықтардың ашу-ызамен сыртқа шығуынан белең алғандығын ұмытуға бола ма.
"Адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор",-деген болатын 2020 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында. Жер бетінде 1 500-ден астам ұлт бар екен. Соның 10%-дан астамының ғана атамекен жері, қонысы, Отаны бар. "Ендеше, жерінің көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған Қазақ Елімізді аялайық, атақонысымызды бағалайық, бейбітшілігіміз бен
тұрақтылығымыздың қадірін білейік" дейміз әшейінде жиі ұрандатып. Дұрыс-ақ. Биыл Ұлттық санақ нәтижесі 19 млн 169 мың 550 жан санын тіркеді.
Соның ішінде 70,18 пайыз қазақтың көбісінің дені қоныстанған оңтүстік облыстардың басқа аймақтардың табыс көзімен айырмашылығын қалайда азайтуға күш салынса - ұлтқа жасалған қамқорлықтың нағыз өзі болар еді. "Нарық заманы", "капиталистік формация" сияқты терминдерді себеп пен салдар қып желеулетіп, уәждеріне тықпалай бермей, мемлекетіміздің кәсіби экономистері таразы басын мейлінше теңелтіп, осы бір келеңсіздіктің кілтін тапса алғыстан басқа айтарымыз қалмас еді.
Сонда ғана Қазақ даласын жайлаған біртұтас Ел мен жұрттың мақсаты биік, мұраты асыл, арманы асқақ - келер күніне, ертеңіне еңсе түсірмей, кезіккен қиындықтардан еңсере өтіп, еңселі күйде жету болар еді.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Талас аудандық Мәслихатының депутаты.