Қуаныш Сұлтанов: Мәжілісте қазақ тілінің қолданылуы айтарлықтай артты

Алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің жұмысы ашық та нәтижелі болды. Осы бес жылға жуық уақыт ішінде Мәжілістің 186 жалпы отырысында 1207 заң жобаларына тікелей қатысты мәселе қаралды.

Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет Басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары жарияланған, ел өміріндегі ең маңызды мәселелер басты назарда болды.

Аталған мерзімде Мәжілісте жиыны 487 заң жобасы қаралып, оның 431-і қабылданған.  Олардың 390-на бүгінде Мемлекет Басшысы қол қойды.

Соның ішінде, осы шақырылымда Мәжіліс алты Кодекс қабылдады.  Әсіресе, Денсаулық, Экология, Әкімшіліктік Кодекстердің қабылдануына бүкіл қоғам қатысты деуге толық негіз бар.

Ерекше атап өту керек, осы VI шақырылымда депутаттар 60 Заңға өздері бастамашы болды. Бұл бұрынғы шақырылымдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Әрбір Заң өзектілігіне орай, түрлі талқылау деңгейінен өтеді. Мысалы, бір заң жобасымен 40-тан астам жұмыс тобының отырыстары өткізіліп, депутаттар тарапынан көптеген түзетулер енгізіледі. Атап айтсақ, Денсаулық сақтау кодексінің Үкіметтен келген жобасына Мәжіліс депутаттары  900-ге жуық, ал,  Экологиялық кодекс жобасына 700-ден аса түзету енгізген.

Депутаттың айтуынша, Заң жобасына осынша көп түзетудің енгізілуі біріншіден, Үкімет тарапынан келіп түскен жобаның шикілігін, екіншіден депутаттардың аса жауаптылығын көрсетеді.

Осы ретте, әлеуметтік сала да басты назарда. Осыған орай, көп балалы отбасыларға жаңа жәрдемақылар белгілеуге, атаулы әлеуметтік көмекті арттыруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ, педагогтар мәртебесін күшейтуге, бейбіт жиналыстар және волонтерлік қызметтерді реттеуге жола ашатын маңызды Заңдар қабылданды.

- Қазір жұмыс топтарының отырыстарына депутаттар ғана қатыспайды. Осы шақырылымда заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына саяси партиялардың өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, салалық мамандар, сарапшылар тартылып, олардың пікірлері ескеріліп жүр. Кейінгі кезде Мәжілістің кеңейтілген отырыстары ғана емес, салалық комитеттердің отырыстары да жекелеген сайттарда, порталдарда   онлайн түрде көрсетіледі.  - дейді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Осы жылдарда Мәжілісте 61 рет «Үкімет сағаты», 6 рет Парламенттік тыңдау, 70 «дөңгелек үстел», 18 конференция өткізілген.

Елде қалыптасқан пандемия кезінде де Мәжіліс белсене жұмыс атқарып, экономикалық өсуді қалпына келтіру  және әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететін заңнамалық құжаттар қабылдады.

Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, Мәжіліс өз қызметі барысында мемлекеттік тіл мәртебесін күшейтуге баса көңіл бөлген. Нәтижесінде, осы бес жылда Мәжілістегі  550 баяндаманың 495-і мемлекеттік тілде жасалыпты. Бұл 90 пайыздық көрсеткіш. Ал, қосымша  баяндаманың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде жасалды. Қазақ тілінде қойылған сұрақтардың саны 54 пайыз болды. Осы ретте, сұрағын мемлекеттік тілде қоятын өзге тілді әріптестеріміздің қатары да қалыңдай түскен.

Қуаныш Сұлтанов депутаттық сауалдар туралы да баса айтып, Үкіметке жолданған 1149 сауалдың әрқайсысында соны дайындаған халық қалаулыларының мәселені байыппен зерттеп, проблеманы дер кезінде көтеріп жүргендерін жеткізді.

Депутаттар мемлекеттік органдардан келген жауаптарға қанағаттанбаған жағдайда мәселені нақтырақ қарауды талап етіп, қайтадан жауап алдырып жатады. Тағы бір айта кететін жағдай, депутаттар атына  23 мыңнан аса хат түсіп, олардың бәрі де тиісті орындарға жолданған, тиісті жауаптар алынған, хат иелері хабардар етілген.

  Осы бес жылда депутаттар өңірлерге 14 рет шығып, ұзын саны 17 мыңнан астам кездесу өткізіп, оларға 1 миллион 140 мың адам қатысты.

Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанов өзі мүшесі саналатын Мәжілістің халықаралық қызметіне де  көңіл бөле келіп, елордамызда өткен Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне тоқталды. Бұл – халықаралық деңгейдегі ең беделді форумға айналғанын атап өтті.

Қуаныш Сұлтанов Мәжіліс қызметі шын мәнінде, барлық әріптестері үшін өмір мектебі болғанын алға тарта келіп, алдағы кезде де саясаттағы сабақтастық сақталып, отандық парламентаризмнің Елбасы қалыптастырып, Мемлекет Басшысы жалғастырған стратегиялық бағыттары одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.