КІТАПХАНА ҒИМАРАТЫ МӘСЕЛЕСІ 2022 ЖЫЛЫ ШЕШІМІН ТАБАДЫ – вице-министр Дәуешев

КІТАПХАНА ҒИМАРАТЫ МӘСЕЛЕСІ 2022 ЖЫЛЫ ШЕШІМІН ТАБАДЫ – вице-министр Дәуешев

Түркістан облысы Шардара аудандық орталық кітапхананың ғимаратының талапқа сай еместігі айтылып жүргелі біраз болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты , Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса осы жазда депутаттық сапармен ел аралағанда Шардара қаласында орталық кітапхана ұжымымен кездесуде де осы мәселе көтерілген еді.

Орталық кітапхана қызметкерлерімен кездесу ерекше есте қаларлықтай өткен болатын. Бір сәт сонау жас кезі, кітапханаға талай кітап іздей барғаны еске түсіп, ақын депуат кітапханашы қызға жазған өлеңін де оқып берген еді.

Не дегенмен де кітапханада әдебиетке жаны жақын жандар істейді емес пе, мекеменің библиографы Назыгүл Оразбаева апай Қазыбек Исаның өлеңін өзіне оқып беріп, жиналған жұртты бір желпіндіріп тастады.

Парламентте отырған өз жерлестері орталарына келіп қалғанда, кітапхана қызметкерлері кітапхана ғимаратының заман талабына сай еместігін, көлік өте көп жүретін күре жолдың бойынан басқа жайға ауыстыру кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізген еді.

Иә, Елбасымыз Рухани жаңғыру бағдарламасын жариялап, ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәдениетке мән беріп, қолдау жасап жатқанда мәдениеттің нағыз ордасы - орталық кітапхананың жайлы жайға жайғаса алмай келуі кітапхана ұжымы ғана емес, оқырмандардың да мазасын алып келеді.


Осы кездесуден кейін, биыл қыркүйек айында "Ақ жол" фракциясына Шардара аудандық орталық кітапхана ұжымы жазған хат та келген болатын.

Ол хатта: “Оқырман саны жылдан -жылға артып, кітап қоры жаңа кітаптармен әр тоқсан сайын толықтырылуда. Олар әр бөлмеге бөлініп қойылған, бірақ бөлмелер жетіспегендіктен кітаптардың біразы сыйыспай бір бөлмеде жинаулы тұр. Ғимарат кітапханаға лайық емес, ережеге сай келмейді. Кітапхана артында күріш зауыты жабыса салынған. Сол зауыт жақта терезе болғанмен қараңғы,терезе алдына үйіліп жиналған салылардың шаңы мен исінен жазғы маусымда ғимарат ішінде отыру мүмкін емес. Зауыттың шуы келген оқырмандардың оқуына кедергі де келтіруде. Күріш зауыты ашылғалы бері ғимараттың бірінші қабатында тышқандар өріп жүр. Ол кеміргіштердің кітаптарды да бүлдіруі ғажап емес. Осы жағдайдың бәрін өз көзіңізбен көріп кеттіңіз.”-деп жазады кітапхана ұжымы.

Депутат Қазыбек Иса бұл мәселені шешу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сауал жолдаған болатын.

Жақында осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың жауабы келді. Министрлік жауабы бойынша, «2022 жылы жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру арқылы кітапхана ғимаратының жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шардара ауданы әкімдігі кітапхана ғимаратына жапсарлас «Шардара несие» ЖШС-нің екі қабатты ғимаратын жалға алып, кітапханаға беру мәселесін де қарастыруда.»

Кітапханашылардың парламентке хаты

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары,

Қазыбек Иса Жарылқасынұлына

Қадірменді Қазыбек Жарылқасынұлы!

Сізге, аудандық орталықтандырылған кітапхананың қазіргі таңда орналасқан ғимаратының жағдайы туралы айтқанбыз.

​Өркениетті қоғамның тағдыры өсіп келе жатқан ұрпаққа байланысты десек, кітапхана заман талабына сай білімнің, ғылымның шығармашылық және мәдениет саласы бойынша дамудың жетістіктерін насихаттауда оқырмандар үлесіне елеулі үлес қосып отырған биік парасаттылық пен біліктіліктің ордасы. Осы орайда заманауи үлгіде жабдықталған кітапхананың қажеттілігі жоғары болуына көңіл бөлуі тиіс. Бұрынғы қызмет істеген әкімдерге де, аудандық мәслихатқа ұсыныс хаттар жолданған. Кітапхананың жағдайы туралы хабарланған.

​Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлттық бірегейлікті сақтау: ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген сөздерінен аудан кітапханаларының да болашақта бәсекеге қабілетті болуын мақсат етіп отырғаны белгілі.

​Аудандық орталық кітапхана ғимаратында қазіргі таңда барлығы 16 бөлме бар, соның 3 бөлмесінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері орналасқан. Кітапханаға 13 бөлме берілген. Осы бөлмелерде 37 қызметкерлер орналастырылған. Ғимарат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгерімінде.

​Кітапхананың кітап қоры қазіргі таңда 160298 кітапқа жетіп отыр. Оқырман саны жылдан -жылға артып, кітап қоры жаңа кітаптармен әр тоқсан сайын толықтырылуда. Олар әр бөлмеге бөлініп қойылған, бірақ бөлмелер жетіспегендіктен кітаптардың біразы сыйыспай бір бөлмеде жинаулы тұр. Ғимарат кітапханаға лайық емес, ережеге сай келмейді. Кітапхана артында күріш зауыты жабыса салынған. Сол зауыт жақта терезе болғанмен қараңғы,терезе алдына үйіліп жиналған салылардың шаңы мен исінен жазғы маусымда ғимарат ішінде отыру мүмкін емес. Зауыттың шуы келген оқырмандардың оқуына кедергі де келтіруде. Күріш зауыты ашылғалы бері ғимараттың бірінші қабатында тышқандар өріп жүр. Ол кеміргіштердің кітаптарды да бүлдіруі ғажап емес. Осы жағдайдың бәрін өз көзіңізбен көріп кеттіңіз.


​Қорыта айтқанда, халықтың рухани қазынасына айналған кітапханаға

1.​Аудандық орталық кітапхананың тұрған жері ережеге сай емес.

2.​Көшенің бойында емес, саябақ сияқты тыныш жерлерде ораласуы керек.

3.​Кітапхананың өзінің баланысында жеке ғимараты болуы керек.

4.​Қазіргі Әділет басқармасы отырған ғимарат, бұрын кітапхананың орны болған сол ғимаратты, қазіргі заманауи кітапханаға сай етіп жөндеуден өткізіп, қайтарып берсе нұр үстіне нұр болар еді.


Жас ұрпақтың сапалы білім, дұрыс тәрбие алуына аудандық кітапханада зор үлес қоса алар еді.

Сізден, заман талабына сай оқырмандарға қызмет көрсету үшін заманауи үлгідегі кітапхана ғимаратқа ауыстыруыңызға ықпал жасауыңызды сұраймыз.

Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері:


1.​М.Ақбаева

2.​Г.Асқарова

3.​А.Ахметова

4.​Ғ.Бертанова

5.​Н.Биғожаева

6.​М.Жаңабаева

7.​К.Жораева

8.​Г.Қабылова

9.​Г.Қадірбекова

10.​ Б.Қансейітова

11.​ Н.Құралбаев

12.​ Г.Мамбетова

13.​ Р.Мұратова

14.​ Г.Назарбекова

15.​ Б.Нұрымбетова

16.​ Ж.Райымбекова

17.​ Б.Сейтбекова

18.​ А.Серікбаева

19.​ Г.Смаилова

20.​ Г.Туребаева

21.​ Н.Уразбаева

22.​ К.Перебаскина


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты , Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хаты:

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты , Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның хаты:

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

Түркістан облысының әкімдігі

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Шардара ауданының орталық кітапхана ұжымынан өтініш келіп түсті.

Ұжым аудандық орталық кітпхананың тұрған жері ережеге сай емес, кітапхананың ғимараты өзінің балансында болу керектігін мәлімдейді, қазіргі әділет басқармасы отырған ғимарат, бұрын кітапхананың орны болған соң сол ғимаратты, қазіргі кітапханаға сай етіп жөндеуден өткізіп, қайтарып беруін сұрайды.

Жас ұрпақтың сапалы білім, дұрыс тәрбие алу үшін аудандық кітапханаға қолдау көрсетулеріңізді және заңда беліленген мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.

Қосымша: 2 парақта (1-ші мекенжай иесіне).

Құрметпен, Қазыбек Иса


Енді депутаттық сауалға келген ресми жауаппен толық таныстырайық.

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

депутаты

Қ.Ж. Исаға

2021 жылғы 4 қазандағы

№ 7-11-1414-хатқа орай

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жоғарыда көрсетілген хатыңызға орай Шардара ауданының орталық кітапхана ұжымының кітапхана ғимаратына қатысты өтінішін қарап, келесіні хабарлайды.

«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 және 9-баптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдары кітапхана ісін дамыту бойынша өздеріне қарасты мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін қолдайтынын және үйлестіретінін, мәдениет саласындағы мекемелерінің қызметін қамтамасыз ететінін ескере отырып Министрлік Түркістан облысы әкімдігіне тиісті хат жолдады.

Осыған орай Түркістан облысы әкімдігі Шардара ауданы әкімінің «Мемлекеттік мекемелердің балансындағы негізгі мүліктерді баланстан балансқа өткізу туралы» 2010 жылғы 23 маусымдағы №436 қаулысы негізінде (бұрынғы «Шардара несие» ЖШС-ның екі қабатты ғимараты) Шардара аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен Шардара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне тапсырылғанын хабарлады.

Хатта Әділет басқармасы орналастырылған ғимарат басқарманың теңгеріміне тиесілі болғандықтан, аталған ғимаратты аудандық кітапханаға берудің мүмкіндігі жоқ екені көрсетілген.

Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапхана орналасқан екі қабатты ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін 2021 жылы 11 ақпанда ақау актісі жасалып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің 2018-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына енгізілген.

Осыған орай 2022 жылы жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру арқылы кітапхана ғимаратының жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шардара ауданы әкімдігі кітапхана ғимаратына жапсарлас «Шардара несие» ЖШС-нің екі қабатты ғимаратын жалға алып, кітапханаға беру мәселесін де қарастыруда.

Осыған орай аталған мәселе алдағы уақытта жергілікті атқарушы органның әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы аясында оң шешімін табатынын хабарлаймыз.

Вице-министр Н. Дәуешов


Құдай қаласа, Шардарадағы орталық кітапхана ғимараты бүгінгі күннің талабына сай жаңарып, кітапхана ұжымы мен оқырмандар алаңсыз білім бұлағынан сусындайтын болады деп сенеміз!

Алла жар болсын!

«Ақ жол» партиясы фракциясы халық аманатын орындау жолындағы қарқынды істерін жалғастыра береді.