Орысша сөйлемсек, былыққа бата береміз бе?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға

 «Қазақ үні» газеті редакциясына

      Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Кереку (Павлодар) қаласы Ломов көшесіндегі 100 пәтерлі №39 үйдің   тұрғындары атынан арыз жазып, Сіздерден көмек сұрауға мәжбүрміз. Тұрмыстық тауқымет бір қарағанда адамдардың жеке өз мәселесі сияқты көрінгенмен, шын мәнінде  жергілікті биліктің адамдардың талап-тілектеріне атүсті қарауы мен кейбір іс-әрекеттері қазақ тіліне, мемлекеттің басты мақсаттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасына қарама қайшы болғандықтан осы хатты жолдамасқа амалымыз жоқ. Өз басым аталмыш үйдің 1-ші қабаттағы пәтерімде тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Осы жылдар бойы үй астындағы жертөледе құбырлар жиі жарылып,  үнемі су ағып, апаттық жағдайдан көз ашқан емес. Соңғы бірнеше жылдар оған қоса кәріз құбырлары бітеліп, қалдық су жертөлеге жайылып, жағымсыз иіс бүкіл үйді улап, адамдардың денсаулығына нұқсан келтіруде. Өткен жылдың соңғы күндерінен биылғы ақпан айының алғашқы аптасы аралығында жертөледегі кәріз құбырларынан толассыз қалдық су төгілген соң   6 ақпанда қаладағы «Орбита» пәтерлер кооперативі төрағасы Б.Шаяхметовтың, Тұрғын Үй инспекциясы басшысы К. Желдібаевтың және қала әкімі Ержан Иманислямның атына осы үйдің 26 тұрғыны қол қойып, арнайы хат жолдадық. Е.Иманислямның орынбасары Д.Сақанов, Тұрғын Үй инспекциясы басшысы К. Желдібаев, «Павлодаргорводоканал» (ГВК) ЖШС  басшылығы келіп, үйдің жертөлесіндегі жағдайды өз көздерімен көрді. Қала басшыларының келгенін естіген тұрғындар да жиналды. Мен ГВК бастығының орынбасары Вадимге (тегін білмейміз): «Сіздер тек қазақ тіліне емес, ақшасын төлеп, қызметтеріңізді тұтынатын тұрғындардың талабына түкіре қарап, неге қорлайсыздар?» – дедім таза қазақ тілінде. Менің қалада кімнен болса да қазақ тілінде сөйлеуді талап ететінімді жақсы білсе де қала əкімінің орынбасары Д.Сақанов маған: «Неге қазақша сөйлейсіз, олар түсінбейді!» деп өзінің ұлтын да, мемлекеттік тілді де жиналған жұрттың алдында аяқ асты етті. Егер өзіміз талап етпесек, олар қазақ тілін қайтып үйренсін? Онсыз да қазақ тіліне пысқырмайтын, тіпті орысша сөйлемесең бастықтарына кіргізбейтін «ГВК» өкілдерінің алдында бізді ғана емес, мемлекеттік тіліміздің де беделін түсіріп жығып берді. Жалпы бұл қаладағы көптеген мекемелердегі қызметкерлер қазақша сөйлесең ата жауын көргендей болады. Қазақ тілінің мемлекеттік ресми тіл екенін мүлдем білмейтіндей көрінеді бізге олар. «ГВК-ның» «показания счетчика даем» дегеніне қазақшаны талап ететіндігімнен мені қаржылық жағынан қыспаққа алған сыңайы бар. Есептегіш бойынша 300-400 теңге төлеудің орнына, маған орта есеппен 1500 теңге деп төлем түбіртектерін жібереді.  Бұны әкімдер де біледі. «Тіл деп қыр соңымыздан қалмайсың, ал енді төле артығымен!» деп отырғандай маған. Қала басшыларына жолдаған хат қазақша жазылған, оған орыс тұрғындар да қол қойған болатын. Д.Сақановтың «қазақша неге сөйлейсіз?» дегені намысыма тиіп: «Мемлекеттік қызметкер бола тұра, қазақ тіліне бұғат қоймай, тым болмаса аузыңызды жауып үндемей-ақ қоймадыңыз ба?» дедім. Соны келесі күні қала әкімі Е.Иманислямның өзіне де «Қайдағы бір құл саналыларды жиып алғансыз?» деп айттым. Ол құл емес,  деп бастаған әкім өзінің орынбасарын қорғаштап бақты. Атқа мінерлер қатты ренжіген болулары керек, орыстармен қазақша сөйлегенім үшін және қазақ тілін қорлаған қала әкімінің орынбасарының аузын жапқаным үшін бе, одан кейін 1 айдай уақыт өтсе де тұрғындарымыздың талабы бойынша түк істелмеді. Бар бітіргендері осы арада «ГВК» мекемесі «Восточная кухня» кафесінің қожайынына хат жазды. Кафеге  бізбен және көрші 41 үйлердің кәріз жүйесіне заңсыз қосылдың деп кінә тағып тынды. Апатты жағдайды  жоюдың орнына бір коммерциялық мақсаттан (құжаттары бойынша кафе емес, киім сататын дүкен) басқа бағытқа ауысқанда бізге хабарламадыңдар деп айыптады кафе иесін. Қала басшылары тарапынан еш нәтиже болмағандықтан, келесі хатты (27.01.2021ж.) Павлодар облысы әкімі А.Сқақовқа, облыс прокуроры К.Абдихановқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департамент басшысы А.Тастемировқа жаздық. Қызығы, А.