Қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыратын - сіз бен біз

Ұзақ ойландым. Жазамын. Шештім солай. Бұл жағдай тышқан жылы аяқталар тұста болған еді.

Қысқы сессия кезі. Желтоқсан соңы. Алғашқы емтихан. "ZOOM" жалған-ай! Компьютердің терезесіне телміріп, кезегімізді күтіп отырмыз. Тізім бойынша  алғашқы докторант  сұрақтарға ағылшын тілінде жауап берді. Келесі...  Билет таңдады. Орыс тілінде/ағылшын тілінде берілген сұрақтарды оқыды да, сәл үнсіздіктен соң: - Апай, сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсем деймін. Сонымен №1 сұрақ «Describe the chracteristics of scientific research» деп бастады да, ғылыми-зерттеу жұмысының ерекшеліктерін әлемдік лингвистиканың іргелі еңбектеріне шолу жасады, сосын қазақ тілші-ғалымдардың еңбектерінен мысал келтіріп, жүйелеп айтып шықты. Қазақ тілінде. Ғылыми тілде.  Дәріс, семинарларда ағылшын, орыс тілдерінде талқылау-талдау жұмыстарды орындаудың шебері бұл жолы бізді кәдімгідей таңғалдырды. Есім-сойы – Еркежан Құрманбай.  Ол екі шет тілі мамандығын бітірген, магистрлік жұмысын ағылшын тілінде қорғаған. Венгрияда, Нидерландыда ғылыми тағылымдадан өткен. Ағылшын, неміс, орыс тілдерін жетік меңгерген.  Орыс тілінде сөйлесе,  мұрнын шүйіріп, ағылшынша сайраса, Марсқа ұшар «Масктарды» көріп жүрміз ғой. Ал Еркежан ерек, ешкімге ұқсамайды. Жас ізденуші қазақ тілін бәрінен биік қояды. Бір емес, бірнеше рет байқадым.  Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі тілдің ұшына келеді осы сәтте. Ұлт дегеніміз – тіл. Сондықтан шығар полиглот Еркежанды білімі үшін емес, мінезі үшін құрметтеймін.

Содан не керек, әлгі емтиханды қазақ тілінде тапсырып шықтық, бірлі-жарымнан басқасы аударма ісін, шетел филологиясын бітірген докторанттар болатын.  Осы кезде  пән мұғалімінің де  ұстанымын айтпасқа болмайды. Әр семинарда ағылшын тілінде, қазақ тілінде тапсырма-слайдтар әзірлетіп, кей кезде материалдарды  қазақ тілінде қорғауды да талап етеді.  Альбина Маратханқызын айтып отырмын. Кафедра ұжымы  - бірнеше тілді меңгерген педагог-оқытушылар. Жаңашылдықты, әлемдік ғылымдағы  жетістіктерді қазақ тілінде «сөйлетуге», түсіндіруге айрықша құштар әрі нәтижелі.

Қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне де, ғылым тіліне айналдыратын  -  сіз бен біз. Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының тағылым-тәрбиені, мемлекетшілдік ұстанымға беріктігін, тілге деген жанашырлығын танытатын естеліктер қазынасы таусылмайды. Айтыла жатар. Жазыла жатар. Мұны тек көру керек. Иә, бұл –  ҚазҰУ. Таңғалдырмай тұрмайды.

Мейрамбек Таубалдиев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ І курс докторанты