Қазыбек Иса: Ұлттық ұғымға қарсы отбасылық заң жобасына қалай жол берілген?!.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 18 қаңтар, Мәжілістің алғашқы жұмыс күнінде ҚР Парламенті Мәжілісі комитеттерінде жаңа үкімет мүшелері кандидатураларын тағайындауға байланысты талқылауда вице-премьер Ералы Тоғжановқа қоғам наразылығын тудырған атышулы заңға қатысты сұрақ қойды.

Бұл туралы сол кезде «Қазақ үні» ұлттық порталындағы "Мемлекеттік тіл заңы Концепциясы Үкіметте жатыр" деген мақалада жазылған болатын.

- Қазір әлеуметтік желіде петиция басталып кетті. Ол "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы. Желіде тарап кеткен ақпараттың айтуынша, заң жобасының бірнеше баптары қазақ халқының ұлттық ұғымына, тұрмыс-салтына, діни нанымына қарсы шығады. Бұл анық дерек пе, әлде жалған ақпарат па? Анық болса, үкімет бұндай заң жобасын жасауға қалай жол берген? - деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Ералы Тоғжанов бұл сұрақтарға байланысты өз ойын былай білдірді.

- Бұл сұрағыңыз маңызды сұрақ. "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы әлі қабылданған жоқ. Мәжілісте әлі талқыланады. Бұл мәселеде де кейін өздеріңізбен ақылдасамыз" - деп жауап берді.

Еске сала кетейік, атышулы заңға қатысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікірін білдіріп, қоғамның көзқарасын ескеру керектігін айтқан болатын.