Ұлттық мүдде: жастар денсаулығы
2020 ж. 26 қазан
5130
0
Жастардың денсаулығы мен салауатты өмір сүруі бүкіләлемдік проблемаға айналды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жастарға ыңғайлы қызмет көрсету жүйесін құруға кірісті. Бұл жұмыс еліміздегі Жастар денсаулық орталықтарын тұрақты дамыту стратегиясын әзірлеуді қамтиды.
Жыныстық және репродуктивті денсаулық бойынша ұлттық үйлестірушісі Серік Тәңірбергенов: «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті денсаулығы оларға арнайы жағдайлар жасалған кезде жақсы қамтамасыз етіледі. Жастар денсаулық орталықтары – бұл қолжетімділік, ақпейілдік және еріктілік қағидаттарына негізделген жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңестер мен қызметтердің халықаралық деңгейде танылған интеграцияланған жүйесі. Біз жасөспірімдерге өте қажет кеңестер мен көмектер ала алатын орталықтарды қолдау арқылы жастардың дені сау әрі бақытты ересек болып өсуіне ықпал етеміз», – деп орталықтардың жас ұрпақ саулығы мен салауаттылығы үшін тиімділігін атап айтты.
Шымкент қаласында жастардың денсаулығы мен салауатты өмірге бейімдеу бойынша мәселені шешу мен дені сау жас ұрпақты өсіру мақсатында Абай ауданына қарасты №13 емхананың базасында қаладағы тұңғыш Жастар денсаулық орталығын ашты.
Орталықтың басты мақсаты – мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы жасөспірімдерге жоғары деңгейлі медициналық-психоәлеуметтік ақысыз көмек көрсету арқылы жастардың денсаулығын сақтау және әлеуметтенуіне, салауатты өмір сүруді әдетіне айналдыруына қолайлы жағдай жасау. Мұнда жеткіншектер мен жастарға медициналық, консультативтік, құқықтық, психологиялық, көмек көрсетумен, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алумен, репродуктивті денсаулық сақтау және жас ұрпақтың жауапсыз мінез-құлқының қаупі туралы ақпараттандыру, сондай-ақ, отбасындағы және қоршаған ортасындағы мәселелерді шешумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына бейімдеп, дені сау ұлт қалыптастыру арқылы мемлекетіміздің болашағын нығайтуға жұмыс істейді.
Қалалық №13 емхананың бас дәрігері Әлия Молдыбаева: «Жастар арасында олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру –біздің басты мақсатымыз, біз оны Жастар денсаулық орталығына енгізіп, насихаттап жатырмыз. Жас ұрпақтың жыныстық қатынас мәселесіне білімді әрі қауіпсіз тәсілмен қарауы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупін азайтады. Бұл да орталықтың басты міндеттерінің бірі. Орталық жастар арасында танымал болып келеді және біз жұмыстың тиімділігін көріп отырмыз, – дейді.
Емхананың «Жастар денсаулығы орталығы» бөлімінің меңгерушісі Халипа Арапбаева бізбен әңгімесінде:
– Ашылғанына екі ай болған орталық екі мыңнан астам жасөспірімге қызмет көрсеткен. Қазірдің өзінде 17 мыңнан астам емделуші тіркелген. Негізінен, Абай ауданына қарасты алты мектеп, алты колледж және бір университет жастарына медициналық қызмет көрсетудеміз. Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, АИТВ инфекциясының, стресті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі және құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен бірге, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмегі де көрсетіледі. Мәселемен келген жастарға бөлімнің жеті терапевтінен бастап уролог, гинеколог, психолог, тіпті заңгер мамандар көмектеседі.
Жасөспірімдердің салауаттылыққа бейімделмеуінен ерте жүктілік, психологиялық әлсіздік немесе медициналық сауатсыздықтан туындаған мәселелерін жалпақ жұртқа, тіпті, ата-анасына да айта алмайтындары бар. Осындай жастарды «Жастар денсаулық орталығы» қабылдайды және көмек көрсетеді. Біз оқу орындарында, қазіргі кезде пандемияға орай қашықтан, онлайн лекциялар оқып, жастардың денсаулық, өтпелі жас кезінде кездесетін проблемаларына, отбасын құру, қоршаған ортада өзін дұрыс ұстай білу, жағдайды бағалай білу сияқты коммуникативті игі мінез-құлықтарды қалыптастыруға байланысты семинар, тренинг, вебинарлар өткіземіз. Айына бірнеше мәрте әр дәрігер ZOOM жүйесі арқылы лекция оқып, сұрақтарға жауап беріп, жастармен кері байланыс орнатып, жан-жақты ақпараттандырумен айналысады. Дәрігерлер өз саласы бойынша келушімен жеке әңгіме өткізіп, кеңес беріп, оның денсаулығын қалпына келтіру жолдарын түсіндіріп, салауатты өмірге бейімделуіне көмектеседі. Ата-аналарымен де сөйлесіп, кеңес, бағыт береді, – деп жұмыстарының жайымен таныстырды.
Отыз жылдан астам уақыттан бері жастар денсаулығымен жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі терапевт Дина Жаймағанбетова да жас ұрпақтың салауатты өмір сүруінде олардың денсаулығының мықты болуы маңызды екендігін айта келіп:
– Біз колледж ұжымымен бірлесіп оқушылар денсаулығын тексеріп, скрининг арқылы науқастарды анықтаймыз. Денсаулығында кінараты барларды осында шақырып толық тексеруден өткізіп, емделуі қажет болса тұрғылықты жеріндегі емханаға жолдаймыз. Одан бөлек өзімізде емдеп, кеңестер беріп, әсіресе психологиялық жағынан өзін еркін сезінуіне көмектесеміз. Бұл жастағы балалар көп нәрсені білмейді, білгісі келгенімен ұяңдығынан ата-анасына да, басқаларға да айта алмай, кейде қателікке ұрынады. Олардың ересек өмірді танып, бейімделуі үшін колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, колледж психологымен тығыз байланыста жұмыс жасап, түрлі лекциялар, семинар-тренингтер, кездесулер өткізіп отырамыз. Пандемияға байланысты бұл жұмыстар онлайн жүргізілуде. Негізі, жастарымыздың салауатты өмір сүріп, дені сау, отаншыл болып есеюі үшін психологиялық жағынан өмірге дайындап, денсаулығын сақтауда танымын кеңейту керек. Жастай спортпен айналысулары үшін барлық секциялар тегін болуы қажет, – дейді.
Мектеп оқушыларымен жұмыс жүргізетін терапевт Әлия Абылаева:
– Орта мектепте оқитын жасөспірімдердің арасында томаға-тұйық, өмірді танып-білуге жүрексінетін, ақыл-кеңес сұрап, сырын бөлісетін ешкім болмағандықтан, психологиялық жағынан өзін жалғыз, керексіз сезінетіндер де бар. Ата-аналары жұмыстан қолы тимей, қатарластары көмектің орнына келемеж етіп, ортадан оқшау қалған балалар өмірден түңіліп, суицидке дейін баруы мүмкін. Сондықтан да біз мектептерге профтексеріс жүргізгенде психологті ертіп барамыз, мүмкіндігінше әр баланың тілін тауып, сырын ашуына тырысамыз. Сонда көпшілігі өзін мазалаған мәселелерімен бөліседі. Жеткіншектің дені сау, салауатты өмірге бейім болып өсуінде отбасының, ата-ананың орны ерекше. Бала отбасының жылуын сезінуі, ата-ананың оған үнемі көңіл бөлуі маңызды. Сосын уақытты дұрыс, тиімді пайдалана білуге жастайынан дағдыландыру керек, – деп салауатты азамат өсіруде отбасының рөлі үлкен екенін атап көрсетті.
Орталықтың білікті урологы Ғазиз Біләл:
– Жасөспірімдердің бозбала шағынан бастап жыныстық қатынас туралы білуге ынтасы артады. Осындай жаста оларға ақыл-кеңес керек, әйтпесе, өзінше біліп, көруге ұмтылу түрлі қателікке, тіпті жұқпалы ауруларға соқтыруы мүмкін. Оған қоса баланың физиологиялық қалыптасуында кемшін жағдай болуы мүмкін. Олар ондай проблемасын ешкімге айта алмайды. Сондықтан да біз жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, скрингтер, профтексеріс кезінде проблема, ақауларын анықтап орталыққа шақырамыз. Сосын лекция, семинарда адамның жыныстық қалыптасуы жайлы толық түсіндіруге, ақпараттандыруға күш саламыз, – деп жастардың бұл мәселеде өте ұяң, қорғаншақ екенін, сол себепті олармен байыппен жұмыс жасау керектігіне тоқталды.
Жиырма жылдық тәжірибесі бар, жоғары дәрежелі аушер-гинеколог Мария Мұратова да қазақи, мұсылмандық ұяңдықтан жасөспірімдер жыныстық мәселе туралы сыр ашуға, әңгімелесуге тартыншақтайтынын айта келіп:
– Ерте жүктіліктің алдын алу, етеккір, басқа да жыныстық мәселені қыз балаға отбасынан бастап түсіндіру керек. Жыныстық жайлы алдымен анасы мен ортасы арқылы естіп, танып біледі. Қыз балаға тәрбие беріп, көп көңіл бөлген жөн. Одан соң мектептен бастап психолог, дәрігер оларға жасына қарай ақпарат беріп, дұрыс бағыттауы керек. Біздің орталықтың ашылуы қыз баланың ерте жүктілігінен, түрлі жыныстық аурудан сақтандыру, жыныстық қатынас пен қорғану туралы түсіндіру бойынша өте тиімді екенін көрсетуде. Бізге осы мәселеге қатысты сұрақтармен келушілер артып келеді. Тіпті, отбасын құрғысы келген жігіттер пен бойжеткендер де келіп кеңес сұрауда. Кәмелетке толмағандарды ата-анасы ертіп келіп кеңес алушылар да бар. Осының барлығы да біртіндеп жастарды салауаттылыққа әкеледі, суицид, ерте жүктілік, тағы басқалары азаяды, тек бірлесіп жұмыс істеу қажет, – дейді.
Орталыққа тексерілуге келгендер арасынан Маржан есімді студент: «Салауаттылыққа дағдыланған адамда проблема аз болады. Жастар арасында еліктеушілік, ортадан шеттеп қалмау үшін ұнамаса да басқалардың жасағанын жасау, бір сәттік көңіл-күйдің рахаты үшін теріс әдеттерге бару жиі кездеседі. Солардың арты орны толмас өкінішке соқтырады. Сондықтан, «жұрт не дейді», дегенді қойып, әркім өзіне өзінің жаны ашуы, өзінің болашағын өзі ойлауы керек. Сосын ұялмай бәрін білуге, қателікті түзетуге тырысу қажет. Сонда дұрыс өмір сүріп, яғни салауатты өмір салтын дағдыға айналырып, ертеңгі күнің жарқын болады» деп өзінің ұстанымын білдірді.