Нарық реттей алмаған бағаны халық реттейді
2022 ж. 16 қаңтар
2463
5
- ШЕРУГЕ ШЫҚПАСА ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ МА?
Жаңаөзен қаласынан басталып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды талап еткен бұқаралық шеру еліміздің басқа да аймақтарында орын алғаны белгілі. Өкініштісі, бейбіт шеруге шыққан қарапайым халық ереуілін лаңкестер арам ниеттеріне пайдаланып, елімізге бүлік салды. Әкімшілік, стратегиялық маңызы бар нысандарды басып алып, сауда орталықтарын талқандап, еліміздің экономикасына миллиардтаған шығын келтірді. Ең бастысы қорғаныс саласы мен күштік құрылымда қызмет етіп жүрген адамдарымыз зардап шекті. Олардың қатарындағы ондаған жастардың өмірі қыршынынан қиылды. Қаншама бала-шаға әкесінен, қаншама ата-ана баласынан айырылып, жесір қалған жарлары зар илеп қалды. Бұдан асқан қасірет бар ма?..
Бұл орын алған қайғылы оқиға нені көрсетті? Біріншіден, біздің күштік құрылымдар мұндай төтенше жағдайға дайын еместігін айғақтап берді. Әншейінде бейбіт шеруге шыққан шал-кемпірлер мен қыз-келіншектерді екі бүктеп автозакқа тығатын шенділеріміз қарулы қылмыскерлерге қарсылық көрсетіп, тойтарыс беруге дәрменсіздіктерін байқатты. Бейбіт шеруге шыққан белсенділердің ізін аңдып жүріп, қауіпті жауды назарларынан тыс қалдырған. Екіншіден, қаруланған лаңкестер үлкен дайындықпен, мақсатты түрде ұйымдасқан ірі күш екенін көрсетті. Осы тұста мына бір жағдайды да атай кеткен жөн. Құқық қорғаушылар алаңда бейбіт адамдармен араласып кеткен топқа қарсы қару жұмсай алмады. Өйткені қарулы қақтығыста бейбіт шеруге шыққан қарапайым жазықсыз жандар оққа ұшып, адам өлімі жүздеген есе көп болатын еді. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда біздің құқық қорғаушыларға кінә арту артықтау дер едік.
Сорақысы сол, күштік құрылымдардың ішіндегі ең құзырлысы, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовтің сатқындық күдігіне ілініп қамауға алынуы болды, жұрттың жағасын ұстатты. Осының алдында ғана Кәрім Мәсімовтің бірінші орынбасары Самат Әбішті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орнынан босатқан болатын. Ал Самат Әбіш елімізді отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі екенін бүкіл ел жақсы біледі. Оның қызметтен не үшін босатылғаны белгісіз, көпшілікке құпия күйінде қалып отыр. Кәрім Мәсімов те Н.Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі. Біздің Үкіметті бір емес, екі рет басқарып, ҚР премьер-министрі болған. Түрлі лауазымды қызметтерді сеніп тапсырған, отыз жыл бойы қол астында қызмет еткен адамның сатқындық күдігіне ілінуі оны тағайындаған басшыларға деген халықтың да күдігін тудырып отырғаны жасырын емес. Демек, бізде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу мен тағайындау жұмысы екі аяғынан бірдей ақсап жатыр деген сөз. Бір сөзбен айтқанда биліктегі саяси дағдарысты пайдаланып, кейбіреулер қарулы төңкеріс жасамақ болды. Мемлекетті төңкеріп, ішімізде билікке ие болғысы келгендердің жоспарын өзара байланысқа түскен сырттан келген лаңкестер де іске асырмақшы болды. Абырой болғанда тәуелсіздігімізді сақтап қалдық.
