Жер комиссиясы халық талабын орындай ма?
2021 ж. 28 наурыз
2239
8
Біздегі атышулы «Жер кодексіне» жерімізді шетелдіктерге сату немесе жалға беруге байланысты өзгертулер енгізуге бағытталған биліктің ұсынған жобасына қарсы шыққан халықтың талабынан соң бес жылдық мораторий жарияланғаны белгілі. Оның да мерзімі жыл соңында аяқталады. Бұқара наразылық білдірмегенде шетелдіктердің еншісіне кетуге сәл-ақ қалған жері үшін қазақ ұлтының алаңға шығып ереуілдетіп, алабөтен алаңдауы орынды. Жерін жоғалтқан ел жетім, ол кезде мемлекеттігінен де айырылатыны анық. Үлкен үміт артқан ұрпағының ұры-қарыға айналып, қасиетті жерінің қадірін өзге емес, өздері кетіретінін білгенде ата-бабаларымыз осыншама кең байтақ жерді қасық қаны қалғанша жаудан қорғап, аманат етіп қалдырмаған болар ма еді...
Мораторийдің аяқталу уақыты таянған сайын халық арасында қобалжу байқалып, қоғам тарапынан жерге қатысты талаптар толассыз қойыла бастады. Оған қоса «Ақ жол» партиясы депутаттары үкімет басшысына сауал жолдап, халық үшін маңызды мәселені шұғыл шешу керектігін талап етті. Осыдан кейін ғана бес жыл бойы бұл туралы тұрақты айтылып келсе де үнсіз жатқан үкімет ақыры жер реформасына байланысты жақында арнайы комиссия құруға мәжбүр болды. Мәжбүр болды деп айтпасқа амалымыз жоқ, бес жылда бір емес, бес жүз заң қабылдауға болушы еді. Шынын айтсақ, жер мәселесін халық талабына сай шешетін шынайы ниетті олардан байқамадық. Бірден айтайық, әупірімдеп бес жылда әзер құрылған комиссия құрамы 80 адамнан тұрғанмен, көпшіліктің көңілінен шықпады. ҚР Премьер-министрі орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған, басым бөлігі облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары, Парламент депутаттары мен өзге де лауазымдардан жасақталған комиссия бұқара көңіліне сенімнен бұрын күдік ұялатты. Өйткені, бес жыл бұрын жерді шетелдіктерге жалға беру жөніндегі заң жобасын жанын сала қорғаған биліктегілерге халық сенімін әбден жоғалтып болған-ды. Енді тағы да комиссия мүшелерінің түгелге жуығы сол билік басындағылар мен соның айналасындағылардан құралғаны бірден ұнамады. Оны әлеуметтік желідегі көптеген пікірлерден байқауға болады. Әсіресе, кезінде қолында билігі болған, жерді керегінше қамтып қалған латифундистердің комиссия құрамына кіріп кетуі көпшіліктің наразылығын тудырды. Расында, мыңдаған гектар жері бар латифундист қандай заңды қолдамақ? Әрине, жерді сату, сөйтіп пайда табуды ғана қолдайды. Олар қарапайым халықтың қамын ойламайды. Олай болса, олар комиссия құрамында неғып жүр? Әлеуметтік желідегілер сол сияқты ел мен жердің нақты жанашырлары, қоғам белсенділері комиссия құрамына кірмей қалғанына қынжылыс білдіріп, комиссияның бұл құрамын таратуды да талап етуде.
Халық үніне құлақ түріп үйренбеген үкіметіміз көпшіліктің бұл пікірін маса шаққан құрлы көрмей өз жұмысын бастап кетті. Алғашқы отырыста ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге жалға және өз адамдарымыздың меншігіне беру мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, 2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 15 миллионнан астам гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталған. Оның бүгінде 11 миллион гектары ауыл шаруашылығы айналымына және мемлекет меншігіне алынған. Қалғаны сот органдары арқылы қайтарылып жатыр. Кезінде терең ойластырмай қабылданған солақай заңның зардабын осыдан-ақ көруге болады. Комиссия мүшелері көтерген өзекті мәселелердің бірі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кейін нысаналы мақсатын ауыстырып үй-жай салып алатындар көбейген. Ал заңда бұған тыйым салынбаған. Көп жер банктерде кепілдікте жатыр. Тіпті жер пайдаланып отырған кей азаматтар азаматтығын ауыстыра бастаған. Демек кейін жерді банктерге кепілдікке қойып, өздері шетелге қашып кетуі де мүмкін. «Жер шетелдіктерге берілмесін деп дабыл қағып жүргенде, қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шет ел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай, фактілер бар, жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шет ел азаматтығын алып жатқандар қолда бар мыңдаған гектар жер телімін банкке кепілге қойып, қыруар ақша алып, кейін қайтара алмай, шет елге қашып кетпесіне кім кепіл? Заң кері күшіне ие бола алмайды деген кертартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал. Тіпті, жер пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін жердің нақты иесі – халық білуі шарт», – деп толықтырды министрдің сөзін Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев.
«Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен бұл біздің геосаяси жағдаймызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде 6-орында тұрмыз. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орындамыз. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек жалға берілуі тиіс», – деді бұрын ауыл шаруашылығы саласын басқарған, бүгінгі сенатор Ақылбек Күрішбаев. Оның атап өтуінше, әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мәселен, нарықтық экономикасы дамыған Израильде барлық ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттің құзырында екен.
Саясаттанушы Расул Жұмалы шетелдіктерге жердің сатылмайтыны, жалға берілмейтіні принципті мәселе екенін білдірді. Сонымен бірге, саясаттанушы латифундистерге қатысты шектеулер енгізу бастамасын қолдады. «Яғни, 10 мың гектар емес, 500 гектар немесе басқа да меже белгілеп, бұдан артық алуға мүмкіндік жоқ деу керек. Жерге жеке меншік мәселесі – әлбетте өте сезімтал дүние, оның саяси, шаруашылық, экономикалық астары бар. Өз басым түбінде жердің жеке меншікке өтуін қолдаймын. Бірақ дәп қазір ондай шешімнің қабылдануы қаншалықты қисынды және негізді, асығыстық болмай ма? Менің ойымша, бұған дейінгі келеңсіз тәжірибе бар, латифундистер, қос азаматтық, жерді игере алмай субарендаға беріп, спекуляцияға айналдыру, жерді несиеге қалдырып, шетелге ауып кеткендер дедік. Меніңше, ең алдымен сол жалға алудың, жеке меншікке алудың қосымша алғышарттарын жасау керек. Осы елдің азаматы сол жерді игеріп отыр ма, 20 жылда қандай нәтиже көрсетті, сондай қосымша шарттардан кейін жалға алудың, жеке меншікке алудың үлкен жауапкершілігін сезіне отырып, осы мәселеге назар аударған жөн», – деді Расул Жұмалы.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ауыл шаруашылығына қатысты тиісті сауалнама жүргізуді ұсынды. «Көптеген мәселені тек қана интернетке, әлеуметтік желіге қарап айтып отырмыз. Мүмкін ауқымды 1-2 сауалнама жүргізілсе... Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының, фермерлердің арасында осындай сауалнама қамтылуы керек болар. Жалпы, осындай кешенді тақырыпта халықтың және ауылда тұрып жатқан азаматтардың, кәсіпкерлердің көзқарасы қандай? Біз қоғам ретінде жаңағыдай ауқымды мәселеге дайынбыз ба? Бізге барынша дұрыс шешім қабылдап, барынша дұрыс пайым болуы үшін осындай сауалнама жасалса деген ұсыныс бар», – деді А. Сарым. Әрине, жер мәселесін шешу оңай емес. Бұл жерде халықтың пікірін есепке алған жөн. Тіпті, керек болса маңызды мәселе бойынша жалпыхалықтық референдум өткізсе де артық емес.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында 10 соты жер телімін беру мәселесі де көтерілді. «10 соты жер телімі бойынша Кодексте жазылған. Ұнай ма, ұнамай ма – беру керек, ол – Кодекс нормасы. Сондықтан бұл мәселеде барлығын ретке келтірген жөн», – деді Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылық институтының директоры, саясаткер Марат Башимов. Вице-премьер Ералы Тоғжанов көтерілген бұл мәселе жан-жақты қаралатынын айтты. Оның сөзінше, 10 соты жер телімін бөлуге қатысты ең алдымен тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Яғни, жер телімі берілетін болса, инфрақұрылымның салынуына ерекше назар аударылуы тиіс. «Инфрақұрылымның өзін жүргізу үшін орта есеппен 4 трлн-нан артық қаражат керек болады. Сондықтан, осының барлығын есептеуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар бір күнде шешілетін мәселе емес», – деді Е. Тоғжанов.