Сқақов  тұғындардан түскен хаттарға жауап жазуды мемлекеттік тілден хабары жоқ, бірақ қазақша аудармашы арқылы жазатын Нефедова дегенге беріп қойған. Ол, мейлі қай тақырыптағы хат келсе де, Сқақовқа бермей, қала әкіміне сырғытып отырады екен. Сонда Нефедова облыс әкімі Сқақовтың функцияларын өз міндетіне алған ба? Әлде Сқақовты өңір халқының мұң-мұқтажы мүлем алаңдатпай ма? 100 пәтерлік үйдің  тұрғындары нәжіске бата берсін дегені ме? Облыс әкімінен күдер үзген соң, қалалық әкімшілігін қайта мазалап, «ГВК-дан» кафенің су жүйесіне бітеме (пломба) салуын сұрадық.  Бірақ кафе осы күнге дейін істеп тұр. Үйдің жертөлесіне бұрынғысынша  нәжіс аралас қалдық су ағып жатыр. Рас, көршілерімнің толассыз қоңыраулатуының арқасында «ГВК» жұмысшылары арасында кәріз құбырларын тазалап кеткені бар. Бірақ бұл жұмыстары мәселені түпкілікті шешпейді. Апта бойы қоңырау шалғанда тұрғындар үлкен сенім артқан прокуратура 1 рет қана тұтқаны көтерді. Сөйтсек олар да біздің хатымызды ештеңе бітірмейтін қала әкімдігіне жіберіпті. Тұрғындардың ресми хатына заң бойынша жауап беру өздерінің міндеті екенін құқық қорғау органы қажет деп таппапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті де қалалық әкімдік пен  басқа да қалалық мемлекеттік мекемелерге хат жіберген. Қарап отырсаңыз «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайдының» кері келіп тұр. Ал қалалық құзырлы мекемелер  хаттың келгенін растап, бірақ жемқорлыққа байланысты тексеру жүргізуге негіз жоқтығын айтады. Өйткені кімге пара беріп, кімді нақты айыптау керектігін жазбағансыздар дейді. Сонда қатардағы қарапайым адамдар өз міндетін дұрыс атқармайтын мемлекеттік қызметкерлер мен жемқор қылмыскерлерді қалай ұстамақ? Оны тұрғындардың арыз хаттарына орай құзырлы орындар тексеру керек емес пе? Бұл қалада қазақ тілінде сөйлеуді талап ету барлық жағынан қауіпті болып барады. Осыдан  екі жыл бұрын облыстың бұрынғы әкіміне қарата «Бақауов тарт қолыңды қазақ тілінен!» деген плакатпен көшеге шыққаннан кейін мені машина қағып кетті. Бұны біреулер ұйымдастырды деген күдігім бар. Былтыр қырқүйекте менің мәселемді 174-баппен қарастыру керек деген хатпен қорқытпақ болған-ды. Олардың ойынша Қазақстанда қазақ тілінде қызметті талап ету ұлтаралық қатынасқа сына қағу болып табылады екен. Сонда елімізде қазақ тілі мемлекеттік ресми тіл деген заңымыз қайда қалады? Тіпті, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткенім үшін менің соңыма аңдитын қарақшыларын салып қойды. Оны менің жеке басыма қатысты жағдай делік. Енді міне,  халық талабына құлақ аспайтын мемлекеттік қызметкерлердің кесірінен жүздеген отбасы тұрмыстық тауқымет көріп отыр. Қала басшыларының өз қызметіне деген осындай жауапсыздығы бүкіл үйді апаттық жағдайға жеткізді деп есептейміз. Осылай жалғасып кете берсе бүкіл үй опырылып құлап, жүздеген тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан тұрғындарымыздың төмендегідей талап-тілегін назарларыңызға ұсынамыз.
  1. «Восточная кухня» кафесінің кәріз жүйесі үй құдығынан ажыратылсын.
  2. Үйдің жертөлесіндегі ағып жатқан қалдықтар мен су тоқтатылсын.
  3. 39 үйдің жертөлесі быққан нәжістен тазалансын.
  4. 1-ші қабаттағы пәтерлердің қалдық сулардан зақымданған еден асты бетон плитасы жөнге келтірілсін.
  5. Барлық құбырлар жаңа, сапалыға ауыстырылсын.
Хат соңында осы жазғандарымызды басшылыққа ала отырып, Павлодар қаласында орын алған бұл  өрескелдікті Парламанттің тиісті комитетіне, қатысты жоғарғы органдарға жеткізулеріңізді сұраймыз. Бұндай жауапсыз әкімдер мен өзге де мемлекеттік қызметкерлер бүгінгі лауазымдарына сай емес, орнын босатулары керек. Қала тұрғындарынан келіп түскен қаншама хаттар жоғарыға жеткізілмей, қаншама тұрғындар осындай жағдайға тап болып отырғанын осы бір мысалдан-ақ көруге болады.   Сөзіміз нақты болу үшін облыстық, қалалық әкімдіктер мен түрлі мемлекеттік мекемелерге жазған хаттарымыздың көшірмесін бірге жіберіп отырмыз.   Құрметпен, 39 үй тұрғындарының атынан Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ Павлодар қаласы.

Қосымшалар:

Тұрғындардың 06.01.2021 хаты,

Тұрғындардың 27.01.2021хаты,

ГВК-ның Корчагин – «Восточная кухня» басшысына жазған хаты,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті хаты,

Нефедованың хаты,

К.Желдыбаевтың (мемл. қызметкердің тек РП тіліндегі) хаты.

Құрметпен, Ломов к. 39 үйдің

Бейсенбайтегі Р.З. және 26 тұрғын