ҚР Президенті бұл бүлікке қатысты егжей-тегжейлі тексеріс болатынын, кінәлілер қатаң жазаланатынын жариялап, құзырлы орын басшыларына тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы толықтай орындалады деп үміттенеміз. Құқық қорғау органдары бұл бүлікке саяси, заңдық тұрғыдан лайықты бағасын беріп, тиісті шараларды жүзеге асырады деп сенеміз.
ХАЛЫҚ ШЫДАМЫН ТАУЫСТЫ, ДӘРМЕНСІЗ ҮКІМЕТ АУЫСТЫ
Үкіметті ауыстыру бірінші рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де түрлі себептермен Министрлер кабинеті талай рет тарқатылған болатын. Әрине, жақсы, нәтижелі жұмыс істегендіктен емес. Осы жерде мына бір мәселені айта кеткен жөн сияқты. Біздегі үкіметті ауыстыру деген аты ғана, көзбояушылық үшін жасалған шараға қатты ұқсайды. Өйткені оның қолынан түк келмейтін министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдерден тұратын құрамы сол күйінде қалады. Әрі кетсе бір-екі министр ғана орнын босатады. Оның өзі ертеңінде тағы бір жоғары лауазымға ие бола қояды. Бір қызметте түк бітірмеген лауазымды шенеуінік екінші бір жердің де көсегесін көгертпесі белгілі. Соны біле тұра жаңағы біліксіз маманды тағы да қолпаштап, қызметін көтереді. Ал біз еліктейтін әлемдегі дамыған елдерде Министрлер кабинеті түгел құрамда доғарысқа түседі және оларға ешкім басқа қызмет тауып бермейді. Бұл бізде мамандарды таңдау, қызметке тағайындау тамыр-таныстық, туысқандық, керек болса жемқорлық, парақорлық жолымен жүргізілетінін көрсетеді. Оны мойындауымыз керек, өйткені өткен отыз жылдық тәжірибеміз нақ осыны көрсетіп келеді.
Алдындағы Үкімет құрамы секілді Асқар Мамин басқарған министрлер кабинетіне де халықтың наразылығы көп болды. Оның отставкаға кетуін бұқара талап еткелі қашан. Өйткені Мамин басқарған үкімет мемлекеттік бағдарламаларды дер кезінде орындауды үйлестіре алмай, қол астындағығылар жемқорлықпен ұсталып, тіпті пандемия кезінде дәрі-дәрмектердің талан-таражға түсуіне жол берді. Соның кесірінен қаншама тұрғындарымыз дер кезінде емделе алмай өмірімен қоштасты. Соған қарамастан біз нашар жұмысы үшін отставкаға кеткен А.Маминды арқасынан қағып, алғыс айтып жатырмыз. Не үшін?.. Оны ертеңгі күні тағы бір лауазымды қызмет күтіп тұрғаны белгілі, өйткені біздің жүйенің қалыптасқан қағидасы осындай...
Сонымен Үкімет басшысы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Бірқатар жаңа министрлер лауазымға ие болды. Мәселе премьер-министрді ауыстыруда емес. Алдымен «Үкімет неге доғарысқа түсті?» деген сұраққа жан-жақты жауап іздеуіміз керек. Оның себептері өте көп. Оның бірқатарын ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Шынына келсек, бұл туралы БАҚ-та, бейбіт ереуілге шыққан бұқара тарапынан бұрындар да жылдар бойы айтылып келген. Бірақ нәтиже нөл, халық үніне құлақ асқан Үкімет болмады. Енді мына қанды қаңтар оқиғасынан кейін естерін жиған билік халыққа бет бұра бастаған секілді. Жаңа Үкімет жылдар бойы қордаланған мәселені шеше ала ма, соған деген шынайы ниеті бар ма? Бұл сұраққа дәл қазір алдынала жауап беру қиын, оны мықты деген көріпкел де айта алмайды.