Біз қызық елміз, мемлекеттік бюджет қаржысын миллиардтап жымқырғандарға ақша табылады. Қаншама қаржы шетел асып жатыр, оларға қой дейтін қожа жоқ. Ұрланған оффшордағы қаржыны қайтару туралы қанша рет айтылды, бірақ ешқандай нәтиже көрген емеспіз. Неге? Өйткені, біздің биліктегілердің де мол қаржысы шетелде сақтаулы екені жасырын емес. Олай болса бұл шара өз тарапымыздан ешқашан іске аспасы белгілі. Қазақша айтқанда – өз қолыңды өзің шаба алмайсың. Енді Еуропа елдері біздегі заңсыз ақша ұрлағандарға санкция салу мәселесін көтере бастады. Бәлкім санкциядан кейін жемқорлық пен шетелге ақша жасыру тежелетін болар. Сол ақшаны осы инфроқұрылымдарды салуға жұмсауға болар еді ғой.
Осыған ұқсас сансыз көп сұрақты талқыға салуға комиссия апта сайын жиналатын болды. Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов жерге қатысты 60-тан аса сұрақты бірнеше топқа бөліп, бір жұманың ішінде, келесі сенбіге шейін нақты жұмыс істеп, нәтижесін елге хабарлап отыруды ұсынды.
Ия, жерге қатысты осы жылдар туындаған сұрақтар жетіп артылады. Ол бір күнде, бір жылда қордаланған жоқ. Жылдар бойы жүргізілген сауатсыз, солақай саясаттың беріп отырған жемісі. Оған кім кінәлі? Шетелден Қытай немесе Ресей келіп қазба байлығымен қоса жерді сатуға шығарыңдар деп мәжбүрлеп пе? Олай болса, «Біздің кінәміз жоқ!» деп үкімет халыққа ашық айтпай ма? Олай айта алмайды, біз тәуелсіз мемлекетпіз, біздің ішкі ісімізге ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Бұл қолданыстағы халықаралық заң, оған әлем қауымдастығы кепілдік береді. Демек, «сыныққа сылтау іздеудің» қажеті жоқ, солақай, сауатсыз заңдарды енгізіп, халықтың наразылығын тудырып отырған да өзіміз ғой. Неге? Тиімсіз заңдарды ұсынатын, оны бірауыздан үн-түнсіз қабылдай салатын үкімет пен қадірменді депутаттарымыз халықтың жауы ма?..
Осы жерде мәселе тағы да біздегі отыз жыл бойы жоя алмай келе жатқан жемқорлық пен тойымсыздыққа тіреледі. Жерге жекеменшік заңы да биліктегілердің мүддесіне орай қабылданғанына көз жеткізіп отырмыз. Жерді бөлу аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктерінің құзырында болғаны рас. Базарда арба айдап жүрген жүк тасушының қолында болмағаны белгілі. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенге салынғандар жерді аянбай саудалады. Айталық, Алматыдағы тау бөктеріндегі 10 соты жер 1 млн. долларға бағаланған кездер болды. Оның пайдасын кім көрді? Әрине қазанның қақпағын ұстағандар. Сондықтан, халықтың басым көпшілігінің жерге жекеменшікті жойып, саудалауды тоқтату керек деген талабы өте орынды. Өйтпесек, жеріміздің соңғы тоқымдай бөлігі қалғанша бұл былық ешқашан тоқтамайды.
Осы заңсыздықтарды комиссия құрмай-ақ тоқтатуға, оған жол бермеуге болушы еді. Өкінішке орай, оны көре алмадық. Болар іс болды, енді бізге осы қателіктерді түзету ғана қалып отыр. Бұл күрделі түйінді тарқату жұрт сенім артып отырған Жер реформасына байланысты комиссияның қолынан келе қояр ма екен? Оны уақыт көрсете жатар. Қалай болғанда да жер мәселесін кешенді түрде, халық ұсынысын ескере отырып түпкілікті шешкен жөн. Оң шешім шығарылмаса халық талап етуін тоқтатпайды. Мәселені жартылай ғана шешіп, бұқараның наразылығын тудыру ешкімге де тиімді болмасы белгілі.
Қасиетті жеріміздің тағдырына қатысты күніне жүз рет жазып, мың рет айтсақ та артық емес. Өйткені, өзіміздің кіндік қанымыз тамған, бәрімізді өсіріп-өндірген туған жерімізге байланысты бүгінгі күнгі дау-дамай ең маңызды, ең көкейсті мәселеге айналып отыр. Сырттан келіп ешкім басып алмаса да, ата-бабамыздан баға жетпес асыл мұра боп қалған жеріміз дәп осылай жұлмаланып, пайда табудың көзі – тауарға айналып, саудаға салынады деп кім ойлаған...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz