Бас мүфти қазақстандықтарды Ораза Айт мерекесімен құттықтады
2021 ж. 12 мамыр
1332
1
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Қадірлі мұсылман қауым!
Сіздерді исі мұсылман баласының ұлық мерекесі – ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!
Отбасыңызға бақыт пен береке, деніңізге саулық, жұмысыңызға табыс тілеймін.
Ораза айт – жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам.
Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке.
Жер бетіндегі күллі мұсылман үмбеті айт күндері хал сұрасып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре күй кешеді. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, оларды да қуанышқа бөлейді.
Алла Тағала: «…Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді. Жаратушы Иеміз сіз бен біздің қуанышты күндерімізді еселей түссін деп тілеймін.
Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында еліміз бойынша ауызашар қораптарын таратып, қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға риясыз ниетпен айрықша алғысымды білдіремін.
Еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, Діни басқарманың пәтуасы мен мешіт тәртібіне бағынып, құлшылығын үйде орындап, оразасын оқшау түрде ұстаған жамағатқа да Алла разы болсын айтамын!
Құрметті жамағат!
Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей!
Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!