Халықтың наразылығы сұйытылған газдың бағасының шектен тыс қымбаттауынан басталғаны белгілі. Шын мәнінде бұл бір ғана себеп болатын. Бұғаусыз кеткен баға өзге де сала бойынша көтерілді. Айталық жанар-жағар май, коммуналдық төлемдер мен күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының әлсін-әлсін қымбаттауы халықтың тұрмысын төмендетіп жіберді. Алатын жалақылары мен әлеуметтік көмектері өмір сүруге жетпеген жұрттың ашу-ызасы шегіне жеткен-ді. Қарапайым халық билікке таласып көшеге шыққан жоқ, бар-жоғы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының мүшкіл екенін, өмір сүрудің қиындап кеткенін айтып шығып жүрді алаңдарға. Ал билік болса олардың талабын орындаудың орнына күш жұмсап, белсенділерін қамауға алумен болды. Сөйтіп халықпен есептеспеудің соңы міне қанды қаңтарға жеткізді.
ШІРІГЕН БАЙЛАР МЕН СІҢІРІ ШЫҚҚАН КЕДЕЙЛЕР ҚОҒАМЫ
Мәселенің саяси жағын жиыстырып қойып, тек қана экономикалық, әлеуметтік- тұрмыстық жағын ғана қарастырып көрелікші. Бұл жағдай бір күнде немесе бір жылда қалыптасқан жоқ. Ол үшін сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына көз жүгірту керек. Экономикалық былық пен әлеуметтік теңсіздік атышулы мемлекеттік мүліктерді жекешелендіру науқанынан басталған-ды. Ата-бабаларымыздың, әке-ағаларымыздың ғасырлар бойы жинап, ұрпақтарына қалдырған бар байлығын біздің биліктің басына шығып алғандар, солардың туыстары мен айналасындағылар өз әкелерінен мұраға алғандай басып қалды. Ал қарапайым халыққа қотыр қозы да бұйырмады. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру үшін оны белгілі бағаға сатып алу керек-ті. Ал ондай ақша кеңестік кезеңнен шыққан біздегі бірде-бір азаматта болмағаны да белгілі. Сонда олар осыншама мүлікті қалай жекешелендіріп алды, оған қалай ғана жеке-дара ие бола қалды? Бүгін долларлық миллиардер атанып жүрген Александр Машкевич, Патох Шодиев, Алиджан Ибрагимов (марқұм), Владимир Ким, Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева сияқты олигархтар ірі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарын сатып алуға ақшаны қайдан алды? Әрине, тегін басып алды. Олардың алдыңғы үшеуі тіпті Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, одақ қатарында болған көрші ел азаматтары. Әрі кетсе шетелден инвестиция тартып ортада делдалдық қызмет атқарды. Ең бастысы олар біздің биліктегілерге жол таба білді. Бұлардан басқа қаншама миллионерлер шықты.
Капитализм заңы бойынша байлар болу керек екен. Болсын делік. Бірақ олар қалай байыды, өз еңбегімен бе, әлде халықты қанау арқылы ма? Мәселе сонда. Тәулігіне 24 сағат тынымсыз жұмыс істесең де миллионер бола алмайсың. Біздің байлар ғылыми жаңалық ашып, өндірісті өркендетудің жаңа әдістерін ойлап тауып жатқан жоқ соншалықты байып кететіндей. Керісінше, кәсіпорындарды қаржы жұмсап қайта жарақтандырмағандықтан өндірісте адам өліміне әкелген апаттар жиі орын алып жатыр. Соның бір айғағы ¬– «АкселорМитталТеміртау «компаниясы. Біздегі олигархтар халықты қанау арқылы байығаны белгілі. Олар тапқан мол пайдадан мемлекетке белгілі бір мөлшердегі салық қана төлейді, қалған қомақты бөлігін өз қалталарына салады. Ұрлаған ақшаларын шетелдерге жасырып, зәулім сарайлар, ұшақ, қымбат яхталар сатып алып жырғап жүр. Олардың көбісі шетелде тұрады, Қазақстанды тек қана ақша жасайтын жерге айналдырып алған. Ал тұрғындарымыздың тұрмысы күн сайын төмендеп барады. Соған шыдай алмаған адамдарымыз амалсыз алаңға шығуға мәжбүр. Қанды қаңтар соның нәтижесі.
