Дәулеткерей Кәпұлы: Нұр-Сұлтан болашақта кімдердің қаласы болмақ?!
2021 ж. 09 шілде
3190
2
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын алақайлатып айтып-ақ жатырмыз. Кеңестен көрген қорлығымызды жырдай ғып еңірегенде етегіміздегі жасқа кеме жүздіреміз! Жаһандану деген жалмауыз желкемізде төніп тұр. Ресейдің мемлекеттік думасының депутаттары әлсін-әлсін «қазақ деген ел болмаған, оларда жер де жоқ» деп доңызайбат шегіп қояды. Құлағымызды қағып тастап, алға шұлғи басып жүрген боламыз. Иә, рас Тәуелсіздікке 30 жыл! Қазақ ботасында көрмегенін атасында көріп, болып-толғандай тоқмейіл көңілмен, қуанышқа мәймілдеген сезіммен кекірік ата паңданамыз. Арқаға Ақорда тұрғыздық, тамаша, Алтынорданың заңды жалғасы – Қазақ елі жасай берсін! Сол қазақ елінің жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына қарасты дәл қазіргі таңда 36 қазақ мектебі, 53 аралас мектеп, 18 таза орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Аралас мектептерде оқитын балаларды автоматты түрде орыс мектебінің түлектері деп санауға болады. Ал енді аралас мектептер қаланың қақ ортасында, жаңадан салынған, жағдайлары өте жақсы ғимараттарда орналасқан. Таза қазақ мектептерінің көбі шетпұшпақтаған, қаланың ана шеті, мына шеті, итөлген мекендерде ғана ашылған. Яғни, арзан пәтер жалдаған, базар жағалаған жарлы-жақыбайлар мен әр облыстан көшіп келіп, әлі бұл қалаға сіңісті бола алмағандардың мекені. Аралас мектептер қаланың ең көрікті жерлерінде, бай-бағландардың, басшы, қосшы, шенеуніктердің май кекіріп жатқан сүйікті аумақтарында орналасқан. Олардың балалары аралас не орыс мектептерінде оқиды. Себебі, мемлекет саясатының астарын да, бүгінгі бағыт-бағдарын да көріп, сезіп отырған жаңа қазақтар балаларын орысша оқытады. Өйткені қазақ тілінің болашағына ата-аналары да сенбейді! Ал біздің мемлекеттің «мәсінің қонышын кесіп кебіс қылған» қожанасыр саясатын қараңыз! Қалалық білім басқармасының бір шаруасына Білім және ғылым министрлігі араласа алмайды! Әкімдік – жарты патшалық! Ол аз десеңіз, қаланың білім басқармасына қарамайтын Назарбаев зияткерлік мектептері, жекеменшік мектептер қазақ тілінің көсегесін көгертіп отыр дей аласыз ба?! Осы жақында ғана Нұр-Сұлтанның қақ ортасында ашылған 89, 91- мектептерді қала әкімі Алтай Көлгінов ашты, олар да аралас!!! 92 – мектепті аралас жасамақ. Алтай мырза, қазақ мемлекетінің болашағына балта шаппау керек және ол балта Болашақпен оқып келген азаматтың қолымен шабылмауы керек! Кешегі жоқ дегенде Қараөткелде орыстың қамалын қиратқан Кенесарының аруағынан ұялу керек қой?! Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы соңғы кездердегі сұхбаттарында, мақалаларында қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек дегенді айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келеді. Мына қаладағы білімнің ара салмағын көріп-біліп отырған әр адам Қазақ тілінің болашағын қалай елестететінін мен білмеймін. Қазақстаннан орыс бастатқан өзге ұлттар көшіп жатқаны қайда, неге саны азаймайтын орысша және аралас мектептер?! Ата-аналарда жалғыз мақсат – ақша табу, өлместің күні. Күнін әрең көріп отырған адам баласын іргесіндегі орыс немесе аралас мектепке бермегенде қайтеді?! Мемлекеттің идеологиясы әдірам қалған заман болып тұр! Әркім өз отырған жұмсақ креслосына ғана мығым. Бір мектепті таза қазақша жасайын десе «екі адам орысша жасамадың» деп шу көтереді екен деп, шуымызды сүйретіп, басымызды шұлғып, аралас жасай салғанда құда да, құдағи да тыныш! Соған мәзбіз, мектепті қатырып салып, ашып жатырмыз, мазмұнында, келешегінде шаруамыз жоқ, «сен тимесең мен тимен бадырақкөз» саясаткерлерміз!
Құрметті қаламгерлер, ақын-жазушылар! Басқа саясатқа араласпадық, сөзіміздің ешкімге керегі жоқ. Мына жерде аш жатсаңыз да, аурушаң болсаңыз да, бір бас көтеріп мәу дейтін кезіміз келді. Ертең қазақша жазған шығармамызды кім оқиды, кімге керек?! Елордасындағы мектепте оқитын ертеңгі ұрпақтың алдында басымыз төмен салбырап қалмасын! Қазақстан Жазушылар одағы дейтін қоғамдық ұйымды тыңдап жатқан мемлекет жоқ! Себебі Қазақстандағы 22 мың иттің де, биттің де құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың қатарында ғанамыз! Сондықтан әрқайсыңыз болмағанда қазақ мектептерінің болашағына алаңдап дабыл қағыңыздар, ертең кеш болады! Еститін бір құлақ табылып қалар...
Сонша көп орысша және аралас мектептерде біз бүгін қай мемлекеттің болашағын оқытып жатырмыз. 30 жылда жүйеленбеген, бірізге түспеген неғылған Мемлекеттік идеология?! Нұр-Сұлтан болашақта кімдердің қаласы болмақ?! Ойлан, қазақ, ойлан шенділер!!!
Дәулеткерей Кәпұлы,
Фейсбук парақшасынан