Байлардың қалай байып жатқаны туралы неге айтып отырмыз? Өйткені оның халықтың тұрмысына тікелей әсері бар. Ірі өндіріс саласын иеленгендер тойымсыздыққа салынған, бағаны көтерушілер де солар. Мұнай, көмір, металл тағы да басқа пайдалы қазбалар өзіміздікі болғанмен одан шығатын өнімдер тым қымбат. Әсіресе, қуат көздерін заңсыз қымбаттатқан. Соған байланысты барлық салада қымбатшылық орнады. Олай болуға тиісті емес. Ал біздің билік болса тордағы тоты құс секілді «бағаны нарық реттейді» дегенді қайталаудан аспайды. Нарық заңы бізде жұмыс істей ме? Ол туралы біздің билік ойланбайды да. Бізде жемқорлыққа негізделген жабайы нарық қалыптасқан. Өйткені бақылау жоқ.
Рас, бақылаушы орындар елімізде жетіп артылады. Мыңдаған қызметкерлеріне жоғары жалақы төлейміз, оларға түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Айталық, есеп комитеті, сот, прокуратура, жемқорлыққа және монополияға қарсы күрес мекемелері, полиция сияқты құзырлы органдар көп. «Олай болса неге жемқорлықты жеңе алмай отырмыз?» деген заңды сұрақ туындайды.
Ашығын айтсақ, майлы жілікті ұстаған монополистер, олигархтар Үкіметке бағынбайды, әбден байып алды. Ертең билікке таласатын да солар болады. Кәсіп иелері мен жұмысшылардың жалақысының айырмашылығы 60 пайыздан асып кеткенін айтып мемлекет басшысы бұл кемшілікті жоюға тапсырма бергені белгілі. Бірақ оны ешкім орындаған жоқ. Билік оларға ештеңе істей алмай отыр. Жұрт алдына шығып алып, қырамыз-жоямыз дегенмен іс жүзінде билік басындағылар өздерінің шарасыздығымен оларға қолдау көрсетіп отыр деуге болады. Оның да бірнеше себептері бар. Мысалы, жіті тексеріп бұлтартпайтын дәйек келтірмеген соң мынандай жорамал жасауға болады. Біріншіден, тексеруге барған құзырлы орын өкілдері жемқорлыққа көзді жұмып қарағандары үшін пара алады. Екіншіден, сол пайдасы шашетектен кәсіпорындарда жоғары лауазымдылардың өз қомақты үлесі бар. Тіпті сол кәсіпорындардың нақты иесі болулары ғажап емес. Жоғары мемлекеттік қызметте отырып алып жемқор кәсіпкерлерді жасырын қолдап отырса қандай бақылау болмақшы? Мұндайды жең ұшынан жалғасқан жемқорлық дейді. Анда-санда қылмыспен күресіп жатқан сыңай танытып бір-екі жемқорды ұстап қамайды. Сосын көп уақыт өтпей «рақымшылық» жасап, басынан сипап түрмеден шығарып жібереді. О бастан осы әдіспен құрылған жүйе өзінің жеңісті жолын отыз жыл бойы жалғастырып келеді. Жаппай жемқорлықты жеңе алмай жатқанымыздың басты себебі де осы. Нәтижесінде қарапайым халық сіңірі шыққан кедейге айналды.
Халық арасында «қанды қаңтар» аталған оқиғадан соң біздің билікте бір қозғалыс басталғандай, қатқан тоң жібіп, сірескен сең сөгілгендей. Мемлекет басшысының Мәжіліс отырысында айтылған сөздері мен тапсырмаларына сенетін болсақ осы аталған және қоғамымызда қалыптасқан өзге де көптеген кемшіліктер жойылатын сияқты. Ләйім солай болғай!..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz